Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережелерін бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессиясының № 362 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 27 желтоқсанда № 5093 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қарағанды облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса тіркелген Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережелері бекітілсін.

      2. "Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережелерін бекіту туралы" Қарағанды облыстық мәслихатының 2014 жылғы 2 қазандағы XХІX сессиясының № 320 шешімінің күші жойылған деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2810 болып тіркелді, "Индустриальная Караганда" 2014 жылғы 11 қарашада №200 (21721), "Орталық Қазақстан" 2014 жылғы 11 қарашада №217 (21851) газеттерінде, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 14 қарашада жарияланды).

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарағанды облыстық мәслихатының өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясына (Ш.А. Осин) жүктелсін.

      4. "Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу Ережелерін бекіту туралы" шешім оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы М. Миргаязов
      Қарағанды облыстық
мәслихатының хатшысы
С. Өтешов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Ауыл
шаруашылығы Вице-министрі
__________________ Е. Нысанбаев

      12 желтоқсан 2018 жылы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау министрлігінің
Қоғамдық денсаулықты сақтау
комитетінің төрағасы
      __________________ Ж. Бекшин

      12 желтоқсан 2018 жылы

  Қарағанды облыстық
мәслихаты ХХ сессиясының
2018 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 362 шешімімен
бекітілген

Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу ЕРЕЖЕЛЕРІ

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Қарағанды облысының халқын орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алудың осы Ережелері (бұдан әрі – Ережелер) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қарағанды облысының аумағында халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу тәртібін айқындайды.

      2. Ережелер халықты орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Осы Ережелерде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыз сумен және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау (бұдан әрі – ауыз сумен жабдықтау) – су алуды, сақтауды, тасымалдауды және су тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін технологиялық процесс;

      2) бұлақ (бастау) – жер асты суларының жер бетіне табиғи жинақталып шығуы;

      3) жер асты сулары – жер қойнауындағы сулар шоғырланымдары;

      4) орталықтандырылмаған сумен жабдықтау – суды шығындау орындарына бермей, жинауға арналған, жалпы пайдалану үшін ашық немесе жеке пайдаланылатын құрылыстар;

      5) су тарту құрылысы – су объектілерінен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;

      6) сумен жабдықтау – су алуды, сақтауды, дайындауды және су жабдықтау жүйелері арқылы су тұтынушыларға үлестіруді қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

      7) ұңғыма – жер асты суларын жер бетіне шығаруға арналған құрылғы;

      8) шахта құдығы – су тұтқыш қабаттың үстінгі бетінің біріншісінен жерасты суларын тарту үшін; сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында құрылған, тереңдігі көлденең кесігінен үлкенірек тік тау-кен қазындысы.

2 тарау. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен су алуға қойылатын талаптар

      4. Орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау су объектiлерiнен тәулiгiне елу текше метрге дейiнгi көлемде су алу кезiнде арнайы су пайдалануға рұқсат алуды талап етпейдi.

      5. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде су объектiлерiнен тәулiгiне елу текше метр көлемнен бастап су алу Қазақстан Республикасының Су кодексінің 66-бабына сәйкес арнайы су пайдалануға рұқсат алу талап етіледі.

      6. Орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жер асты сулары пайдаланылады. Оларды пайдалану су жинау құрылыстарының арнайы жабдығын орнату арқылы жүзеге асырылады (таратушы жүйелері жоқ ұңғымалар, шахталық және құбырлық құдықтар, бұлақтарды ашу).

      7. Құдықтарды және бұлақтарды ашу құрылғылары үшін орын ластанған немесе ластануы мүмкін мынадай көздерден келетін жер асты суларының тасқынынан 50 метрге (бұдан әрі – м) жоғары алыстатылған, ластанбаған биіктеу учаскеде таңдайды: әжетханалар, қоқыс төгілетін орын, тынайтқыштардың және улы химикаттардың қоймалары, өндірістік ұйымдар, канализациялық құрылыстар, ескі қараусыз қалған құдықтар, мал қоралар, адамдарды және жануарларды көметін орындар.

      8. Су жинау құрылыстарын тасқын су басатын учаскелерге, төменгі, батпақ жерлерге; көшкін және топырақтың пішінін өзгертетін басқа түрлері болатын жерлерге; көліктің қарқынды қозғалысы бар магистральдан 30 м жақын жерлерге орнатуға жол берілмейді.

      9. "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 209 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 10774 болып тіркелді) сәйкес суы шаруашылық-ауыз су қажеттеріне пайдаланылатын су объектісіне, ауыз сумен жабдықтау үшін көздердің жарамдылығына санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган береді.

      10. Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу "Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 767 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 12686 болып тіркелді).

      11. Су пайдалану міндетті тіркеуді су объектісінің орналасқан жері бойынша "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су пайдалануды міндетті тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 18 сәуірдегі №19-02/183 бұйрығына сәйкес тиісті жергілікті атқарушы орган жүргізеді (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 7678 болып тіркелді).

3 тарау. Жеке және заңды тұлғалардың осы Ережелерді бұзғандығы үшін жауапкершілігі

      12. Осы Ережелерді бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауаптылықта болады.

      13. Осы Ережелерде реттелмеген құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының Су кодексінің қолданылып жүрген нормаларымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады