Ескерту. Күші жойылды - Абай облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 24.08.2023 № 6/12-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 14/10-VII шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің Үлгі қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысына сәйкес Бесқарағай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған Бесқарағай ауданының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидалары бекітілсін және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны айқындалсын.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы, Бесқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Қ. САДЫҚОВ |
Бесқарағай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 31 наурыздағы № 20/9-V шешімімен бекітілген |
Бесқарағай ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары және жергілікті қоғамдастық жиындарына қатысу үшін ауылдар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер тұрғындары өкілдерінің санын айқындау
1-тарау. Жалпы Ережелер
Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 28.12.2021 № 14/10-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
1.Осы Бесқарағай ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысына сәйкес әзірленді және Бесқарағай ауданының аумағында ауыл, ауылдық округ, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.
2.Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі
3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.
4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдық округтің әкімі шақырады және ұйымдастырады.
6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы ауылдық округ әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.
7. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуді ауылдық округ әкімі ұйымдастырады.
Көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.
8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.
10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын 100 тұрғынға 1 өкіл сандық құрамда бөлек жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылар ұсынады.
11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп даусын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті ауылдық округ әкімінің аппаратына беріледі.
Бесқарағай ауданының аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу Қағидасына және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындауға қосымша |
Бесқарағай ауданының аумағында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін
ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының өкілдері кандидатураларының
саны
Ескерту. Қосымша алып тасталды - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 11.11.2014 № 27/4-V шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).