Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) нарықтық жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 16 маусымдағы № 262 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 17 маусымда № 13792 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына және 119-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редацияда – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) нарықтың жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электронды түрде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін тіркелген бұйрықты алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика


министрі

Қ. Бишімбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _______________ Ә. Исекешев

      2016 жылғы "___" _____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      _______________ Қ. Қасымов

      2016 жылғы "___" _____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы

      _______________ В. Жұмақанов

      2016 жылғы 13 маусым

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ____________ Қ. Бозымбаев

      2016 жылғы "___" _____________



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2016 жылғы 16 маусымдағы
№ 262
бұйрығымен бекітілген

Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) нарықтың жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редацияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.09.2020 № 67 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) нарықтың жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына және 119-бабына сәйкес әзірленді және жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) нарықтың жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редацияда – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау, оның ішінде төтенше жағдайлар, дүлей зілзала, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайында, туындаған проблемаларды бәсекелестік жағдайы үшін теріс салдары аз тәсілмен шешу мүмкін болмаған кезде табиғи монополия жағдайында емес тауар нарықтарына уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізіледі.

      3. Алып тасталды – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеу Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі тапсырмаларының негізінде, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштері негізінде монополияға қарсы органның өз бастамасы бойынша монополияға қарсы органның шешімімен енгізіледі.

      5. Монополияға қарсы органның тиісті шешімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсететін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізудің міндетті шарты болып табылады.

      6. Монополияға қарсы органның уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы шешімі:

      1) жекелеген тауар нарықтарында монополияға қарсы органның шешімімен өзге мерзім көзделмесе ол ресми жарияланған күнінен бастап;

      2) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне ол ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      7. Уақытша мемлекеттік баға реттеу мерзімі:

      1) жекелеген тауар нарықтарында – монополияға қарсы орган шешімінің өзге мерзім көзделмесе ресми жарияланған күні;

      2) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне – монополияға қарсы органның шекті бағаны белгілеу туралы шешімі қабылданған күні басталады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Уақытша мемлекеттік баға реттеу мерзімі күнтізбелік күнмен саналады.

      9. Жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеу қолданысқа енгізілгенге дейін немесе уақытша мемлекеттік баға реттеу қолданысы кезеңінде монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы негізінде, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалар өтініштерінің негізінде монополияға қарсы органның бастамасымен енгізу туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жояды.

2-тарау. Жекелеген тауар нарықтарында уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редацияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.09.2020 № 67 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Монополияға қарсы органның жекелеген тауар нарықтарында уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы шешімімен:

      1) тауар нарығы (тауардың атауы, тауар нарығының географиялық шекаралары);

      2) белгілі бір тауар нарығында нарық субъектілері өндіретін (өткізетін) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің шекті бағасы;

      3) уақытша мемлекеттік баға реттеу қолданысының мерзімі белгіленеді.

      11. Белгілі бір тауар нарығында нарық субъектілері өндіретін (өткізетін) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің шекті бағасын монополияға қарсы орган:

      1) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның тиісті тауар нарығындағы тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағасы туралы ресми статистикалық ақпараты негізінде:

      2) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпараты болмаған кезде уәкілетті мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, нарық субъектілерінен, олардың бірлестіктерінен және аталған ақпаратты талдаудан алынатын тиісті тауар нарығындағы тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағалары және (немесе) субъектілік құрам туралы ақпаратты сұрату нәтижелері бойынша айқындайды.

      12. Ақпаратты талдау нәтижелері бойынша тиісті тауар нарығының тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне шекті бағаны айқындау үшін негізге соңғы күнтізбелік үш жыл ішіндегі тиісті тауар нарығының тауарларға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке бағалардың орташа арифметикалық мәні, сондай-ақ өңірдің, елдің және (немесе) тиісті тауар нарығының әлеуметтік–экономикалық даму факторлары алынады.

3-тарау. Нарықтың жекелеген субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редацияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.09.2020 № 67 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Монополияға қарсы органның жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы шешімімен:

      1) тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілетін нарық субъектілері;

      2) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға бекітуге құжаттарды ұсыну мерзімі;

      3) уақытша мемлекеттік баға реттеу қолданысының мерзімі белгіленеді.

      14. Монополияға қарсы органның жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы шешімі бір күндік мерзімде тиісті нарық субъектілеріне жіберіледі.

      15. Жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) шекті бағаны бекітуге құжаттарды ұсыну мерзімі монополияға қарсы органның шешімі қолданысқа енгізілген күнінен бастап күнтізбелік он күннен аспауы тиіс.

      16. Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге шекті бағаны белгілеу үшін нарық субъектілері белгіленген мерзімде монополияға қарсы органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің өзіндік құнында ескерілетін шығыстарды негіздейтін құжаттар;

      2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша бухгалтерлік баланс (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 шілдеде № 15384 болып тіркелген);

      3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша пайда мен шығындар туралы есеп (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 шілдеде № 15384 болып тіркелген);

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 34 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша еңбек жөніндегі есеп (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 11 ақпанда № 21183 болып тіркелген);

      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 4 ақпандағы № 14 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша қаржы-шаруашылық қызмет туралы есеп (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 10 ақпанда № 20008 болып тіркелген);

      6) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен бекітілген нысанға сәйкес ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 шілдеде № 15384 болып тіркелген);

      7) тұтастай кәсіпорын бойынша және әрбір түр бойынша жеке шығындар баптарын таратып жазып, босату бағаларын есептеу үшін қабылданған кірістер мен шығыстар туралы жиынтық деректер;

      8) шикізат пен материалдар шығысының қолданылатын нормалары туралы мәліметтер;

      9) инвестициялық бағдарламалар (болған жағдайда);

      10) ағымдағы және күрделі жөндеулерге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын шығындардың жылдық сметасы;

      11) негізгі құралдарды пайдалану мерзімдерін көрсете отырып, амортизациялық аударымдардың есептемелері;

      12) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізудің нақты және жоспарланатын көлемін растайтын құжаттар;

      13) бекітілген штат кестесі.

      Бұл ретте, негіздеуші материалдар ретінде құжаттарды беру алдындағы төрт тоқсан ішіндегі және өткен күнтізбелік жыл ішіндегі нақты деректер ұсынылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редацияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.09.2020 № 67 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      17. Нарық субъектісінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне шекті бағаны қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге тікелей жататын негіздеуші материалдармен расталған шығыстар:

      1) растаушы құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларға және материалдық ресурстардың нақты көлеміне сүйене отырып, өнімнің, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірлігін шығаруға шикізат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар шығыстарының қолданылатын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып айқындалған материалдық шығыстар;

      2) еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар және үстемеақылар төлемдерін қоса алғанда, персоналдың еңбегіне ақы төлеу ескеріледі. Бұл ретте еңбекақы төлеу шығыстарын айқындау кезінде персоналдың нақты саны және орташа айлық жалақы есепке алынады.

      Нарық субъектілерінің әкімшілік персоналына еңбекақы төлеу шығыстары он еседен аспайтын нарық субъектісі жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларының ең жоғары және ең төменгі деңгейінің арасындағы арақатынасқа сүйене отырып шектеледі.

      3) тікжелілік (біркелкі) есептеу әдісі бойынша есептелген негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;

      4) осындай жұмыстың қажеттілігі туралы растаушы құжаттардың (осындай жұмыстың қажеттілігін құжаттамалық техникалық растау, жиынтық сметалық есептер, объектілік, жергілікті және ресурстық сметалар (әрбір объект бойынша жеке) және т.б.) негізінде бағаның шығын бөлігіне енгізілетін негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін ағымдағы және күрделі жөндеулерге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына нарық субъектісі жұмсайтын қаражат;

      5) өндірілетін (өткізілетін) тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке тікелей қатысы бар растаушы құжаттардың негізінде шекті бағаның шығын бөлігіне енгізілетін өзге өндірістік (өткізілетін) шығыстар;

      6) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілетін қызметтерді көрсетуге тікелей қолданысқа енгізілген қолдағы бар активтерді кеңейтуге, қалпына келтіруге, жаңартуға, қолдауға, негізгі құралдарды реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа активтерді құруға және сатып алуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны (ол болған кезде) іске асыруға қаржы қаражаты үшін сыйақылар төлеуге арналған шығыстар;

      7) қоршаған ортаға эмиссия үшін ақы төлеуге;

      8) кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлеріне, салықтарға, алымдарға және бюджетке басқа да міндетті төлемдерге шығыстар ескеріледі.

      18. Шекті бағаны қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тікелей өндіруге (өткізуге) жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен расталмаған шығыстар ескерілмейді.

      19. Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге шекті бағаны қалыптастыру тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша шығындардың бөлек есебін жүргізу негізінде жүзеге асырылады.

      20. Нарық субъектісінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша шығындардың бөлек есебі болмаған жағдайда, нарық субъектісінің шығындары нарық субъектісінің жалпы шығындарындағы кірістердің үлес салмағы (көлемі, өндірістік персоналға еңбекақы төлеу шығындары) бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізетін нарық субъектісі қызметінің белгілі бір түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістердің негізінде өткізілетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша бөлінеді.

      21. Шекті бағаға енгізілетін пайда деңгейін монополияға қарсы орган тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілетін қызметтерді көрсетуге тікелей қолданысқа енгізілген қолдағы бар активтерді кеңейтуге, қалпына келтіруге, жаңартуға, қолдауға, негізгі құралдарды реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа активтерді құруға және сатып алуға тартылған ағымдағы қарыз (болған жағдайда) кәсіпорынның міндеттемелерін ескере отырып айқындайды.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Монополияға қарсы орган құжаттарды қарау кезінде нарық субъектілерінен шешім қабылдау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы. Бұл жағдайда құжаттарды қарау мерзімі қосымша ақпарат алғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Нарық субъектісінің тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге шекті бағаны бекітуге арналған нарық субъектісінің құжаттарын монополияға қарсы органның қарау мерзімі күнтізбелік жиырма күннен аспауы тиіс.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Нарық субъектісі белгіленген мерзімде шекті бағаны бекітуге өтінімді ұсынбаған жағдайда, монополияға қарсы орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның, салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тиісті немесе ұқсас тауар нарығында ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын нарық субъектілерінің бағалары туралы ресми статистикалық ақпараты негізінде бағаны бекітеді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген жағдайда, нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне шекті бағасы соңғы үш жыл ішінде тиісті тауар нарығындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың орташа арифметикалық мәндерінен, сондай-ақ өңірдің, елдің және (немесе) тиісті тауар нарығының әлеуметтік–экономикалық даму факторларынан алынады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Монополияға қарсы орган құжаттарды қараудың Қағидаларда белгіленген мерзімінде нарық субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне шекті бағаны белгілеу туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге шекті бағаны белгілеу туралы шешім мүдделі нарық субъектілеріне бір күндік мерзімде жіберіледі, сондай-ақ монополияға қарсы органның интернет-ресурсында жарияланады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 08.09.2022 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады