Егіндікөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы Егіндікөл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 31 қаңтардағы № 8С16-2 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 6 ақпанда № 8692-03 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Егіндікөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Егіндікөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Егіндікөл аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Егіндікөл аудандық мәслихатының төрағасы К.Шинтемиров

  Егіндікөл аудандық
мәслихатының
2024 жылғы 31 қаңтардағы
№ 8C16-2 шешіміне
1-қосымша

Егіндікөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Егіндікөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Егіндікөл ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар Егіндікөл ауданының аумағында тұрақты тұратын және тіркелген адамдарға қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Егіндікөл ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – Егіндікөл ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Егіндікөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Егіндікөл аудандық мәслихатының 19.09.2024 № 8C23-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндер тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;

      6) 1 қазан – Қарттар күні;

      7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;

      8) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні;

      9) 1-2 қаңтар – Жаңа жыл.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) ең төмен күнкөріс деңгейіне екі еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыстың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей азаматтардың келесі санаттарына жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      басқа мемлекеттердің аумағында, атап айтқанда Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне:

      Ауғанстаннан басқа, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жылына 1 рет – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға жылына 1 рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға жылына 1 рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына және саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге жылына 1 рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 1 қазан – Қарттар күніне:

      ең төменгі және ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен зейнеткерлерге жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне:

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға жылына 1 рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 1-2 қаңтар – Жаңа жылға:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      11. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша көрсетіледі:

      1) кірістерді есепке алмағанда:

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) үш айдан кешіктірмей бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктер, бірінші типті қант диабеті, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру) бар адамдарға, жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне өтініш беруші ұсынған түбіртектердің көшірмелеріне сәйкес, алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен коммуналдық қызметтерді және телефон байланысы қызметтері үшін абоненттік төлемді төлеу шығындарына ай сайын 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      босатылған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      пробация қызметіне тіркелген күнінен бастап үш айдан кешіктірмей пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға, Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлық-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен санаторийге немесе госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан және емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      2) кірістерді ескере отырып бір рет:

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейіне екі еселік қатынаста шектен аспайтын, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдарға (отбасыларға) 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Егіндікөл ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      14. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Егіндікөл аудандық
мәслихатының
2024 жылғы 31 қаңтардағы
№ 8C16-2 шешіміне
2-қосымша

Егіндікөл аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Егіндікөл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С7-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5553 болып тіркелген).

      2. "Егіндікөл аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С7-3 "Егіндікөл ауданында Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2018 жылғы 12 қарашадағы № 6С29-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6897 болып тіркелген).

      3. "Егіндікөл аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С7-3 "Егіндікөл ауданында Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 6С38-2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7379 болып тіркелген).

      4. "Егіндікөл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С 7-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 қазандағы № 6С52-4 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8134 болып тіркелген).

      5. "Егіндікөл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С7-3 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 ақпандағы № 7С15-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26813 болып тіркелген).

      6. "Егіндікөл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 6С7-3 "Егіндікөл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Егіндікөл аудандық мәслихатының 2022 жылғы 25 қарашадағы № 7С28-2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30904 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады