Маңғыстау облысы әкімдігінің "Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 2 қазандағы № 213 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 220 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 25 қарашада № 30727 болып тіркелді

      Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Маңғыстау облысы әкімдігінің "Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 2 қазандағы № 213 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4002 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облысының әкімі Н. Ногаев

  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2022 жылғы 24 қарашадағы
  № 220 қаулысына қосымша
  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2019 жылғы 2 қазандағы
  № 213 қаулысымен бекітілген

Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық – түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін, адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;

      6) мамандандырылған ұйымдар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын, тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы № 1279 қаулысымен бекітілген, ұйымдар;

      7) сатып алу интервенциялары – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;

      8) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;

      9) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.

      3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысының әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      5. Облыс әкімінің кәсіпкерлік және сауда мәселесі бойынша орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік, сауда және ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:

      1) облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;

      2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;

      3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.

      8. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды "Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы) қамтамасыз етеді.

      9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

      10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      11. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.

      12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі - мамандандырылған ұйым) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      13. Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы ай сайын айдың 20-на дейін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады.

2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі

      14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:

      1) тұрақтандыру қорларының қызметі;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.

      15. Маңғыстау облысының әкімдігі бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.

1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі

      16. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      17. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.

      18. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген тізімнен қалыптастырылады.

      19. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Ұлттық статистика Бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесімен қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.

      20. Комиссия Маңғыстау облысының әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.

      21. Маңғыстау облысының әкімдігі Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.

      22. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.

      23. Өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлiк тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-тармақтарына сай тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      24. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.

      25. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.

      26. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.

      27. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      28. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.

      29. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.

      30. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.

      31. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы Маңғыстау облысының әкімдігі бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.

      32. Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, Маңғыстау облысының әкімдігі және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі

      33. Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық талаптарымен жүзеге асырылады.

      34. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.

      35. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін Комиссия кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын келесі талаптарға (өлшемшарттарға) сәйкес айқындайды:

      азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қажетті қоймамен жабдықталған, техникалық талаптарға жауап беретін, облыс аумағында қалыптасқан қазіргі заманғы сауда желілерімен және азық-түлік тауарларымен сатып алу және өзге де операцияларды орындау мүмкіндігімен жабдықталған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеуге бағытталған шаралар кешенін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бөлшек сауданы жүзеге асыратын және меншігінде не жалға алу құқығында сауда нысандары бар сауда ұйымдары (сауда желілері, сауда үйлері, гипермаркеттер, супермаркеттер), сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерінің тауар өндірушілері, тауарларды көтерме жеткізушілер, наубайханалар және ет және сүт өнімдерін өндірушілер;

      салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер алдында мерзімі өткен берешектің болмауы;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесінде көзделген тауарлардың барлық атауларын өткізу;

      кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты оңалту және (немесе) банкроттық рәсімі қолданылмауы керек.

      36. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.

      37. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.

      38. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.

      39. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.

      40. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады