Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 407 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 қаңтарда № 26382 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.


      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 407 Бұйрықпен
бекітілген

Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11–бабының 20-16) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (бұдан әрі – шығындардың бір бөлігін өтеу) тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғым пайдаланылады:

      уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техникаларға мыналар жатады:

      1) арқанды жолдар (траволаторлар (таспалы көтергіштер), бугель (шынжырлы көтергіш), арқанды-креслолы жол, кабина түріндегі гондольды жол, комби (құрамдастырылған жол (креслолары бар кабина), бейби лифт (тіреусіз ілмекті көтергіш);

      2) трассаларды жасанды қарсыздандыру жүйесі (ұтқыр қар генераторлары (тасымалданатын), стационарлық қар генераторлары, қар мылтықтары мен зеңбіректері);

      3) қар тығындау техникасы (ратрактар).

2-тарау. Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу тәртібі

      4. Кәсіпкерлік субъектісі шығындардың бір бөлігін өтеуді алу үшін уәкілетті органға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) қағаз немесе электрондық нысанда пошта арқылы не қолма-қол тиісті күнтізбелік жылдың 1 наурызына дейін жібереді.

      5. Кәсіпкерлік субъектісі уәкілетті органға жіберілетін өтінімге қоса береді:

      1) заңды тұлға өтінім берген жағдайда – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының көшірмелері, жеке тұлға өтініш берген жағдайда – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғанын растайтын құжаттың көшірмесі, ал кәсіпкерлік субъектісінің өкілі өтінім берген кезде кәсіпкерлік субъектісінің мүдделерін білдіруге арналған нотариалды куәландырған сенімхат қосымша ұсынылады;

      2) тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуды растайтын құжаттың көшірмесі (электрондық шот-фактуралар не сатып алу-сату шарты, кредитке сатып алған жағдайда – кредиттік шарт).

      Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы шетелдік өндірушіден немесе электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдаланбайтын сатушыдан сатып алған кезде, сатып алу бойынша шығындар тауарларға арналған кедендік декларацияның көшірмесімен (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын үшінші елдерден) немесе "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 456-бабының 2-тармағына сәйкес салық органының белгісі бар тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтінім көшірмесімен расталады;

      3) тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы өткізетін кәсіпкерлік субъектісі және сатып алатын кәсіпкерлік субъектісі арасындағы тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы қабылдау-беру актісінің көшірмесі;

      4) тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техникаға арналған техникалық паспорттардың көшірмелері;

      5) тау шаңғысы курортын иелену құқығын немесе оның өзге де заңды негізін растайтын құжаттың көшірмесі;

      6) тау шаңғысы курорттарына арналған сатып алынған жабдықтар мен техниканы, оларды тау шаңғысы курорттарына жеткізгеннен, сондай-ақ монтаждағаннан және орнатқаннан кейін техникалық құралдармен жүргізілген фото- және бейнетіркеу материалдары;

      7) соңғы (екі) жылдағы қосылған құн салығы өсу динамикасын растайтын үзінді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Туризм және спорт министрінің 11.04.2024 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды (бұдан әрі – құжаттар топтамасы) уәкілетті орган тіркейді және олар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде толықтығын қарайды.

      7. Ұсынылған құжаттар топтамасын уәкілетті орган мынадай жағдайларда қараусыз қайтарады:

      1) кәсіпкерлік субъектісімен құжаттардың толық топтамасын ұсынбау;

      2) осы Қағидалардың 4-тармағымен белгіленген мерзімдерді сақтамау.

      Уәкілетті орган құжаттар топтамасын қайтару себептерін көрсете отырып, олар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік субъектісіне жазбаша хабарламамен құжаттар топтамасын қайтаруды жүзеге асырады.

      Кәсіпкерлік субъектісіне құжаттардың толық болмауы себебі бойынша құжаттар пакеті қайтарылған жағдайда, хабарламада жетіспейтін құжаттардың тізбесі көрсетіледі. Хабарламада көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасының толық еместігі жойылған кезде кәсіпкерлік субъектісі өтінімді қайта береді.

      Өтінім беру мерзімдерін сақтамау себебінен құжаттар топтамасы қайтарылған жағдайда, кәсіпкерлік субъектісі осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген мерзімдерде өтінімді қайта береді.

      8. Кәсіпкерлік субъектілері ұсынған құжаттардың толық топтамасын қарау үшін уәкілетті орган өтінімдерді қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.

      Комиссия кемінде 7 (жеті) адамды қамтитын мүшелердің тақ санынан тұрады, олардың ішінен төраға және төрағаның орынбасары тағайындалады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.

      Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындауды комиссия мүшесі болып табылмайтын хатшы жүзеге асырады.

      Комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы уәкілетті органның қызметкерлері қатарынан тағайындалады.

      Комиссия құрамына "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, бизнес өкілдері кіреді.

      9. Комиссия құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде олардың осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкестігін қарайды.

      Құжаттар топтамасын қарау қорытындылары бойынша комиссия осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) келіп түскен құжаттар топтамасы осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес келген кезде кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін өтеу туралы;

      2) келіп түскен құжаттар топтамасы осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес келмеген кезде кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін өтеуден бас тарту туралы.

      9-1. Шығындардың бір бөлігін өтеуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін өтеуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектісінің алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес Комиссия шешім қабылдағанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша Комиссияның шешімі негізінде уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін өтеу туралы нәтиже немесе кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін өтеуден бас тарту туралы дәлелді жауап береді.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Туризм және спорт министрінің 29.12.2023 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады, көшірмесі кәсіпкерлік субъектісінің атына жазбаша хабарламамен жіберіледі.

      11. Уәкілетті орган хаттамалар негізінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті қаржы жылына арналған шығындардың бір бөлігін өтеу жөніндегі Бюджеттік өтінімді қалыптастырады.

      12. Шығындардың бір бөлігін өтеуге қаражат аударуды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес жүзеге асырады.

      13. Кәсіпкерлік субъектілеріне шығындардың бір бөлігін өтеуді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.

      14. Өтем мөлшері осы Ереженің 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұсынылған құжаттамада көрсетілген тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника құнының жиырма бес пайызын құрайды.

      15. Шығындардың бір бөлігін өтеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі. Шетелдік валюталарында жұмсалған шығындар тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің валюта бағамдары бойынша қайта есептеуге жатады.

      16. Уәкілетті орган шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша сомаларды екінші деңгейдегі банкте ашылған және өтінімде көрсетілген кәсіпкерлік субъектісінің есеп айырысу шотына аударуды осы Қағидалардың 11, 12 және 13-тармақтарына сәйкес уәкілетті органның есеп айырысу шотына шығындардың бір бөлігін өтеу үшін қаражат түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      17. Шығындардың бір бөлігінің орнын толтыру кезінде кәсіпкерлік субъектісі келесі бағыттар бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдайды:

      1) жұмыскерлер санын ұлғайту;

      2) салық аударымдарын ұлғайту.

      Қарсы міндеттемелер уәкілетті орган мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалатын келісімде көзделеді.

      Ескерту. Қағидалар 17-тармақпен толықтырылды - ҚР Туризм және спорт министрінің 11.04.2024 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Кәсіпкерлік субъектілерінің
тау шаңғысы курорттарына
арналған жабдықтар мен
техника сатып алу бойынша
шығындарының бір бөлігін
өтеу қағидаларына
қосымша
  Нысан
  кімге:_______________________
(уәкілетті органның атауы)
кімнен _____________________
(кәсіпкерлік субъектісінің
атауы)

Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуге арналған өтінім

      Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінімді қарауды сұраймын.

      1. Кәсіпкерлік субъектісі туралы мәліметтер.

      Заңды тұлға үшін:

      бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) __________________________

      басшының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) ______________

      мекен-жайы және нақты орналасқан жері _____________________________

      телефон нөмірі _______________________________________________

      Жеке тұлға үшін:

      тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) ___________________________

      жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)_________________________

      кәсіпкерлік субъектісі ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаның нөмірі ____________________________________________

      жеке басты куәландыратын құжат:

      нөмірі _________________________________________________________

      кім берді _____________________________________________________

      берілген күні ____________________________________________________

      тұрғылықты мекенжайы _________________________________________

      телефон нөмірі _______________________________________________.

      2. Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника туралы мәліметтер:

Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника атауы

Құны
(теңге)

Саны
(дана)













      3. Кәсіпкерлік субъектісінің екінші деңгейдегі банкте ашылған есеп айырысу шотының деректемелері: ______________________________________________.

      4. Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларының 5-тармағына сәйкес өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізбесі:

      1)_______________________________

      2)_______________________________

      Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын, оның ішінде банкрот болмағанымды, "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкроттық немесе тарату рәсіміне жатпайтынымды растаймын және дербес деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға, түсіруге және пайдалануға келісім беремін.

      ___________________________________

      (кәсіпкерлік субъектісі басшысының

      (өкілінің) қолы)

      Мөрдің орны (болған жағдайда)

      Өтінім берілген күні: "____" __________ 20___ жыл

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады