Республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 303 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 17 шілдеде № 9593 тіркелді.

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 43) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ереже бекітілсін.

      2. Республикалық азаматтық қорғау қызметтері тиісті ережені бекітсін.

      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми түрде жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі В.В. Петровка жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Божко

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2014 жылғы 18 маусымдағы
№ 303 бұйрығымен бекітілді

Республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ереже

1-бөлім. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 13.12.2019 № 1064 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ереже "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 43) тармақшасына сәйкес әзірленген және Республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің (бұдан әрі Қызметтер) негізгі міндеттері мен өкілеттерін белгілейді.

      2. Азаматтық қорғау қызметтері бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға, халықты төтенше жағдайлар салдарынан, қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар факторларынан қорғауды қамтамасыз етуге арналған.

      3. Қызметтер басқа азаматтық қорғау күштерімен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа әскерлер және әскери құралымдарының тартылған бөлімдерімен және бөлімшелерімен оларға жүктелген міндеттерді тығыз өзара іс-қимыл жасап шешеді.

      4. Қызметтердің күштері мен құралдарын дайындау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындау, сондай-ақ қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану нәтижесінде қалыптасуы мүмкін болжанатын ахуалды есепке ала отырып, күнделікті қызметте алдын ала жүргізіледі.

2-бөлім. Республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің негізгі міндеттері

      Ескерту. 2-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 13.12.2019 № 1064 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қызметтердің негізгі міндеттері:

      төтенше жағдайлар салдарынан, қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар факторларынан халықты қорғау және залалды азайту жөніндегі азаматтық қорғау іс-шараларын жоспарлау және қамтамасыз ету;

      авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу, зардап шегуші халыққа көмек көрсету;

      азаматтық қорғау құралымдарын құру және даярлау, мақсатқа сай жұмыстарды жүргізу үшін оларды әзірлікте ұстау;

      қарамағындағы органдар мен күштерді басқаруды ұйымдастыру, оларды қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету;

      басшылық құрамды даярлау, қазіргі заманғы зақымдау құралдарының зақымдаушы факторларынан қорғану және төтенше жағдайлардағы іс-қимыл тәсілдеріне персонал мен халықты оқыту;

      азаматтық қорғаудың басқару, төтенше жағдайлар қаупі мен туындауы туралы, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану туралы халықты құлақтандыру және ақпараттандыру жүйелерін жасауды және әзірлікте ұстауды қамтамасыз ету;

      радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) жұқтыруға (ластау) тұрақты қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру;

      тиісті басқару органдарымен және әскери қолбасшылық күштерімен, ішкі істер органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қолдау;

      ведомстволық бағынысты ұйымдардың эвакуациялық іс-шараларына басшылық жасау, қауіпсіз аймаққа орналастыру аудандарын алдын ала дайындау шараларын қабылдау;

      азаматтық қорғау жоспарларын және төтенше жағдайларды жою жоспарларын әзірлеу, ведомстволық бағынысты буындарында жоспарлауды басшылық ету;

      авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге шешімдерді қабылдау үшін азаматтық қорғаныстың тиісті бастықтарына ұсыныстар әзірлеу;

      тиісті азаматтық қорғаныс бастықтары қойған міндеттерді орындау кезінде қызметтердің қарамағындағы күштері мен құралдарына басшылық ету;

      төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту, салалар мен ұйымдар жұмыстарының тұрақтылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға басшылық ету;

      қызметтер құзыреті шегінде азаматтық қорғаныс іс-шараларының барлық кешеніне тікелей басшылық етуді жүзеге асыру болып табылады.

3-бөлім. Негізгі Республикалық азаматтық қорғау қызметтері және олардың міндеттері

      Ескерту. 3-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 13.12.2019 № 1064 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Параграф 1. Азаматтық қорғаудың инженерлік қызметі

      Азаматтық қорғаудың инженерлік қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын инженерлік қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) соғыс уақытында жетіспейтін қорғаныш құрылыстары қорын салу үшін тез салынатын құрылыстардың үлгі жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      2) азаматтық қорғау саласында жаңадан қабылданатын жобаларды, мемлекеттік нормативтерді келісу;

      3) аудандық жоспарлау және аумақтардың, елді мекендердің, өнеркәсіптік аймақтардың құрылысын салу схемалары мен жобаларын жасаған кезде, ұйымдардың құрылыс салу, кеңейту, реконструкциялау мен техникалық жарақтандыру жобаларында азаматтық қорғау саласындағы инженерлік-техникалық іс-шараларды іске асыру мониторингі.

Параграф 2. Азаматтық қорғаудың медициналық қызметі

      Азаматтық қорғаудың медициналық қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау күштері жеке құрамының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау, зақымданғандарға және науқастарға уақытында медициналық көмек көрсету, оларды эвакуациялау, емдеу және қатарға қосу, жұқпалы аурулардың кенеттен туындауы мен таралуының алдын алу мақсатында құрылады.

      Қызметтің міндеттері:

      1) төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғау күштері жеке құрамы ауруларының алдын алу және емдеу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың әзірлігін қамтамасыз ету;

      2) медициналық көмекті ұйымдастыру;

      3) денсаулық сақтау ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне басшылық етуді жүзеге асыру;

      4) медициналық құралымдарды құру және ұстау, оларды техникамен, мүлікпен және жарақтармен жарақтандыру;

      5) медициналық көмекті уақытында көрсету, зақымданған адамдарды эвакуациялау және емдеу, зақымданған адамдардың денсаулығын қалпына келтіру, төтенше жағдайлар аймақтарында және зақымдау ошақтарында ақталмаған қайтарылмайтын шығындар есебін барынша азайту;

      6) халықты өзіне және өзара көмек тәсілдеріне үйрету;

Параграф 3. Азаматтық қорғаудың өртке қарсы қызметі

      Азаматтық қорғаудың өртке қарсы қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау өрт қауіпсіздігінің іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) төтенше жағдайлар аймағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, өртті сөндіру және оқшауландыру;

      2) қызметтің азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу және уақытылы түзету;

      3) жеке құрамды құру, жасақтау және қызмет құралымдарын материалдық құралдармен жарақтандыру;

      4) табиғи және техногендік төтенше жағдайларда орталық және жергілікті атқарушы органдарының басқару органдарымен, азаматтық қорғау күштерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;

      5) бейбіт уақытта және соғыс уақытында төтенше жағдайларды жоюға өрт сөндіру бөлімшелерінің әзірлігін бақылауды жүзеге асыру;

Параграф 4. Азаматтық қорғаудың жанар-жағар май материалдары қызметі

      Азаматтық қорғаудың жанар-жағар май материалдары қызметі өңірлік және жаһандық ауқымдағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындау үшін қажетті белгіленген номенклатура мен көлемдерге сәйкес азаматтық қорғаныс құралымдарының мұнай өнімдеріне мұқтаждықтарын қанағаттандыру, сондай-ақ бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын орындау мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) бейбіт уақытта және соғыс уақытында белгіленген номенклатура мен көлемдерге сәйкес азаматтық қорғау арнайы іс-шараларының мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында мұнай-газ, мұнай-химиялық өнеркәсіп, көмірсутекті шикізатты тасымалдау саласындағы ұйымдар мен объектілер жұмысының тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу;

      2) мақсаты бойынша жұмыс жүргізу үшін басқару органдарының, мұнай-газ кешенінің азаматтық қорғау күштері мен құралдарын құруды, даярлауды және тұрақты әзірлікте ұстауды қамтамасыз ету;

      3) көмірсутекті шикізатты тасымалдау саласындағы мамандандырылған құралымдарды құруды және дайындауды қамтамасыз ету.

      4) есепке алуды жүргізу:

      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану бойынша азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын қамтамасыз етуге қажет мұнай-газ кешеніндегі материалдық құралдардың қорын жинақтау;

      мұнай өнімдерінің қозғалысы, Қазақстан Республикасының мұнай базаларындағы және жанар-жағар май құю станцияларындағы сақтау көлемдері мен номенклатурасы туралы;

      5) тиісті басқару органдарымен және әскери қолбасшылық күштерімін өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қолдау;

      6) қызмет құзыретінің шегінде азаматтық қорғаудың барлық іс-шаралар кешеніне тікелей басшылықты жүзеге асыру.

Параграф 5. Азаматтық қорғаудың жануарлар мен өсімдіктерді
қорғау қызметі

      Азаматтық қорғаудың жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметі жануарлар мен өсімдіктерді, ауыл шаруашылық өндірісінің өнімдері мен мал шаруашылығын, су көздерін қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) жануарлар мен өсімдіктерді, ауыл шаруашылық өндірісінің өнімдері мен мал шаруашылығын, су көздерін және сумен жабдықтау жүйелерін радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық зақымданудан қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және орындау;

      2) ветеринариялық және фитопатологиялық барлауды, өңдеуді, зақымданған жануарларды емдеуді ұйымдастыру;

      3) зақымданған (жұқпалы аурулар жұқтырған) жануарларды мәжбүрлі союды оларды көмуді ұйымдастыру;

      4) егіс, мал жайылымдарын және мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын залалсыздандыру;

      5) ауыл шаруашылық өнімдері мен ауыл шаруашылық жануарларын қауіпсіз аймаққа шығаруды (алып кету) ұйымдастыру;

      6) жем мен жемшөптің қажетті қорын жасау;

      7) қызмет құралымдарын мақсатқа сай құру және іс-қимылға әзірлікте ұстау, оларды жеке құраммен, техникамен және мүлікпен қамтамасыз ету;

      8) дәрі-дәрмектер, залалсыздандыру құралдары резервін құру және уақытында жаңарту;

      9) ауыл халқын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардағы, зақымдау ошағындағы іс-қимылдарға оқытуды ұйымдастыру және жүргізу;

      10) азаматтық қорғаудың басқару жүйелерін құру және жоғары әзірлікте ұстау, халықты дүлей зілзалалар, қарсыластың қазіргі заманғы зақымдау құралын қолданған кездегі ірі авариялар, апаттар қаупі мен туындауы туралы құлақтандыру және ақпараттау және радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық зақымдануларды тұрақты қадағалауды және бақылауды ұйымдастыру.

Параграф 6. Азаматтық қорғаудың ақпарат қызметі

      Азаматтық қорғаудың ақпарат қызметі азаматтық қорғау міндеттерін орындау мүддесінде азаматтық қорғау басқару органдары мен халықты уақытында және сенімді ақпараттандыру мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) бейбіт және соғыс уақытында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың қаупі және туындауы туралы халықты, ұйымдарды ақпараттандыру бойынша бұқаралық ақпараттық құралдарымен бірлесіп, азаматтық қорғау іс-шараларын әзірлеу және орындау;

      2) халықты және аумақты қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және қазіргі заманғы зақымдау құралын қолдану кезіндегі іс-қимылдарға халықты оқыту мәселелерін насихаттауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұйымдастыру;

      3) республика аумағындағы азаматтық қорғау мәселелері бойынша ресми ақпаратты жинауды, қорытындылауды және ұсынуды және халықтың назарына жеткізуді ұйымдастыру;

      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы, қазіргі заманғы зақымдау құралын қолдану кезінде жедел ахуалды жариялау мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары қызметін үйлестіру;

      5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда, қазіргі заманғы зақымдау құралын қолданған кездегі адамдардың жүріс-тұрыс қағидалары бойынша жадынамалар, плакаттар, буклеттер, брошюралар және басқа да әдебиеттерді әзірлеуге және басып шығаруға қатысу;

      6) төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғау күштерінің, авариялық-құтқару қызметі құралымдарының оқу-жаттығулар мен машықтанулар орындарынан, азаматтық қорғаудың басқару органдары отырыстарынан және халықты, аумақтарды және ұйымдарды қорғау мәселесі жөніндегі басқа іс-шаралардан репортаждар ұйымдастыру;

      7) азаматтық қорғау мәселелері бойынша оқу кинофильмдерін көрсетуді ұйымдастыруда мәдениет мекемелеріне әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

      8) іздеудегі адамдар, жоғалған мүлік туралы тізім мен ақпараттық материалдарды, авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы жариялауда азаматтық қорғау жөніндегі басқару органдарына жәрдем көрсету;

      9) қызмет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша журналистер үшін баспасөз конференцияларын, брифингтер мен консультациялар ұйымдастыру;

      10) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі мен туындауы туралы халықты, ұйымдарды ақпараттандыру жөнінде іс-шаралар кешенін әзірлеу.

Параграф 7. Азаматтық қорғаудың байланыс қызметі

      Азаматтық қорғаудың байланыс қызметі байланыс саласында қызметтер ұсынатын тұлғалардың қызметін үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыру мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) қызметтің бағынысты күштері мен құралдарын басқаруды ұйымдастыру;

      2) шарт міндеттемелеріне сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қатері, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану кезінде байланыс операторларының қосымша байланыс арналарын ұсынуы;

      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында, зақымдау ошақтарында құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізген кезде халықты, аумақтарды қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізгенде азаматтық қорғаудың басқару органдарымен және ұйымдармен бірлесіп байланысты жоспарлау және ұйымдастыру;

      4) азаматтық қорғаныс жоспарлары мен төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жоспарлауға басшылық ету;

      5) қызметтің күштері мен техникалық құралдарын құру және әзірлікте ұстауды бақылау;

      6) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда орталық және жергілікті атқарушы органдарының басқару органдарымен, азаматтық қорғау күштерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;

      7) байланыс бойынша азаматтық қорғау құралымдарының жеке құрамын құру, ұстау, жасақтау және материалдық құралдармен жарақтандыру, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге оларды дайындау және үйрету;

      8) сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан объектілерде жұмыс істеу үшін сейсмикалық қауіпті аудандардан тыс жердегі байланыс кәсіпорындары қызметкерлерінің қосарлас құрамын даярлау жөніндегі іс-шараларды өткізу;

      9) ведомстволық бағынысты ұйымдардың эвакуациялық іс-шараларына басшылық ету;

      10) қалыптасқан ахуал, оларды талдау туралы мәліметтерді жинауды ұйымдастыру, қызмет бастығы шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеу, міндеттер қою және оларды орындаушылар назарына жеткізу, орындалуын бақылау.

Параграф 8. Азаматтық қорғаудың қоғамдық тәртіпті қорғау қызметі

      Азаматтық қорғаудың қоғамдық тәртіпті қорғау қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды ұйымдастыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аудандарын, зақымдау ошақтарын оқшаулау;

      2) эвакуациялық іс-шараларды қамтамасыз етуге қатысу;

      3) азаматтарды уақытша орналастыру, жылыту, тамақтандыру және заттай үлес беру пункттерін күзету;

      4) коменданттық қызметті ұйымдастыруға және өткеруге қатысу;

      5) қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдарды, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлар туындау қаупі, үрейге және жалған арандатушы сыбыстарды таратуға жол бермеу туралы жедел құлақтандыруды жүргізуге ішкі істер органдарының қатысуы;

      6) қызметтің азаматтық қорғау жоспарларын әзірлеу және уақытында түзету;

      7) азаматтық қорғау іс-шараларын жүргізген кезде оларға жүктелген міндеттерді шешуге ведомстволық бағынысты қызметтерді даярлауға бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      8) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      9) құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін халықты, сондай-ақ көліктік және өзге де құралдарды тартуға азаматтық қорғаудың лауазымды адамдарына жәрдемдесу;

      10) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау тәсілдеріне қызметтің жеке құрамын оқытуды ұйымдастыру;

      11) қала сыртындағы аймақта эвакуацияланған халықты тіркеуді қамтамасыз ету және мекенжай-анықтамалық жұмыстарды жүргізу үшін бастапқы мәліметтерді дайындау;

      12) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде және соғыс уақытында белгіленген тәртіпте қызметтің күштер қызметінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу;

      13) қызметтің жеке құрамын жеке қорғану құралдарымен, радиациялық, химиялық барлау аспаптарымен қамтамасыз ету және дозиметриялық бақылау;

      14) төтенше жағдайлар кезінде және соғыс уақытында азаматтық қорғау міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін жеке құрамда жоғары моральдық және психологиялық қасиетті тәрбиелеу.

Параграф 9. Азаматтық қорғаудың радиациялық қорғау қызметі

      Азаматтық қорғаудың радиациялық қорғау қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында халыққа, аумаққа және объектілерге иондалған сәуле шығару ықпалын болдырмау немесе әлсірету, сондай-ақ олардың радиоактивті заттармен зақымдануынан сақтау мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) радиоактивті зақымдану туралы басқару органдары мен халықты құлақтандыруды ұйымдастыру;

      2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолданған кезде халыққа радиоактивті әсерді барынша төмендету мақсатында іс-шараларды ұйымдастыру және жоспарлау;

      3) радиоактивті заттарды өндіретін, сақтайтын немесе қайта өңдейтін объектілерде авария болған кезде, сондай-ақ бейбіт уақытта және соғыс уақытында оларды тасымалдау кезінде радиоактивтік әсердің залалын азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және орындау;

      4) радиоактивті заттарды өндіруде және иондалған сәуле шығару көздерін пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды есепке алуды жүргізу;

      5) радиоактивті зақымдау аймақтарында дезактивациялау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

      6) тиісті басқару органдарымен және әскери қолбасшылық күштерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қолдау;

      7) қызмет құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың барлық іс-шаралар кешеніне тікелей басшылық етуді жүзеге асыру.

Параграф 10. Азаматтық қорғаудың химиялық қорғау қызметі

      Азаматтық қорғаудың химиялық қорғау қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында химиялық зақымданудан халықты, аумақтарды және ұйымдарды тиімді қорғауды қамтамасыз ету, газсыздандыру жұмыстарын жүргізу, күшті әсер ететін улы заттармен зақымдау ошақтарын жою мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) химиялық зақымдану қаупі немесе туындауы туралы халықты уақытында құлақтандыруды ұйымдастыру;

      2) химиялық барлауды жүргізу;

      3) күшті әсер ететін улы заттар өндіретін, сақтайтын немесе қайта өңдейтін объектілерде авария болған кезде, сондай-ақ бейбіт уақытта және соғыс уақытында оларды тасымалдау кезінде күшті әсер ететін улы заттар әсерінен залалды азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және орындау;

      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында, зақымдау ошақтарында химиялық зақымданудың ықтимал ошақтарындағы ахуалды болжау және бағалау;

      5) Республикалық қадағалау желісі және зертханалық бақылау мекемелерінен күшті әсер ететін улы заттармен химиялық зақымдану туралы ақпаратты алу және қорытындылау;

      6) химиялық зақымдану кезінде төтенше жағдайлар аймақтарында және зақымдау ошақтарында, химиялық зақымдану жағдайларында құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге қатысатын халықты және құралымдардың жеке құрамын қорғау режимін әзірлеу;

      7) химиялық зақымдану кезінде халық арасында қағидалар және іс-қимылдар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      8) химиялық зақымдану аймақтарында құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде құралымдар жеке құрамының қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету;

      9) қорғаныш құрылыстарында ауаны сүзгіден өткізу мен регенерациялаудың техникалық құралдарының жай-күйіне бақылау жасау;

      10) химиялық зақымданумен байланысты, оның ішінде күшті әсер ететін улы заттарды тасымалдаған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюды ұйымдастыру;

      11) химиялық қауіпті объектілерді есепке алу.

Параграф 11. Азаматтық қорғаудың сауда қызметі

      Ескерту. 11-параграфқа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 13.12.2019 № 1064 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Азаматтық қорғаудың сауда қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою кезінде сауда қызметін үйлестіру мақсатында құрылады.

      Қызметтің міндеттері:

      1) бейбіт уақытта және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлар кезінде сауда қызметі саласында басшылық етуді қамтамасыз етеді;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың сауда қызметтерінің қызметін үйлестіреді.

Параграф 12. Азаматтық қорғаудың энергетика қызметі

      Азаматтық қорғаудың энергетика қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану кезінде азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға қажетті энергетикалық және отын ресурстарында халық және азаматтық қорғау құралымдары қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) тұтынушыларды, ұйымдарды және республика халқын үздіксіз энергиямен жабдықтау бойынша энергетика жүйелері, желілік кәсіпорындар және энергетика объектілері жұмыстарының тұрақтылығын арттыруға бағытталған Іс-шаралар жүргізу;

      2) жекелеген энергетика объектілерінің, электр тасымаллау желілерінің, тұтынушылардың істен шығуын есепке ала отырып, энергожүйелер мен электр станцияларын жұмысқа дайындау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде екінші кезектегі тұтынушыларды жедел сөндіруге дайындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

      3) табиғи және техногендік төтенше жағдайлар кезінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне кіретін аса маңызды объектілерді және жауапты тұтынушыларды үздіксіз электрмен жабдықтауды ұйымдастыру;

      4) ерекше жұмыс режиміне энергетикалық желілер мен энергетика объектілерін ауыстыру бойынша іс-шараларға басшылық ету және жүзеге асыру;

      5) басқару органдарын және азаматтық қорғау күштері мен құралдарын құру, даярлау және тұрақты әзірлікте ұстау, мақсаты бойынша жұмысты жүргізу үшін энергетика кешенін ұйымдастыру;

      6) мына:

      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын пайдалану салдарын жою бойынша жұмысты қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдарда материалдық құралдар қорларының жинақталуын;

      электрлік станциялардың отын қорларының жинақталуын есепке алуды жүргізу;

      7) қызметтің құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларының

      барлық кешеніне тікелей басшылықты жүзеге асыру.

Параграф 13. Азаматтық қорғаудың жолдар және көпірлер қызметі

      Азаматтық қорғаудың жолдар және көпірлер қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолданған жағдайда азаматтық қорғау іс-шараларын өткізу кезінде жол-көпірмен қамтамасыз етуді, жолдар мен көпірлерді жөндеу мен қайта қалпына келтіруді жоспарлау мен ұйымдастыруға арналған.

      Қызмет міндеттері:

      1) бейбіт уақытта және соғыс уақытындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардабынан жұмысшыларды қызметшілерді қорғау және жол саласының залалын азайту жөніндегі шаралар кешенін дайындау және алдын ала өткізу;

      2) бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғаудың жол және арнайы іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу;

      3) мақсатқа сай іс-қимылдарға қызметтер құралымдарын құру және әзірлікте ұстау;

      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында, зақымдау ошақтарында құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезіндегі азаматтық қорғау күштерінің және авариялық-құтқару қызметтері құрылымдарының іс-қимылдарын қамтамасыз ету;

      5) табиғи және техногендік төтенше жағдайлар кезінде республиканың автожолдар желісін, сол жердегі аса маңызды объектілерді техникалық бүркемелеу;

      6) автомобиль жолдарының жай-күйін барлауды ұйымдастыру және жүргізу;

      7) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану кезіндегі көліктік коммуникациялардағы зақымдалуларды жою;

      8) құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу объектілеріне күш пен құралдарды жылжыту және зардап шегушілер мен материалдық құралдарды эвакуациялау үшін лекпен жүретін жолдарды жабдықтау және жүретін (өтетін) жолды жасау;

      9) бейбіт уақытта және соғыс уақытында сала объектілерінде құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу, зардап шегушілерге көмек көрсету, осы жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдарды құру және әзірлікте ұстау.

      10) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда жол саласы объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету;

      11) бейбіт уақытта, соғыс уақытында және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қалалық, қала сыртындағы қосалқы және қосарлас басқару пункттерінен басқаруды ұйымдастыру;

      12) ақпаратты жинау және талдау, автожолдар мен көпірлердегі бұзылған учаскелер арқылы өтуді қамтамасыз ету бойынша шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеу, міндеттерді қою және орындау.

Параграф 14. Азаматтық қорғаудың көлік қызметі

      Азаматтық қорғаудың көлік қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында арнайы азаматтық қорғау іс-шараларын көліктік қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) Азаматтық қорғаныс жоспарларына сәйкес азаматтық қорғау іс-шараларын көліктік қамтамасыз ету есебін әзірлеу;

      2) құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу орындарына өзара іс-қимыл жоспарлары бойынша берілетін зардап шегуші халықты, азаматтық қорғау күштері мен құралдарын, әскери бөлімдері мен бөлімшелерін тасымалдау бойынша теміржол, теңіз, өзен, әуе және автомобиль көліктік тасымалдау ұйымдарын үйлестіру;

      3) ықтимал жұмыстар объектілеріне жұмысшылар ауысымын тасымалдауды (әкелу, әкету) ұйымдастыру;

      4) табиғи және техногендік төтенше жағдайлар салдарын жоюға және болдырмауға, зардап шегушілерге көмек көрсетуге қажетті азаматтық қорғау және авариялық-құтқару қызметтері, арнайы жүктер құралымдарының жеке құрамын жеткізуді қамтамасыз ету;

      5) қызметтің көлік құралымдарын құру және қолдануға әзірлікте ұстау, оларды жеке құраммен, техникамен және мүлікпен жасақтау;

      6) қосалқы бөлшектердің, жанар-жағармай материалдарының резервтік қорын құру;

      7) қозғалыс бағдарларында техникалық қызмет көрсетуді және көлік құралдарын жөндеуді ұйымдастыру.

Параграф 15. Азаматтық қорғаудың ұлттық гидрометеорологиялық қызметі

      Азаматтық қорғаудың гидрометеорологиялық қамтамасыз ету қызметі бейбіт уақытта және соғыс уақытында қоршаған орта жағдайының мониторингісін, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингісін жүргізу мақсатында құрылады.

      Қызмет міндеттері:

      1) жедел бақылауды жүргізу және авариялар мен апаттардан, сондай-ақ қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолданудан болатын радиоактивтік және химиялық ластауды өлшеуді жүзеге асыру;

      2) қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстарды, селдерді, қар көшкіндерін, қоршаған табиғи орта ластануының жоғары деңгейін және олармен байланысты төтенше жағдайлар, олардың қаупі туралы уақтылы құлақтандыру;

      3) Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарына қоршаған табиғи ортаның ластану деңгейі туралы гидрометеорологиялық ақпаратты және деректерді ұсыну.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады