"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) Осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің міндетін атқарушы |
Д. Темирбеков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 1033 бұйрығымен бекітілген |
Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 32-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы;
2) арнаулы мемлекеттік қор (бұдан әрі – Қор) – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында айқындалған тәртіппен активтерді қайтару бойынша уәкілетті органдардың шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақша түсімдерін есептеу және жұмсау үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты;
3) әлеуметтік және экономикалық жобалардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) – Қор есебінен одан әрі қаржыландыру үшін Республикалық бюджет комиссиясы (бұдан әрі – РБК) мақұлдаған әлеуметтік және экономикалық жобалардың тізімі;
4) тиісті саланың жергілікті уәкілетті органының арнайы шоты (бұдан әрі – ЖУО шоты) – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қордың түсімдерін есепке алуға және қаражатын жұмсауға байланысты операцияларды есепке алуға арналған қолма-қол ақшаны бақылау шоты;
5) тиісті саланың орталық мемлекеттік органының арнайы шоты (бұдан әрі – ОМО шоты) – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қордың түсімдерін есепке алуға және қаражатын жұмсауға байланысты операцияларды есепке алуға арналған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.
3. Қор Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 52-4-бабына сәйкес (бүдан әрі – Бюджет кодексі) салықтық емес түсімдер есебінен қалыптастырылады.
4. Қор қаражатының түсімдері бойынша операциялар "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 403 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9756 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына сәйкес есепке алынады.
2-тарау. Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану тәртібі
5. Қор қаражатын бөлу Тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Тізбені тиісті саланың орталық мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – ОМО) өтінішхаттары негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 165 бұйрығымен бекітілген әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау қағидаларына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады.
7. ОМО жергілікті уәкілетті органдар (бұдан әрі – ЖУО) ұсынған өтінішхаттарды қоса берілген құжаттармен бірге олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде қарайды.
Осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, не ЖУО өтінішхаты осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген нысанға сәйкес келмеген кезде ОМО өтінішхатты ЖУО-ға қайтаруды жүзеге асырады.
ОМО-ның өтінішхаты жобалардың алдын ала тізбесі (бұдан әрі – Алдын ала тізбе) негізінде жасалады.
ОМО-ның өтінішхаты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЖУО-дан келіп түскен өтінішхаттар және ОМО-ның өзінің өтінішхаты (бұдан әрі – Өтінішхат) бойынша әрбір объекті бойынша мыналар ұсыныла отырып, жасалады:
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу қағидаларының (бұдан әрі – № 299 Қағидалар) талаптарына сәйкес берілген жаңа объектілерді салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелердің (заңнамада көзделген жағдайларда) және жобалау-сметалық құжаттаманың кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы;
қаржыландыру көздеріне қарамастан, № 299 Қағидалардың талаптарына сәйкес жаңа ғимараттар мен құрылыстарды салуға, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттама.
8. ОМО Алдын ала тізбе негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну үшін ОМО өтінішхатын қалыптастырады.
9. ОМО өтінішхатының жобасын ведомстволық бюджет комиссиясы (бұдан әрі – ВБК) қарауға енгізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
ВБК мақұлдаған ОМО өтінішхаты (өңірлер мен объектілер бөлінісінде) 3 (үш) жұмыс күні ішінде мыналарды қоса электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы РБК қарауына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі:
1) мыналар көрсетілген объектілер тізімі:
жобаларды іске асыру мерзімдері;
жобалық-сметалық құжаттаманың кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындылары бойынша жобалардың құны;
2) осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар;
3) ОМО аппараты басшысының немесе оны алмастыратын адамның қолы қойылған түсіндірме жазба;
4) ВБК хаттамалары;
5) объектілерді салудың және (немесе) реконструкциялаудың негізділігін растайтын құжаттар мен мәліметтер.
10. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ОМО өтінішхатының негізінде Қор қаражаты шегінде Тізбенің жобасын қалыптастырады.
Тізбенің жобасы мыналардан:
1) мыналар көрсетілген әрбір объект бойынша тізбенің жобасынан:
жобаларды іске асыру мерзімдерінен;
жобалау-сметалық құжаттаманың кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындылары бойынша жобалардың құны;
2) ОМО аппараты басшысының немесе оны алмастыратын адамның қолы қойылған түсіндірме жазбадан тұрады.
11. Қордың шотында қаражат жеткіліксіз болған жағдайлар туындаған кезде, Тізбе жобасына енгізу үшін объектілерді таңдауды Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген нәтижелілік, негізділік және тиімділік қағидаттарын ескере отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
12. РБК мақұлдаған Тізбе 5 (бес) жұмыс күні ішінде тиісті ОМО-ға, Қазынашылық комитетіне және Қаржы министрлігіне төлем құжаттарын қалыптастыру үшін жіберіледі және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
13. Түсім кодтарына түскен арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес "Арнаулы мемлекеттік қорға" қайтарылған қайтарылған мүлікті өткізуден түсетін ақша" және "Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес "Арнаулы мемлекеттік қорға" басқарушы компанияның меншігіне не оның активтерді басқару жөніндегі қызметі нәтижесінде түскен өзге мүлікті өткізуден түсетін ақша" түсімдер кодтарына түскен арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды қаржыландыру үшін де пайдаланылады.
Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның өтінішхатын РБК осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес түсімдердің 5 (бес) пайызынан аспайтын мөлшерде жылына бір рет қарайды.
14. Қордың қаражаты мыналарға:
1) жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге;
2) қажетті сараптамалардан өтуге;
3) жер учаскелерін бөлуге байланысты шығыстарды қоспағанда, Тізбеге енгізу үшін мақұлданған әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруға жұмсалады.
Қағидалардың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында аударылған шығыстар тиісті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
15. Қор қаражаты кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманың құнына сәйкес мақұлданған Тізбеге енгізілген Әлеуметтік және экономикалық жобаларды толық көлемде іске асыруға жіберіледі.
16. Қаржыландыру Қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобалар бойынша басқа көздер есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
17. Қордың қаражаты РБК шешіміне және төлем шоты негізінде мақұлданған әлеуметтік және экономикалық жобалардың тізбесіне сәйкес ОМО-ның арнайы шотына аударылады.
18. Қор қаражатын ЖУО-ның тиісті шоттарына аударуды ОМО қазынашылық органдарына РБК шешімімен және мақұлданған Тізбемен қоса төлеуге берілетін шот ұсыну жолымен "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді.
19. ОМО және (немесе) ЖУО шотынан қаражат "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 540 Қағидалар) сәйкес жұмсалады.
20. Қор қаражатын ОМО және (немесе) ЖУО шоттарынан пайдалануға байланысты төлемдерді жүргізу Бюджет кодексінің 97-бабы 5-3-тармағына және № 540 Қағидалардың 6-тарауының 7-11-параграфтарына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Қор шотын және ОМО және (немесе) ЖУО шоттарын ашу және жабу тәртібі № 540 Қағидалардың 4-тарауы 3 және 8-параграфтарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
22. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мақұлдаған Тізбеге енгізілмеген жобаларды іске асыруға ОМО және (немесе) ЖУО шоттарынан қаражат жұмсауға жол берілмейді.
23. ОМО және (немесе) ЖУО шотында мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алу не аяқталған объектіні пайдалануға қабылдау қорытындылары бойынша қаражатты үнемдеу қалыптасқан кезде ОМО және (немесе) ЖУО бір ай мерзімде үнемдеу сомасын Қор шотына қайтаруды жүргізеді. Бұл ретте, ЖУО үнемдеу сомасын ОМО шотына қайтарады, ал ОМО өз кезегінде ЖУО үнемдеу сомасын қор шотына аударады.
3-тарау. Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану бойынша мониторингтеу тәртібі
24. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ай сайын 25-ші күнге дейін Қазынашылық органдарының ақпараттық жүйесі арқылы қор шотына қаражат түсімдерінің мониторингін жүргізеді.
25. ЖУО тиісті объектіні салуға және (немесе) реконструкциялауға жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың болмауы себебінен ОМО және (немесе) ЖУО шотына қаражат түскен сәттен бастап 6 (алты) ай ішінде пайдаланбаған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган және (немесе) ОМО тиісінше, пайдаланылмаған қаражатты қордың шотына қайтару қажеттілігі туралы талапты ОМО және (немесе) ЖУО-ға жібереді.
ОМО және (немесе) ЖУО бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның және (немесе) ОМО-ның тиісті талабын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаражатты қор шотына қайтаруды жүргізеді. Бұл ретте, ЖУО пайдаланылмаған қаражатты ОМО шотына қайтарады, ал ОМО өз кезегінде пайдаланылмаған ЖУО қаражатын Қор шотына аударады.
Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидаларына 1-қосымша |
|
Нысан |
Жобаға Әлеуметтік және экономикалық жобалар тізбесін енгізуге өтінішхат
ОМО/ЖУО Арнаулы мемлекеттік қор (бұдан әрі – Қор) қаражатын пайдалану және мониторингтеу қағидаларына сәйкес жобаға _________________ ____________________________________________________________________
(әлеуметтік және экономикалық жобалардың атауын көрсету)
тізбесін енгізуді сұрайды
Әлеуметтік/экономикалық жобаның негізгі сәйкестендіру сипаттамалары:
1) сметалық құны _____________ мың теңге;
2) _______________ № __________ техникалық-экономикалық негіздеменің/жобалау-сметалық құжаттаманың кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы;
3) жасалған мемлекеттік сатып алу шарты бойынша құны _____ мың теңге;
4) жобалық қуаттылығы _____________орын;
5) қабаты ____;
6) ауданы (жалпы, кабинеттер) _________ шаршы метр;
7) орналасқан жері (мекенжайы) __________________________________;
8) жер учаскесінің кадастрлық нөмірі ________________________;
9) жер учаскесінің ауданы__________________________________.
Инвестициялық жоба бойынша Қордан қаржыландырудың талап етілетін сомасы ______________________________ (сандармен және жазумен) мың теңге.
Өтінішхатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
жаңа объектілерді салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелердің (заңнамада көзделген жағдайларда) және жобалау-сметалық құжаттаманың ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысы.
Қосымша: ______________ парақта.
Орталық органның басшысы |
__________________________________ |
Мөр орны