Ескерту. Күші жойылды - Тарбағатай аудандық мәслихатының 2012.04.11 N 3-6 шешімімен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткеннен кей1н қолданысқа енгізіледі).
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
«Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148-ІІ Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасы, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы » 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңының 97 бабының 2 тармағы «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қаулысына сәйкес, Тарбағатай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесі бекітілсін.
2. «Тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үйді ұстауға және тұрғын-үй коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Тарбағатай аудандық мәслихатының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы № 10-8 шешімінің (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде 2009 жылғы 12 қаңтарда № 5-16-66 болып тіркелген, 2009 жылғы 24 қаңтардағы «Тарбағатай» газетінің 35 нөмірінде жарияланған), «Тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үйді ұстауға және тұрғын үй-коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру тәртібі туралы ережені бекіту туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы № 10-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 21 шілдедегі № 14-7 шешімінің (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде 2009 жылғы 10 тамызда № 5-16-80 болып тіркелген, 2009 жылғы 22 тамызда «Тарбағатай» газетінің 37 нөмірінде жарияланған) «Тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үйді ұстауға және тұрғын-үй коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру тәртібі туралы ережені бекіту туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы № 10-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 23 қазандағы № 16-11 шешімінің (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде 2009 жылғы 19 қарашада № 5-16-86 болып тіркелген, 2009 жылғы 28 қарашада «Тарбағатай» газетінің 50 нөмірінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Д. Итбаев
Тарбағатай аудандық
мәслихатының хатшысы М. Мағжаев
Тарбағатай аудандық мәслихатының
2010 жылғы 27 шілдедегі
№ 23-8 шешімімен бекітілген
Тұрғын үй көмегін көрсетудің
мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілейді.
2. Тұрғын үй көмегі осы елді мекенде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (жалға алушылары) болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлем ақысына ақы төлеуге беріледі.
аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
3. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер уәкілетті органға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммуналдық қызметтерге тарифтерді, олардың өзгерістерін ұсынады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде қызмет көрсетушілермен ұсынылған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормалары шегінде есепке алынады.
Шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне 10 %-бен қатынасы.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
отбасының барлық мүшелерінің /өткен тоқсанға/ табысын растайтын анықтамалар;
кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін көшірмелермен қатар құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажет.
5. Тұрғын үй көмегін алушылар өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға коммуналдық қызметтерді тұтынуға шоттарды, және де отбасының кірісін растайтын құжаттарды тоқсан сайын беріп отырады. Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтер үшін ағымдағы төлемдерді оны тағайындаған айдан бастап тұрақты төлеген жағдайда ғана тағайындалады.
6. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін беруге негіз болып табылады.
7. Тұрғын үй көмегі барлық қажетті құжаттарымен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.
Жергілікті жылумен жылытылатын жеке меншік үй құрылыстарында тұратын отбасыларға тұрғын үй көмегі жылына бір рет өтініш берген айдан тәуелсіз тоқсанға тағайындалады.
8. Қайталанған өтініш кезінде тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер ағымдағы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
9. Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша аудандық санақ және ақпарат басқармасымен ұсынылған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
10. Тұрғын үй көмегін алуға келесі отбасылардың құқылары жоқ:
1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда:
бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;Сондай-ақ жалғыз басты аналар 4 және оданда көп кәмелетке толмаған балалары бар, бірақ ең кіші баласы 9 жасқа толмаған аналар;
3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген болса.
11. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
12. Электрмен, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үйді ұстау және лифттерге қызмет көрсету бойынша шығындар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы орташа шоттар бойынша есепке алынады. Жылумен, сумен қамтамасыз ету, канализация, қоқыс шығару, байланыс қызметтері бойынша шығындар қызмет көрсетушілердің тарифтері бойынша алынады.
13. Жылу энергиясын тұтынуды есептеу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсанға нақты шығындар бойынша немесе қызметтер толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсанға есептеу құралдарының көрсеткіштерінің негізінде анықталады.
14. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, толық жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
15. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:
1) өтініш беруші заңды некеде, бірақ зайыбы сол мекен-жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тағайындалады;
2) өтініш берушінің үйінде ата-ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда – өтініш беруші ол баланың ата-анасының табыстары туралы анықтаманы да ұсынуы тиіс.
16. Тұрғын үй көмегiнен негізсіз алынған сомалар алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері және тұрғын үйді ұстау және
коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері
17. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:
1) алаңдар:
жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 шаршы метр;
2 адамнан тұратын отбасы үшін – 30 шаршы метр;
3 және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін - отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метр ескеріледі,бірақ 90 шаршы метрден артық емес.
2) айына 1 адамға газ шығыны – 6,5 кг;
3) электр энергиясын тұтыну – әр тұратын адамға 90 кВт;
4) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.
4. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер азаматтардың
(отбасылардың) жиынтық кірісін есептеу
18. Жиынтық кіріс отбасының барлық мүшелерінің және тұрғылықты жері бойынша тіркелген басқа тұлғалардың кірістерін қосу жолымен өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға заңнамаға сәйкес есептеледі. Отбасының жиынтық кірісін есептегенде төмендегілер ескерілмейді:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
2) 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
3) тұрғын үй көмегі;
4) жерлеуге біржолғы жәрдемақы;
5) баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
6) жергілікті атқарушы органдармен төленетін біржолғы материалдық көмек;
7) отбасының бір мүшесінің осы отбасында тұрмайтын тұлғаларға төлейтін алименті;
8) білім беру туралы заңнамаға сәйкес білім беру мекемелерінде көрсетілетін тегін тамақтану және көмек.
19. Құрамында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының күндізгі бөлімінде шарттық негізде оқитын студенттері бар отбасыларға тұрғын үй көмегін есептегенде отбасының кіріс жиынтығы ай сайынғы оқуға төленетін ақы мөлшерінен төмен болмауы, ал несиелік міндеттемелер болғанда – ай сайынғы жарналар мөлшерінен кем болмауы тиіс.
20. Отбасының жиынтық табысы алименттердің есебінсіз есептеледі, егер төлеуші:
1) жұмыс істемейді және алименттерді төлеу бойынша қарыздары бар немесе оның мекен-жайы белгісіз болғанда;
2) бас бостандығынан айыру орындарында немесе уақытша ұстау изоляторында болғанда;
3) туберкулез, психоневрологиялық диспансерлерде (стационарларда), емделу-еңбек профилакторийлерінде (ЕЕП) емделуде немесе тіркеуде болғанда.
Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - Тарбағатай аудандық мәслихатының 2010.10.27 № 24-11 (жарияланғаннан кейін 10 күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
5. Тұрғын үй көмегінің қаржыландыруы мен төлемі
21. Тұрғын үй көмегі ауданның бюджет қаражаттарының есебінен көрсетіледі. Тұрғын үй көмегі ақшалай төлем ретінде тағайындалады.
22. Тұрғын үй көмегінің төлемі осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттар есебінен азаматтардың салымы бойынша шоттарына есептеу жолымен екінші деңгейдегі банкілер арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй көмегінің төлемінің шарты мен тәртібі уәкілетті орган және екінші деңгейдегі банкілер арасындағы жасалған агенттік келісіммен белгіленеді.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - Тарбағатай аудандық мәслихатының 2010.10.27 № 24-11 (жарияланғаннан кейін 10 күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
6. Қорытынды ережелер
23. Осы ережелермен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.