"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ ол сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 279 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 наурызда № 16595 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi туралы ереженің 16-тармағынның 234) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Мыналар:

      1) "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;

      2) "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті (Д.О. Темірбеков) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі және 2017 жылғы 11 наурыздан бастап туындайтын қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 279 бұйрығына
1-қосымша

"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) Заңның 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер - мүлік, акциялар және (немесе) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, Қор сатып алатын (сатып алған) кредиттер/қарыздар бойынша талап құқықтары;

      2) алып тасталды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 27.04.2023 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3) келісілген қаржыландыру - Қордың банктің қаржыландыру талаптары мен шарттарын міндетті түрде орындауын көздейтін банктік салым шартының талаптарымен банкте ақша орналастыру түрінде екінші деңгейдегі банкке (бұдан әрі - Банк) қаржы ресурстарын беруі;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі - Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіретін Қазақстан Республикасының Орталық Банкі;

      5) сатушы - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банк немесе бұрын Қор активтерді сатып алатын (сатып алған) банк болып табылған заңды тұлға;

      6) талап ету құқықтары - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден және бұрын банктер болып табылатын заңды тұлғалардан сатып алынатын (сатып алынған) кредиттер/қарыздар бойынша талап ету құқықтары;

      7) шарт - нысанасы Қордың активтерді сатып алу болып табылатын Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында, Қор мен банктің арасында, сондай-ақ Қор мен бұдан бұрын банк болып табылған заңды тұлғаның арасында жасалатын шарт.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 27.04.2023 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Активтерді сатып алу

      3. Қордың активтерді сатып алуы олардың "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының сатып алатын (сатып алған) активтері мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес болуы шартымен жүргізіледі.

      4. Қордың активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден және бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Қор сатып алатын активтердің құны мынадай тәсілдердің біреуімен:

      1) бағалау қызметінің субъектісі айқындайтын нарықтық құн бойынша;

      2) Қордың ішкі құжаттарымен белгіленетін талаптарға сай келетін дисконтты қолдана отырып, бағалау қызметінің субъектісі айқындайтын нарықтық құн бойынша айқындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 27.04.2023 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Сатып алынатын активтерді қамтамасыз ету құрамында өндірістік мүліктік кешендер, жабдық және технологиялық желілер, аяқталмаған құрылыс объектілері түрінде кепіл мүлкі болған жағдайда бағалау қызметінің субъектісіне және оған қолданылатын бағалау рәсімдеріне Қордың ішкі құжаттарына сәйкес қабылданатын Қордың шешімімен жекелеген жағдайларды қоспағанда, түгендеу және (немесе) инспекция және (немесе) техникалық аудит және (немесе) технологиялық сараптама бойынша іс-шараларды қоса алғанда, кепіл заттарын кешенді зерттеу бойынша талаптар қойылады.

      Тәуелсіз бағалау жүргізуге арналған шығыстарды қаржыландыру Қор мен сатушының келісімі бойынша айқындалады.

      Сатушы не Қор жүргізілген активтерді тәуелсіз бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бағалау қызметінің субъектісі қолданатын рәсімдерге және олардың бағалау стандарттарына сәйкестігіне аудит жүргізу үшін аудиторлық ұйымды тартуға жол беріледі. Аудиторлық ұйымды тартуға шығыстар жүргізілген тәуелсіз бағалау нәтижелерімен келіспеушілігін білдірген тарап есебінен жүзеге асырылады.

      7. Активтердің құнына дисконтты Қордың сатып алуға, басқаруға және кейіннен өткізуге байланысты тәуекелдері мен шығыстарын есептеуге арналған Қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен Қор айқындайды.

      8. Алып тасталды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 27.04.2023 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Қор сатып алған активтерді бір мезгілде сату кезінде сатып алушыға (инвесторға) төлем жасауды кейінге қалдыру ұсынылған жағдайда сатып алушының (инвестордың) ақы төлеу жөніндегі міндеттемелері:

      1) сатып алушыны (инвесторды) сатушы тартқан жағдайда – одан сатушының Қор немесе үшінші тұлға активтерін сатып алған акционерінің;

      2) өзге жағдайларда – үшінші тұлғаның Қорға өтімді кепілмен қамтамасыз етуді ұсынуы арқылы қамтамасыз етіледі.

      10. Қор пайдасына активтерді беру сатушының барлық қолда бар ауыртпалықтар, шектеулер, төрелік, сот және басқа құзыретті органдардың (оның ішінде шетелдік) шешімдері, қозғалған қылмыстық істер, азаматтық қуынымдар және активтер бойынша басқа да тұлғалардың қысымдары туралы ақпаратты міндетті түрде аша отырып, жүзеге асырылады.

      11. Активтерді сатып алу және (немесе) өткізу бойынша мәміле жасасу туралы шешімді Қордың Жарғысында көзделген өкілеттіктер шеңберінде және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, Қордың акционері немесе өзге құзыретті органы қабылдайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Осы Қағидалардың 5, 6, 7 және 8-тармақтарының ережелері 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған, Қор бұдан бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан активтер мен талап ету құқықтарын сатып алу бойынша мәмілелер жасасқан жағдайларға қолданылмайды.

3-тарау. Сатып алынған активтерді басқару

      13. Сатып алынған активтерді басқару, оларды ұстау және (немесе) өткізуді Қор мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырады:

      1) Қор дербес түрде;

      2) Қор активтерін сатып алған банктер немесе бұрын банк болып табылған заңды тұлғалар;

      3) Қордың еншілес және (немесе) қауымдасқан ұйымдары;

      4) сенімгерлік басқарушылар;

      5) өзге де қаржы ұйымдары, кәсіби сарапшылар, халықаралық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар.

      14. Сатып алынған активтерді басқару өзіне мынадай іс-шараларды қамтиды:

      1) қайта құрылымдау және сауықтыру;

      2) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асырған банктік қарыздар бойынша өндіріп алу және талап ету құқықтарын басқаға беру үшін коллекторлық агенттіктерді тарту, сондай-ақ Заңның 36-бабының 2-тармағына сәйкес төлем талабын ұсыну арқылы қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаға даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдану;

      3) мүліктік жалға алу (жалдау/кейіннен ақысын өтеп сатып алу арқылы жалдау);

      4) сенімгерлік басқаруға беру;

      5) консервация;

      6) іске асыру;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен талап ету құқықтары мен активтерді мемлекеттік меншікке беру;

      8) инвестициялық жобаларды іске асыру;

      9) Қор айқындайтын өзге де іс-шаралар.

      Көрсетілген іс-шараларды өткізу тәртібі мен шарттары Қордың ішкі құжаттарымен айқындалады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Қор мен сенімгерлік басқарушының арасындағы сенімгерлікпен басқару шарты, тиісінше берілетін және қабылданатын активтер сатып алынатын активтер құнын қалпына келтіруден (төмендетуден) түсетін кірістерді (шығыстарды) бөлу тәртібін қамтиды.

      16. Қор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден немесе бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған талаптардың құқықтары бойынша кепілдікте тұрған мүлікті өткізу былайша жүзеге асырылады:

      1) атқарушылық іс жүргізу шеңберінде – "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес;

      2) оңалту және банкроттық рәсімдер шеңберінде – "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес;

      3) өзге жағдайларда – Қордың ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

4-тарау. Қаржы құралдарымен операциялар

      17. Негізгі қызметі, жарғылық капиталды қалыптастыру және өз қызметін қаржыландыру барысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген және бекіткен арнайы бағдарламаларды іске асыру шеңберінде Қор азаматтық заңнаманың, Заңның, "Акционерлік қоғамдар туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы", "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына және Қордың ішкі құжаттарына сәйкес:

      1) өз акцияларын шығаруды, орналастыруды, сатып алуды;

      2) өз облигацияларын шығаруды, орналастыруды, сатып алуды/өтеуді;

      3) секьюритилендiру жөніндегі операцияларды;

      4) банктік салым шарттарының талаптарымен, оның ішінде шартталған қаржыландыру шеңберінде банк өзі қабылдаған міндеттемелерін орындамаған жағдайда Қордың банктік салымды ішінара не молық мөлшерде мерзімінен бұрын қайтару құқығын көздейтін шартталған қаржыландыруды;

      5) акциялар және (немесе) заңды тұлғалардың, оның ішінде талап ету құқықтары банктерден және (немесе) бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін сатып алуды;

      6) күмәнді және үмітсіз активтер бойынша талап ету құқықтарын Қор сатып алған банктердің акцияларын және (немесе) олар шығарған және орналастырған облигацияларын сатып алуды;

      7) дербес, сондай-ақ банктермен бірлесіп күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алатын ұйым құруды (сатып алуды);

      8) банктерді және (немесе) бұрын банк болып табылған заңды тұлғаларды ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен қаржыландыруды жүзеге асырады.

      Қордың уақытша бос ақшаларын тиімді пайдалану, сондай-ақ Қорға негізгі қызметін жүзеге асыру үшін және/немесе Қазақстан Республикасы Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген және бекіткен арнайы бағдарламаларды іске асыру шеңберінде бөлінген қаражаттың кепілді кірістілігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, сондай-ақ Қордың ішкі құжаттарына сәйкес Қор оларды бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына орналастыруды жүзеге асырады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

5-тарау. Өзге де ережелер

      18. Қордың Заңның 5-1-бабының 2-тармағында көзделген және осы Қағидалармен белгіленбеген қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібі Қордың ішкі құжаттарымен айқындалады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 279 бұйрығына
2-қосымша

"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар

      1. Осы "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) сатып алатын (сатып алған) талап ету құқықтары мен активтерге қойылатын талаптарды белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 14.09.2021 № 938 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер – мүлік, акциялар және (немесе) заңды тұлғалардың капиталына қатысу үлестері, Қор сатып алатын (сатып алған) кредиттер/қарыздар бойынша талап құқықтары;

      2) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі – Standard & Poor's, Fitch Ratings, Moody's Investors Service халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстан Республикасына тағайындаған рейтингтер;

      3) қарыз алушылар тобы – бір кредиттік желі шеңберінде берілген қарыздар бойынша осы топта қарыз алушы-заңды тұлғалардың бірмезгілде акционерлері немесе қатысушылары не қоса қарыз алушылары, кепіл берушілері, кепілгерлері болып табылатын қарыз алушы-заңды тұлғалар тобы;

      4) талап ету құқықтары - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, Екінші деңгейдегі банктерден (бұдан әрі - Банктер) және бұдан бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынатын (сатып алынған) кредиттер/ қарыздар бойынша талап ету құқықтары.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қор талап ету құқықтарын осындай кредиттер/қарыздар мынадай өлшемшарттардың барлығына бірдей сәйкес болған жағдайда сатып алады:

      1) негізгі борышы және (немесе) есептелген сыйақылары бойынша күнтізбелік тоқсан күннен аса мерзімі өткен берешегі бар және (немесе) кемінде 3 (үш) рет қайта құрылымданған және (немесе) төлемдерін 1 (бір) жылдан аса кейінге қалдырған және (немесе) банктер күмәнді және үмітсіз активтерді басқару жөніндегі ұйымдар болып табылатын еншілес ұйымдарға берілген кредиттер/қарыздар (оның ішінде қарыз алушылар тобына берілген);

      2) кредиттер/қарыздар мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғаларды қоспағанда, қарыз алушыларға және (немесе) қарыз алушылар тобына берілген;

      3) осы Талаптардың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кепіл түрлерін қоспағанда, кепілмен, оның ішінде Қазақстан Республикасының резиденттері – эмитенттер шығарған, "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамының ресми тізіміне енгізілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері-эмитенттер шығарған бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген кредиттер/қарыздар;

      4) қарыз алушының (кепіл берушінің) негізгі қызметінің түрі мыналарға:

      ауыл, орман және балық шаруашылығына;

      білім беруге;

      денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге;

      сумен қамтуға, кәріз жүйелеріне, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауға;

      қаржы және сақтандыру қызметіне;

      кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке;

      әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке;

      қызметтің басқа түрлерін ұсынуға;

      бұрынғы аумақтық ұйымдар мен органдар қызметіне;

      мемлекеттік басқаруға және қорғанысқа, міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға;

      үй қызметшісін жалдайтын үй шаруашылықтары және өзі тұтыну үшін тауарлар мен қызметтерді шығаратын қызметке жатпайды.

      Осы тармақтың ережелері:

      бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған активтер мен талап ету құқықтары бойынша Қор 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасаған мәмілелер;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері бойынша мақұлданған Негіздемелік келісімдер шеңберінде Қордың мәмілелер жасау;

      Қордың банктің талап ету құқықтарын және активтерін Қорға банктің мөлшерлес борышын бір мезгілде аудару арқылы (беру жолымен) сатып алу.

      Қордың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен талап ету құқықтарын сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің м.а. 30.07.2018 № 715 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.09.2018 № 842 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      4. Қор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден активтерді, оның ішінде талап ету құқықтарын мынадай жағдайларды қоспағанда, сатып алады:

      1) егер қарыз алушыға (кепіл берушіге) қатысты тазарту, оңалту немесе банкроттық рәсімдері жүргізілген;

      2) егер Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері-эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі, ал Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сатқан жағдайда – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарынан тыс жердегі мүлік және мүліктік құқық, не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтық айналымда шектелген мүлік кепіл мәні болып табылған;

      3) қарыз бойынша жалғыз кепіл нысанасы:

      аяқталмаған құрылыс объектілері;

      жылжымайтын тұрғын үй;

      компьютер жабдығы және техника;

      арнайы техника;

      айналымдағы тауарлар;

      болашақта түсетін мүлік;

      жиһаз нысаналары;

      жер қойнауын пайдалану құқығы;

      авторлық құқықтар;

      лицензиялар;

      патенттер;

      талап ету құқығы;

      жерді пайдалану құқығы;

      жалдау құқығы;

      тауар белгісіне арналған құқық;

      үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктері болған жағдайларды қоспағанда, банктерден, бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан активтерді, оның ішінде талап ету құқығын сатып алады.

      Осы тармақтың ережелері:

      бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған активтер мен талап ету құқықтары бойынша Қор 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасаған мәмілелер;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері бойынша мақұлданған Негіздемелік келісімдер шеңберінде Қордың мәмілелер жасау;

      Қордың банктің талап ету құқықтарын және активтерін Қорға банктің мөлшерлес борышын бір мезгілде аудару арқылы (беру жолымен) сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 22.09.2018 № 842 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); 28.06.2020 № 693 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      5. Қамтамасыз етудің жалпы кепілдік құнындағы жекелеген кепіл нысанасы құнының үлесіне қойылатын талаптар Қордың ішкі құжаттарында көзделеді.

      6. Қордың ішкі құжаттарына сәйкес сатып алынатын (сатып алынған) активтерге Қор қосымша талаптар мен шектеулер белгілеуі мүмкін.

      7. Талаптардың 3-тармағының 4) тармақшасы мен 4-тармағының 3) тармақшасының ережелері Қор сатып алған активтерін сатып алушыға (инвесторға) төлеуді кейінге қалдыру берместен, бір мезгілде сатқан жағдайларға қолданылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады