Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы мәслихатының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 539 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 5 қазанда № 9480 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, 7-бабы 4-тармағына сәйкес Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облыстық мәслихаты сессиясының төрағасы А. Байгабелов
      Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С. Ещанов

  Мәслихаттың
2020 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 539 шешімімен
бекітілген

Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қостанай облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 12-14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 145 "Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20540 болып тіркелген) сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібін жүзеге асыруды айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары - адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың барлық түрлері;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын айдап өту (айдау) - ауыл шаруашылығы жануарларының тұрақты тұрған жерінен жаю орнына дейін және кері қарай жылжуы;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын жаю - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамындағы жер учаскелерінде, сондай-ақ жердің басқа санаттарының құрамындағы жер учаскелерінде адамның бақылауында болатын ауыл шаруашылығы жануарларының шөп және өзге де өсімдіктерді тұтыну процесі;

      4) ауыл шаруашылығы жануарларының иелері - меншік, шаруашылық жүргізу құқығындағы, жедел басқарудағы немесе басқа да заңды негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары бар заңды немесе жеке тұлғалар;

      5) ветеринариялық паспорт - уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      6) жайылымдар - ауыл шаруашылығы жануарларын жыл бойы немесе маусымдық жаю үшін берілетін және пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамындағы жер учаскелері, сондай-ақ жердің басқа санаттарының құрамындағы жер учаскелері;

      7) жалпыға ортақ пайдаланатын жерлер - алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, кондоминиум құрамына кірмеген үй жанындағы жер учаскесі, жолдар, жағалаулар, парктер, саябақтар, opмaн парктерi, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және басқа да халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су құбырлары, жылу құбырлары, тазарту құрылысжайлары және ортақ пайдаланылатын басқа да инженерлiк жүйелер, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын жылу желілері мен инженерлік жүйелердің күзет аймақтары) алып жатқан және оларды орналастыруға арналған жерлер;

      8) маусымдық жайылымдар - жыл мезгілдеріне және (немесе) пайдалану кезеңділігіне сәйкес қолайлы табиғи-климаттық жағдайларда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін пайдаланылатын жайылымдар;

      9) шалғайдағы жайылымдар - елді мекендерден алыстағы аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу үшін пайдаланылатын жайылымдар.

2. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібі

      3. Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарлары меншік нысанына қарамастан есепке алуға және тіркеуге жатады.

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) сәйкес әрбір тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларына сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ветеринариялық паспорт ауыл шаруашылығы жануарларына ұсақ малдарды, шошқаны қоспағанда жеке беріледі.

      Ұсақ малға (қойлар, ешкілер), шошқаларға ветеринариялық паспорт тобына (отарына) беріледі.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қоршалған немесе қоршалмаған жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларының иелері не олар уәкілеттік берген адамдар жүзеге асырады.

      Табиғи-климаттық аймақтарға байланысты тәуліктің қараңғы және түнгі уақытында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға бөлінген жайылымдар мен басқа да жер учаскелерінде ғана жол беріледі.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю орнына дейін және кері қарай жылжуы, ал тәуліктің қараңғы және түнгі уақытында ұстау орнына дейін айдап өту (айдау) ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің не олардың уәкілетті адамдарының қадағалауымен жүзеге асырылады.

      4. Мыналарға:

      1) ауру ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға (оның ішінде жұқпалы ауруларды жұқтырған);

      2) міндетті ветеринариялық рәсімдерден өтпеген (оның ішінде вакцинациялаудан өтпеген) ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға;

      3) жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау белдеулері мен санитариялық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға;

      4) су қорғау аймақтарының шегінде жүктелім нормасынан асырып мал жаюға, су тоғандарының режимін нашарлататын мал тоғыту мен санитариялық өңдеуге және шаруашылық қызметінің басқа да түрлеріне;

      5) бірдейлендірілмеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға;

      6) ауыл шаруашылығы жануарларын жаю орнына дейін және кері қарай айдап өту (айдау), сондай-ақ жаю ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің не олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейді.

      Бұл ретте, 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 99-бабы 2-тармағына сәйкес мемлекеттік орман қорына кіретін жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюға ерекше жағдайларда шалғайдағы, қол жеткізу қиын және халық аз қоныстанған аудандарда жол беріледі;

      7) ауыл шаруашылығы жануарларын теміржолдар арқылы және арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында (әртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа);

      8) өзге жолдар болған кезде ауыл шаруашылығы жануарларын асфальт төселген және цементпен бетондалған жолдармен айдап өтуге (айдауға);

      9) қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, субұрқақтарда, су айдындарында және жалпыға ортақ пайдаланылатын су айдындарында ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға жол берілмейді.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болдырмайтын суару алаңдары мен басқа да құрылғылары бар санитариялық қорғау аймақтарынан тыс су объектілерін пайдалануға жол беріледі.

      Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 қазандағы № 18-02/909 "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12259 болып тіркелген) сәйкес айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық аймақтарына байланысты жаюдың басталу күні ауа температурасының Цельсий бойынша плюс 10 градустан жоғары тұрақты кезеңіне орайластырылады.

      Әрбір маусымның (күндердің) жаю ұзақтығы нақты жылдың шарттарымен анықталады.

      6. Адамдардың сүйемелдеуінсіз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз жануарлар болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға айдауға жатады.

      Ұсталған қараусыз жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      7. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 1-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары жайылатын және оларды айдап өтетiн жерлердi белгiлеу кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерi мекендейтiн ортаны және олардың көбею жағдайларын, жануарлардың өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделеді және жүзеге асырылады, сондай-ақ жабайы жануарлар мекендейтiн орта ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге ешкiмнiң қол сұқпауы қамтамасыз етiледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы мәслихатының 01.09.2023 № 52 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Табиғи-климаттық аймақтарға байланысты республикада жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын маусымдық және жыл бойы бағу жүйесі қолданылады.

      Маусымдық жаю жүйесінде ауыл шаруашылығы жануарлары көктемде-жазда-күзде жайылымдарда, қыста-толыққанды азықтандыру арқылы қорада ұсталады.

      Жыл бойы жаю жүйесінде ауыл шаруашылығы жануарлары жыл бойы жайылымда болады.

      Қолайсыз ауа райы жағдайында мал шаруашылығы қора-жайлары пайдаланылады және тиісті азық қоры құрылады.

      9. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю кезінде жайылымдардың түрлік құрамы ескеріледі, өйткені Қазақстан аумағындағы барлық жайылымдар маусымдық сипатта болады, сондықтан эфемерлік жайылымдар көктемде, бетегелі-астық тұқымды және таулы - жазда, ал эфемерлік-жусан жайылымдар көктемде де, күзде де пайдаланылуы мүмкін.

      10. Ауыл шаруашылығы жануарларының түрі мен өсімдік түріне байланысты жаюдың алдында оңтайлы биіктік табиғи жайылымдарда шөптің тиімді биіктігі 2-ден 6 сантиметрге дейін және екпе жайылымдарда 10 сантиметрден жоғары болуы тиіс.

      11. Шөлейт жайылымдарын пайдалану коэффициенті 60 пайыздан, шөлейт және құрғақ далада – 65 пайыздан аспауы тиіс. Таулы жайылымдарды 70 пайыз коэффициентпен, көктемгі эфемер өсімдіктері бар учаскелер сияқты пайдалануға болады.

      12. Елді мекендер шегінде жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдарды беру аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің шешімдерімен, ал аудан шегінде - Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға (бұдан әрі - Жоспар) сәйкес ауданның жергілікті атқарушы органымен жүзеге асырылады.

      13. Жоспар ауданның жергілікті уәкілетті органымен қысқа мерзімді (бір жылға дейін) және (немесе) ұзақ мерзімді (екі жылға дейін) кезеңге бекітілген нормативтік құқықтық акті болып табылады.

      14. Жоспарды ауданның жергілікті атқарушы органдары аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері және жергілікті өзін-өзі басқару органдары тиісті әкімшілік - аумақтық бірліктің аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю дәстүріне сәйкес әзірлейді.

      15. Ауыл шаруашылығы жануарларын жайылымдарда жаю Жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Ауыл шаруашылығы малдарын жаю мен жылжытудың маусымдық маршруттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану күнтізбелік графигі Жоспарға сәйкес анықталады.

      17. Мемлекеттік меншіктегі кенттер мен ауылдық елді мекендер аумағының шегінде орналасқан жайылымдар жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының аналық (сауын) мал басын күтіп-ұстау жөніндегі мұқтажын қанағаттандыру үшін беріледі.

      18. Осы қағидалардың 17-тармағында көрсетілген жайылымдарда басқа ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 "Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормасын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11064 болып тіркелген) бекітілген жүктеменің рұқсат етілген шекті нормалары сақталған жағдайда ғана жол беріледі.

      Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормалары асып кеткен жағдайда Жоспарға сәйкес аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ шегінде беріледі.

      19. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген иелерінің ауыл шаруашылығы жануарларының саны түрлері мен жыныстық-жас топтары бойынша қалыптастырылады және Жоспарға сәйкес шалғайдағы жайылымдарға жіберіледі.

      20. Ауыл шаруашылығы жануарларын жайылымдарда бағу 15-20 сантиметр биіктікте қар жауғанда аяқталады.

3. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдауды ұйымдастыру

      21. Айдау үшін жасы, жынысы, қоңдылығы бірдей сау ауыл шаруашылығы жануарлардан үйірлер, отарлар, табындар жинақталады.

      Ауыл шаруашылығы жануарларының саны, оның ішінде қойлар мен ешкілер 600-800 басты, ірі қара мал 250-ден аспайтын басты, жылқылар 200-ден аспайтын басты, түйелер 120-дан аспайтын басты құрайды.

      Айдауға жататын ауыл шаруашылығы жануарларын іріктеу нормалары осы Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген.

      22. Айдауға жататын ауыл шаруашылығы жануарларын түріне, жыныстық-жастық тобына және қоңдылығына қарай жинақтау нормалары осы Қағидалардың 2-қосымшасында көрсетілген.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды жүзеге асыратын бір адамға арналған жүктеме нормалары осы Қағидалардың 3-қосымшасында көрсетілген.

      23. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдаудың барлық жолында топтарды араластыруға жол берілмейді.

      24. Аналық (сауын) мал басын (оның ішінде төлдеу, босану алдындағы төлдеуден, туудан кейін буыны бекімеген) және ауру ауыл шаруашылығы жануарларын (оның ішінде жұқпалы аурулар жұқтырған), буыны бекімеген жаңа туған төлді, міндетті ветеринариялық рәсімдерден (оның ішінде вакцинациялаудан) өтпеген ауыл шаруашылығы жануарларын қоспағанда, елді мекендер шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері мен топтары шалғайдағы жайылымдарға айдауға жатады.

      25. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдау үшін 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 70 және 104-баптарына сәйкес уақытша (маусымдық) пайдаланылатын және ұзақ мерзімді пайдаланылатын мал айдайтын жолдар жобаланады.

      26. Мал айдайтын жолдар "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 3-тармағына сәйкес айқындалады.

      27. Мал айдайтын жолдар олардың ең үлкен ауданына қызмет көрсету және жайылымдардың мал тұратын және суару орындарымен қолайлы және қысқа байланысын құру есебімен орналастырылады.

      28. Ауыл шаруашылығы жануарларын 5 километрге дейінгі қашықтыққа айдағанда, айдалатын ірі қара малдың саны 200-250 бас немесе ұсақ малдың саны 600-800 бас болған кезде мал айдайтын жолдың ені 50-70 метрді құрайды.

      Мал айдайтын жолдың жалпы алаңы қызмет көрсетілетін барлық аумақтың 4-5 пайызынан аспайды.

      29. Жолдың ұзындығы үлкен болған кезде (егер қозғалыс бірнеше күн ішінде жасалса) әрбір 40-50 километр сайын мал айдайтын жолдар жеткілікті азықтық сыйымдылықтағы жайылымдық қоректендіру алаңдарымен жабдықталады және әрбір 10-15 километр сайын суатпен қамтамасыз етіледі.

      Бұл жағдайларда мал айдайтын жолдың ені 200-300-ден 1000 метрге дейін және одан да көп алаңды құрайды.

      30. Жайылымның жазық жерінде ауыл шаруашылығы жануарларын суару радиусы:

      ірі қара мал үшін далалық және орманды дала аймақтарында 2-4 километр, қуаң далада, жартылай шөлейт және шөлейт жерлерде 4-6 километр,

      жылқылар үшін далалық және орманды дала аймақтарында 4-5 километр, қуаң далада, жартылай шөлейт және шөлейт жерлерде 5-7 километр,

      түйелер үшін далалық және орманды дала аймақтарында 6-7 километр, қуаң далада, жартылай шөлейт және шөлейт жерлерде 7-8 километр,

      қой мен ешкілер үшін далалық және орманды дала аймақтарында 2,5-4 километр, қуаң далада, жартылай шөлейт және шөлейт жерлерде 3-6 километр.

      Республика бойынша құдықтар арасындағы қашықтық орташа 3,8 километр.

4. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастыру

      31. Аудандардың жергілікті атқарушы органдары:

      1) Жоспардың іске асырылуын және ауданның жергілікті өкілді органына оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті ұсынуды;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларының иелері арасында жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы түсіндіру жұмысын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

      32. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері жайылымдық кезең басталудың алдында:

      1) Жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етуді және жергілікті өзін-өзі басқару органына (жергілікті қоғамдастық жиынына) оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті ұсынуды;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларының иелері арасында жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы түсіндіру жұмысын жүзеге асыруды;

      3) жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларының сақталуын;

      4) қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстау орындарын ұйымдастыруды;

      5) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етеді;

      6) ауыл шаруашылығы жануарлары жиналатын орындарды;

      7) елді мекен ішіндегі ауыл шаруашылығы жануарларын табынды жиналатын орнына дейін, жайылатын учаскелерге дейін және кері айдау бағдарларды;

      8) елді мекендер айналасындағы жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған учаскелерді;

      9) аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген ауыл шаруашылығы жануарларын шалғайдағы жайылымдарға айдау бағдарларын;

      10) шалғайдағы жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған жас топтары мен түрлері бойынша учаскелерді айқындайды.

      33. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері не олар уәкілеттілік берген адамдар:

      1) ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері мен жыныстық-жастық топтары бойынша топтарды қалыптастыруды;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларының қалған топтарынан аналық (сауын) мал басын айыруды;

      3) кенттердің және ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде және шалғайдағы орналасқан жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды;

      4) ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, жаю орнына дейін және кері қарай айдап өту (айдау) кезінде сүйемелдеу;

      5) елді мекендер шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген ауыл шаруашылығы жануарлары топтарын шалғайдағы жайылымдарға айдауды ұйымдастырады.

      34. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

  Қостанай облысы бойынша ауыл
шаруашылығы жануарларын
жаюдың қағидаларына
1-қосымша

Айдауға жататын ауыл шаруашылығы жануарларын іріктеу нормалары

Жыныстық-жастық топтары

Жануарлардың саны, бас

Тәуліктік айдау қашықтығы, километр

Ірі қара мал

Бұзаулы сиырлар (емізулі)

150-200

15-20

Қашарлар (2 жасқа дейін)

200-250

20-25

Бұқашықтар (2 жасқа дейін)

200-250

20-25

Ұсақ мал

Қозылы қойлар, лақты ешкілер

500-600

20-30

Бір жылғы төл

600-800

30-40

Жылқылар

Құлынды биелер

100-150

25-30

1,5-2 жастағы төл

150-200

35-40

Түйелер

Түйелер

100-120

40-50

  Қостанай облысы бойынша ауыл
шаруашылығы жануарларын
жаюдың қағидаларына
2-қосымша

Айдауға жататын жануарлардың түріне, жыныстық-жастық тобына және қоңдылығына байланысты жинақтау нормалары

Жыныстық-жастық топтары

Қоңдылығы

Ортадан төмен, бас

Орташа, бас

Ортадан жоғары, бас

Ірі қара мал

Бұзаулы сиырлар (емізілулі)

50-70

150-200

150-200

Қашарлар (2 жасқа дейін)

100-150

200-250

200-250

Бұқашықтар (2 жасқа дейін)

100-150

200-250

200-250

Ұсақ мал

Қозылы қойлар, лақты ешкілер

400-500

500-600

500-600

Бір жылғы төл

400-500

600-700

600-800

Жылқылар

Құлынды биелер
1,5-2 жастағы төл

50-70
80-100

100-150
120-150

150-200
150-200

Түйелер

Түйелер

30-60

60-90

90-120

  Қостанай облысы бойынша ауыл
шаруашылығы жануарларын
жаюдың қағидаларына
3-қосымша

Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды жүзеге асыратын бір адамға арналған жүктеме нормалары

Ірі қара мал, бас

Ұсақ мал, бас

Жылқылар, бас

Түйелер, бас

150-ге дейін

500-ге дейін

100-ге дейін

100-ге дейін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады