Қаратал ауданының Құрметті азаматы атағын беру Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2011 жылғы 24 наурыздағы N 46-223 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Қаратал ауданының Әділет басқармасында 2011 жылы 27 сәуірде N 2-12-173 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы N 15-62 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2012.12.24 N 15-62 Шешімімен.

       Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-2)-тармақшасына сәйкес, Қаратал аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. "Қаратал ауданының Құрметті азаматы" атағын беру туралы Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуына бақылау аудан әкімі аппаратының жетекшісі Истыбаева Күлзада Кобесовнаға жүктелсін.
      3. Осы шешім алғаш жарияланғаннан кейін күн тізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы:                           Б. Байтаев

      Мәслихат хатшысы:                          М. Рақымбаев

Қаратал аудандық мәслихатының
2011 жылғы 24 наурыздағы
"Қаратал ауданының Құрметті
азаматы" атағын беру Ережесін
бекіту туралы N 46-223
шешімімен бекітілген

"Қаратал ауданының Құрметті азаматы" атағын беру
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

       1. Осы "Қаратал ауданының Құрметті азаматы" атағын беру ережесі Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленген және "Қаратал ауданының құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі – Атақ) беру тәртібін реттейді.

2. Атақ беру жөніндегі талаптар

      2. Атақтың берілуі марапатталушылардың облыстық экономикалық, әлеуметтік, рухани даму саласында сіңірген ерекше еңбектерін жұртшылықтың танығандығы және оларды моральдық көтермелеудің маңызды түрлерінің бірі болып табылады.
      3. Атақ азаматтарға, олардың:
      1) ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына;
      2) аудан халқын әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру, қоғамды демократияландырудан;
      3) жаратылыс, техникалық және қоғамдық ғылымдардың маңызды бағыттары бойынша іргелі зерттеулер жүргізу, тиімділігі жоғары жаңа техника мен технология әзірлеу мен оларды енгізудегі;
      4) халықтар мәдениетін дамыту мен байыту, өзара әсерін нығайту, өнер, әдебиет және журналистикада жоғарғы көркем туындылар жасаудағы;
      5) жеткіншек ұрпақты рухани және патриоттық тәрбие беруге, оқытудың жаңа түрлерін іс жүзіне асыруға;
      6) аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны сауықтыру, дене тәрбиесі мен спортты дамытудағы;
      7) мемлекеттік және әскери қызметте жеткен жетістігі;
      8) заңдылықты, құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы;
      9) меценаттық және қайырымдылық қызметіне қосқан нақты және маңызды үлесі үшін беріледі.

3. Атаққа ұсыну және беру тәртібі

      4. Атақ аудан әкімінің ұсынысы бойынша аудандық мәслихаттың шешімімен беріледі.
      5. Атақ беру туралы өтініш хатты ұйым, кәсіборын, водомство, бірлестік, қоғамдық ұйымдар және шығармашылық одақтар басшылары аудан әкімінің қарауына ұсынады.
      6. Марапаттауға ұсынылып отырған адам жұмыс істейтін кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, сондай-ақ қоғамдық ұйымның, қоғамдық өзін-өзі басқару органының еңбек ұжымы жиналысында атақ беру үшін ұсынылған кандидатура және оған берілетін мінездеме қаралып, бекітіледі.
      7. Атаққа ұсынылушының әрқайсысына Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы N 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы Нүсқаулыққа N 1 қоса беріліп отырған нысан бойынша награда қағазы толтырылады. Награда қағазында оның жеке басын куәландыратын құжаты бойынша тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жұмыс істеп жүрген цехтың, бөлімнің, бірлестіктің.
      8. Награда қағазында марапатталушының нақты еңбек көрсеткіштері мен шығармашылық еңбектері, қызметінің тиімділігі мен сапасы туралы мәліметтер, негізгі жұмыс нәтижелері баяндалған, сондай-ақ ауданның әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан нақты үлесі көрсетілген мінездеме келтіріледі.
      9. Атаққа ұсынылушы ғалымдар, ғылым мен техника қайраткерлерінің награда қағазына ғылыми жұмыстарының тізімі, өнертапқыштардың енгізген жаңалықтарының тізбесі тапсырылады.
      10. Награда қағазына 3х4 сантиметр көлемді түрлі-түсті 2 фотосурет қосымша беріледі.
      11. Награда қағазына кәсіпорын, ведомство, басқа да бірлестіктер, қоғамдық ұйым, шығармашылық одақ басшысы қол қояды.
      12. Атақ беру туралы өтініш хат және награда қағазы келісу үшін аудан әкіміне жолданады. Награда қағазына аудан әкімі қол қойып, сол органның мөрі басылады.
      13. Марапаттау туралы өтініш хат қабылданбаған жағдайда еңбек ұжымына жазбаша түрде себебі туралы түсіндірме беріледі.
      14. Атақ берілген азаматтарға куәлік, төсбелгі және лента тапсырылады.
      15. Куәліктерді, төсбелгілерді және ленталарды дайындау аудан әкімінің аппаратына жүктеледі.
      16. Куәліктерді, төсбелгілерді, ленталарды дайындау шығыны тиісті жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
      17. Атаққа қоса берілетін куәлікті, төсбелгіні және лентаны аудан әкімі және аудандық мәслихаттың хатшысы салтанатты жағдайда тапсырады.
      18. Тапсырылғаны туралы хаттама жасалып, оған тапсыруды жүзеге асырған лауазымды тұлға қол қояды.
      19. Атаққа қоса берілетін төсбелгі немесе лента жоғалған жағдайда дубликаттары берілмейді.
      20. Атаққа қоса берілетін куәлік жоғалған жағдайда оның дубликаты марапатталған адамның жазбаша өтініші бойынша және жергілікті баспасөзде жоғалғандығы туралы хабарлама қоса берілген жағдайда аудан әкімінің келісімімен беріледі.

4. Атаққа қоса берілетін куәлік, төс белгі және лентаның
сипаттамасы
Куәлік

      21. Куәлік қою көк түсті қатты қаптамадан жасалады, жайылған күйдегі көлемі 6,5х18,5 сантиметр, сыртқы бетінде Қаратал ауданының таңбасы бейнеленіп, "Қаратал ауданының құрметті азаматы" деп баспаханалық қаріппен мемлекеттік тілінде жазылған.
      22. Куәліктің ішкі жағы көгілдір түсті, сол және оң жағында мемлекеттік және орыс тілдерінде: "Алматы облысы Қаратал ауданы" және "Алматинская область Каратальский район" деген мәтіндер терілген және асты қызыл желекпен сызылған, куәлік нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты және аудандық мәслихаттың қабылдаған шешімінің нөмірі, күні және куәліктің нөмірі көрсетіледі.
      23. Ішкі оң жақ бетте Қаратал ауданының таңбасы және "Қаратал ауданының Құрметті азаматы" деген сөз бар, ішкі сол жақ бетіне көлемі 3х4 сантиметр болатын сурет (анфас) жапсырылады. Суреттен төмен аудан әкімінің қолы қойылады.
      24. Куәлікке қойылатын қол елтаңбалы мөрмен расталады.
      25. Куәліктің сол және оң жақ беттері ламинатталады.

Төсбелгі

      26. Төсбелгі төменгі температуралы металл қосындыларынан жасалып, гальваникалық жолмен жұқа қабатты никель мен алтын жалатылған.
      27. Атақтың төсбелгісі екі элементтен тұрады: кеудеге тағатын негіз және алқасы. Кеудеге тағатын негіздің іші көк түсті эмальмен құйылған, "Қаратал ауданының Құрметті азаматы" деген жазуы бар. Алқада Қаратал ауданының таңбасы бейнеленген.

Лента

      28. Лента ұзындығы -210 сантиметр, ені -20 сантиметр көк түсті матадан жасалынған. Лентаның ортасында "Қаратал ауданының Құрметті азаматы" деген алтын түсті жіппен көмкерілген сұр түсті жазу бар. Екі жақ ұшы алтын түсті шашақтармен көмкерілген.

5. Атақтан айыру және қалпына келтіру

      29. Атақ берілген адам негіздемесі көрсетіле отырып атақ беру туралы өтініш хат енгізген органның ұсынысы бойынша аудандық мәслихаттың шешімімен:
      1) үлкен қоғамдық резонанс тудыратын жағымсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайда;
      2) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін айырылады.
      30. Сот шешімі бойынша заңсыз сотталғандар және толық ақталғандардың атаққа құқығы аудандық мәслихаттың шешімімен қайта қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады