Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 240 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 15 маусымда № 17081 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 29 маусымдағы № 143/НҚ бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.06.2019 № 143/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 127 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13323 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпараттандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрі

      Б. Атамқұлов

      2018 жылғы "__"_________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы

      К. Мәсімов

      2018 жылғы "__"_________

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2018 жылғы 31 мамырдағы
№ 240 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл жасасу арқылы белгілі бір технологиялық әрекетті іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешетін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырып реттелген жиынтығы;

      2) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (бұдан әрі – ақпараттық қауіпсіздік) – электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі;

      3) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ақпараттандыру және "электрондық үкімет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;

      5) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор)-"электрондық үкіметтің" архитектурасын және "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.

      3. Уәкілетті орган белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен бюджеттік бағдарлама әкімшісі тікелей іске асыратын және аяқталған сипаттағы Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді іске асыруға арналған ақпараттық жүйелерді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қоспағанда, мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы келісуді жүзеге асырады.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау тәртібі

      4. Мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау қағидаларына сәйкес оң экономикалық қорытынды алғаннан кейін, сондай-ақ оларды мемлекеттік орган ресми бекіткеннен кейін, ақпараттандыру саласындағы бюджеттік инвестициялардың инвестициялық ұсынысына, техникалық-экономикалық негіздемесіне (бұдан әрі – ТЭН) және қаржы-экономикалық негіздемесіне (бұдан әрі – ҚЭН) техникалық тапсырма жасайды.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 153-бабының 4-1-тармағында көзделген жағдайда, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу талап етілмейді.

      5. Мемлекеттік орган мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту кезінде келесі құжаттарға:

      1) "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелердің стандарттар кешені. Автоматтандырылған жүйені құруға техникалық тапсырма" ҚР СТ 34.015-2002 Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартының талаптарына;

      2) бюджеттік инвестициялардың бекітілген ТЭН-ге және ҚЭН-ге және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ұсынысқа;

      3) Заңның 7-бабының 10) тармақшасына сәйкес бекітілетін "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту бойынша талаптарға (бұдан әрі – "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту бойынша талаптар);

      4) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 19 қыркүйектегі № 159 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14523 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына сәйкес мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына (бұдан әрі – мемлекеттік органның архитектурасы) (мемлекеттік органдар үшін);

      5) Заңның 7-бабының 18) тармақшасына сәйкес бекітілетін "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасына (бұдан әрі – электрондық әкімдіктің үлгілік архитектурасы) (жергілікті атқарушы органдар үшін);

      6) Заңның 49-бабы 2-тармағының және 51-бабының талаптарына;

      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес техникалық тапсырма әзірлейді.

      6. Мемлекеттік орган техникалық тапсырманы әзірлейді және уәкілетті органға мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы келісуге жолдайды.

      7. Техникалық тапсырмаға қосымша келесі құжаттар:

      1) инвестициялық ұсыныс;

      2) мемлекеттік органмен бекітілген бюджеттік инвестициялардың ТЭН-і және ҚЭН-і қоса беріледі.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 153-бабының 4-1-тармағында көзделген жағдайда, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу талап етілмейді.

      8. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы келісуді уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      9. Егер мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі стандартты шешім болып табылса не ведомствоаралық немесе өңірлік компоненттерді қамтыса, келісу мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылады.

      10. Уәкілетті орган сараптама жүргізу үшін техникалық тапсырманы сервистік интеграторға және мемлекеттік техникалық қызметке жолдайды.

      11. Сервистік интегратор мен мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырманы алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді және сараптама қорытындысын (еркін нысанда) уәкілетті органға жібереді.

      Егер мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі стандартты шешім болып табылса не ведомствоаралық немесе өңірлік компоненттерді қамтыса, сервистік интегратор мен мемлекеттік техникалық қызмет сараптама жүргізеді және құжаттарды алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға сараптама қорытындысын жібереді.

      12. Сервистік интегратор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға, "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту бойынша талаптарға, Мемлекеттік органның архитектурасына, "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасына сәйкестігіне және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 125 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13325 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін және сервистік бағдарламалық өнімдерді құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімдер ретінде көп реттік пайдаланылуға жататын ақпараттық жүйелердің (немесе олардың бөліктерінің) тізбесінде көрсетілген мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану мүмкіндігіне техникалық тапсырманың сараптамасын жүргізеді.

      13. Мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырманың ақпараттық қауіпсіздікті және ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен стандарттар талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізеді.

      14. Уәкілетті орган сервистік интегратор мен мемлекеттік техникалық қызметтен сараптама қорытындыларын (еркін нысанда) алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде техникалық тапсырманы келіседі немесе анықталған ескертулерді ескеріп, пысықтау талабымен мемлекеттік органға қайтарады.

      Егер мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі стандартты шешім болып табылса не ведомствоаралық немесе өңірлік компоненттерді қамтыса, уәкілетті орган сервистік интегратор мен мемлекеттік техникалық қызметтен сараптама қорытындыларын алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде техникалық тапсырманы келіседі немесе анықталған ескертулерді ескеріп, пысықтау талабымен мемлекеттік органға қайтарады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады