Әкімдіктің 2019 жылғы 11 қыркүйектегі № 394 "Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 456 қаулысы. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 21 желтоқсанда № 9647 болып тіркелді

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қостанай облысы әкімдігінің "Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 11 қыркүйектегі № 394 қаулысына (2019 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8653 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      қаулымен бекітілген Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыстың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;

      6) мамандандырылған ұйым – агроөнеркәсіптік кешен салаларын тұрақты дамыту, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін бәсекелестік нарықта жоқ немесе мардымсыз көрсетілетін жекелеген қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша құрылған немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) ұйым;

      7) сатып алу интервенциялары – облыстың аумағында бағалар төмендеген кезде және/немесе Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізілгенде мамандандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;

      8) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;

      9) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.";

      9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1 және 9-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "9-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге облыстың жергілікті атқарушы органы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      9-2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымның үстеме шығыстары азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағаларының айырмасы есебінен жабылады.";

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Облыстың жергілікті атқарушы органы ай сайын айдың 20-на дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады.";

      17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "17. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес облыстың мемлекеттік статистика органы қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.";

      20-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "20. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарлары тікелей өндірушілерден және (немесе) ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және (немесе) көтерме кәсіпорындардан (дистрибьюторлардан) сатып алынады.";

      21-тармақ алынып тасталсын;

      25-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "25. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.";

      31 және 32-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "31. Облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық талаптарымен жүзеге асырылады.

      32. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.";

      35 және 36-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "35. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыздар беру үшін негізгі өлшем шарттар облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша сауда-бөлшек қызметін жүзеге асыру не облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруді жүзеге асыру болып табылады.

      36. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандыру шарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдігі/кепілгерлігі және/немесе корпоративтік кепілдендіру. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.";

      38-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "38. Жергілікті атқарушы орган бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат қаржыландыру көзі болып табылады.".

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі А. Мухамбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады