Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабының 2-тармағының 5-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі 2023 жылғы 30 маусымдағы № 131 бұйрығымен бекітілген |
Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 85-бабының 2-тармағының 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша кәсіпкерлік қызмет түрлері бөлінісінде реттеушілік актілердің жалпыға қолжетімді дерекқоры;
2) құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесі – Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жүйеленген дерекқорына орталықтандырылған қол жеткізу жүйесі;
3) реттеушілік акт – қолданыстағы нормативтік құқықтық акт, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды қамтитын өзге де құжат;
4) реттеуші мемлекеттік органдар – кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе аяда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
5) тізілімнің автоматтандырылған жұмыс орны (бұдан әрі – АЖО) – тізілімде орналастырылатын және "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ұсынатын баптаулар мен контентті басқаруға арналған қосымша;
6) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне бекітіп берілген "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Тізілімді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырады және оны автоматтандырылған режимде жүргізеді.
2-тарау. Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу тәртібі
4. Реттеушілік актілер тізілімге былайша:
1) Қазақстан Республикасының заңдары – баптар бойынша;
2) Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен өзге де құжаттар – осы актілердің немесе құжаттардың деректемелері көрсетіліп, олардың атаулары бойынша енгізіледі.
4.1. Егер реттеушілік актіде кәсіпкерлік қызметтің саналуан түріне қойылатын орындалуы міндетті талаптар қамтылған жағдайда, мұндай акт қызметтің әрбір түріне арналған талаптар тізіліміне енгізілуге жатады.
Талаптар тізілімі мынадай міндеттерді шешеді:
1) талаптардың осы Кодексте көзделген оларды қалыптастыру шарттарына және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз ету;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті жүзеге асыруы үшін міндетті талаптардың толық тізбесі туралы хабардар болуын қамтамасыз ету.
Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.5. Талаптар тізіліміне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын қоспағанда, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес қызметті жүзеге асыруы кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптар қамтылатын реттеушілік актілер енгізіледі.
Талаптар тізіліміне реттеушілік актілер олардың тиімділігін, оның ішінде мемлекеттік реттеудің мәлімделген мақсаттарына қол жеткізілуін және осы Кодексте көзделген міндетті талаптарды қалыптастыру шарттарына және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл қағидаттарына сәйкестігін бағалау тұрғысынан оларға кейіннен талдау жүргізу үшін енгізіледі.
Реттеушілік актілер қабылданып, ресми жарияланғаннан кейін, сондай-ақ реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде олар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік органның өзі айқындайтын реттеуші мемлекеттік органдар қызметкерлерінің АЖО арқылы қосуы үшін тізілімге жіберіледі.
Реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне АЖО-ға қолжетімділікті оператор олардың өтінімдері негізінде береді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Реттеушілік актілерді тізілімге жіберген кезде реттеуші мемлекеттік орган:
1) Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) бөлімдеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті реттеу саласын;
2) реттеушілік актіге талдау (бұдан әрі – РАТ) жүргізудің ұсынылатын мерзімдерін көрсетеді.
РАТ жүргізу мерзімдері ай мен жыл форматында көрсетіледі, онда көрсетілген айдан кейінгі бірінші күнге дейін РАТ жүргізу рәсімдері аяқталады және оны жүргізудің келесі мерзімі айқындалады.
РАТ жүргізу мерзімдері осы тармақтың алтыншы абзацында белгіленген жағдайларды қоспағанда, реттегіш акт қабылданған күннен бастап заңнамалық актілер үшін үш жылдан, ал өзге де нормативтік құқықтық актілер мен құжаттар үшін екі жылдан аспауға тиіс.
Кодекстің 82-бабының 4-тармағына сәйкес құрылатын Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымы бойынша, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган негіздеме және (немесе) оны жүргізудің өзге мерзімін белгілеу қажет болған жағдайда РАТ жүргізудің өзге мерзімін белгілейді.
РАТ жүргізудің өзге мерзімі болған оны жүргізудің өзге мерзімі негіздемесі болған .
3) құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде орналастырылған реттеушілік актіге гиперсілтемені көрсетеді.
Нормативтік құқықтық актілерге гиперсілтеме эталондық бақылау банкінен, өзге құжаттарға гиперсілтеме реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсынан көрсетіледі.
7. Автоматтандырылған режимде жіберілген реттеушілік актілер тізілімде осы Қағидаларға сәйкестігі, сондай-ақ тізілімнің міндетті жолдарын толтырудың толықтығы мен анықтығы тұрғысынан тексеруден және кәсіпкерлік саласындағы уәкілетті органмен келісуден өтеді.
Кәсіпкерлік саласындағы уәкілетті органның ескертулері болмаған кезде 3 жұмыс күні ішінде реттеушілік актілер тізілімге енгізіледі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Реттеуші мемлекеттік органдар тізілімде көзделген мерзімдерде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 748 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 12517 болып тіркелген) бекітілген реттеушілік әсерге талдау жүргізу және пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – РӘТ жүргізу қағидалары) сәйкес РӘТ жүргізеді.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.9. Реттеуші мемлекеттік органдар тізілім арқылы РАТ жүргізу мерзімдерін бақылауды қамтамасыз етеді.
АЖО-да РАТ жүргізу мерзімі басталғанға дейін алты ай бұрын осы Қағидаларға сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне РАТ рәсімін жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі.
10. Реттеуші мемлекеттік орган РАТ-ты уақтылы жүргізбеген кезде тиісті реттеушілік актіге қатысты "алып тасталды" деген мәртебе көрсетіледі.
11. Реттеуші мемлекеттік орган Кодекстің 81-1-бабына сәйкес келмейтін талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлерді жауаптылыққа тартуға жол бермеу мақсатында олар тізілімде болмаған және (немесе) тізілімнен алып тасталған жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген талаптар бойынша тізілімнен алып тасталған не тізілімде болмау фактісі анықталған күннен бастап алты ай ішінде;
2) өзге нормативтік құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды қамтитын құжаттар бойынша тізілімнен алып тасталған не тізілімде болмау фактісі анықталған күннен бастап үш ай ішінде реттеушілік актілердің күшін жояды (күшін жойды деп таниды) не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген талаптар реттеушілік актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жолымен орындалғаннан кейін РАТ жүргізу мерзімі өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезден бастап тізілімде алты айға ұзартылады. Бұл ретте "алып тасталды" деген мәртебе жойылады.
13. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шарттардың орындалғаны туралы ақпаратты осы Қағидаларға сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлері АЖО арқылы тізілімге жібереді.
14. Кодекстің 83-1-бабының 6-тармағына сәйкес осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген мерзімдер бұзылған жағдайда, кәсіпкерлік субъектілерінің тиісті реттеушілік актілердің талаптарын сақтамауы оларды әкімшілік жауаптылыққа тартуды болғызбауға негіз болып табылады. Бұл ретте тізілімде тиісті реттеушілік актінің мәртебесі "әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз жоқ" деп көрсетіледі.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.15. Реттеушілік актінің тізілімде болмау фактісі анықталған жағдайда реттеушілік акт тізілімге РАТ жүргізілгеннен және осы Қағидаларда белгіленген рәсімдер сақталғаннан кейін енгізіледі.
16. Тізілімде "әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз жоқ" деген мәртебені жою үшін реттеуші мемлекеттік орган РӘТ жүргізу қағидаларына сәйкес РАТ жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс.
17. Реттеуші мемлекеттік органдар реттеушілік актілер бойынша мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз етеді.
18. Тізілімде РАТ жүргізу мерзімі РӘТ жүргізу қағидаларына сәйкес РАТ жүргізу рәсімдері аяқталғаннан кейін жаңартылады.
АЖО арқылы РАТ рәсімі аяқталған жағдайда осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлері осы Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес РАТ жүргізудің жаңа мерзімін айқындайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі 2023 жылғы 30 маусымдағы № 131 бұйрығына қосымша |
Нысан
Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімі
р/с № | Реттеушілік акт |
Кәсіпкерлік саласы | Реттеуші мемлекеттік орган | Реттеушілік актіге талдау жүргізу мерзімі | Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесіне гиперсілтеме | Реттеушілік актілер дерекнамасына сілтеме | Реттеушілік актінің мәртебесі |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
1. Заңнамалық актілер | |||||||
2. Заңға тәуелді актілер | |||||||
3. Өзге де реттеушілік актілер | |||||||