Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың даму стратегияларын әзірлеу жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 11 қаңтардағы № 3 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 14 қаңтарда № 18174 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 29.04.2022 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың даму стратегияларын әзірлеу жөніндегі әдістеме бекітілсін.

      2. Өңірлік даму департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 11 қаңтардағы
№ 3 бұйрығымен
бекітілген

Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың даму стратегияларын әзірлеу жөніндегі әдістеме

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың даму стратегияларын әзірлеу жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 24) тармақшасына сәйкес әзірленді және республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың даму стратегияларын әзірлеу жөніндегі тәсілдерді ашып көрсетеді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 29.04.2022 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Республикалық немесе облыстық маңызы бар қаланың даму стратегиясын әзірлеу пайымды модельдеу, қалыптастыру және басымдықтарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттерді және оларға қол жеткізу жолдарын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) республикалық немесе облыстық маңызы бар қаланың даму стратегиясы (бұдан әрі – стратегия) – қала халқының 2050 жылға дейінгі перспективалы санын ескере отырып, республикалық маңызы бар қаланың, облыс орталығының, сондай-ақ Семей қаласының (бұдан әрі – қала) даму стратегиясы;

      2) стратегияның игілік алушылары - тиісті қаланың және оған іргелес басқа елді мекендердің немесе функционалдық қалалық ауданның тұрғындары.

2-тарау. Стратегияны әзірлеу

      4. Стратегияны әзірлеу екі кезеңнен:

      1) қаланың дамуын талдаудан;

      2) қаланың 2050 жылға дейін дамуын жоспарлаудан тұрады.

      5. Қаланың дамуын талдау кезеңінде мыналар:

      ішкі (өткен жылдардағы қаланың және оның маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы) және сыртқы (қаланың дамуына тікелей әсер ететін республикадағы және іргелес елдердегі экономикалық процестер) ортадағы бар процестер мен үрдістер;

      қала дамуының мүмкіндіктері мен әлеуетті қауіптері ортасы;

      шешімі қаланың одан әрі дамуы үшін қажет проблемалар анықталады;

      6. Қаланың дамуын талдау кезеңі: сыртқы және ішкі факторларды, статистикалық деректерді зерделеуді, сұхбат, пікіртерімдер, фокус-топтар, мүдделі тараптармен консультациялар өткізуді көздейді. Талдау жүргізу кезінде әдістердің бірі ретінде SWOT-талдау пайдаланылады.

      Жүргізілген талдау нәтижелері стратегияны әзірлеу кезінде: даму пайымы мен стратегиялық даму бағыттары ескеріле отырып қолданылады.

      7. Стратегияның әзірленіп жатқан бағыттары қаланың даму пайымын іске асыруға бағытталады.

      8. Әр стратегиялық бағыт үшін ағымдағы жағдай, проблемалар, шешу жолдары сипатталады.

      9. Стратегияны жоспарлау кезеңінде нысаналы индикаторлар және олардың мәндері айқындалады.

      10. Стратегияда:

      пікіртерім деректеріне негізделген халықаралық, отандық рейтингтердің көрсеткіштері;

      қазіргі уақыттағы әлемнің ең үздік қалаларының деректерімен (түрлі рейтингтер бойынша) салыстыру қолданылады;

      11. Стратегияны әзірлеу тиісті қалаға жақын орналасқан, функционалдық қалалық ауданды құрайтын елді мекендердің (моно және шағын қалалар, ауылдар) дамуын ескере отырып жүзеге асырылады.

      12. Стратегияны іске асыру Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталатын болады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 29.04.2022 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Стратегия 2050 жылға дейін әзірленеді.

      Стратегияны әзірлеуді аталған салада заманауи стратегиялық жоспарлау тәжірибесі бар ұйымдарды, сарапшыларды тарта отырып жүзеге асыру ұсынылады. Зерттеу жүргізуде негізсіз және жоғары шығыстарды болдырмау және консультанттарды тарту мақсатында стратегия жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган зерттеу құнының есебін (консультанттарды тарту) жасайды және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бюджет комиссиясының қарауы үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға бюджеттік өтінім құрамында белгіленген тәртіпте ұсынады.

      14. Стратегия жобасы бойынша "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 29.04.2022 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Қоғамдық тыңдаулар өткізілгеннен кейін стратегия жобасы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісіледі. Бұл ретте республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдіктері стратегия жобасын оларға іргелес облыстардың әкімдіктерімен келіседі.

      16. Стратегия жобасы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілгеннен кейін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктерінің ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттары сессиясында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітіледі.

3-тарау. Қалалардың даму стратегиясының құрылымы

      17. Стратегия құрылымы:

      1) қаланың ағымдағы даму жағдайын талдау;

      2) қалаға қатысты қорытындылары бар халықаралық тәжірибе;

      3) қаланың даму пайымы;

      4) қаланың стратегиялық даму бағыттары:

      қаланың креативті экономикасы;

      адами даму;

      қоршаған орта;

      smartcity/ цифрландыру;

      қалалық жоспарлау;

      5) нысаналы индикаторлар;

      6) іске асыру және мониторингілеу (бақылау) тетігін қамтиды.

      18. Қаланың ағымдағы даму жағдайын талдау бөлімі соңғы 10 жылдағы халық санының серпінін, көші-қон сальдосын, халықтың білім деңгейі бойынша құрамын, NEET үлесін (экономикалық, әлеуметтік сипаттағы түрлі факторларға байланысты жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың ұрпағы), қала халқының жалпы санындағы жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің үлесін және оның соңғы 10 жылдағы серпінін, нәрестелер мен ана өлім-жітімінің деңгейін және олардың соңғы 10 жылдағы серпінін, жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының қысқаша сипаттамасын, халықаралық сыныптама бойынша қаланың жоғары оқу орындарының рейтингісін, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылу құрылымы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да маңызды аспектілерін қамтиды.

      19. Халықаралық тәжірибе бөлімі қаралатын қаланы 2050 жылға дейін жоспарлау мен дамытуға қатысты жоғары дамыған елдердің (Вена, Мельбурн, Дублин және басқалары) ірі қалаларын жоспарлау мен табысты дамытудың мысалдарын қамтиды.

      20. Қаланың даму пайымы осы Әдістеменің 12-тармағында көзделген құжаттарға сәйкес жасалады.

      Қаланың даму пайымы тұтастай қамтитын және жалпы мақсатты сипатқа ие, күтілетін ұзақ мерзімді нәтижелерді сипаттайды, қаланың өсу резервін ескере отырып, оның болашақ дамуына қатысты басымдықтарды көрсетеді.

      21. Қаланың креативті экономикасы бөлімі:

      1) экономикалық қызмет түрлерін дамыту перспективаларының ағымдағы жағдайын талдауды, жаңа инновациялық қызмет түрлерін құруды, келесі ұрпақтардың инфрақұрылымға дайындығы мен қажеттіліктерін;

      2) қаланың креативті экономикасының дамуымен, сыртқы және ішкі факторлардың қаланың даму перспективаларына ықпалымен байланысты міндеттер мен проблемаларды сипаттау және шешу және экономиканы дамытудың жаңа бағыттарын құру және/немесе қолданыстағы немесе тоқыраудағы өндірістерді жаңғыртуды қамтиды.

      Қаланың креативті экономикасының нысаналы даму индикаторларын айқындау кезінде Doing business, Economic complexity atlas, World’s best cities халықаралық рейтингілік агенттіктерінің әдістемелері және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) дамуы мен экономика көрсеткіштері пайдаланылады.

      22. Адами капиталды дамыту бөлімі қаладағы білім беру деңгейі, жұмыс күшінің біліктілігі, кәсіби білім беру ұйымдарының болуы, күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша жағдайды талдауды, сондай-ақ міндеттер мен проблемаларды сипаттау және оларды шешу жолдарын қамтиды.

      Шешу жолдары ағымдағы процестермен және үрдістермен, оның ішінде демографиялық процестермен, көші-қонмен, экономикалық дамумен, сондай-ақ қаланың даму пайымымен өзара байланыста адами капиталдың болжамды болашақ даму өзгерістерімен өзара байланыста болуы тиіс.

      23. Қоршаған орта бөлімі:

      1) қалада жасыл экономиканы дамытудың ағымдағы жағдайын талдауды, атмосфераға ингредиенттер мен шығарындылар көлемін талдауды және аумақтарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазалау тәртібін, қаланы одан әрі қамту шаралары мен шығындарын көрсете отырып, оны көгалдандыруды;

      2) қаланың қоршаған ортасымен байланысты міндеттер мен проблемалардың сипаттамасы мен шешімі, атмосфераға шығарындыларды төмендету, қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи зауыт технологиялары бойынша қайта өңдеу шараларын қамтиды.

      24. Smartcity/цифрландыру бөлімі:

      1) қалада "ақылды технологияларды" дамытудың ағымдағы жағдайды, халықтың және мемлекеттік қызметтерді көрсету объектілерін цифрландыру деңгейін талдауды;

      2) ақылды қаланың жұмыс істеуімен байланысты міндеттер мен проблемалардың сипаттамасы мен шешімін, ақылды технологияларға және заманауи платформаларға қол жеткізуді, ақпараттық технологиялар қауіпсіздігін қамтиды.

      Қаланың креативті экономикасының нысаналы даму индикаторларын айқындау кезінде ЭЫДҰ, халықаралық рейтингілік агенттіктердің әдістемелері мен көрсеткіштері және халыққа технологияларды дамытуға және одан әрі цифрландыру бойынша ұсынылатын шешімдерге қатысты жүргізілген пікіртерімдер пайдаланылады.

      25. Қалалық жоспарлау бөлімі:

      1) қалалық жоспарлау мен маңызды әлеуметтік және логистикалық объектілерді салудың ағымдағы жағдайын талдауды;

      2) кеңістікте жоспарлаумен, халықты қала құрылысы және сәулет қызметі бойынша жоспарланып жатқан шаралар туралы хабардар ету және қолдаумен байланысты міндеттер мен проблемаларды сипаттауды және шешуді қамтиды.

      Қалалық жоспарлаудың нысаналы индикаторларын айқындау кезінде Біріккен ұлттар ұйымының Хабитат (БҰҰ – Хабитат), ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банктің тәсілдері, халыққа қаланы ұсынылатын кеңістікте дамыту бойынша жүргізілген пікітерім пайдаланылады.

      26. Нысаналы индикаторлардың мынадай:

      оларды жоспарланатын кезеңде серпінде салыстыру мүмкіндігі;

      олардың қол жеткізілуін бағалау үшін жеткілікті ақпараттық және техникалық ресурстардың болуы;

      сипаттаманың толықтығы;

      қолжетімділік және өлшемділік;

      олардың қолжеткізілуіне мониторинг және бағалау жүргізу үшін 5 жыл мерзімге аралық мәндердің болуы өлшемшарттарына сәйкестілігі қаралады;

      Түйінді өзгерістерді қамтитын, анықталған проблемалардың шешімін сипаттайтын және мақсаттарға қол жеткізуді бағалау үшін қажетті нысаналы индикаторлар іріктеледі.

      Әр нысаналы индикатор үшін ақпарат көздері және деректерді жинау құралдары айқындалады.

      Стратегия жобасын әзірлеу кезінде әзірлеуші индикаторлардың жалпы санын дербес айқындайды.

      Ұсынылатын нысаналы индикаторлар:

      Қаланың креативті экономикасы:

      экономикалық күрделілік индексі;

      қалалардың Doing Business рейтингісі;

      Doing business, Economic complexity atlas, World’s best cities халықаралық рейтингілік агенттіктерге сәйкес әлемнің 10 ең үздік қалаларының көрсеткіштерімен салыстыру;

      ЭЫДҰ-ның дамуы және экономикасы бойынша жеке көрсеткіштері.

      Адами капиталды дамыту:

      күтілетін өмір сүру ұзақтығы, жыл;

      қала халқына шаққандағы жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерінің үлесі, проценттік мәнде %;

      NEET индексі.

      Қоршаған орта:

      атмосфераның ластану индексі шәкілі бойынша атмосфераның ластану индексі;

      барынша дамыған елдердің стандарттары бойынша зауыт жағдайында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі, проценттік мәнде %;

      энергетикадағы жаңартылатын энергия көзінің үлесі.

      Smartcity/ цифрландыру:

      ЭЫДҰ-ның инновациялар және технологиялар көрсеткіштері.

      Қаланы жоспарлау:

      халықтың қаланың даму жоспарларына қанағаттану деңгейі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады