"Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/123-VIII шешiмiне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы № 23/200-VIII шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 24 желтоқсанда № 225-17 болып тіркелді

      Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шымкент қаласы мәслихатының "Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/123-VIII шешiмiне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 202-17 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Шымкент қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов

  Шымкент қаласы
мәслихатының
2024 жылғы 12
желтоқсандағы
№ 23/200-VIII
шешіміне қосымша
  Шымкент қаласы
мәслихатының 2024 жылғы
19 наурыздағы №14/123-VIII
шешімімен бекітілген

Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шымкент қаласында әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 1-2-тармағына, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 183871 болып тіркелген) сәйкес әзiрлендi және Шымкент қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидалар Шымкент қаласының әкімдігімен әзірленді (бұдан әрі - әкімдік) және Шымкент қаласының мәслихатына бекітуге ұсынылды (бұдан әрі - мәслихат).

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шымкент қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – әкімдікпен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін Шымкент қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      13) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      14) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтiк көмек осы Қағидалардың 7-тармағы 1), 2) тармақшаларында көрсетілген негіздерді қоспағанда, Шымкент қаласында тiркелген және тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін әкімдік бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      7. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін әкімдік белгілейді және осы Қағидалармен бекітіледі.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      5) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      8. Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін мәслихат әкімдікпен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі

      11. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі:

      1) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      2) Заңның 5-бабында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      3) Заңның 6-бабында көрсетілген жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      4) Заңның 7-бабы 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген еңбек ардагерлері;

      5) Заңның 8-бабында көрсетілген адамдар;

      6) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылар;

      7) мүгедектігі бар адамдар;

      8) мүгедектігі бар балалар;

      9) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдар;

      10) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;

      11) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      12) туберкулездің жұқпалы нысанымен ауыратын адамдар;

      13) қатерлі ісіктері бар балалар;

      14) медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырған адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан (АИТВ) иммун тапшылығының синдромынан зардап шегетін адамдар, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері;

      15) ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан адамдар;

      16) дүлей апат салдарынан зардап шеккен азаматтар (отбасылар), (азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру);

      17) өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар (отбасылар), (азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру).

3-тарау. Мереке күндері мен атаулы күндердің тізбесі, сондай-ақ алушылардың жекелеген санаттары үшін мереке күндері мен атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмек мөлшері

      12. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      Заңның 5-бабында көрсетілген басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 45 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнi:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - 5 АЕК мөлшерінде;

      3) 26 сәуір - Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күні:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 45 АЕК мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 45 АЕК мөлшерінде;

      4) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:

      осы тармақтың 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК мөлшерінде;

      5) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 542 АЕК мөлшерінде;

      Заңның 7-бабы 3), 4) тармақшаларында көрсетілген еңбек ардагерлеріне – 15 АЕК мөлшерінде;

      6) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:

      осы тармақтың 10) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға - 5 АЕК мөлшерінде;

      7) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға– 45 АЕК мөлшерінде;

      8) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      мүгедектігі бар балаларға - 5 АЕК мөлшерінде;

      жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК мөлшерінде;

      9) 1 қазан – Қарттар күні:

      осы тармақтың 3) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 8-бабында көрсетілген адамдарға– 5 АЕК мөлшерінде;

      70 жасқа толған және одан асқан адамдарға – 3 АЕК;

      10) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 65 АЕК мөлшерінде.

4-тарау. Алушылардың жекелеген санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмек мөлшері

      13. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі жекелеген санаттарына ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі:

      1) дүлей апат салдарынан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері:

      азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде – 400 АЕК отбасына немесе отбасы болмаған жағдайда адамға;

      отбасы мүшелері қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - 100 АЕК;

      өрт салдарынан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері:

      азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде – 400 АЕК отбасына немесе отбасы болмаған жағдайда адамға;

      отбасы мүшелері қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне -100 АЕК құрайды.

      Әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан бір рет тағайындалады.

      2) туберкулездің жұқпалы нысанымен ауыратын адамдарға - ай сайын 10 АЕК мөлшерінде;

      3) қатерлі ісіктері бар балаларға - ай сайын 10 АЕК мөлшерінде;

      4) медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырған адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан (АИТВ) иммун тапшылығының синдромынан зардап шегетін адамдарға, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдеріне – ай сайын 24 АЕК мөлшерінде.

      5) шекті мөлшері 40 АЕК-ті құрайтын санаторийлік-курорттық емделуге жолдама беру түріндегі әлеуметтік көмек кезектілік тәртібімен, мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емделу көрсетілетін мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарына;

      жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушыларға ұсынылады.

      Санаторийлік-курорттық емделу орнына дейiнгi және керi қайту жолақысының құны санаторийлік-курорттық ем алушының жеке қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      Әлеуметтік көмек өтініш берушіге кезектілікке сәйкес күнтізбелік жылда бір рет көрсетіледі.

      6) 1,5 АЕК мөлшерінде баспасөз басылымдарына жазылу түріндегі әлеуметтік көмек жартыжылдықта бір рет:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне;

      еңбек ардагерлеріне беріледі.

      7) 2 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға беріледі.

      Әлеуметтік көмек өтініш берушіге өтініш берген айдан кейінгі айдан бастап ай сайын көрсетіледі.

      8) 5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      тірек-қимыл аппараты бұзылған бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларға;

      тірек-қимыл аппараты бұзылған жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға беріледі.

      Әлеуметтік көмек өтініш берушіге өтініш берген айдан кейінгі айдан бастап ай сайын көрсетіледі.

      9) Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емдеуде бірге алып жүру бойынша қызметтер көрсететін адамға (жеке көмекшіге) 40 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

      Жеке көмекшінің санаторийлік-курорттық ұйымында болу құнын өтеу күнтізбелік жылда бір рет беріледі.

      Алып жүрушінің жол жүру шығыстарын төлеу алып жүрушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      10) Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту түрінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек пробация қызметінің есебіне қойылған күннен бастап үш айдың ішінде көрсетіледі. Әлеуметтік көмек бір рет тағайындалады және қайта берілмейді.

      14. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      15. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға (немесе эектронды түрде geo-shym.kz геоақпараттық жүйе арқылы) немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат;

      ақталғандығы туралы фактісін растайтын құжат (прокуратура органдарымен берілген анықтама және (немесе) ақталғандығы туралы соттың шешімі);

      өтініш берушінің жалғыз тұру фактісін растайтын құжат (еркін нысандағы екі куәгерді (көршілерді) көрсете отырып жасалған акт);

      санаторийлік-курорттық ұйымда болу ақысын растайтын құжаттар (шот-фактура, төлем шоты);

      "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-175/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген № 026/е нысанды дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы;

      "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген № 068/е нысандағы жолдама алуға анықтама.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      16. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.

      Осы Қағидалардың 7-тармағы 1), 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.

      17. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      19. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      20. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      21. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      22. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тыңдаудың уақыты мен күнін белгілейді, ол:

      өтініш берушіні бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;

      ақпараттық жүйелерді пайдалану;

      өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырады.

      Өтініш беруші әкімшілік істі алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алдын ала шешімге қарсылығын білдіруге немесе айтуға құқылы.

      Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға тыңдау хаттамасын жүргізеді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға өтініш берушіні тыңдау хаттамасымен танысуға мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.

      Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.

      Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.

      23. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.

      Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.

      Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.

      Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.

      24. Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.

      25. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Шымкент қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      26. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      27. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      28. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      29. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      30. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      31. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:

      біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;

      ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.

      32. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      33. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.

      34. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.

      35. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.

      36. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады