Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсету және олардың көрсетілетін қызметті өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 30 қазандағы № 871 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 қарашада № 19541 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2020 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 70-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсету және олардың көрсетілетін қызметті өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл және қару-жарақ бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      ___________________________

      2019 жылғы " ____ " ________

      КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      ___________________________

      2019 жылғы " ____ " ________

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2019 жылғы 30 қазандағы
№ 871 бұйрығымен
бекітілген

Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсету және олардың көрсетілетін қызметті өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық қызметтің (көмектің) кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсету және олардың көрсетілетін қызметті өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери-медициналық мекемелерінің (бұдан әрі – әскери-медициналық мекемелер) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсету және олардың көрсетілетін қызметті өткізуден түсетін ақшаны жұмсау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларға сәйкес әскери-медициналық мекемелер тегін медициналық қызметтің (көмектің) кепілдік берілген көлемінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесі шегінде медициналық қызметті (көмекті) (бұдан әрі – ақылы медициналық қызмет түрі):

      1) әскери қызметтегі шекті жасқа толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауыруға шалдыққан, сондай-ақ еңбек сіңірген жылдары жиырма және одан да көп адамдарға;

      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – Қарулы Күштер) келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне;

      3) Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілеріне;

      4) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне;

      5) Қарулы Күштердің азаматтық персоналына;

      6) басқа да медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушыларға көрсетеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Әскери-медициналық мекемелерде медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлері "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ (бұдан әрі – Қор) мен әскери-медициналық мекемелер арасында жасалған медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарттары негізінде "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21744 болып тіркелген) (бұдан әрі – Сатып алу қағидалары) сәйкес көрсетіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 28.12.2021 № 917 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы Қағидалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету бойынша көрсетілетін қызметті өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін көрсететін әскери-медициналық мекемелерге қолданылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсету тәртібі

      5. Әскери-медициналық мекемеде медициналық қызмет (көмек) көрсету денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Әскери-медициналық мекемелер медициналық қызмет (көмек) көрсету кезінде денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған медициналық көрсетілетін қызмет сапасы жөніндегі комиссия қабылдайтын клиникалық хаттаманы, сондай-ақ "Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-41 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22782 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр) пайдаланады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлері медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға мынадай түрлер бойынша көрсетіледі:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;

      2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек;

      3) мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;

      4) медициналық оңалту.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 28.12.2021 № 917 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Медициналық қызмет (көмек) медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушыларға мынадай жағдайда ұсынылады:

      1) тәулік бойы медициналық бақылау мен емдеу көзделмейтін амбулаториялық жағдайда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қабылдау бөлімшесінде;

      2) тәулік бойы медициналық бақылау, емдеу, күтім, сондай-ақ тамақтандырумен бірге жатын орын беру көзделетін стационарлық жағдайда, оның ішінде емдеу басталғаннан кейін алғашқы тәулік ішінде тәулік бойы бақылау көзделетін "бір күннің" терапиясы және хирургиясы жағдайында;

      3) тәулік бойы медициналық бақылау мен емдеу қажет етілмейтін және жатын орын берілетін күндізгі уақытта медициналық бақылау мен емдеу көзделетін стационарды алмастыратын жағдайда.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Әскери-медициналық мекеме қолданыстағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес алғашқы медициналық құжаттаманы жүргізуді қамтамасыз етеді.

      9. Әскери-медициналық мекеменің медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жасалған шарттар шеңберінде құжаттаманы толтыруы және ұсынуы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстар арқылы жүзеге асырылады.

      10. Әскери-медициналық мекеме көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерінің бір бөлігін орындау үшін деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілерімен сатып алу қағидаларына сәйкес бірлесіп орындаудың азаматтық-құқықтық шартын жасайды, сондай-ақ бірлесіп орындаушы ретінде тартылады.

3-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу тәртібі

      11. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеуді "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-291/2020 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21831 болып тіркелген) (бұдан әрі – Ақы төлеу қағидалары) Қор жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 28.12.2021 № 917 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21550 болып тіркелген) бекітілген тарифтер бойынша жүргізіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 28.12.2021 № 917 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Көрсетілген медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін төлем құжаттарын, есептерін және нысандарын қалыптастыру, сондай-ақ оларды Қорға ұсыну Ақы төлеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      14. Бірлесіп орындау шарты бойынша міндеттемелерді орындайтын әскери-медициналық мекемеге көрсетілген медициналық қызмет үшін ақы төлеуді денсаулық сақтау субъектісі жүзеге асырады, онымен Қормен жасалған медициналық көрсетілетін қызметті өткізу алу шарты шеңберінде бірлесіп орындау шарты жасалды.

      Медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушыға бірлесіп орындаушылар медициналық қызмет (көмек) көрсеткен кезде көрсетілген медициналық қызмет үшін ақы төлеуді әскери-медициналық мекеме жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаны жұмсау тәртібі

      15. Әскери-медициналық мекемелердің медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуінен түсетін өздерінің иелігінде қалатын ақша "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) (бұдан әрі - Бюджеттің атқарылуы қағидалары) сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашатын қолма-қол ақшаның бақылау шотына есепке жатқызылады.

      16. Әскери-медициналық мекемелер көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынатын өздерінің иелігінде қалатын ақша есебінен операция жүргізу үшін Бюджеттің атқарылуы қағидаларында айқындалған тәртіппен жыл сайын медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарын жасайды.

      17. Әскери-медициналық мекеменің медициналық қызметтің ақылы түрін көрсетуден алынған ақшасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-309/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21858 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-309/2020 бұйрық) бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметке тарифті қалыптастыру әдістемесінде айқындалған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызмет (көмек) көрсету жөніндегі қызметке байланысты шығын шеңберінде:

      1) клиникалық хаттамаға және ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде тиісті жылға бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйым тізбесіне сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымды, шығыс материалын, сондай-ақ дәріқобдишаны, арнайы емдік өнімді сатып алуға (қамтамасыз етуге);

      2) "Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы № 128 қаулысына сәйкес пациентті тамақтандыруға және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтауға;

      3) Еңбек кодексіне сәйкес кадр біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға;

      4) коммуналдық қызметке: жылуға, электр энергиясына, ыстық және суық суға ақы төлеуге;

      5) өзге де шығысқа, оның ішінде "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 44) тармақшасына сәйкес интернетті қоса алғанда, байланыс қызметіне, іссапар шығысына, ағымдағы жөндеуге, үй-жайды жалға алуға, кеңсе және шаруашылық тауарды, жанар-жағармай материалын, ақпарат жүйесіне қызмет көрсетуді қоса алғанда, өзге де тауар мен көрсетілетін қызметті сатып алуға (қамтамасыз етуге), медициналық техникаға сервистік қызмет көрсетуге, банк қызметіне ақы төлеуге;

      6) № ҚР ДСМ-309/2020 бұйрықпен бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметке тарифті қалыптастыру қағидаларында көзделген тәртіппен уәкілетті орган бекітетін ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық көрсетілетін қызметке (медициналық көрсетілетін қызмет кешені) тарифтерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарында көзделген жағдайда негізгі құралды жаңартуға;

      7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-278/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21824 болып тіркелген) бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектісінің жұмыскерлерін көтермелеу қағидаларына сәйкес әскери-медициналық мекеменің жеке құрамына сараланған қосымша ақы белгілеуге жұмсалады.

      ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметті сатып алу шартының талаптарына сәйкес есептелген тұрақсыздық айыбын төлеу әскери-медициналық мекеменің медициналық қызметтің ақылы түрін көрсетуден алған ақшасы есебінен жүргізіледі.

      Әскери-медициналық мекеменің иелігінде қалатын медициналық қызметтің ақылы түрін көрсетуден алған ақшасы есебінен тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 23.07.2024 № 770 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаның түсу және жұмсалу жоспарларының орындалуы туралы есепті жасау және ұсыну "Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiкті жасау және ұсыну қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14613 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Әскери-медициналық мекемелер медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін бухгалтерлік есепке алуды "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      20. Ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түскен қаражатқа салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады