Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 тамызда № 33238 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрі
А. Оралов

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2023 жылғы 1 тамыздағы
№ 211 бұйрығына
қосымша

Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары "Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-1-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленді және ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, қаладағы аудандарға, қалаларға, аудандарға, облыстарға, шағын аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, тұйық көшелерге, саябақтарға, скверлерге, көпірлерге және елді мекендердің басқа да құрамдас бөліктеріне (бұдан әрі – елді мекендердің құрамдас бөліктері) атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақтағы халықтың пікірін ескерудің тәртібін анықтайды.

      2. Жергілікті атқарушы органдар облыстарға, аудандарға, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, астанаға, қаладағы аудандарға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді ұйымдастырады және мәслихаттардың қарауына енгізеді.

      3. Кенттерге, ауылдық округтерге, ауылдарға, аудандық маңызы бар қалаларға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді жергілікті атқарушы органдар мен кенттердің, ауылдық округтердің, ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) жергілікті қоғамдастық жиналыстарын өткізу арқылы ұйымдастырады.

2-тарау. Облыстарға, аудандарға, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, қаладағы аудандарға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру тәртібі

      4. Тиісті жергілікті атқарушы органдар облыстарға, аудандарға, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, қаладағы аудандарға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін құжаттар мен материалдарды (жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен ұсыныстар, есімі берілетін тұлғаның өмірбаяны, архивтік құжаттар, берілетін әкімшілік бірліктер мен құрамдас бөліктердің схемалық сызбасы) тиісті мәслихаттардың қарауына енгізеді.

      5. Тиісті аумақ халқының пікірі мәслихаттың тұрақты комиссияларының өткізілген көпшілік тыңдауларының негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделеді.

      6. Тиісті мәслихаттардың тұрақты комиссияларының хаттамалары жеті жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ аудандар мен елді мекендердің әкімдіктері мен мәслихаттарының интернет-ресурстарында жарияланады.

      7. Тиісті мәслихаттардың тұрақты комиссияларының хаттамасымен ресімделген облыстарға, аудандарға, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, астанаға, қаладағы аудандарға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының ескерілген пікірі Заңның 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес тиісті ономастика комиссияларының қарауына ұсынылады.

3-тарау. Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру тәртібі

      8. Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін жергілікті атқарушы органдар ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерімен бірлесе отырып:

      1) жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу мерзімін анықтайды және оның өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тиісті аумақта таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жиналыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, орны және уақыты көрсетілген хабарландыру орналастырады;

      2) құжаттар мен материалдарды (жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен ұсыныстар, есімі берілетін тұлғаның өмірбаяны, архивтік құжаттар, берілетін әкімшілік бірліктер мен құрамдас бөліктердің схемалық сызбасы) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ аудандар мен елді мекендер әкімдіктері мен мәслихаттарының интернет-ресурстарында орналастырады.

      9. Ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалаларға, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылып, оның қорытындысы бойынша көпшілік дауыспен шешім қабылданады. Дауыс беру қорытындысы жиналыс өткен жерде жарияланып, хаттамамен ресімделеді.

      10. Хаттамада "қолдап" және "қарсы" дауыс бергендердің жалпы саны көрсетіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысқандардың тізімі қоса тіркеледі.

      11. Жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары ол өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ аудандар мен елді мекендердің әкімдіктері мен мәслихаттарының интернет-ресурстарында жарияланады.

      12. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар он жұмыс күні ішінде тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің қорытындысы бойынша бірлескен шешіммен тиісті ономастика комиссияларының қарауына ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге, аталған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.

      13. Ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері он жұмыс күні ішінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қорытындысы бойынша аудандық жергілікті атқарушы органдарға елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.

      14. Аудандық жергілікті атқарушы органдар он жұмыс күні ішінде тиісті ономастикалық комиссиялардың қарауына ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша ұсыныс енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады