Алматы қаласының қалалық рельсті көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 30 қазандағы № 4/444 қаулысы. Алматы қаласы әдiлет департаментінде 2017 жылғы 13 қарашада № 1423 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Заңының 11 бабына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес, Алматы қаласы қалалық рельсті көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидалары бекітілсін.

      2. Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласы метрополитенімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 18 ақпандағы № 1/99 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1147 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 наурыздағы "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған) қаулының күші жойылды деп танылсын.

      3. Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте осы қаулыны әділет органдарында тіркеуді, кейіннен мерзімді баспа басылымдарында, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің орынбасары М. Дәрібаевқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Б. Байбек

  Алматы қаласы әкімдігінің
2017 жылғы 30 қазандағы
№ 4/444
қаулысына қосымша

Алматы қаласының қалалық рельсті көлігімен
жолаушыларды тасымалдау қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Алматы қаласының қалалық рельсті көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Заңының 11 бабына, "Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптарын бекіту туралы" 2022 жылғы 27 мамырдағы № 301 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28298 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығына сәйкес әзірленді және Алматы қаласының қалалық рельсті көлігімен жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ – жаңа редакцияда - Алматы қаласы әкімдігінің 06.09.2024 № 3/488 (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) қалалық рельсті көлік – қала шекарасындағы және қала маңы аймағындағы жолдармен жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік түрі (метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті, монорельсті көлік);

      2) жеңіл рельстi көлiк – жеке бөлінген жолдар бойынша жолаушыларды және багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын және метрополитен мен темір жолға қарағанда габариттерінің, жүк көтергіштігінің және қатынас жылдамдығының аздығымен сипатталатын қалалық рельсті көлік түрі;

      3) метрополитен – көліктің өзге түрлерінің желілерінен және жүргіншілердің оларға өту жолынан оқшауланған (бөлінген, бір деңгейдегі қиылыстары жоқ) жолдар бойынша жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын қалалық рельсті көлік түрі;

      4) тасымалдаушы – жолаушыларды және багажды тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралын иеленушi жеке немесе заңды тұлға.

2. Жолаушыларды қалалық рельсті көлікпен тасымалдау тәртібі

      3. Қалалық рельсті көлікте жол жүру қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз төлемінің фактісі жолаушыға жол жүру құжаттарын берумен тіркеледі.

      4. Жолаушы қалалық рельсті көлікте жол жүру құжаты сатып алғаннан кейін ғана тасымалданады.

      5. Жолаушының төленген жол жүрісі метрополитеннің жөнелту станциясының кіру турникетінен жету станциясының шығу турникетіне дейін жарамды, ал жеңіл рельсті көлікте жылжымалы құрамның есіктері жабылғаннан кейін жарамды.

      6. Электр пойызы толық тоқтағаннан кейін кіруге болады, шығып жатқан жолаушыларға кедергі жасамау үшін құрам есіктерінің алдында тұруға және жолға тосқауыл болуға рұқсат етілмейді.

      7. Жолаушыға мыналарға рұқсат етіледі:

      1) жол жүру құжатын сатып алуға және қалалық рельсті көліктің электржылжымалы құрамында осы Қағидаларда айтылған жағдайларда жол жүруге;

      2) өзімен бірге жасы 7-ден аспаған балаларды тегін алып жүруге;

      3) өзімен бірге жасы 7-ден 15-ке дейінгі балаларды жеңілдікпен алып жүруге.

      Жасы 7-ден 15-ке дейінгі балаларға жол жүру төлемі ересек жолаушы үшін белгіленген жол жүру бағасынан 50% мөлшерінде төленеді.

      Кассаға баланың жасын белгілейтін құжат ұсынылады;

      4) көзі дұрыс көрмейтін жолаушыға өзімен бірге ілесіп жүретін жолсерік итті (тұмсық торда және арнайы танитын белгісі бар мойынша шылбырда) тегін алып жүруге.

      8. Жолаушы қалалық рельсті көлікте жол жүрген кезде:

      1) қоғамдық тәртіпті және осы Қағидаларды орындауы;

      2) өзінің жол ақысын төлеуі;

      3) кезекші персоналға, электржылжымалы құрамы машинисіне жолға бөтен заттардың, қадағалаусыз нәрселер мен бұйымдардың құлағандығын, түтінді немесе өртті, жолаушыларды тасымалдау және электржылжымалы құрамы қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да жағдайларды анықтаған кезде хабарлауы;

      4) вагонда мүмкіндіктері шектеулі жандарға, қарттарға, жүкті әйелдер және жас балалары бар жолаушыларға орын беру;

      5) белгіленген станцияға және аялдамаға жақындағанда вагоннан шығуға алдын ала дайындалуы;

      6) соңғы станцияларда вагондарды босатуы;

      7) жас балаларын қолдарынан ұстап жүруі тиіс.

      9. Қалалық рельсті көлікте болған кезде жолаушыларға:

      1) электрпойыздардың есіктерінің автоматты ашылуына және жабылуына кедергі келтіруге, қозғалыс кезінде вагон есіктерін ашуға;

      2) электрпойыздың қозғалысы кезінде машинистің көңілін бөлуге;

      3) аялдамада, станцияларда, электрпойыздарының өткелінде және вагондарында темекі шегуге;

      4) вестибюлдерді, өткелдерді, станция тұғырнамаларын, вагон салондарын, эскалаторларды және жолдарды ластауға;

      5) спирттік ішімдіктер ішуге, станциялар мен электржылжымалы құрамында мас күйінде, сондай-ақ есірткі немесе уытты мас болу жағдайында болуға;

      6) вагондарда өртке қауіпті, жарылғыш, уландырғыш, жеңіл тұтанғыш, улы, күйдіргіш және жағымсыз иісі бар заттарды тасымалдауға;

      7) бақша мүкәммалын, оның ішінде жолаушыларды жарақаттау мүмкіндігін жоққа шығармайтын шаншып алғыш және кескіш заттарды тиісті қаптамасыз алып өтуге;

      8) ашық отты, пиротехникалық қондырғыларды (фейерверктерді, петардаларды) қолдануға;

      9) станцияға жолақысыз өтуге, сондай-ақ жабық турникеттер және тосқауыл қоршаулар арқылы өтуге;

      10) өз еркімен электржылжымалы құрамының машинистің кабинасына, қызметтік және өндірістік бөлмелерге, желдетпе шахталарының киоскілеріне, тоннельдеріне және қоршалған аумаққа кіруге;

      11) электрпойыздар вагондарының есіктеріне сүйкенуге;

      12) электржылжымалы құрамы толық тоқтағанға дейін тұғырнама шетіндегі шектеулі сызықтан өтуге;

      13) электржылжымалы құрамының станциялары, аялдамалы мен вагондарында роликті тақталарда, конькилерде және басқа ұқсас спорт құралдарында жүруге;

      14) вагонда "жолаушы-машинист" байланысымен қажетсіз қолдануға;

      15) тұғырнамаларда жүгіруге, ақпараттық көрсеткіштермен белгіленген жолаушылар ағынының қозғалыс бағытын бұзуға және электрлендірілген жолға түсуге;

      16) жолға электрпойыздар қозғалысының бұзылуын тудыратын заттарды лақтыруға тыйым салынады.

      10. Жолаушылардың қалалық рельстік көлікте жол жүгін алып өту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Көлік қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолаушылардың қол жүгін тексеру "Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптарын бекіту туралы" 2022 жылғы 27 мамырдағы № 301 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28298 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-тармақ – жаңа редакцияда - Алматы қаласы әкімдігінің 06.09.2024 № 3/488 (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Ұсақ үй жануарлары, иттер және құстар жәшіктерде, себеттерде, торлар мен контейнерлерде тасымалданады.

      Ұсақ үй жануарларын, иттерді және құстарды тасымалдау кезінде олардың иелері немесе алып жүрушілер қалалық рельсті көліктің салонында санитариялық-гигиеналық режимнің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Қалалық рельсті көліктің салонында қол жүгі ретінде жабайы жануарларды тасымалдауға рұқсат етілмейді.

      13. Қалалық рельстік көліктің станциясында және аялдамаларында жолаушылар электр жылжымалы құрамының келу және кету уақыты, жолаушылар жол жүру төлемінің бағасы, жол жүру және қол жүгін тасымалдау шарттары мен көрсетілетін қызметтер, шұғыл медициналық көмек, шағын және ұсыныс жазатын кітаптың орналасқан жері, билет сататын кассалар жұмысының режимі туралы, метрополитен станцияларында орналасқан бөлмелер, метрополитен тұрғындарға көрсетілетін қызметтер тізбесі туралы қажетті және нақты ақпаратпен қамтамасыз етіледі.

      Қалалық рельстік көлік қызметін тұтынушылар үшін барлық ақпарат тасымалдау шартының өзгеруіне байланысты уақтылы жаңартылып отырады. Тасымалдаушының уәкілетті құрылымдары жолаушыларға дауысты зорайтқыш құралын қолдана отырып, көрнекі тасығыш арқылы жазбаша және/немесе ауызша ақпаратты береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады