Техникалық реттеу саласында бақылау сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а. 2024 жылғы 27 маусымдағы № 269-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 маусымда № 34617 болып тіркелді

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағы 16-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрінің міндетін атқарушы
А. Бижанова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасының

      Құқықтық статистика және

      арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрінің міндетін атқарушы
2024 жылғы 27 маусымдағы
№ 269-НҚ Бұйрығымен
бекітілген

Техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 16-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылауға және қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді, айналымға шығару фактісін анықтау мақсатында техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды (бұдан әрі – бақылау мақсатында сатып алу).

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бақылау және қадағалау органы - техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері;

      2) бақылау және қадағалау субъектісі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығы бар, дара кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлға немесе жеке тұлға;

      3) бақылау мақсатында сатып алу – бақылау және қадағалау органының тауар нысанында өнімді бақылау шеңберінде сатып алуды жүзеге асыруы;

      4) лауазымды тұлға – техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын тұлға:

      мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас аумақтық мемлекеттік инспекторлар;

      мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар;

      5) өнім – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылауға және қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, материалдық-заттай нысанда ұсынылған және одан әрі шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға арналған қызметтің нәтижесі;

      6) сынақ – нәтижесі өнім үлгісінің, сәйкестікті бағалаудың өзге де объектісінің қасиеттерінің бір немесе бірнеше сандық және (немесе) сапалық сипаттамаларын белгіленген әдістеме бойынша айқындау болып табылатын сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім не сынақ зертханасы (орталығы) (бұдан әрі - зертхана) жүргізетін рәсім;

      7) зертхана - заңды тұлғаның атынан әрекет ететін, сынақтарды (зерттеулерді) жүзеге асыратын заңды тұлға немесе құрылымдық бөлімшесі;

      8) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау – техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүлкін, оның ішінде олардың сәйкестігін бағалаудың анықтығын қамтамасыз ету арқылы қорғау, техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын жағдайларды болғызбау және саудадағы техникалық кедергілерді жою мақсатында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге бағытталған техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган ведомствосының, оның аумақтық бөлімшелерінің және олардың лауазымдарының қызметі;

      9) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган – техникалық реттеу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және аумақтық органдар.

2 - тарау. Техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      3. Кейіннен сынақтар жүргізе отырып, бақылау мақсатында сатып алу адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне туындау және (немесе) зиян келтіру қаупінің жолын кесу және алдын алу үшін жүзеге асырылады.

      4. Өнімді (тауарларды) бақылау мақсатында сатып алу сатып алынған өнімнің тізбесі және бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы туралы ақпаратты қамтитын төлем құжатымен (фискалдық/тауарлық чек, мөр бедері бар жүкқұжат) және өнімді (тауарды) сатып алу актісімен (бұдан әрі – сатып алу актісі) расталады.

      Сатып алу актісінде:

      1) жасалған орны мен күні;

      2) бақылау мақсатында сатып алу жүзеге асыруға негіз болған бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесі басшысының шешімінің нөмірі мен күні;

      3) бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесі лауазымды тұлғаның лауазымдары, тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда);

      4) бақылау мақсатында сатып алу жүргізілетін бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы және орналасқан жері;

      5) бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы және/немесе өкілі (уәкілетті тұлға/қызметкер) лауазымы және тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);

      6) өндірушіні, өндіріс күнін, партия сериясын (нөмірін), үлгілердің жалпы құнын көрсете отырып, сатып алынған өнім үлгілерінің тізбесі мен саны;

      7) қаптаманың түрі және мөр нөмірі (пломбалар).

      5. Бақылау мақсатында сатып алуды өткізу тәртібі мыналарды:

      1) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдау үшін негіздемелерін;

      2) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ете отырып, бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесі басшысының бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешімін;

      3) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу қажет болатын өнім атауын, сондай-ақ оны өткізу мерзімдерін айқындауды;

      4) сатып алынған өнімге зерттеу жүргізу тәртібін;

      5) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу нәтижелерін ресімдеуді қамтиды.

      6. Бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылады:

      1) алдын ала талдау нәтижелері;

      2) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінде белгіленген құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығару фактісін анықтау туралы ақпарат, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден және басқа елдерден, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарынан және әлеуметтік желілерден ақпараты;

      3) техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді (тауарды) өткізу туралы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараты.

      7. Бақылау мақсатында сатып алу бақылау және қадағалау субъектісінің объектілерінде жүргізіледі.

      Бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыруға және сатып алынған өнімді сынақтан өткізуге байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      8. Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген негіздер болған жағдайда бақылау және қадағалау органының аумақтық бөлімшесінің басшысы 3 (үш) жұмыс күні ішінде бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешімді Қағиданың қосымшаға сәйкес нысанында қабылдап, қабылданған шешімнің қортындысын келесі жұмыс күні ішінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар етеді.

      9. Бақылау мақсатында сатып алу бақылау және қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпей жүргізіледі.

      10. Сатып алынатын өнім (тауар) үлгілерінің санын (көлемін) бақылау және қадағалау органының лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттарды ескере отырып айқындайды. Өнім шығару сатысында үлгілерді сатып алу тәртібі стандарттау жөніндегі ұлттық құжатқа сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Бақылау мақсатында сатып алу қорытындысы бойынша бақылау және қадағалау органының лауазымды тұлға үш данада сатып алу актісін жасайды. Сатып алу актісінің барлық даналарына бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын лауазымды тұлға және бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы және/немесе өкілі (уәкілетті тұлға/қызметкер) қол қояды.

      Сатып алу актісінің бір данасы бақылау және қадағалау субъектісінде және бақылау және қадағалау органының лауазымды тұлғасында қалады.

      Сатып алу актісінің бір данасы өнімнің (тауардың) үлгілерімен бірге бақылау мақсатында сатып алу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес таңдалған сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаға сынақ жүргізу үшін жіберіледі.

      12. Өнімді (тауарларды) сатып алу аяқталғаннан кейін бақылау және қадағалау органының лауазымды тұлғасы бақылау және қадағалау субъектісіне бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы хабарлайды және бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) басшысына және/немесе өкіліне (уәкілетті тұлғаға/қызметкерге) қызметтік куәлік пен бақылау мақсатында сатып алуды қағаз жеткізгіште не электрондық құжат нысанында өткізу туралы шешімді ұсынады және сатып алу актісін ұсынады.

      13. Бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) басшысы және/немесе өкілі (уәкілетті тұлға/қызметкер) сатып алу актісіне қол қоюдан бас тартқан жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі (сатып алу актісіне қол қоюдан бас тарту фактісін тіркейтін бейнежазба жүзеге асырылуы мүмкін). Сатып алу актісі және бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешімнің көшірмесін бақылау және қадағалау субъектісінің заңды мекенжайына, орналасқан жері немесе нақты мекенжайы бойынша оның тапсырылғаны туралы хабарламасы бар хатпен жіберіледі және хат жіберілген сәттен бастап тапсырылды деп есептеледі.

      14. Сатып алу актісіне қол қоюдан бас тарту оны өткізбеуге негіз болып табылмайды.

      15. Сатып алынған өнім (тауар) үлгілері бақылау және қадағалау субъектісі басшысының және/немесе өкілінің (уәкілетті тұлғаның/қызметкердің) қатысуымен бақылау және қадағалау субъектісінің аумағында жинақталады, буып-түйіледі және пломбаланады (мөрленеді).

      16. Өнім үлгілерін зертханаға тасымалдауды бақылау және қадағалау органы дербес немесе заңды тұлға немесе жеке тұлға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес таңдалған дара кәсіпкер ретінде жүзеге асырады.

      17. Бақылау және қадағалау субъектісі тәуелсіз сынақ жүргізу үшін өз бастамасы бойынша объектіде бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу кезінде үлгі алынған өнімнің (тауардың) сол партиясынан алынған өнімнің (тауардың) бақылау үлгісін сақтайды.

      Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелерін алу үшін үлгі қажетті мерзім ішінде өнім (тауар) өндірушісі белгілеген шарттарда объектіде сақталады.

      Бақылау үлгісін қалдыру туралы шешім қабылдауға және оны сақтауға бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға жауапты болады.

      18. Сынақтар мемлекетаралық нормативтік құжаттардың және Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарының, сондай-ақ өнімді (тауарларды) зерттеудің (сынаудың) қолданылатын әдістемелерінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      Сынақтар зерттеу әдістеріне арналған нормативтік құжаттамада белгіленген қажетті мерзімдерде жүргізіледі, бірақ 10 (он) жұмыс күнінен аспайды.

      19. Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша өнімді бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері туралы акт жасалады.

      Өнімді бақылау мақсатында сатып алу нәтижесі туралы актіде:

      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;

      2) бақылау және қадағалау органының атауы;

      3) бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге негіз болған бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешімнің күні мен нөмірі;

      4) бақылау мақсатында сатып алуды жүргізген тұлғаның (тұлғалардың) лауазымы және тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      5) бақылау мен қадағалау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;

      6) бақылау мақсатында сатып алудың жүргізу күні, орны және кезеңі;

      7) бақылау мақсатында сатып алудың нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;

      8) тексеру парағының атауы және бұзушылықтар анықталған талаптардың тармақтары;

      9) бақылау мен қадағалау субъектісі өкілдерінің, сондай-ақ бақылау мақсатында сатып алу жүргізу кезінде қатысқан адамдардың өнімді бақылау мақсатында сатып алудың нәтижелері туралы актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы;

      10) бақылау мақсатында сатып алу жүргізген лауазымды тұлғаның (тұлғалардың) қолтаңбасы көрсетіледі.

      Өнімге (тауарға) сынақ жүргізу нәтижелері өнімге сынау хаттамасымен (бұдан әрі – хаттама) расталады.

      Бақылау және қадағалау субъектісіне хаттамаларды алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өнімді бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері туралы акт және хаттамалардың көшірмелері жіберіледі. Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері туралы акт шығарылған күннен бастап бақылау мақсатында сатып алу аяқталған сәт болып есептеледі. Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері туралы акт сатып алу актісі жасалған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей шығарылады.

      20. Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберіледі.

      21. Өнімнің (тауардың) үлгілерін сынау нәтижелерінің қорытындылары бойынша адамның өміріне, денсаулығына және тіршілік ету ортасына қауіп төндіретін Қазақстан Республикасы техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайларда бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және техникалық реттеу саласындағы заңнамада көзделген тәртіппен өнімді алып қою түрінде жедел ден қою шараларын қолдана алады.

      Бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар бақылау нысанасы болып табылады. Бұл ретте жедел ден қою шаралары тексеру парақтарында белгіленген талаптардың бұзылуына қатысты ғана қолданылады.

      22. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімнің (тауардың) ықтимал тәуекелдері туралы халықты хабардар ету үшін ақпарат техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      23. Бақылау мақсатында сатып алу қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының ақпараттық өзара іс-қимылы жеке және заңды тұлғалардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға, заңды мүдделеріне зиян келтіру қаупін болғызбау мақсатында, одан әрі тиісті шаралар қабылдау үшін берілген өкілеттіктер шегінде жүргізіледі.

  Техникалық реттеу
саласында бақылау мақсатында
сатып алуды ұйымдастыру
және өткізу қағидаларға
қосымша

Бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешім

      20______ жыл "____"______                                     №_____

      Бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органның атауы

      ___________________________________________

      Техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге уәкілетті

      лауазымды тұлғалар

      ____________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол болған жағдайда))

      Бақылау мақсатында сатып алу жүргізілетін өнімнің (тауардың) атауы:

      _________________________________

      Өнімді (тауарды) бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу туралы шешім қабылдау

      үшін негіздеме

      _____________________________________

      Бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу кезінде сақталуына бағалау жүзеге

      асырылатын нормативтік құқықтық актілер, міндетті

      талаптар._______________________________________________________

      Шешімді мемлекеттік органның басшысы (орынбасары) қабылдады

      ______________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол болған жағдайда)), (қолы, мөр)

      Бақылау және қадағалау субъектісінің танысқаны туралы белгі

      ____________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады