Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 249 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 23 қаңтарда № 16267 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      5) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О. А.Смоляковқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін және 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жасалған банктік қарыз шарттарына қолданылатын Тізбенің 1-тармағының он төртінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы және қырық жетінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 249 қаулысына
қосымша

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының коллекторлық
қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 248 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 тіркелген, 2012 жылғы 16 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 516-521 (27594) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға беру кезінде осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуді банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талап етулер) берілген үшінші тұлға жүргізеді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі:



      мұнда:

      D – алғашқы қарыз сомасы;

      k – клиенттің банкке алғашқы қарызды алған күнгі қарыздарды алуға байланысты төлемдерінің жалпы сомасы;

      n – клиентке соңғы төлемнің реттік нөмірі;

      j – клиентке алғашқы қарызды алған күннен кейінгі төлемнің реттік нөмірі;

      Sj – клиентке j-ші төлем сомасы, оның ішінде кезекті қарыздар;

      APR – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;

      tj – алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиентке j-ші төлем сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен);

      m – клиенттің соңғы төлемінің реттік нөмірі;

      і – клиент төлемінің реттік нөмірі;

      Pi – осы Қағидалардың 8, 8-1-тармақтарына сәйкес төлемдерді қосқанда, клиенттің алғашқы қарызды алған күннен кейінгі і-ші төлемінің сомасы;

      ti – алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиенттің і-ші төлемі сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен).";

      8 және 8-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Заңды тұлғаға берілетін қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне, төлем мөлшері мен мерзімі банктік қарыз шарты жасалған күні белгілі болатын банктік қарыз шартында көзделген қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ клиенттердің үшінші тұлғалардың пайдасына төленетін мынадай төлемдер:

      1) Қағидалардың 9-тармағының 4) тармақшасында көзделген төлемдерді қоспағанда, егер сақтандыру жағдайы басталған жағдайда сақтандыру шарты бойынша банк пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

      2) клиенттің кепілдік (кепілдеме) алу үшін кепілгерге (кепіл берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

      3) банкке клиенттерді тарту, клиенттер берген құжаттардың қарыз беру талаптарына сәйкес келуіне тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру, банктің клиенттерінен қарыздарды өтеу есебіне төлемдер қабылдау және аудару бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері енгізіледі.

      Егер қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдердің кредиттеудің бүкіл мерзіміне мөлшерлерін айқындау мүмкіндігі болмаса, қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалардың олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтеріне қарай кредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Банктік қарыз шартын жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз банктік қарыз шартында көзделген комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін клиенттің талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда ескеріледі.

      8-1. Жеке тұлғаға берілетін қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне, төлем мөлшері мен мерзімі банктік қарыз шарты жасалған күні белгілі болатын банктік қарыз шартында көзделген қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер енгізіледі.

      Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13870 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысымен бекітілген.

      Егер қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде Тізбенің 2-тармағының 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар пайдасына төлемдердің мөлшерлерін кредиттеудің бүкіл мерзіміне айқындау мүмкіндігі болмаса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне осы тұлғалар белгілеген және олармен шарттар жасау күнінде айқындалған тарифтерге қарай кредиттеудің бүкіл мерзіміндегі төлемдер енгізіледі.

      Банктік қарыз шартында көзделген, Тізбенің 2-тармағының 5), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген, банктік қарыз шартын жасау күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз комиссиялар мен өзге де төлемдер нақты төлем жасалғаннан кейін клиенттің талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қайта есептелген жағдайда немесе олар банктік қарызға қызмет көрсету кезеңінде енгізілген кезде ескеріледі.".

      3. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.11.2019 № 208 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін Қазақстан
Республикасының коллекторлық
қызмет мәселелері бойынша
нормативтік құқықтық
актілерінің тізбесіне қосымша

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 248 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады