"Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы

Күшін жойған

Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 қыркүйектегі № 17-8 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 29 қазандағы № 2032 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 40-3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды – Жамбыл облыстық мәслихатының 12.11.2019 № 40-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 1 тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес Жамбыл облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік - мәдени даму, қоғамдық және жастар ұйымдарымен байланыс және әйелдер істері мен отбасы - демографиялық саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Облыстық мәслихаттың сессия төрайымы Г. Кемелқұлова
      Облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Қарашолақов

  Жамбыл облыстық мәслихатының
2013 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 17-8 шешімімен бекітілген

"Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары
1. Жалпы ереже

      1. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді.

      2. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру азаматтардың көп жылғы жемісті еңбегін, олардың қабілеті мен дарынын және бастамаларын қоғамның танығандығын білдіретін аса маңызды моральдық көтермелеу болып табылады. Ол азаматтардың еңбек және қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) экономикалық және әлеуметтік дамытуға жұмсаған күш-жігерін көтермелеуге, өскелең жас ұрпақты қазақстандық отаншылдық рухында тәрбиелеуге және халықтар арасында достықты нығайтуға арналған.

2. Атақ беру бойынша талаптар

      3. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы ерекше сіңірген еңбегінің белгісі ретінде, жалпы өмірбаяны республикамен, облыспен (қаламен, ауданмен) 10 жылдан кем емес байланысты келесі талаптарға сәйкес келетін азаматтарға беріледі:

      1) Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері мен қаһармандығы, сондай-ақ бейбіт уақыттағы кәсіби міндеттерін немесе азаматтық борышын орындау кезіндегі жеке қаһармандығы үшін;

      2) мемлекеттік, әскери және қоғамдық қызметтегі, демократияны, жариялылықты және әлеуметтік үдерісті, рухани және интеллектуалдық әлеуетті дамытудағы жеткен зор жетістіктері үшін;

      3) заңдылықты, құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы белсенділігі үшін;

      4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы көп жылғы белсенді қызметі, қайырымдылық пен мейірімділікке қосқан нақты үлесі үшін;

      5) ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы, тәуелсіз егеменді Қазақстанның тұтастығын сақтаудағы жемісті еңбегі үшін;

      6) өнер, әдебиет және журналистика, өндіріс, бизнес, дене тәрбиесі мен спорт саласындағы аса жоғары нәтижелері үшін;

      7) қоршаған ортаны қорғауға және жеткіншек ұрпаққа рухани-отаншылдық тәрбие беруге белсене қатысқаны үшін.

      Ескерту. 3 –тармаққа өзгерістер енгізілді - Жамбыл облыстық мәслихатының 25.09.2014 № 29-8 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Атақ Қазақстан Республикасының азаматтарына және шет ел азаматтарына Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) елдегі және шет елдердегі келбетін көтеруге қосқан мол қоғамдық танымал үлесі үшін берілуі мүмкін.

      5. Қайтыс болған адамдар Атақ беруге үміткер болып тиісті мәслихат сессиясының қарауына енгізілмейді.

      6. Атақ:

      1) Атаққа ұсыну сәтінде соттылығы бар, заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға;

      2) сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған тұлғаларға;

      3) Атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте әкімшілік жазасы өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға берілмейді.

3. Атақ беру тәртібі

      7. Атақ беру Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай жылына бір рет жүзеге асырылады. Атақ беру облыстың, Тараз қаласы мен аудандар деңгейінде бес азаматтан асырмай берілуі мүмкін.

      7.1) Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына орай бір рет "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы облыс, Тараз қаласы және аудан деңгейінде жиырмадан аспайтын азаматқа берілуі мүмкін.

      7.2) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бір рет "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы облыс, аудан және Тараз қаласы деңгейінде жиырма бестен аспайтын азаматқа берілуі мүмкін.

      Ескерту. 7 –тармаққа өзгерістер енгізілді - Жамбыл облыстық мәслихатының 25.09.2014 № 29-8; 21.08.2015 № 39-5; 21.11.2016 № 6-3 шешімдерімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Атақты тиісті мәслихат облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынымы бойынша береді.

      9. Еңбек және шығармашылық ұжымдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар, жеке және заңды тұлғалар, тиісті мәслихат депутаттары Атақты беру туралы қолдау хат ұсына алады.

      10. Қолдау хатқа бірінші басшы немесе тиісті уәкілетті адам қол қояды, онда атақ берілетін үміткердің нақты еңбектері көрсетіледі.

      11. Қолдаухатта кандидаттың өмірбаяндық негізгі мәліметтері, оның Жамбыл облысы (қала, аудан) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегінің қысқаша сипаттамасы дәлелді құжаттарымен қоса көрсетіледі, сонымен қатар:

      1) мінездеме, дәлелді құжаттарының көшірмелерімен қоса мемлекеттік және басқа да наградаларының тізбесі;

      2) жиналыс шешімінің хаттамасы, кандидаттың өмірбаяны;

      3) соттылық, әкімшілік жаза белгілеу жөніндегі мәліметтері;

      4) кандидаттың 3х4 сантиметр (2 дана) және 6х9 сантиметр (1 дана кітап үшін) мөлшеріндегі фотосуреттері тіркеледі.

      12. Атақ беру туралы өз кандидатураларын өз бетімен ұсынған тұлғалардан келіп түскен қолдаухаттар қаралмайды.

      13. Алып тасталды - Жамбыл облыстық мәслихатының 25.09.2014 № 29-8 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Бір үміткерге берілетін қолдаухатты енгізу тиісті мәслихаттың бір шақырылым кезеңінде екі реттен аспауы тиіс.

      15. Қолдаухат облыс (қала, аудан) әкіміне жолданады, облыс (қала, аудан) әкімі өз кезегінде қолдаухатты комиссияның қарауына жібереді.

      16. Комиссия осы Қағидаларға сәйкес үміткерлерге қатысты барлық жағдайды анықтайды және құжаттардың растығына тексеру жүргізеді.

      17. Саны 7 (жеті) адамнан тұратын комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.

      18. Облыс (қала, аудан) әкімдігінің қаулысымен құрылған және тиісті мәслихаттың шешімімен бекітілетін комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының өкілдері және тиісті мәслихаттың депутаттары енгізілуі мүмкін.

      19. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіру құқығына ие болады және оны білдірген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі қажет.

      20. Дауыс тең болған жағдайда комиссия төрағасының пікірі шешуші болып табылады.

      21. Комиссияның шешімі ұсыну сипатында болады және комиссия төрағасы мен барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен рәсімделеді.

      22. Комиссия қолдау хатты қарау нәтижесі бойынша облыс (қала, аудан) әкіміне атақ беру туралы ұсынымды тиісті мәслихаттың қарауына енгізуді немесе тиісті себептерін көрсете отырып, одан бас тартуды (кері қайтаруды) ұсынады.

      23. Атақты беру туралы мәселені қарау және шешім қабылдау Атаққа ұсынылған тұлғаның қатысуынсыз жүзеге асырыла алады.

      24. Тиісті мәслихаттың Атақ беру туралы шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

4. Куәлікті және төсбелгіні тапсыру тәртібі

      25. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" төсбелгісін, куәлігін, ескерткіш лентасын тапсыру облыс (қала, аудан) әкімімен және тиісті мәслихат хатшысымен салтанатты жағдайда жүргізіледі.

      26. Атақ беру туралы куәлікке облыс (қала, аудан) әкімі және тиісті мәслихат хатшысы қол қояды.

      27. Атақ алған тұлғалар куәлік пен төсбелгінің сақталуын қамтамасыз етулері тиіс. Атақ берілгендігін растайтын құжаттар жоғалған жағдайда, оны иеленген тұлға өзінің құқықтарын сақтап қалады және оған атақ беру туралы құжаттардың көшірмелері тиісті мәслихаттың шешімімен берілуі мүмкін, ал төсбелгі қайталап берілмейді.

      28. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы өмірлік болып табылады және иесі қайтыс болғаннан кейін тоқтатылады. Оның берілуі туралы құжаттар және төсбелгі отбасына естелік ретінде сақтауға қалдырылады немесе мұрагерлерінің келісімі бойынша жергілікті мұражайға беріледі.

      29. Облыстың (қаланың, ауданның) құрмет кітабына Атаққа ие болған азаматтардың есімдерін тіркеу хронологиялық тәртіппен жүргізіледі.

      30. Атақ беру мәселелері жөніндегі құжаттамаларды жүргізу және есепке алу, куәліктерді және төсбелгілерді, ескерткіш ленталарын, облыстың (қаланың, ауданның) құрмет кітабын әзірлеу, ресімдеу және талапқа сай сақтау тиісті мәслихаттың аппаратымен жүзеге асырылады. Облыстың (қаланың, ауданның) құрмет кітабын, төсбелгілер мен оларға куәліктерді дайындау шығындарын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

      31. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" куәлігі бар азаматтар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын әкімдіктер және мемлекеттік органдардың ғимаратына жұмыс уақытында кедергісіз кіру құқығына ие.

      32. Құрметті азаматтар құрметті қонақтар болып есептеледі және тиісті мәслихатпен немесе тиісті әкімдікпен мемлекеттік мерекелерге, Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) күніне және басқа маңызды оқиғаларға арналған іс-шараларға шақырылуы мүмкін.

5. Атақтан айыру негіздемелері

      33. Атақ берілген тұлға тиісті мәслихаттың шешімімен мына жағдайда атақтан айрылуы мүмкін:

      1) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенде;

      2) Атақ беру туралы қолдау хат енгізген органның ұсынымы бойынша қоғамның айрықша назарын аударған өрескел іс-әрекет жасағаны үшін.

      34. Атағынан айырған жағдайда, Атақтан айырылған тұлғадан куәлігі, төсбелгісі, есекерткіш лентасы қайтарылады, сонымен бірге облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет Кітабында тиісті жазба жазылады.

      35. Осы Қағидалардың 33 тармағында көзделген негіздер бойынша Атақтан айырылған тұлға қайталап Атақ беруге ұсыныла алмайды.

      36. Заңсыз сотталған және толық ақталған азаматтардың Атаққа ие болу құқықтары сот шешімімен қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады