Қарағанды облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облыстық мәслихатының 2024 жылғы 14 наурыздағы № 161 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 15 наурызда № 6570-09 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 2-2 тармағына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес Қарағанды облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қарағанды облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары бекітілсін.

      2. Қарағанды облыстық мәслихатының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі Х сессиясының № 221 "Қарағанды облысының аумағында жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 4384 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат төрағасы Н. Кобжанов

  Қарағанды облыстық мәслихатының
2024 жылғы 14 наурыздағы
№ 161
шешімге қосымша

Қарағанды облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қарағанды облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес әзірленді және Қарағанды облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібін жүзеге асырауды айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың барлық түрлері;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көпдеңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі;

      4) ветеринариялық паспорт – электрондық құжат түрінде берілетін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      5) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      6) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      7) жануарлар – омыртқалы жануарлар;

      8) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау;

      9) жануарлардың аса қауіпті аурулары – уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары.

2 тарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібі

      3. Ауыл шаруашылығы жануарлары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі ветеринариялық дауалаудың жүзеге асырылуын бақылау және қадағалау мақсатында әрбір жануарға қадағалау жүргізуге мүмкіндік беретін міндетті сәйкестендіруге жатады.

      4. Агроөнеркәсіптік ұйымдардың ауыл шаруашылығы жануарлары қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, тұрғын үй ғимараттарынан, мектептерден, медициналық және мектепке дейінгі мекемелерден, саябақтардан, хайуанаттар бақтарынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру, сауда және азық-түлік өнеркәсібі мекемелерінен, демалыс орындарынан, балалардың сауықтыру ұйымдары мен шипажайлардан, жасанды су айдындарынан, артезиан құдықтарынан, су көздерінен қашықта орналасқан арнайы жабдықталған панажайларда ұсталады.

      5. Жеке аулаларда ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтаған жағдайда қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, арнайы жабдықталған орындарда ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға рұқсат етіледі.

      6. Тұрғын үй қорының пәтерлерінде (көп қабатты тұрғын үйлер) ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді.

      7. Ауыл шаруашылығы жануарларын қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, су бұрқақтарда, су қоймаларында және су бөгеттерінде суаруға жол берілмейді.

      Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" № 16-07/307 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) жойылуға жатады.

      9. Тұрғын үй, өнеркәсіптік массивтер аумағында, темір жол, автомобиль магистральдарына маңында адамдардың сүйемелдеуінсіз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз жануарлар болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамауға жатады.

      Қамалған қараусыз жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      10. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау тәртібі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" № 16-02/701 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10183 болып тіркелген) белгіленген.

      11. Жеке және заңды тұлғалар жануарлар ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алуға мiндеттi. Ауыл шаруашылығы жануарларын асыраудың міндетті шарты болып аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық ұйымдарда диагностикалық зерттеуден өткізуі болып табылады.

      12. Ауыл шаруашылығы жануарлар иелері, жануалар науқастанған немесе ауруға күдікті туындаған барлық жағдайда ветеринарлық мекемеге хабарласып, тексеру нәтижелері бойынша маманның нұсқауын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      13. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері қора-жайдың белгілі бір микроклиматын (жануарлардың әртүрлі топтары үшін әртүрлі) құруды, жануарларға төсеніш материалдарын салуды, қора-жайларды жүйелі түрде тазалауды (оның ішінде көңді шығаруды, сақтауды) жүргізуді қамтитын зоогигиеналық жағдайларды сақтауы тиіс. Буаз жануарлар мен төлдерді ұстау гигиенасын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

      14. Союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай, ауыл шаруашылығы жануарларды өткiзу үшiн союға жол берілмейді.

      15. Ауыл шаруашылығы жануарларын сату, әкелу және әкету ветеринариялық құжатты рәсімдеген жағдайда ғана рұқсат етіледі (ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама).

      16. Диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық өңдеулер жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын ауыл шаруашылығы жануарларына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/700 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10223 болып тіркелген) карантиндеу жүргізу қажет.

      17. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінен тыс жерге орнын ауыстыру (тасымалдау) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/496 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11845 болып тіркелген) жүргізіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" № 7-1/453 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11898 болып тіркелген), ветеринариялық құжаттар арқылы сүйемелденеді.

      18. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады