Әлеуметтік көмек көрсетудің және Мәртөк ауданы аумағында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 102 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 17 қаңтарда № 3745 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 2015 жылғы 10 маусымдағы № 181 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды – Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 10.06.2015 № 181 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес Мәртөк аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің және Мәртөк ауданы аумағында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.
      2. Мәртөк аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 24 сәуірдегі № 106 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 3-8-85, 2009 жылғы 27 мамырда "Мәртөк тынысы" газетінің № 24-25 жарияланған), 2012 жылғы 9 тамыздағы № 31 "Мәртөк ауданы аумағында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 3-8-157, 2012 жылғы 6 қыркүйекте "Мәртөк тынысы" газетінің № 47-48 жарияланған) шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2014 жылғы 1 қаңтардан басталған құқықтық қатынастарға колданылады.
      Ескерту. 3 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 17.02.2014 № 112 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      Мәртөк аудандық
мәслихатының сессия төрағасы
Мәртөк аудандық мәслихатының хатшысы
      Б. Казанбаев А. Смағұлов

  2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 102 Мәртөк аудандық мәслихатының шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің және Мәртөк ауданы аумағында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің және Мәртөк ауданы аумағында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысына сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органдармен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген азаматтарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесін:
      1) 9 мамыр – Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
      жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар;
      жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген адамдар;
      жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдардың басқа да санаттары;
      1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін алты айдан кем емес жұмыс істеген тыл еңбеккерлер;
      2) 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын азқамтылған отбасылар (азаматтар);
      3) қазан айының екінші жексенбісі – Мүгедектер күніне орай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектер.
      6-1. Табыстарын есепке алмай ай сайынғы әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері – әлеуметтік-тұрмыстық қажеттілігіне айына 8000 (сегіз мың) теңге мөлшерінде;
      2) әлеуметтік маңызы бар аурулармен (онкологиялық ауруы, адамның иммунитет тапшылығы вирусы және туберкулездің түрлі нысандары) ауыратын азаматтар – медициналық мекемелердің берілген тізімдері бойынша, жылына алты айға дейінгі амбулаториялық ем алу мерзіміне ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
      Ескерту. Шешім 6-1 тармақпен толықтырылды – Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 23.12.2014 № 154 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесін:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар;
      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген адамдар;
      4) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдардың басқа да санаттары;
      5) зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар;
      6) мүгедектер, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
      7) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар;
      8) көп балалы отбасылар;
      9) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің түлектері;
      10) азқамтылған отбасылар (азаматтар);
      11) әлеуметтік маңызы бар аурулармен (онкологиялық ауруы, адамның иммунитет тапшылығы вирусы және туберкулездің түрлі нысандары) ауыратын азаматтар.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
      8. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері:
      әлеуметтік көмек арыз бойынша көрсетіледі, егер де өтініш тиісті өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірілмей берілген жағдайда.
      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыс әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорның не "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ұсынымы бойынша аудан әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға – "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ) немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) бекітілген нысан бойынша адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      13. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлемуеттік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша бекітілген нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ жібереді.
      16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      17. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      18. "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      19. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      20. "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      21. "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      22. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Мәртөк ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады