"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабы 2-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес, Ескелді аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес, Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар айқындалсын.
Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес, Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар айқындалсын.
Ескерту. 2 тармақ жаңа редакцияда – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2-1. Осы шешімнің 3 қосымшасына сәйкес, Ескелді ауданында пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары айқындалсын.
Ескерту. Шешім 2-1 тармақпен толықтырылды – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3. Ескелді аудандық мәслихатының "Ескелді ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 2-9 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3830 тіркелген, 2016 жылдың 02 маусымында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ескелді аудандық мәслихатының "Экономика, қаржы, бюджет және заңдылықты сақтау мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.
5. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ескелді аудандық мәслихаты сессиясының төрағасы | С. Жолдыбаев |
Ескелді ауданы маслихатының хатшысы | К. Алпысбаев |
Ескелді аудандық мәслихатының2020 жылғы 27 тамыздағы № 68-387 шешіміне 1-қосымша |
Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар
Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар:
1. Алаң, Қарабұлақ ауылы, М. Әуезов көшесі, 33а.
2. Алаң, Қарабұлақ ауылы, Балпық би көшесі, №55.
3. Бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жүру бағыты: Қарабұлақ ауылы, Даиров және Оразбеков көшелерінің қиылысынан Даиров көшесінің бойымен, Даиров және Сырғабаев көшелерінің қиылысына дейін.
Ескелді аудандық мәслихатының 2020 жылғы 27 тамыздағы № 68-387 шешіміне 2-қосымша |
Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
1. Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі-Заң) сәйкес әзірленді.
2. Арнайы орындар санитариялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтай отырып пайдаланылады. Арнайы орындарда жоспарланған басқа да ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де іс-шараларды өткізу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру туралы ақпарат болмаған жағдайда, бейбіт жиналыстарды өткізуге жол беріледі.
3. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.
4. Ескелді ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормалары:
1) алаң, Қарабұлақ ауылы, М. Әуезов көшесі, 33а, шекті толу нормасы 300 адам;
2) алаң, Қарабұлақ ауылы, Балпық би көшесі, №55, шекті толу нормасы 100 адам;
3) бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жүру бағыты: Қарабұлақ ауылы, Даиров және Оразбеков көшелерінің қиылысынан Даиров көшесінің бойымен, Даиров және Сырғабаев көшелерінің қиылысына дейін, шекті толу нормасы 250 адам.
5. Жергілікті атқарушы органның келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға жол берілмейді.
6. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.
7. Әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында, пикеттеуден басқа, бейбіт жиналысқа қатысатын адамдардың арасындағы ең аз жол берілетін қашықтық кемінде екі метрді құрайды.
8. Бір қатысушы өткізетін пикеттеуді жүзеге асыратын адамдар арасындағы ең аз жол берілетін қашықтық кемінде 100 метрді құрайды.
9. Бейбіт жиналыстар өткізілетін күні Ескелді ауданының жергілікті уақыты бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.
Ескелді аудандық мәслихатының 2020 жылғы 27 тамыздағы № 68-387 шешіміне 3 қосымша |
Ескерту. Шешім 3-қосымшамен толықтырылды – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 10.11.2022 № 39-132 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескелді ауданында пикеттеуді өткізуге жол берілмейтін іргелес аумақтардың шекаралары
Ескелді ауданының аумағында іргелес аумақтардың шекарасына 800 метрден жақын жерде пикет өткізуге жол берілмейді:
1) жаппай жерлеу орындарында;
2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
4) қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
5) магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда.
Ескерту. 3-қосымшаға өзгеріс енгізілді – Жетісу облысы Ескелді аудандық мәслихатының 12.03.2024 № 21-66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).