Банктік салым шарттары бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидаларын, оның қолданылу шарттарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 194 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 5 қазанда № 17493 болып тіркелді.

      1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 203 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Банктік салым шарттары бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары, оның қолданылу шарттары бекітілсін.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет - ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О. А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 194 қаулысымен
бекітілді

Банктік салым шарттары бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары, оның қолданылу шарттары

      1. Осы Банктік салым шарттары бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары, оның қолданылу шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдары (бұдан әрі – банк) үшін жеке және заңды тұлғалармен жасалатын мерзімді немесе жинақ салымдары шарттары (бұдан әрі – шарт) бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі мен қолданылу шарттарын айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Құбылмалы сыйақының мөлшерлемесі базалық көрсеткіш пен пайыздық спрэд мөлшерлемесінің қосындысы ретінде айқындалады.

      3. Шарттар бойынша базалық көрсеткіш ретінде мына көрсеткіштердің бірі пайдаланылады:

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабына сәйкес белгілейтін базалық мөлшерлеме;

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистикасы саласындағы уәкілетті орган "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 23-1-бабына сәйкес жария ететін инфляцияның деңгейі;

      Tenge OverNight Index Average (TONIA) мөлшерлемесі – қор биржасында жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен автоматты репо секторында 1 (бір) жұмыс күні мерзімімен репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме;

      Tenge Week Index Average (TWINA) мөлшерлемесі – қор биржасында жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен автоматты репо секторында күнтізбелік 7 (жеті) күн мерзімімен репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 203 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Пайыздық спрэд пайыздық тармақпен есептелетін номиналды шамада көрсетіледі және банк шартты жасасқан кезде белгілейтін белгіленген мәнді білдіреді, пайыздық спрэдтің мөлшерін ұлғайту және (немесе) салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, ол өзгертілмейді.

      5. Егер шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде құбылмалы мөлшерлеменің мәні теріс мән болса, онда оның мәні нөлге тең болып қабылданады.

      6. Шарттың қолданылу кезеңінде банк құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу үшін пайдаланылатын базалық көрсеткішті ескере отырып, шарттың талаптарына сәйкес құбылмалы сыйақының мөлшерлемесін қайта қарайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады