Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 27 мамырдағы № 301 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 31 мамырда № 28298 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 24-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
М. Карабаев
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің міндетін
атқарушының
2022 жылғы 27 мамырдағы
№ 301 Бұйрығымен
бекітілген

Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу қағидалары мен талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді.

      Қағидалар, жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды (бұдан әрі – келушілер), олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу тәртібі мен талаптарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жете тексеру - тексеру, оның ішінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселерді сәйкестендіру және табу мақсатында техникалық және (немесе) басқа да құралдарды қолдану жолымен тексеру;

      2) жете тексеру пункті - жолаушыларды және келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді жүргізу үшін арнаулы жабдықталған орындар.

      3. Жете тексеруді көлік қызметі субъектісінің қызметкерлері не күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасқан кезде күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері жүргізеді.

      4. Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді ұйымдастыру көлік қызметі субъектілеріне және (немесе) күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасқан кезде күзет қызметі субъектілеріне жүктеледі.

      5. Жолаушылар мен келушілер, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен (бұдан әрі – Жарлық) бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларында белгіленген қатер деңгейіне байланысты жете тексеруге жатады.

2-тарау. Жете тексеруді жүргізу тәртібі

      6. Террористік қауіптілік қатері болмаған кезеде және (немесе) қауіптің бірқалыпты ("сары") деңгейі жарияланған жағдайда, жолаушыларды және келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын ішінара жете тексеру жүргізіледі.

      7. Қауіптің жоғары ("қызғылт сары") және шекті ("қызыл") деңгейі жарияланған кезде барлық жолаушылар мен келушілер, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы жете тексеруге жатады.

      8. Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар адамдар) жолаушылар мен келушілерді жете тексеру кезектен тыс жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Республикасы Көлік министрінің м.а. 06.12.2023 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Көлік қызметі субъектісі қызметкерлерінің не күзет қызметі субъектісі қызметкерлерінің (бұдан әрі – жете тексеру қызметкерлері) функциялары жете тексеру пунктінде мынадай тәртіппен бөлінеді:

      1) № 1 жете тексеру қызметкері жолаушылар мен келушілердің жеке басын куәландыратын құжаттарды тексереді (қауіптің жоғары ("қызғылт сары") және шекті ("қызыл") деңгейі жарияланған кезде);

      жолаушылар мен келушілерді олардың жете тексеру пунктінде жиналып қалуын болдырмайтын тәртіппен жете тексеруге жібереді;

      тасымалдауға тыйым салынатын заттар мен нәрселерді көрсетуді ұсынады;

      жолаушылар мен келушілерді стационарлық металл тапқыш (металл детектор) арқылы өту үшін жібереді;

      өзінде бар металл нәрселерді, электрондық және электр құрылғыларын, фото-киноаппаратураны алып шығаруды ұсынады;

      рентгендік-телевизиялық құрылғының конвейерінде алып жүретін қол жүгін, багажды және өзге де нәрселерді орналастыруды ұсынады, ондағы заттардың дұрыс орналасуын қарайды, конвейердің тиелуін реттейді, № 2 жете тексеру қызметкерін рентгендік-телевизиялық құрылғының конвейерін тоқтату қажеттілігі туралы хабардар етеді;

      жолаушыларды жеке жете тексеруге қатысады;

      2) № 2 жете тексеру қызметкері рентгендік-телевизиялық құрылғының көлеңкелі суреті бойынша багаждың ішіндегісін анықтайды, қажет болған кезде қол жүгі мен багажды қолмен жете тексеру туралы шешім қабылдайды;

      3) № 3 жете тексеру қызметкері № 2 жете тексеру қызметкерінің шешіміне сәйкес жолаушының не келушінің қатысуымен қол жүгі мен багажын қолмен жете тексеруді жүргізеді, оны жүргізген кезде жарылғыш заттарды, қаруды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне алып кіруге тыйым салынған басқа заттар мен нәрселерді алып өтуі үшін пайдаланылатын термостар, радио- және телеаппаратура, алып жүретін компьютерлер, радиотелефондар, көлемі үлкен ойыншықтар, қолшатырлар, жіңішке таяқтар, кітаптар, торттар, қалыпты нан және басқа да нәрселер мен заттарды, сондай-ақ мүгедектердің кресло-арбаларын жете тексеруді жүргізеді, жете тексерілген қол жүгіне, багажға және олардың жолаушыға не келушіге тапсырылуына бақылауды жүзеге асырады, қажет болған кезде жолаушылар мен келушілерді жеке жете тексеруге қатысады;

      4) № 4 жете тексеру қызметкері стационарлық металл іздегішті (металл детекторды) жолаушылар мен келушілердің айналып өтіп кетуіне жол бермей, оның жұмыс істеп кетуін бақылайды;

      портативті (қол) аспаппен жұмыс істейді, қажет болған кезде жолаушылар мен келушілерді жеке жете тексеруді жүргізеді;

      жете тексеруден өтпеген жолаушылар мен келушілерді көлік инфрақұрылымы объектілеріне жібермейді.

      Стационарлық металл іздегіштің (металл детектордың) сигналы пайда болған жағдайда № 4 жете тексеру қызметкері:

      1) жолаушыға не келушіге оның киіміндегі және (немесе) денесіндегі металл заттарды үстелге қойып, стационарлық металл іздегіш (металл детектор) арқылы қайтадан өтуін ұсынады;

      2) портативті (қол) аспаптың көмегімен жолаушыда не келушіде металл заттары бар жерлерді анықтайды;

      3) егер жолаушыны не келушіні, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын қайталап жете тексеру кезінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселер табылмаса, жолаушыны не келушіні көлік инфрақұрылымы объектісіне өткізеді.

      Жете тексеру қызметкерлерінің және (немесе) жете тексеру пункттерінің саны жолаушылар ағынына не террористік қауіптіліктің жарияланған деңгейіне қарай көлік инфрақұрылымы объектілері басшыларының шешімі бойынша ұлғайтылады. Бұл жағдайда № 1, 2, 3 және 4 жете тексеру қызметкерлерінің функциялары жете тексеруді жүргізу үшін іс жүзінде тартылған қызметкерлер саны арасында бөлінеді.

      10. Жете тексеру кезінде қолданылатын техникалық жете тексеру құралдарымен көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселердің болу мүмкіндігінің контурлары және өзге де белгілері табылған кезде жолаушылар мен келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеруді қоса алғанда, оларды жеке жете тексеру жүргізіледі.

      11. Жеке жете тексеру көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселерді табу үшін қажетті шектерде жүзеге асырылады.

      Жеке жете тексеруді жете тексерілетін адаммен жынысы бір адамдар санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына сәйкес келетін арнайы бөлінген үй-жайларда жүргізеді.

      12. Жеке жете тексеруді жүргізген кезде жолаушыға және (немесе) келушіге:

      1) өзіндегі көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселерді және металл заттарды көрсетуді;

      2) жете тексеруді қолмен және (немесе) портативті (қол) аспаптың көмегімен жүргізу үшін аяқ киімін, сыртқы киімін, бас киімін, белбеулерін, белдіктерін және жолаушының не болмаса келушінің үстіндегі өзге де нәрселерін шешуді ұсынады.

      Сот әрекетке қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар, кәмелетке толмаған балалар, сондай-ақ организмнің функционалдық бұзылуы және (немесе) жас шектеулері салдарынан жеке жете тексеруді жүргізу кезінде қажетті іс-әрекеттерді орындай алмайтын мүмкіндіктері шектеулі адамдар (мүгедектігі бар адамдар) олардың заңды өкілдерінің және (немесе) бірге еріп жүретін адамдардың қатысуымен жете тексеріледі. Жете тексеру жұмыскерлері сот әрекет қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарды, сондай-ақ заңды өкілдерінің және (немесе) бірге еріп жүретін адамдарысыз қозғалатын мүмкіндіктері шектеулі адамдарды (мүгедектігі бар адамдарды) жете тексеру кезінде көмек көрсетеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Республикасы Көлік министрінің м.а. 06.12.2023 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Жеке жете тексеру кезінде багаж бен қол жүгін оларды жете тексеруге берген жолаушы не келуші ашады. Қол жүгі мен багаж бос болғанға дейін ішіндегісі бір қабатынан соң бір қабаты шығарылып, басып көріледі, содан соң бос қол жүгі мен багажды қолмен көтеріп және оның салмағының тең болуы тексеріледі. Қол жүгі мен багаждың салмағы бірқалыпты бөлінбеген және (немесе) бос қол жүгі мен багаж үшін тым үлкен деген күдік туындаған кезде, қол жүгі мен багаждың өзін тыйым салынған заттардың жасырылуы тұрғысында жете тексеруге тартылады және ол рентгендік-телевизиялық құрылғының көмегімен жете тексеруге. Астарына, ішкі әрлеуіне, тігістеріне, шеттерінің үлкен қалпақты жалғағыш шпилькалармен жабылуына, қапсырмалардың бекітпелеріне ерекше назар аударылады.

      14. Жеке жете тексеру нәтижелері актімен ресімделеді. Актіде оның жасалған күні мен орны, актіні жасаған жете тексеру қызметкерінің тегі мен аты-жөні, жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші туралы мәліметтер, жеке жете тексеру кезінде анықталған көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселердің түрі, саны, өзге де сәйкестендіру белгілері туралы мәліметтер не олардың болмағандығы туралы белгі көрсетіледі. Жеке жете тексеру актісіне оны жасаған жете тексеру қызметкері, жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші және жеке жете тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жете тексеру қызметкерлері қол қояды. Жеке тексеріп қаралған жолаушы не келуші актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиісті жазба жасалады. Жеке жете тексеру актісінің көшірмесі жеке тексеріп қаралған жолаушыға не келушіге тапсырылады.

      15. Қол жүгінде және багажда қарудың, жарғыш құрылғының және жарылғыш заттардың бір бірлігі табылған кезде қарудың және (немесе) жарылғыш заттың, жарғыш құрылғының қосымша бірліктерін табу үшін жете тексеру жалғастырылады.

      Жете тексеру пунктінің қызметкерлеріне көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған, табылған заттар мен нәрселерге қатысты қандай да бір іс-қимылдарды дербес орындауға рұқсат етілмейді.

      16. Жете тексеру барысында көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған, жоғары қауіптілікті білдіретін (қару, оқ-дәрілер, жарғыш құрылғылар) заттар мен нәрселер табылған кезде жете тексеруді жүзеге асыратын қызметкерлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген, көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселерді сақтауға және ұстауға тиісті рұқсаты болған жағдайларды қоспағанда, оларды алу және тиісті рәсімдерді жүргізу, сондай-ақ олар табылған жолаушыға не келушіге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылдау үшін арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырады.

      17. Жолаушыны және оның алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеру кезінде және жеке жете тексеру кезінде көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселер табылмаса, осындай жете тексеру жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектісінің әкімшілігі жолаушының билеті бар қатынаспен және (немесе) кезекті осындай қатынаспен жөнелтілуін қамтамасыз ететін қажетті шаралар қолдануға, ал жолаушы тасымалдаудан бас тартқан жағдайда, билетті және (немесе) оның пайдаланылмаған бөлігінің құнын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11550 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 542 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11930 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 545 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13714 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 23 ақпандағы № 219 бұйрығымен бекітілген Ішкі су көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13551 болып тіркелген), Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 30 қазандағы № 4/444 қаулысымен бекітілген Алматы қаласының қалалық рельсті көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1423 болып тіркелген) көзделген тәртіппен өтеуге міндетті.

      18. Жете тексеруден, жеке жете тексеруден жалтаратын жолаушылар не келушілер көлік инфрақұрылымы объектісіне жіберілмейді, бұл туралы тиісті акт жасалады.

3-тарау. Жете тексеруді жүргізуге қойылатын талаптар

      19. Көлік қызметінің субъектілері қамтамасыз етуге тиіс жете тексеруді жүргізген кезде көлік инфрақұрылымы объектілеріне қойылатын талаптар:

      1) жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келуші адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеру пункттерінің (бұдан әрі – жете тексеру пункттері) болуы;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына жауап беретін жеке жете тексеруді жүргізуге арналған үй-жайдың (бөлменің) болуы;

      3) ақпарат күнтізбелік 15 (он бес) күн бойы сақталатын бейнебақылау және бейнежазу жүйесінің болуы.

      19-1. Жүрек қызметінің стимуляциясына арналған электрондық құрылғылары бар жолаушылар техникалық құралдарды пайдаланбай жеке (қолмен) жете тексеруге жатады.

      Ескерту. Қағидалар 12-тармақпен толықтырылды - ҚР Республикасы Көлік министрінің м.а. 06.12.2023 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Жете тексеру пункттері:

      1) Заңның 24-1-бабының 3-тармағымен бекітілген жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын жете тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін техникалық құралдармен;

      2) бейнебақылау жүйелерімен;

      3) қол жүгі мен багажды жете тексеруді жүргізуге арналған үстелдермен;

      4) рентгендік-телевизиялық қондырғылармен жете тексеру мақсатында жете тексерілетін адамдардың заттары мен нәрселерін орналастыруға арналған пластикалық, көзбен көруге болатын сыйымдылықтармен;

      5) жете тексеруден өткен жолаушылар мен келушілердің жете тексеруден өтпеген жолаушылармен және келушілермен байланысын болдырмау үшін қоршаулармен;

      6) көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен нәрселердің тізбесі туралы ақпараты бар стенділермен жабдықталады.

      21. Көлiк қызметi субъектiлерi және (немесе) күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасқан кезде күзет қызметi субъектiлерi көлiк инфрақұрылымы объектiлерiнің жете тексеру бөлiмшелері туралы ереженi, олардың ұйымдық құрылымының схемасын, жете тексеру пункттері мен жеке жете тексеруді жүргізуге арналған үй-жайлар (бөлмелер) көрсетілген көлік инфрақұрылымы объектісінің аумағы жоспарының схемасын әзірлейді және бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады