"Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 15 шілдедегі № 281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 14 тамызда № 9691 тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:
       1. «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2013 жылғы 12 маусымда № 146 (28085) жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген бұйрыққа 111-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Министр                                   А.Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы     
Білім және ғылым министрінің  
2014 жылғы 15 шілдедегі    
№ 281 бұйрығына қосымша     

Қазақстан Республикасы     
Білім және ғылым министрінің 
2013 жылғы 3 сәуірдегі     
№ 115 бұйрығына 111-қосымша 

Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбына арналған
«Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының үлгілік оқу
бағдарламасы

1. Түсіндірме жазба

      1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленді.
      2. «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мәні және маңызы оның қазіргі қоғам қажеттілігі мен тұрақтылығының ғылыми тұғырнамасы ретіндегі өзектілігінен, қоғам тарихы, мәдениеті мен рухани құндылығын анықтайтын бастаулардан тұрады. Зайырлылық және дінтану негіздері жалпы орта білім жүйесіндегі әлеуметтік-гуманитарлық және қоғамтанулық білім алудың құрамдас бөлігі болып табылады.
      3. Қазақстанның қазіргі саясаты еліміздегі көптеген этностар мен мәдениеттер арасындағы этносаралық, конфессияаралық құрмет пен төзімділікті, өзара татулықты орнатуға, рухани-адамгершілік құндылықтардың ортақ жүйесін құруға бағытталған.
      4. Дін және мәдениет, дін және мемлекет, дін және өркениет қатынастары мен тарихын білу адамзаттың сан ғасырлық тәжірибесінің рухани көрінісін тану болып табылады.
      5. Қазақтың белгілі ойшылдары - әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Абай, Ыбырай, Шәкәрім өздерінің рухани мұраларында ел тарихындағы діннің рөлі мен оның жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастырудағы маңызын тарихи сана мен тәжірибе негізінде ашып көрсетті.
      6. Пәннің оқыту мақсаты:
      1) білім алушыларды зайырлылық қағидатын құндылық, яғни мемлекет тұрақтылығының басты факторы ретінде қабылдауға, дінді зайырлы таным аясында тануға үйрету;
      2) діни сенім бостандығы, әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни қозғалыстардың тарихы мен қазіргі жай-күйі, теріс пиғылды діни ағымдар мен тыйым салынған діни ұйымдар туралы жан-жақты білімін қалыптастыру;
      3) оқушыларды экстремизм, терроризм және діни радикализм идеологияларын қабылдамауға үйрету, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде толеранттылық қасиетке тәрбиелеу және олардың гуманистік дүниетанымын қалыптастыру.
      7. Пәннің оқыту міндеттері:
      1) білім алушыларға діннің мәні, тарихы және оның қазіргі қоғамдағы рөлі жөнінде жүйелі мәлімет беру;
      2) зайырлылық ұстанымдарын мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің негізі ретінде таныта отырып, осы бағыттағы білімін қалыптастыру;
      3) зайырлылық тұрғысынан діни сана, діни сенім, діни таным және діни тәжірибе негіздерін салыстыра білуді үйрету;
      4) діннің дүниетанымдық, мәдениеттанымдық және адамгершілік мәнін түсіндіру;
      5) оқушыларды діни сенім бостандығын құрметтеуге, толеранттылыққа баулу арқылы қазіргі қоғамдағы діни ағымдарға зайырлылық ұстанымы негізінде баға бере алатын дағды қалыптастыру;
      6) Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық келісімді зайырлылық ұстанымдарының нәтижесі ретінде таныта отырып, оқушылардың бойында азаматтық мінез бен жауапкершілік қасиетті тәрбиелеу;
      7) экстремизм, терроризм, діни радикализм секілді жаһандық жағымсыз құбылыстардың теріс идеологияларының ұлттық қауіпсіздікке, зайырлылық ұстанымдарына, қоғам тұрақтылығына төндіретін қауіп-қатерін түсіндіре отырып, зайырлы мемлекет қағидаттарына құрмет сезімін тәрбиелеу;
      8) білім алушылардың бойында діни әдебиеттер, электрондық ресурстар және бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын салыстыра білу және сыни тұрғыда сараптау мәдениеті мен қабілеттерін қалыптастыру;
      9) құқықтық сауаттылықтың қоғам өміріндегі маңызын түсіндіре отырып, осы тұрғыдағы білімін арттыруға, Қазақстан адамдары мен азаматтарының құқықтары мен еркіндіктерін сыйлауға тәрбиелеу;
      Бағдарламада ұсынылған материалды игеру барысында «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық», «Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Өнер» сияқты пәндермен және «Абайтану» курсымен пәнаралық байланыс пен сабақтастықты орнату қарастырылған.
      8. Оқу жүктемесінің көлемі:
      9-сыныпта - аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.

2. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны

      9. Оку пәнінің мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
      1) Кіріспе: «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мәні (1 сағат).
      2) Зайырлылық және зайырлы мемлекет: ұғымы, мәні, сипаты. Зайырлы мемлекет және дін. Зайырлы этика негіздері. Білім жүйесіндегі зайырлылық қағидаттары (3 сағат).
      3) Діннің мәні, анықтамасы, әлеуметтік маңызы, шығу тегі, жіктелуі мен түрлері. Діннің құрылымы және функциялары. Дінтану ғылымының қалыптасуы мен дамуы. Негізгі діни ұғымдар. Дін - рухани мәдениет феномені (2 сағат).
      4) Діннің бастаулары мен тарихи түрлері. Көне наным-сенім нысандары және ұлттық діндер. Ежелгі Египеттегі, Грекиядағы, Римдегі діндер. Индуизм. Конфуциандық. Даосизм. Синтоизм. Иудаизм. Тора және Талмуд. Тәңірлік. Ежелгі түркі дүниетанымындағы тәңірліктің орны (3 сағат).
      5) Әлемдік діндер. Буддизм: діни ілімінің негіздері, тарихы, тәжірибесі және таралу аймақтары. Буддизмнің негізгі тармақтары (1 сағат).
      6) Христиан діні: діни ілімінің негіздері, тарихы, тәжірибесі және таралу өңірлері. Иисус Христос және Інжіл. Христиан дінінің негізгі бағыттары (православие, католицизм, протестантизм). Қазіргі заманғы христиан діні (4 сағат).
      7) Ислам: діни ілімінің негіздері, тарихы, тәжірибесі және таралу өңірлері. Мухаммед - пайғамбар. Қасиетті кітап - Құран. Ислам дініндегі бағыттар. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (мазхабтар). Ханафи құқықтық мектебінің ерекшеліктері мен маңызы. Сопылық танымдық мектебі. Ислам, ғылым және мәдениет (5 сағат).
      8) Қазақстандағы діндер. Қазақстандағы ислам діні: исламның
Қазақстанда таралуы. Қожа Ахмет Йасауидің діни философиясы (хикмет ілімі). Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы исламның рөлі. XX ғасырдағы және қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы ислам. Ханафи құқықтық нормаларының Қазақстанда таралуы (3 сағат).
      9) Қазақстанда христиан дінінің таралуы. Қазақстандағы православие шіркеуі. Қазақстандағы католицизм және протестантизм (2 сағат).
      10) Қазақстандағы ислам мәдениеті. Қазақстандағы исламдық сәулет өнері. Ислам жазба мәдениетінің ескерткіштері. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Хусамеддин Сығнақидің философиялық-ағартушылық және діни қөзқарастары. ХІХ-ХХ ғасырдағы дін ғұламалары. Абай мен Шәкәрімнің діни мұралары (3 сағат).
      11) Жаңа діни қозғалыстар. Жаңа діни қозғалыстар туралы түсінік, сипаты және ерекшеліктері. Жаңа діни қозғалыстар мен дәстүрлі діндер дилеммасы: танымдық, психологиялық және болмыстық қайшылықтар. Теріс пиғылды діни ағымдар, олардың белгілері және зардабы. Тыйым салынған діни ұйымдар. Терроризм - дінге жат ұғым. Діни экстремизм мен терроризмнің ұлттық қауіпсіздікке қатері (3 сағат).
      12) Қазақстан - дінаралық келісім аумағы. Қазақстан Республикасының дін туралы заңнамасы. Зайырлылық - мемлекеттік жүйенің және ұлттық қауіпсіздіктің тұғыры. Діни сенім бостандығы туралы түсінік. Қазіргі Қазақстандағы дінаралық татулық пен келісім тұғырнамасы (3 сағат).
      13) Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаевтың Қазақстан Республикасында және халықаралық қауымдастықта бейбітшілік пен дінаралық келісім орнату саласындағы саясаты (1 сағат).

3. Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      10. Пәндік нәтижелер.
      9-сыныптың соңында білім алушылар:
      1) негізгі діни ұғымдарды;
      2) зайырлылық пен дін арақатынасын;
      3) діндер тарихы мен сенім ерекшеліктерін;
      4) жаңа діни ағымдардың ерекшеліктерін;
      5) экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерін;
      6) қазақ мұсылмандық таным-түсінігін;
      7) Республикадағы діни ұйымдар, мемлекет және мәдениет арасындағы өзара қатынасын;
      8) Елбасымыз Н.А. Назарбаевтың конфессияаралық келісім, елдегі және халықаралық деңгейдегі шынайы діни құндылықтардың үстемдігі мен тұрақтылықты сақтау жөніндегі саясатын білуі тиіс.
      11. Тұлғалық нәтижелер. Білім алушылар:
      1) конфессияаралық құрмет пен толеранттылықтың негіздерін тануы;
      2) мемлекет, діни бірлестіктер және мәдениет арасындағы қатынастардың мәнін білуі;
      3) діни сана, діни сенім, діни тәжірибе мен діни таным ара-жігін ажырату қабілетіне ие болуы;
      4) қоғам тіршілігіндегі діндердің және сенімнің дүниетанымдық және танымдық миссиясын түсінуі;
      5) діннің моральдық-этикалық құндылықтарын тануы және түсіндіруі;
      6) діни радикализм мен экстремизм, терроризм секілді жаһандық
жағымсыз құбылыстар идеологияларының қауіпін түсінуі;
      7) экстремистік, террористік мәндегі теріс ағымдардың ерекшеліктерін тануы;
      8) дін және ғылым, зайырлылық пен құқық, дін және жалған діни ағымдардың арақатынасын ажырата білуі тиіс.
      12. Жүйелілік іс-әрекеттік нәтижелер.
      Білім алушылар:
      1) дінтанулық тұрғыдан маңызды мәліметтер мен жүйелі білімді жүйелі игеруі;
      2) ақпараттарды сыни тұрғыда сараптау мәдениеті мен қабілеттерін меңгеруі;
      3) шығармашылық оқу жобалары мен зерттеу жұмыстарының басқа да түрлерін орындауда пайдалану үшін ақпаратты бағдарлап талдай білуі;
      4) экстремистік, террористік діни топтар мен ағымдардың идеологиялары мен тәжірибесіне қарсы әсер ету иммунитетін қалыптастыруы;
      5) қазіргі ақпараттық технологияларды игеруі;
      6) діни мәселелер бойынша пікірталасқа, ой бөлісуге, түрлі мәдениеттер мен діни жүйенің ерекшеліктері бойынша хабардар болуы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады