"Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 136 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 20 ақпандағы № 69 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 22 ақпанда № 34028 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 136 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6936 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Туризм және спорт министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2024 жылғы 20 ақпандағы
№ 69 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 136 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі

      1. Осы Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 наурыздағы № 1134 қаулысының (бұдан әрі – Президент қаулысы) 6-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды (бұдан әрі – стипендия) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) студенттері мен магистранттарына тағайындау тәртібін айқындайды.

      2. Стипендия:

      1) студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға;

      2) анағұрлым талантты және дарынды студенттер мен магистранттарды қолдауға;

      3) интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.

      3. ЖЖОКБҰ меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ағымдағы жылғы 25 қаңтарға дейін өздері қарауындағы мемлекеттік органдарға стипендияға қажеттілікті жібереді.

      Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Президент қаулысының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар мен меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ЖЖОКБҰ арасында ағымдағы жылғы 30 наурызға дейін стипендияны бөледі.

      4. Стипендия санын ЖЖОКБҰ арасында бөлу Қазақстан Республикасының ЖЖОКБҰ-дағы күндізгі оқу нысаны бойынша студенттер мен магистранттар контингентіне сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Күндізгі оқыту нысаны бойынша студенттер мен магистранттар контингенті кемінде 700 адам болатын ЖЖОКБҰ-ларға стипендия бөлу жүзеге асырылмайды.

      6. Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап, магистранттарға – екінші оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек "өте жақсы" (А, А-) оқитын студенттерге және магистранттарға беріледі.

      7. Стипендия студенттер мен магистранттардың мынадай санаттарына тағайындалады:

      1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалықтар, өнертабыстар авторлары;

      2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;

      3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;

      4) ЖЖОКБҰ-ның қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.

      8. Стипендия ғылыми кеңестің шешімі негізінде ЖЖОКБҰ ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.

      9. Стипендия бір академиялық кезеңге тағайындалады.

      10. Стипендия ЖЖОКБҰ-ның ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес бір тұлғаға бірнеше рет берілуі мүмкін.

      11. Кезекті академиялық кезеңге стипендияларды тағайындау жөніндегі ЖЖОКБҰ ғылыми кеңесінің шешімі академиялық кезең басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей қабылданып, Министрлікке магистранттар мен студенттердің тізімімен жіберілуі тиіс.

      12. Стипендияларды тағайындау кезінде үміткерлерді іріктеу осы Ереженің 6 және 7-тармақтарында жазылған өлшемдер тәртібінде жүзеге асырылады.

      Тең жағдайда басымдық:

      жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға беріледі.

      13. ЖЖОКБҰ-да стипендияны тағайындауға үміткер болмаған жағдайда осы Ереженің 6 және 7-тармақтарына сәйкес жоғары оқу орындары белгілі стипендиялардың санынан бас тарту туралы ақпаратты академиялық кезең басталғанға дейін екі апта бұрын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      14. Стипендияларды төлеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттар шегінде ай сайын жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады