Кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 30 шiлдедегi № 158 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 тамызда № 17310 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 30 шілдедегі
№ 158 қаулысымен
бекітілген

Кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу қағидалары мен шарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) деректерді түрлендіру – кредиттік скорингті әзірлеу кезінде пайдаланылатын бұрмаланған және (немесе) шындыққа жатпайтын деректерді өзгерту, түзету немесе жою процесі;

      2) кредиттік скоринг шкаласы – кредиттік тарих субъектісінің кредит өтеу қабілеттілігін сипаттайтын ретке келтірілген белгілер қатары;

      3) растау – кредиттік бюро әзірлеген, кредиттік скоринг жұмысының дұрыстығын және тиімділігін бақылау процесі.

2-тарау. Кредиттік бюроның кредиттік скорингті есептеу тәртібі мен шарттары

      3. Кредиттік тарих субъектісінің кредит өтеу қабілеттілігін бағалауды, оның қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау ықтималдылығын, сондай-ақ күтілетін кредиттік шығасыларды айқындауды кредиттік бюро дербес әзірлеген және (немесе) басқа әзірлеушілерден сатып алған кредиттік скорингті пайдалана отырып кредиттік бюро жүргізеді.

      4. Кредиттік бюроның кредиттік скорингті әзірлеуі мынадай процестерді қамтиды:

      1) кредиттік тарих субъектілері туралы деректерді іріктеу;

      2) кредиттік тарих субъектілері туралы деректерді айқындау мен талдау;

      3) кредиттік тарих субъектілері туралы деректерді дайындау мен түрлендіру;

      4) кредиттік скорингті әзірлеу;

      5) кредиттік скорингті растау.

      5. Кредиттік скорингті әзірлеу үшін кредиттік тарих субъектілері туралы деректерді іріктеу сапа мен сан сипаттамалары негізінде жүзеге асырылады, оған демографиялық, қаржылық, іс-қимыл мәліметтері және кредиттік бюроның кредиттік тарих дерекқорларынан және кредиттік тарих субъектісінің үшінші тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайтын өзге дереккөздерден алынған өзге де мәліметтер кіреді.

      6. Кредиттік бюроның кредиттік скорингі кредиттік тарих субъектісі туралы мынадай мәліметтердің кез келгеніне негізделеді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жынысы;

      2) жасы;

      3) білімі;

      4) отбасылық мәртебесі;

      5) асырауындағы адамдар саны;

      6) ай сайынғы кірісі;

      7) жұмыс түрі;

      8) еңбек өтілі;

      9) кредиттік тарих субъектісінің жұмыспен қамтылуы (толық немесе ішінара);

      10) кредиттік тарих субъектісі қамтылған сала (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша саланың атауы);

      11) банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) өзге ұйымдардың алдында қарыздың, микрокредиттің, кредиттік тәуекелі бар қаржы өнімдері мен қызметтерінің болуы, негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомаларының болуы, сондай-ақ олардың алдында қарыз, микрокредит, кредиттік тәуекелі бар қаржы өнімдері мен қызметтері бойынша мерзімі өткен берешектің болуы және сомасы;

      12) өзге де мәліметтер.

      Кредиттік скорингті әзірлеген кезде кредиттік тарих субъектілері туралы деректерді іріктеу жүзеге асырылатын кезеңді кредиттік бюро айқындайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Іріктеуден кейін алынған кредиттік тарих субъектілері туралы деректер шынайылығы, толықтығы, қателердің болуы, корреляциясы және статистикалық маңыздылығы тұрғысынан талданады. Кредиттік тарих субъектілері туралы шынайы емес, толық емес деректер және кредиттік тарих субъектілері туралы қателері бар деректер алып тасталады немесе түрлендіріледі.

      8. Кредиттік скоринг кредиттік тарих субъектілері туралы алынған деректерді ескере отырып математикалық және (немесе) статистикалық моделдерін пайдалана отырып әзірленеді.

      9. Кредиттік бюро кредиттік скорингті растауды кредиттік бюроның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен кемінде жылына бір рет жүзеге асырады.

      Кредиттік скорингті растау кредиттік скорингті әзірлеген кезде пайдаланылмаған кредиттік тарих субъектілері туралы деректер жиынтығында жүргізіледі. Кредиттік бюро жалпы қабылданған статистикалық әдістерді пайдалану арқылы кредиттік скорингті растауды жүзеге асырады.

      Кредиттік скорингті растау нәтижелеріне байланысты кредиттік бюро кредиттік скорингтің тиімділігін айқындайды және қажет болған кезде тиісті түзетулерді енгізеді.

      10. Басқа кредиттік скорингті әзірлеушілерден сатып алынған кредиттік скоринг кредиттік бюроның кредиттік тарих дерекқорларындағы мәліметтерден және кредиттік тарих субъектісінің үшінші тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайтын өзге дереккөздерден алынған өзге де дереккөздерден құрылады.

      11. Кредиттік бюроның кредиттік скорингі туралы ақпарат кредиттік скорингті есептеу нәтижелерін қамтиды, олар кредиттік скорингтің шкаласына сәйкес сандық және (немесе) әріптік мән (скорингтік балл) түрінде және (немесе) қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау, күтілетін кредиттік шығасылардың ықтималдылығы мәнінде көрсетіледі.

      12. Кредиттік бюроның кредиттік скорингінің шкаласы скорингтік балдардың тиісті аралықтары бар кредиттік тарих субъектісінің кредит өтеу қабілеттілігінің 3 (үш) деңгейінен кем емес тұрады.

      13. Кредиттік тарих субъектісінің кредиттік скорингі туралы ақпаратты кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісінің сұратуы бойынша электрондық немесе қағаз тасымалдағышта кредиттік бюро айқындайтын тәртіппен ұсынады және мынадай мәліметтерден тұрады:

      1) кредиттік тарих субъектісінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);

      2) кредиттік тарих субъектісіне берілген скорингтік балл;

      3) кредиттік бюроның кредиттік скорингін есептеу күні;

      4) кредиттік бюроның кредиттік скорингінің шкаласы;

      5) кредиттік тарих субъектісі кредиттік скорингінің мәніне әсер ететін факторлар;

      6) кредиттік скорингті есептеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда кредиттік тарих субъектісінің кредиттік бюроға жүгіну құқығы туралы ақпарат.

      Кредиттік тарих субъектісіне оның кредиттік скорингі туралы ақпарат ұсынған кезде кредиттік тарих субъектісінің және (немесе) Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілердің кредиттік скоринг туралы ақпарат алу фактілерін кредиттік бюроның көрсетуіне жол беріледі.

      Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілерге ұсынылатын кредиттік скоринг туралы ақпараттың мазмұны мен нысанын кредиттік бюро дербес айқындайды.

      14. Кредиттік бюроның кредиттік скорингі туралы ақпарат кредиттік тарих субъектісіне назарда ұстау және қарыздарды, микрокредиттерді алғанға дейін және кредиттік тәуекелі бар қаржы өнімдері мен қызметтерін иеленгенге дейін меншікті кредит өтеу қабілеттілігінің деңгейін айқындау мақсатында пайдалану үшін ұсынылады.

      Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілер қарыздарды, микрокредиттерді беру және кредиттік тәуекелі бар қаржы өнімдері мен қызметтерін иелену туралы мәселені қараған кезде кредиттік тарих субъектісінің міндеттемелерін орындау ықтималдылығын айқындау, күтілетін кредиттік шығасыларды бағалау үшін кредиттік бюроның кредиттік скорингі туралы ақпаратты пайдаланады.

      Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілер кредиттік бюроның кредиттік скорингі туралы ақпаратты пайдалану туралы шешімді дербес қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады