Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 251 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 мамырда № 10994 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Тауар биржалары туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңы 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның ресми баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялауға жолдануын қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

      Министрдің
міндетін атқарушы
М. Құсайынов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 251 бұйрығымен бекітілген

Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Сауда және интеграция министрінің 03.09.2019 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кепiлдiк беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы Заңы (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және кепiлдiк беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) кепілдік беру қоры – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржаның өз қаражаты есебінен қалыптастыратын ақша қоры;

      2) тауар биржасының клирингтік орталығы - тауар биржасы клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан дербес клирингтік ұйым;

      3) сақтандыру қоры – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржа және (немесе) оның клирингтік орталығы биржа мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастыратын ақша қоры;

      4) тауар биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға.

      3. Биржалық сауданы ұйымдастыру бойынша өз қызметі кезінде биржалық мәмілелерді орындамау тәуекелдерін төмендету бойынша шаралар қабылдау мақсатында тауар биржасы:

      1) тауар биржалары қызметімен айналысуға лицензия алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде кепілдік беру қоры құрылады;

      2) тауар биржасының бірінші мүшесі қабылданған күннен бастап сақтандыру қорын дербес не клиринг орталығымен бірлесіп қалыптастырады, не оны қалыптастыруды клиринг орталығына тапсырады.

      4. Cақтандыру және кепілдік қорларының қаражаттары тауар биржасының және (немесе) оның клирингтік орталығының балансында жеке шоттарда есепке алынады.

      Кепілдік және сақтандыру қорларының ағымдағы мөлшері туралы ақпарат тауар биржасының өз интернет-ресурсында жарияланады.

2-тарау. Кепілдік беру қорын қалыптастыру тәртібі

      5. Кепілдік беру қоры тауар биржаларының қызмет көрсететін тауар нарықтары бойынша тәуекелдерді бағалауды ескере отырып, олардың ағымдағы сандық және ақша айналымдарының көрсеткіштерін негізге ала отырып, белгіленген мөлшерде өз ақшасы есебінен қалыптастырады.

      6. Кепілдік беру қорын қалыптастырудың көздері тауар биржасы акцияларының төлемдері және (немесе) тауар биржасының пайдасы және Заңмен тыйым салынбаған басқа түсімдер ретінде келіп түскен ақша болып табылады.

      7. Кепілдік беру қорының қаражаты тауар биржасы қызметінің барлық кезеңінде азайтылмайтын қалдық түрінде тауар биржасының жеке банктік шотында есепке алынады.

3-тарау. Сақтандыру қорын қалыптастыру тәртібі

      8. Сақтандыру қоры тауар биржасы мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады.

      9. Сақтандыру қоры ақшалай түрде қалыптастырылады және тауар биржасының жеке банктік шотындағы азайтылмайтын қалдық түрінде есепке алынады.

      Сақтандыру қоры тауар биржасы қызметін жүзеге асыру қүқығына арналған лицензияның қолданылуы ұақытында калыптастырылады.

      10. Сақтандыру қорының қаражаты тауар биржасының немесе тауар биржасының клиринг орталығының жеке банктік шотында есепке алынады.

      Тауар биржа мүшелігінен шыққан жағдайда және тауар биржа және (немесе) тауар биржасының клиринг орталығының алдында, сондай-ақ тауар биржасы және (немесе) тауар биржасының клиринг орталығының қатысуымен орындалатын биржалық мәмілелер бойынша берешектері болмаған жағдайда, сақтандыру қорының қаражаты биржаның мүшелеріне олардың өтініштер бойынша қайтарылуға жатады.

4-тарау. Кепілдік беру және сақтандыру қорларын пайдалану тәртібі

      11. Кепілдік беру және сақтандыру қорлары сауда-саттыққа қатысушылар жасалған биржалық мәмілелер бойынша өздерінің ақшалай міндеттемелерін орындамаған жағдайда тауар биржасы немесе тауар биржасының клирингтік орталығының өтімділік шығындары тәуекелінің орнын толтыруға арналған.

      12. Кепілдік беру және сақтандыру қорларының қаражаты мынадай тәртіпте пайдалануға жатады:

      1) оларды жабу үшін құрылған кепілдік беру және сақтандыру қорларындағы тәуекелдер іске асырылған жағдайда тауар биржасы оларды пайдалану туралы шешім қабылдайды;

      2) қор қаражатын тауар биржасында жасалған мәміле бойынша тек зардап шеккен тарапқа залалдарды жабу үшін (жіберілген пайданы қоспағанда) пайдалануға;

      3) бір биржалық мәміле бойынша залалдарды жабу үшін пайдаланылатын қор қаражатының көлемі тауар биржасының ішкі ережелерімен белгіленген шамадан аспайды және кез келген жағдайда осы қордың жиынтық активінен аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады