Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 16 сәуірде № 9865 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 51 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 06.12.2023 № 51 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына Ұзынкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Мәслихаттың 2020 жылғы 19 тамыздағы № 401 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9408 болып тіркелген шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Н. Кисыков
      Ұзынкөл аудандық мәслихатының хатшысы А. Бараншина

  Мәслихаттың
  2021 жылғы 16 сәуірдегі
  № 31 шешімімен
  бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмiрлiк қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша аудан әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi – Қостанай облысындағы статистикалық орган есептейтiн мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмiрлiк қиын жағдай – азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол оны өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган - жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы атқарушы органы;

      8) учаскелiк комиссия – әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмдерiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      9) халықты жұмыспен қамту орталығы - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 13.06.2023 № 25 шешімімен (алғаш рет ресми жарияланнан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 15.02.2023 бастап қатынастарға таратады).

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      5. Мерекелік күндері:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан;

      2) Жеңiс күнi - 9 мамыр болып табылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 13.06.2023 № 25 шешімімен (алғаш рет ресми жарияланнан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 15.02.2023 бастап қатынастарға таратады).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Әлеуметтік көмек мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және басқа да адамдарға, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға, табыстарын есепке алмай, ай сайын екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім (бұдан әрі – білім) алғаш рет сатып алатын адамдарға оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуға байланысты нақты құны бойынша оқу ақысын төлеу үшін жартыжылдықта 1 рет 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, білім беру гранттарының иегерлері болып табылатын тұлғаларды қоспағанда, мыналардың ішінен:

      өтiнiш берудің алдындағы соңғы он екi айда Қостанай облысы бойынша белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың жастарына;

      табыстарын есепке алмай, жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға;

      мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар, барлық санаттағы мүгедектерге табыстарын есепке алмай;

      5) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын, мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 29.06.2022 № 159 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі:

      1) барлық санаттағы мүгедектерге, жедел емделуге табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      2) барлық cанаттағы мүгедектерге, олардың санаторийлерге және оңалту орталықтарына жол жүрумен керi қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшiн, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      3) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      4) медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін дәрілік заттар мен медициналық қызмет көрсетуге арналған барлық санаттағы мүгедектерге табыстарын есепке алмай, нақты шығындар мөлшерінде 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      5) өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөрiс деңгейi шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттiлiктеріне, 7 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      6) өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күнi халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретiнде тiркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде;

      7) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай, 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      8) ардагерлерге және Заңның 5, 6, 7, 8 - баптарында көрсетілген басқа да тұлғаларға 9 мамыр - Жеңіс күніне қарай 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде кірістерді қоспағанда, келесі санаттарды қоспағанда:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі - КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарға, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған әскери қызметшілерге, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына, табыстарын есепке алмай, 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға, табыстарын есепке алмай, 60 000 (алпыс мың) теңге;

      1944 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдарға, табыстарын есепке алмай, 60 000 (алпыс мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның және жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге;

      9) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі - КСР Одағы) аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралану, контузия алуы, мертігуі саласынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 1989 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде Ауғанстанға және соғыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жіберілген жұмысшылар мен қызметкерлер 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      уақытша Ауғанстан аймағында болған және кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамына кірмеген, бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жұмысшылар мен қызметшiлер 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 13.10.2022 № 177 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 13.06.2023 № 25 шешімімен (алғаш рет ресми жарияланнан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 15.02.2023 бастап қатынастарға таратады).

      8. Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;

      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдармен ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегi Қостанай облысы бойынша белгiленген бiр еселiк ең төменгi күнкөрiс деңгейi мөлшерiнде орнату.

      10. Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде, әлеуметтiк көмек көрсетiлген оқиғалар туындаған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей көрсетiледi.

      11. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынуы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 13.06.2023 № 25 шешімімен (алғаш рет ресми жарияланнан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 15.02.2023 бастап қатынастарға таратады).

      13. Ай сайынғы әлеуметтiк көмекті алу үшін:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетiлген, бірінші рет өтініш берген адамдар өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын кұжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдар (отбасылар) не заңды өкілдері өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады.

      14. Өмiрде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмiне мынадай құжаттармен:

      1) жеке басын куәландыратын құжатпен;

      2) адамның (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтермен; 3) өмiрде қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiмен және/немесе құжатпен қоса өтiнiш береді.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      15. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      16. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе ауыл, ауылдық округ әкiмi бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.

      17. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгiлiк қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiне жiбередi.

      Ауыл, ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.

      18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      19. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      20. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiнен құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      22. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      23. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн жергiлiктi өкiлдi орган белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      25. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтiк көмеккелесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      27. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзгеше тәртiппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады