Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 51 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 29 желтоқсанда № 10124-10 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Ұзынкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын, осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Ұзынкөл аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      маслихат төрағасы Н. Булатов

  Мәслихатының
  2023 жылғы 6 желтоқсандағы
  № 51 шешімге
  1 қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - мемлекеттік корпорациясы) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкiмiнiң шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек - жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган -әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның жергілікті атқарушы органы;

      7) ең төмеңгі күнкөріс деңгейі ең төмеңгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс;

      8) жан басына шаққандағы орташа табыс - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      9) мереке күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      11) шекті мөлшері - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 08.10.2024 № 120 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады).

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл - мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмекті көрсету үшін мереке күндер мен атаулы күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 26 сәуір - Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      5) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 08.10.2024 № 120 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндер мен атаулы күндеріне әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай, бір рет, азаматтардың мынадай санаттарына:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс кезінде әскери борышын өтеу кезінде бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні - 26 сәуір;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Отан қорғаушы күні - 7 мамыр:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986 - 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) Жеңіс күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1500000 (бір миллион бес жүз) теңге мөлшерінде;

      Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар - 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген болған адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарға теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      келесі санаттағы адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі:

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні - 29 тамыз;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 08.10.2024 № 120 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады).

      6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында, 8-бабының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге және басқа де адамдарғаға, тұрмыстық қажеттіліктерге, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) диспансерлік есепте тұратын, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе басқа заңды өкілдеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) туберкулез ауруынан зардап шеккен және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, олардың оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, тоқсан сайын, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      6) табыстарын есепке алмай, мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар, мүгедектігі бар адамдарға Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуына байланысты, оқу жылы ішінде екі бөліммен саналған жартыжылдықта бір рет аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардан шыққан жастар өтініш берер алдында соңғы он екі айда ең төмеңгі күнкөріс деңгейінен, күндізгі оқу нысанынан төмен;

      халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды жалғастыратын жастардың табыстарын, күндізгі оқу нысанын есепке алмағанда;

      мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаумен оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар мүгедектігі бар адамдарға табыстарын есепке алмағанда;

      7) мүгедектігі бар адамдарға, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, бір рет, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      8) мүгедектігі бар адамдарға, дәрілік заттарды сатып алуға байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, бір рет, нақты шығындар мөлшерінде, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      9) мүгедектігі бар адамдарға, олардың санаторийлерге жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, бір рет, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      10) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне, табыстарын есепке алмай, бір рет, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) алып тасталды - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 17.04.2024 № 85 шешімімен;

      12) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға табыстары есепке алынбай, бір мезгілде 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      13) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, бір рет, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      14) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, бір рет, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетiледi;

      15) абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында санаторий-курорттық емделуге ұсынымдары бар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ететін ұйымдарда, тұру және тамақтану ақысын төлей отырып, табыстарын есепке алмай, бірақ бір алып жүретін адамнан аспайтын адаммен бірге жүретін адамдарға емдеу рәсімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінде жылына 1 рет мүгедектігі бар адамдардың санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдірілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде;

      16) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ардагерлерге және Заңның 7-бабының 5, 6-баптарында, 1) - 4) тармақшаларында, 8-бабының 1) - 3) тармақшаларында аталған басқа да адамдарға Қазақстан Республикасының шегінде санаторлық-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеуге жылына 1 рет, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы арналған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға өткізу кезінде санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сома мөлшерінде,

      Санаторий-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеу заттай нысаннан жазбаша бас тартқан жағдайда беріледі. Санаторий-курорттық емделуге жолдама құнын өтеу Қостанай облыстық, мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шара туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген заттай нысаннан жазбаша бас тартылған жағдайда ұсынылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 17.04.2024 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.10.2024 № 120 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) шешімдерімен.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) табиғи зілзаланың апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіруі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде тұру негіз болып табылады.

      8. Қостанай облысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі бір реттік ең төменгі күнкөрiс деңгейi мөлшерінде белгіленсін.

      9. Оқуға төлеуге арналған әлеуметтік көмек бір білімді алу үшін көрсетіледі.

      10. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 5) тармақшаларымен көзделген әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар басталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күндер мен атаулы күндеріне орай әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган белгілейді, содан кейін Мемлекеттік корпорацияға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 08.10.2024 № 120 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады).

      13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаны (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын), әлеуметтік көмек алу үшін, тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды;

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, бірінші рет өтініш білдіргендер, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың ата-анасы немесе заңды өкілі адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тұлғалар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 5), 9) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар тұру фактісін және жол жүру құнын растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағы 6) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген тұлғалар білім алғанын, оның құнын растайтын құжаттарды және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады;

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген емделуді тағайындауды және (немесе) өтуді және емделуге ақы төлеуді растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар дәрігер растаған ағымдағы жылға рецептуралық бланкінің көшірмесін және кассалық және/немесе тауар чегін ұсынады.

      осы Қағидалардың 6-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген тұлғалар дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген тұлғалар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген тұлғалар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін табысы туралы мәліметтерді, қайтыс болу, қайтыс болған адамның жұмыссыз ретінде тіркелу фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторий-курорттық емделуге ақы төлегенін растайтын құжатты, санаторий-курорттық ұйым берген орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) актісін ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 15) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторий-курорттық емделуге ақы төленгенін, санаторий-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы мәслихатының 08.10.2024 № 120 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.04.2024 бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады).

      14. Үлгілік қағидалардың 7-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күн ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      17. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімі құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      19. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      20. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 16 және 17-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      21. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтік көмек келесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      25. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      26. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Мәслихатының
  2023 жылғы 6 желтоқсандағы
  № 51 шешіміне
  2 қосымша

Ұзынкөл аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізімі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" мәслихаттың 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9865 болып тіркелген).

      2. "Мәслихаттың 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" мәслихаттың 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 143 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27780 болып тіркелген).

      3. "Мәслихаттың 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" мәслихаттың 2022 жылғы 29 маусымдагы № 159 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28671 болып тіркелген).

      4. "Мәслихаттың 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" мәслихаттың 2022 жылғы 13 қазандағы № 177 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30233 болып тіркелген).

      5. "Мәслихаттың 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 31 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер пен толықтыру енгізу туралы" мәслихаттың 2023 жылғы 13 маусымдагы № 25 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10029 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады