"Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 25 шiлдедегi № 334 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 шiлдеде № 33173 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6976 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабының 13) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 88) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабының 13) тармақшасына (бұдан әрі - Заң), "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 88) тармақшасына (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленген және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) оқытудың кредиттік технологиясы бойынша (бұдан әрі - ОКТ) оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.";

      6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "ӘАОО-да оқу жоспарлары үлгілік оқу жоспарлары (ҮОЖ) және оқу жұмыс жоспарлары (ОЖЖ) болып бөлінеді. ҮОЖ-ны ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді. ҮОЖ-да міндетті компоненттің әр оқу пәнінің және оқу қызметінің әр түрінің (практика, мемлекеттік емтихандар, диплом жұмысын жазу мен қорғау) еңбек сыйымдылығы кредитпен анықталады, ал оқу пәндерінің әр циклы бойынша ЖОО компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Үлгілік оқу бағдарламалары (бұдан әрі - ҮОБ) бакалавриатта ЖБП циклының міндетті компонентінің пәндері бойынша Ереженің 15-тармағының 13) тармақшасына сәйкес әзірленеді.

      ӘАОО-да ЖБП циклының пәндері бойынша ҮОБ-ны ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша қарамағында ӘАОО бар мемлекеттік орган бекітеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады