Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруден өту және оның мерзімділігінің қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы № 19 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 қаңтарда № 31821 болып тіркелді

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруден өту және оның мерзімділігінің қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2023 жылғы 31 қаңтардағы
№ 19 бұйрығына
қосымша

Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруден өту және оның мерзімділігінің қағидаларын бекіту туралы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруден өту және оның мерзімділігінің қағидалары "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруден өту тәртібін және оның мерзімділігін айқындайды.

      2. Азаматтық және қызметтік қару, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін үміткер адамдарды медициналық қарап-тексеруден өту "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар амбулаториялық емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында (бұдан әрі – АЕК) жүргізіледі.

2-тарау. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеруді жүргізу тәртібі және оның мерзімділігі

      3. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін үміткер адамдарды медициналық қарап-тексеру жалпы дәрігерлік практика дәрігерінің немесе терапевтің, невропатологтың, офтальмологтың, отоларингологтың, психиатрдың (нарколог), психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдану тұрғысынан клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалдарын қамтиды.

      АЕК штатында аталған мамандар болмаған кезде медициналық ұйымның басшыларымен келісу бойынша бейінді мамандар тартылады.

      4. Медициналық қарап-тексеруді жүргізу кезінде аурулар анықталған жағдайда, зерттеліп-қаралушы және диагностикалық зерттеп-қараулар жүргізе отырып, "Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларында рұқсаттарды алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қазандағы № ҚР ДСМ–206/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21681 болып тіркелген) айқындалған ауруларды болдырмау мақсатында толық зерттеп-қарауға жіберіледі.

      Зерттеу нәтижелері бойынша организмде психикағабелсенді әсер ететін заттар алмасу өнімдері анықталған кезде үміткер психиатр дәрігерінің (наркологтың) қорытындысын алу үшін психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) жіберіледі.

      5. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алуға үміткер адамдардың медициналық қарап-тексеру деректері "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ–175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрық) бекітілген "Амбулаториялық пациенттің медициналық картасы" № 052/е бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі.

      6. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алуға үміткер адамдардың медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыны "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № ҚР ДСМ - 34 бұйрыққа сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27505 болып тіркелді) АЕК Комиссиясы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген "Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алу үшін медициналық қарап-тексеру қорытындысы" 076/е нысаны бойынша қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті органға береді.

      7. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алуға үміткер адамдарға медициналық қарап-тексеруді, оның ішінде мерзімді медициналық қарап-тексеруді жүргізген АЕК денсаулық жағдайы туралы деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.

      8. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган мен қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл, оның ішінде қаруды иеленуге қарсы көрсетілімдері бар болған кезде денсаулық жағдайы бойынша қару иелері туралы мәліметтермен алмасу мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.

      9. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алуға жарамды деп танылған адамдарға азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларында рұқсаттарды алуға қарсы көрсетілімдері бар адамдар туралы деректерді Комиссия қорытынды алған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күн ішінде, қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      10. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттарды алған адамдарды мерзімді медициналық қарап-тексеру 5 жылда 1 рет жүргізіледі.

      11. Азаматтық және қызметтік қарудың, азаматтық пиротехникалық заттардың айналымы салаларындағы рұқсаттар алған адамдарды мерзімді медициналық қарап-тексеруді жүргізу кезінде анықталған аурулар және денсаулық жағдайына сәйкес келмеген кездегі деректер № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрықпен бекітілген "Амбулаториялық пациенттің медициналық картасы" № 052/е нысаны бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады