Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2025 жылғы 15 қаңтардағы № 15-н/қ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 15 қаңтарда № 35644 болып тіркелді

      "Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8) тармақшасына және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсiн.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің міндетін атқарушы
С. Есимханов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
2025 жылғы 15 қаңтардағы
№ 15-н/қ бұйрығымен
бекітілген

Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, "Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және жылумен жабдықтау жүйелерін салудың, реконструкциялау мен жаңғыртудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) бюджеттік өтінім – шығыстар көлемін негіздеу үшін республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі кезекті жоспарлы кезеңге жасайтын құжаттар жиынтығы;

      2) жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жылу энергетикасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау – жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды экономикалық ынталандыру ретінде, жүзеге асырылатын өтеусіз және қайтарымсыз негізде бюджеттік субсидиялар беру;

      4) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу жеткізгішті өндіруге, тасымалдауға және пайдалануға арналған қондырғылар кешені;

      5) инвестициялық жоба – жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту жөнінде іс-шаралар жүргізуге бағытталған, қаржы институттарының және бюджеттік субсидияның қарыз қаражаты есебінен қаржы институттарымен келісім жасасқан заңды тұлғалар іске асыратын жоба;

      6) инвестициялық жобаны іске асыруға субсидия (бұдан әрі – субсидия) – жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржы институттарымен келісім жасасқан заңды тұлғаға республикалық бюджеттен берілетін бюджеттен қайтарымсыз төлемдер;

      7) капиталды көп қажет ететін шығыс – жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту бойынша субсидия алушының инвестициялық қызметіне шығыстар;

      8) қаржы институты – банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және халықаралық қаржы ұйымдары;

      9) ниет білдіру хаты – қаржы институтының инвестициялық жобаны іске асыру қажеттігінің негіздемесімен және алдын ала құнымен жоба жөніндегі іс-шараның қысқаша сипаттамасынан тұратын кредитті беру мүмкіндігі туралы хаты;

      10) оператор – конкурстық негізде айқындалған және оператордың республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісімен шарт жасасқан заңды тұлға;

      11) республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі (бұдан әрі – Әкімші) – уәкілетті орган;

      12) субсидия алушы – табиғи монополия субъектісі болып табылатын жылумен жабдықтау субъектісі;

      13) субсидиялауға арналған өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – оператордың қорытындысының негізінде жылумен жабдықтау саласындағы инвестициялық жобаға субсидия беру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган;

      14) үшжақты шарт – Әкімші, қаржы институты мен субсидия алушының арасында жасалатын субсидия беру арқылы қаржы институтының және республикалық бюджеттің қаражаты есебінен бірлесе қаржыландыруды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыру туралы шарт.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы жылу энергетикасы және табиғи монополиялар салаларындағы заңнамаға сәйкес қолданылады.

      3. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) техникалық негіздемені субсидиялау, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыруды қамтитын жылу энергетикасы саласындағы жобаларды техникалық қолдап отыру;

      2) капиталды көп қажет ететін шығыстарды субсидиялау, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жабдық, материалдар сатып алуға жұмсалатын шығыстар.

      Субсидия мерзімі өтіп кеткен қарыздық берешек бойынша есептелген және төленген пайыздарды төлеу жөніндегі шығындарды өтеуге, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу мақсатында, субсидия алушының шаруашылық қызметінің шығыстарын жабуға, оператор көрсеткен қызметке ақы төлеуге берілмейді.

      4. Субсидия қаржы институттарымен инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру шарттарында беріледі.

      Бұл ретте қаржы институтынан субсидия алушы кредитті қайта қаржыландырған жағдайларда субсидиялар берілмейді.

      5. Субсидияның көлемі жобаның жалпы құнының 50 % (елу пайызынан) және қаржы институты беретін кредит сомасынан аспайды.

      Бұл ретте берілетін субсидияның ең жоғары көлемі 15 (он бес) миллиард теңгеден аспайды.

      Субсидия бөлу тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.

      6. Бөлінген қаражатты тиімді және нысаналы пайдалануды қамтамасыз ету, инвестициялық жобаның тікелей көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ инвестициялық жобаның іс-шараларын орындау субсидиялаудың шарты болып табылады.

      7. Субсидияны алушы субсидияның қаражатын инвестициялық жоба мен үшжақты шартта көзделген мақсаттарға пайдаланады.

      8. Субсидия мынадай өлшемшарттар сақталған жағдайда беріледі:

      1) инвестициялық жобаның және инвестициялық жобада көзделген іс-шараларды іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;

      2) қаржы институтының қаражаты есебінен алынған қарыз есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы;

      3) есептеулермен және тиісті құжаттармен расталатын субсидияның экономикалық негізділігі;

      4) жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау мен жаңғырту кезінде энергия тиімділігі және ресурс үнемдеу жөнінде іс-шаралар жүргізу;

      5) бірыңғай техникалық саясатты, оның ішінде технологияларды, материалдар мен жабдықтарды қолдану;

      6) жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау мен жаңғырту кезінде отандық тауар өндірушілерін тарту.

      9. Субсидияны беру мынадай негіздерде жүзеге асырылады:

      1) Қаржы институты дайындаған инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық зерттеулеріне (бұдан әрі – ТЭЗ), субсидияны алушы дайындаған техникалық-экономикалық негіздемеге (бұдан әрі – ТЭН) және жобалау-сметалық құжаттамаға (бұдан әрі – ЖСҚ), және ТЭН мен ЖСҚ "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-1 бабына сәйкес кешенді ведомствадан тыс сараптама қорытындысына сәйкес жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды іріктеу;

      2) субсидия алушының ТЭН, ЖСҚ әзірлеуді жүзеге асыратын жеткізушіні және техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыратын ұйымды таңдау жөніндегі техникалық ерекшелікті (тапсырманы) оператормен келісуі.

      Бұл ретте субсидия алушы конкурстық немесе тендерлік құжаттама бекітілгенге дейін келісуді қамтамасыз етеді. Екі данада хатпен ресімделетін оператормен және қаржы институтымен келісу техникалық ерекшелікті (тапсырманы) қарау нәтижесі болып табылады;

      3) инвестициялық жобаға субсидия беру туралы шешім қабылдау үшін Әкімшіге ұсынылатын оператордың қорытындысы;

      4) инвестициялық жобаны орындауды талдаудың нәтижелері бойынша уәкілетті органның қорытындысы;

      5) Әкімші, қаржы институты мен субсидия алушының арасындағы үшжақты шарттың негізінде жүргізіледі, онда қарыз және субсидияларды беру және пайдалану кезінде тараптардың құқықтық қатынастары белгіленеді.

      Бұл ретте ақы төлеу қажеттілігін растайтын тиісті құжаттардың, оның ішінде орындалған жұмыстардың актілерінің, сәйкестік және сапа сертификаттарының, шот-фактуралардың және көрсетілген қызметтер, сатып алынған жабдықтар мен материалдар бойынша басқа да бухгалтерлік есептілік құжаттарының негізінде алдағы төлемдерге ақы төлеу жүргізіледі;

      6) субсидия алушының үшжақты шарттың талаптарын сақтауы;

      7) Республикалық бюджет комиссиясының шешімі.

      10. Үшжақты шарт мынадай негізгі талаптарды қамтуы тиіс:

      1) берудің мақсаты;

      2) субсидияның мөлшері;

      3) ұлттық валюта (теңге);

      4) субсидияның берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін субсидия алушы субсидияны пайдалана алатын игеру кезеңі;

      5) төлемдерді жүзеге асыру тәртібі;

      6) ақы төлеу мерзімдері;

      7) міндеттерді сақтамағаны үшін санкциялар;

      8) инвестициялық жобаның іске асырылуы мен қаржыландырылуын мониторингілеу;

      9) субсидия алушының инвестициялық жобаның іске асырылуына және қаржыландырылуына мониторинг жүргізу үшін операторға ақпарат ұсынуы.

2-тарау. Субсидия беру тәртібі

      11. Оператордың инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесін қалыптастыруы үшін қаржы институты Әкімшіге әлеуетті субсидия алушымен келісілген инвестициялық жобаның іс-шараларын қысқаша сипаттаумен, оның ішінде осы инвестициялық жобаларды іске асыру қажеттілігінің алдын ала есептелген құнын көрсете отырып кредит беру мүмкіндігі туралы ниет білдіру хатын жолдайды.

      Әкімші инвестициялық жобаларды қарау және оларды алдын ала тізбеге енгізу үшін 10 (он) жұмыс күні ішінде операторға ниет білдіру хатын жібереді.

      Оператор жобаларды алдын ала тізбеге енгізу үшін жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 наурызына дейінгі мерзімде ниет білдіру хатын қабылдауды жүзеге асырады.

      Оператор инвестициялық жобалардың алдын ала қалыптастырылған тізбесін келіп түскен күннен бастап 5 (үш) жұмыс күні ішінде комиссияның қарауына жолдайды.

      12. Инвестициялық жобаларды іріктеу үшін Әкімші, Әкімшісінің құрылымдық бөлімшерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Әкімшісінің қоғамдық кеңесінің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің өкілдерін қоса алғанда, тәуелсіз байқаушылар кіретін кемінде 7 (жеті) адамнан тұратын, комиссия құрады.

      Әкімшінің басшысы комиссияның төрағасы болып табылады.

      Комиссияның хатшысы Әкімшінің қызметкерлерінің ішінен анықталады. Комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      Комиссияның хатшысы төрағамен келісу бойынша комиссияның отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, отырыстың өткізілетін орнын, күнін және уақытын белгілейді, комиссияның мүшелеріне алдағы өтетін отырыс туралы хабарлайды, комиссияның мүшелеріне отырысты өткізу үшін қажетті материалдарды ұсынады.

      Комиссияның отырысы, егер оған оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      Комиссияның мүшесі, егер оның тікелей немесе жанама мүдделігі болса, отырысқа қатыспайды және бас тартуға тиіс (өздігінен бас тартады).

      Комиссия мүшесінің өздігінен бас тартуы (бас тарту) туралы шешімді комиссия жазбаша нысанда, отырыстарға қатысып отырған оның мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылдайды және Комиссия мүшесінің қатысуымен жария етіледі.

      13. Комиссия 10 (он) жұмыс күні ішінде инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесін қарайды. Инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесіне енгізілген инвестициялық жобалар мақұлданған кезде комиссия хатшысы комиссия инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесін қарау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей операторға жазбаша хабарлама жібереді.

      Оператор хабарлама келіп түскен сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде субсидия алушыны субсидия алуға өтінімді қалыптастыру қажеттігі туралы хабардар етеді.

      14. Жылумен жабдықтау жүйелерін салу, реконструкциялау мен жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін субсидия алушы қаржы институтымен бірлесіп, комиссия мақұлдаған инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесінің шеңберінде субсидия алуға арналған өтінімді қалыптастырады және Әкімшіге береді.

      Субсидия алуға арналған өтінім мынадай құжаттарды қамтиды:

      1) бірінші басшы не оны алмастыратын адам қол қойған титулдық бланкiдегі субсидия алушының iлеспе хаты;

      2) инвестициялық жобаның ТЭЗ және кредит мөлшерінің негіздемесімен қоса, Қаржы институтының ілеспе хаты;

      3) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жобаның паспорты;

      4) қаржы институты мен субсидия алушының арасындағы келісім;

      5) ТЭН, ЖСҚ әзірлеуді жүзеге асыратын жеткізушіні және техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыратын ұйымды таңдау жөніндегі техникалық ерекшелікті (тапсырманы) оператормен келісуді растайтын құжат;

      6) кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қорытындысы бар ТЭН және (немесе) ЖСҚ;

      7) жылумен жабдықтау схемалары және жылумен жабдықтау бойынша инвестициялық негіздемелер;

      8) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 13 және 14-тармақтарына сәйкес табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық жобаны бекіту туралы бұйрығының көшірмесі;

      9) өтінім берген сәтте мемлекеттік кірістер органдарында есепке алынатын субсидия алушының берешегі жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiметтер;

      10) қаржылық үлгі;

      11) өтінім берген сәтте субсидия алушының мерзімі өтіп кеткен берешектің жоқ екендігі туралы банк анықтамасы;

      12) банк-кредиторлардың субсидия алушының басқа да қарыздар алуына келісімі туралы растау;

      13) қаржы институты мен субсидия алушының арасындағы кредиттік шарт;

      14) субсидия алушының ағымдағы және екі өткен есептік кезең ішіндегі бухгалтерлік баланс;

      15) субсидия алушының ағымдағы және екі өткен есептік кезең ішіндегі ақшалай қаражаттың қозғалысы туралы есеп;

      16) субсидия алушының ағымдағы және екі өткен есептік кезең ішіндегі кірістер мен шығыстар туралы есеп;

      17) субсидия алушының ағымдағы және екі өткен есептік кезең ішіндегі түсім, өзіндік құн, басқа кірістер баптарының мағынасын ашу;

      18) қаржылық көмек алуды растайтын толық жазба;

      19) салалық сараптаманың қорытындысы.

      20) жергілікті атқарушы органның уәкілетті органның бірінші басшысының немесе оны алмастыратын адамның қолымен расталған тиісті өңірдегі орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу қуаты тапшылығының (профицитінің) болуы туралы мәліметтер;

      21) жергілікті атқарушы органның уәкілетті органның бірінші басшысының немесе оның алмастыратын адамның қолымен расталған тиісті өңірдегі жылумен жабдықтау жүйесінің тозуы туралы мәліметтер.

      15. Әкімші субсидия алуға өтінім түскен сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде операторға субсидия алушы ұсынған құжаттар топтамасын қоса бере отырып, субсидия алуға өтінімді қарау қажеттілігі туралы хат жолдайды.

      Оператор субсидия алуға өтінімді қарау қажеттілігі туралы хат түскен сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын және дұрыс толтырылуын тексереді және субсидия алуға өтінімді тіркейді. Өтінімде тіркеу күні мен тіркеу нөмірі қойылады.

      16. Ұсынылған құжаттар толық болмағанда және (немесе) дұрыс толтырылмаған кезде оператор өтінімді қарау қажеттігі туралы хат түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей өтінімге қоса берілген құжаттар топтамасын оператордың ескертулерін толық жойғанға дейін субсидия алушыға қайтарады.

      17. Субсидия алушы ұсынылған құжаттардың толық емес және (немесе) дұрыс толтырылмағаны туралы оператор хабардар берген сәттен бастап оператордың ескертулерін ескере отырып, 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде оператор құжаттар топтамасын қабылдайды және субсидия алуға арналған өтінімді қайта тіркейді.

      Субсидия алушы ұсынылған құжаттардың толық емес және (немесе) дұрыс толтырылмағаны туралы оператор хабардар берген сәттен бастап оператордың ескертулерін жоя отырып, 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттар топтамасын ұсынбаған кезде оператор бұл туралы Әкімшіге жазбаша хабарлайды.

      Осы тармақта көрсетілген рәсімді сақтамау субсидия беруден бас тартуға негіз болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес оператор субсидия алушыға бас тарту туралы алдын ала шешімге ұстанымын білдіруге (тыңдауға) мүмкіндік береді, ол туралы субсидия алушы шешім қабылданғанға дейінге 3 (үш) жұмыс күннен дейінгі кешіктірмей хабардар етіледі.

      Тыңдау рәсімі ҚР ӘРПК 73-бабына сәйкес жүргізіледі.

      18. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген құжаттардың және расталған көздерден (ресми статистикалық ақпарат, мемлекеттік органдардың интернет-сайттары, өңірлердің бекітілген даму жоспарлары) алынған ақпараттардың негізінде оператор субсидияны ұсыну мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытындыны қалыптастырады.

      Субсидия беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды мыналарды қамтиды:

      1) бекітілген өлшемшарттар (негізгі құралдардың тозуын төмендету, нормативтік техникалық ысырыптарды қысқарту, шикізаттар, материалдар, отын, энергия шығыстарының нормаларын төмендету, көрсетілетін реттелетін қызметтердің көлемін арттыру және сапасын жоғарлату) бойынша жобаның экономикалық және әлеуметтік маңыздылығын бағалау;

      2) замануи технологияларды, материалдарды, жабдықтарды қолдану және оларды бағалау нәтижелері бойынша инвестициялық жобаның техникалық тапсырмасын бағалау;

      3) жылумен жабдықтау жүйелерін салу және (немесе) реконструкциялау және (немесе) жаңғырту кезінде отандық тауар өндірушілерді тарту туралы ақпарат;

      4) жылумен жабдықтау жүйелерін салу және (немесе) реконструкциялау және (немесе) жаңғырту кезінде энергия тиімділігі және ресурс үнемдеу бойынша қосымша іс-шаралар жүргізу туралы ақпарат;

      5) инженерлік инфрақұрылым мен жабдықтардың тозуы туралы ақпарат.

      Бұл ретте тозу деңгейі үш тәуекел тобына бөлінеді:

      тәуекелдің бірінші тобы – тозу деңгейі 65 %-дан (алпыс бес пайыздан) жоғары;

      тәуекелдің екінші тобы – тозу деңгейі 55 %-дан (елу бес пайыздан) 65 %-ға (алпыс бес пайызға) дейін;

      тәуекелдің үшінші тобы – тозу деңгейі 55 %-ға (елу бес пайызға) дейін;

      Субсидия беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытындыны қалыптастыру кезінде тәуекел топтарына сәйкес басымдық қарастырылады;

      6) тиісті өңірді орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу қуатының тапшылығының (профицитінің) болуы туралы ақпарат.

      Субсидия беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытындыны қалыптастыру кезінде тиісті өңірді орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу қуаты тапшылығының немесе профицитінің болуына сәйкес басымдылық қарастырылады;

      7) ағымдағы қаржылық жағдайды бағалау, оның ішінде қызмет түрлері, тарифтер бойынша көрсетілетін қызмет көлемі мен тұтынушылар топтары бойынша жіктелетін тарифтердің барлық түрлерін қамтитын, есептік жылдың және алдыңғы екі кезеңнің ішіндегі операциялық көрсеткіштерін бағалау, сондай-ақ жобаның тарифке әсерін көрсете отырып субсидияны әлеуетті алушының қаржылық үлгісін бағалау;

      8) мынадай өлшемшарттар бойынша субсидия алуға арналған өтінімді бағалау:

      өтінімнің субсидияны пайдаланудың нысаналы мақсатына сәйкестігінің немесе сәйкессіздігінің нәтижелері;

      субсидия алудың қолданыстағы шарттарына сәйкестігінің немесе сәйкессіздігінің нәтижелері;

      субсидия сомасының сәйкестігінің немесе сәйкессіздігінің нәтижелері.

      19. Субсидия берудің мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы өтінімді қарау және оны комиссияның қарауына енгізу мерзімі субсидия алуға арналған өтінім тіркелген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды.

      20. Оператордың субсидияны ұсыну мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қағаз түрінде берілген қорытындысына оператордың бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам субсидияны ұсыну мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды қалыптастырылғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      21. Оператор субсидия беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытындыға қол қойылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде комиссияның алдағы отырысының күн тәртібіне енгізу үшін комиссия хатшысына тиісті қорытынды ұсынады.

      22. Комиссия 15 (он бес) жұмыс күні ішінде субсидия алушылардың есептеулеріне объективті және жан-жақты бағалау жүргізеді, республикалық бюджет қаражаты есебінен субсидиялау мүмкіндігін есептейді және комиссияның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен үшжақты шарт жасасудың орындылығы туралы ұсынымдар шығарады.

      Комиссия отырысының қорытындысы бойынша комиссия төрағасы мен мүшелері хаттамаға қол қойғаннан кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей оң немесе теріс ұсыныммен (еркін нысанда) хаттама ресімделеді және комиссия хатшысы оператор мен Әкімшіге береді.

      23. Субсидия алушының құжаттары осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген қажетті нормаларға сәйкес келмеген кезде, Әкімші комиссия отырысының хаттамасы қалыптастырылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша түрде қайтару себептерін көрсете отырып, ескертулерді толық жою үшін субсидия алушыға хабарлама жолдайды.

      Субсидия алушы хабарлама түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ескертулерді жояды және операторға осы Қағидалардың 21 және 22-тармақтарында белгіленген тәртіппен есеп айырысуларды қайта қарау үшін жолдайды.

      24. Комиссияның ескертулері жойылмаса, құжаттар қайта қарауға енгізілмесе немесе осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес комиссияның қайта қарауына енгізу мерзімдері бұзылған кезде комиссия теріс ұсынымдармен тиісті хаттаманы ресімдей отырып, субсидия алушының құжаттарын қарауды тоқтатады.

      25. Комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, Әкімші комиссия отырысының хаттамасы ресімделген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей оң немесе алдын ала теріс шешім қалыптастырады.

      26. Оң шешім болған кезде Әкімші:

      комиссия отырысы хаттамасының көшірмесін қоса бере отырып, операторға шешім ресімделген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қаржы институтымен және субсидия алушымен үшжақты келісім (шарт) жасасуға әзірлігі туралы жазбаша нысанда хабарлама жібереді;

      субсидия алушыға хабарлама жіберілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде бюджеттік өтінімді қалыптастырады және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

      27. Алдын ала теріс шешім болған кезде Әкімші ҚР ӘРПК 73-бабына сәйкес субсидия алушыға алдын ала теріс шешімге өз ұстанымын білдіруге (тыңдауға) мүмкіндік береді, бұл туралы субсидия алушыға алдын ала теріс шешім қалыптастырылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күн ішінде, бірақ теріс шешім қабылданғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама жолдайды.

      Тыңдау рәсімі ҚР ӘРПК-ның 73-бабына сәйкес жүргізіледі.

      Тыңдау қорытындысы бойынша:

      оң шешім қабылдаған кезде Әкімші осы Қағидалардың 26-тармағында көзделген шараларды қабылдайды;

      теріс шешім қабылданған кезде Әкімші алдын ала теріс шешімге тыңдау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде субсидия алушыға және бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жазбаша нысанда хабарлама жолдайды.

      Оператор қаржы институтының және (немесе) субсидия алушының жазбаша талап етуі бойынша субсидия алуға арналған өтінішті қоспағанда, олар ұсынған құжаттарды қайтарады. Бұл ретте оператор ресімдеген материалдар (есептеулер, сауалдарға жауаптар) қаржы институтына және (немесе) субсидия алушыға берілмейді. Қайтарылған құжаттардан көшірмелер жасалуға және субсидия алуға арналған өтінім жөніндегі құжаттар жинағына тігілуге тиіс.

      28. Комиссияның оң шешімі болған кезде субсидия берудегі теріс шешімнің себептері:

      инвестициялық жобаны іске асыруға субсидия бөлуге арналған шығындарды қаржыландырудағы Республикалық бюджет комиссиясының теріс шешімі;

      тиісті қаржылық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңында инвестициялық жобаны іске асыруға субсидия бөлуге арналған қаржыландырудың болмауы.

      29. Республикалық бюджеттік комиссиясы хаттамасының негізінде Әкімші, қаржы институты және субсидияны алушы арасында үшжақты шарт жасалады.

      30. Жылумен жабдықтау саласын жаңғырту мен дамыту саласында субсидиялау кезінде оператор Әкімшімен және қаржы институтымен жасалған шарттың (келісімшарттың) шеңберінде инвестициялық жобалардың іске асырылуына бақылау мен мониторинг жүргізеді.

      31. Операторға көрсеткен қызметтерінің ақысын төлеу оператордың функцияларын жүзеге асыруға арналған Әкімшімен жасалған шартқа (келісімшартқа) және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау кезінде оператор көрсеткен қызметтер құнының есептеуіне сәйкес жүргізіледі.

      32. Жабдықтардың құны мен белгіленген қуаты бөлігінде бекітілген жобалау-сметалық құжаттамадан инвестициялық жоба бойынша бөлігінде кез келген өзгерістер мен ауытқуларға оператормен алдын ала жасалған келісім бойынша рұқсат етіледі.

      Оператор құжаттарды алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушіге инвестициялық жоба бойынша жазбаша келісім береді не бас тарту туралы уәжді жазбаша жауап жібереді.

3-тарау. Инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингін жүзеге асыру

      33. Оператор субсидиялау бағдарламасы шеңберінде инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторингі жүргізу мақсатында және субсидия қаражаты есебінен іске асырылатын жылумен жабдықтау жүйелерінің салаларын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру және объектілерді көзбен шолып тексеру үшін жарты жылда кемінде бір рет объектілерге барады.

      34. Объектілерге көзбен шолып тексеру жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру фото және бейнетүсірілім құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      35. Объектілерге көзбен шолып тексеру жүргізудің және инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты барысын тексерудің қорытындылары бойынша оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде растайтын фото және бейнематериалдарды қоса бере отырып, объектіні нақты тексеру (қарап тексеру) туралы есеп жасайды және Әкімшіге жібереді.

      36. Мониторингті оператор көзбен шолып тексеру және субсидияны алушы ұсынған инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы есептің негізінде жүргізеді, ол мынадай:

      растайтын құжаттарды ұсына отырып, негізгі жұмыстардың әр түрі бойынша жоспарланған көлемге қатысты орындалған жұмыстардың нақты көлемі бойынша;

      сәйкестік және сапа сертификатын ұсына отырып, жоспарланған жабдықтар мен материалдардың әр түрі бойынша берілген жабдықтар мен материалдардың нақты көлемі бойынша ақпаратты қамтиды.

      Инвестициялық жобаны іске асыру туралы есеп өндірістің жағдайын және алаңдағы жұмыстардың барысын көрсететін фото және бейнематериалдарды қамтиды.

      37. Субсидияларды алушы инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы есепті осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес ай сайын және жылдың қорытындысы бойынша электрондық нысанда және қағаз жеткізгіште мынадай мерзімдерде ұсынады:

      есептік ай үшін – есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен (оныңшы) кешіктірмей;

      есептік жыл үшін – есептік қаржы жылынан кейінгі жылдың 10 (оныңшы) ақпанынан кешіктірмей.

      38. Оператор субсидияларды алушының ұсынған инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы ақпаратын жинауды, өңдеуді, жинақтауды және талдау жасауды жүзеге асырады. Жүргізілген талдаудың қорытындылары бойынша оператор инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы жиынтық есепті қалыптастырады және Әкімшіге мынадай мерзімдерде жібереді:

      есептік ай үшін – есептік кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен (жиырмасыншы) кешіктірмей;

      есептік жыл үшін – есептік қаржы жылынан кейінгі жылдың 20-ақпанынан (жиырмасыншы) кешіктірмей.

      39. Оператордың жиынтық есебі Әкімшіге электрондық нысанда және қағаз жеткізгіште ұсынылады. Оператордың қағаз жеткізгіште ұсынған жиынтық есебіне оператордың басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды.

      40. Қаржы институтымен бірлесіп қаржыландыру шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобаны қаржыландыруға мониторингті жүзеге асыру мақсатында оператор субсидияларды алушыдан ақпаратты, мәліметті және құжаттаманы сұратады және алады.

      Субсидияларды алушы операторға осы Қағидаларда, сондай-ақ субсидияларды төлеу туралы үшжақты шарттың талаптарында көрсетілген тәртіпте және мерзімдерде инвестициялық жобаларды қаржыландыруға шынайы және объективті мониторинг жүргізу үшін ақпаратты ұсынады.

  Жылумен жабдықтау жүйелерін
салуды, реконструкциялау мен
жаңғыртуды субсидиялау
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

      Жоба паспорты

Жобаның атауы


Субсидияға арналған өтінім бойынша ілеспе хаттың деректемелері (тіркелген күні және тіркеу нөмірі, өтінімге қол қойған қарыз алушының уәкілетті адамының Тегі, Аты, Әкесінің аты (болған кезде)


Субсидияның сомасы, мың теңге


Бюджеттік бағдарлама

Субсидия алушы


Нөмірі


Атауы


Жобаның жалпы сомасы, мың теңге


Субсидия алушы (заңды тұлғаның атауы)


Жоба бойынша ақпарат

Іс-шараның атауы

Құны, барлығы, мың теңге
оның ішінде іске асыру жылдары бойынша

20ХХ

20ХХ+1

20ХХ+n

1





Бюджеттік субсидияның мерзімі


Қаржы институтының кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесі


Кредит бойынша қамтамасыз ету


Объектіні салу және (немесе) реконструкциялау және (немесе) жаңғырту орны


Жоба бойынша, оның ішінде инвестициялық жобаны іске асырудан күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсер туралы ақпарат (негізгі құралдардың тозуын төмендету; нормативтік техникалық ысырапты азайту; шикізатты материалдарды, отынды, энергия жұмсау нормаларын азайту; ұсынылатын реттелетін қызметтердің көлемін ұлғайту және сапасын арттыру)


Қаржы институтының өкілі

Тегі


Аты


Әкесінің аты (болған кезде)


Лауазымы


Мекенжайы


Байланыс телефондары

ұялы телефон

қалалық телефон



Факс


Электрондық пошта


Субсидияларды алушының (табиғи монополиялар субъектісінің) өкілі

Тегі


Аты


Әкесінің аты (болған кезде)


Құрылымдық бөлімшенің атауы


Лауазымы


Мекенжайы


Байланыс телефондары

ұялы телефон

қалалық телефон



Факс


Электрондық пошта


Қосымша ақпарат


  Жылумен жабдықтау жүйелерін
салуды, реконструкциялау мен
жаңғыртуды субсидиялау
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау кезінде оператор көрсететін қызметтердің құнын есептеу

      1. Оператор көрсететін қызметтердің құны жыл сайын бекітілген жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және дамыту жөніндегі ұйымның даму жоспарының негізінде тиісті жылға немесе оның қаржы-шаруашылық қызметін жоспарлауды қамтамасыз ететін басқа қаржы құжатында қайта қаралады.

      2. Көрсетілетін қызметтер құнын айқындаудың тәртібі.

      Оператор көрсеткен қызметтердің құны мынадай негізде айқындалады:

      1) жоспарлы шығындарға негізделген бір адам-сағат құны;

      2) көрсетілетін қызмет құнын есептеу үшін айқындалған табыс нормалары;

      3) еңбек нормалары;

      4) қаржыландыруды іріктеуге, мониторингілеуге және іске асыруға жататын инвестициялық жобалардың саны.

      3. Бір адам-сағаттың жоспарлы құны мынадай формула негізінде есептеледі:

      ЖҚбір = ЖӨСаны х (ЖК х 8) х 1 + ТН

     


      мұнда:

      ЖҚбір – бір адам-сағаттың жоспарлы құны, адам-сағатқа мың теңге;

      ЖӨ – тиісті кезең ішінде көрсетілетін қызметтердің жоспарлы өзіндік құны, мың теңге;

      Саны – оператордың тартылған жұмыскерлерін және өндірістік персоналының саны, адам;

      ЖК – жоспарланған кезеңдегі жыл ішіндегі жұмыс күндерінің саны, күндердегі (жұмыс уақыты теңгеріміне сәйкес аптасына 40 сағат бойынша, 2017, 2018 жылдары);

      ТН – табыс нормасы, пайыз.

      4. Жоспарлы табыс нормасы тиісті жылдың жоспарлы өзіндік көрсетілетін қызметтеріне оператордың инвестициялық жоспарының арақатынасы ретінде айқындалады.

      5. Оператордың көрсететін қызметтерінің табыс нормасын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес оператор әзірлейді және бекітеді.

      6. Оператор көрсететін қызметтердің құнын айқындау.

      Оператордың бір жобаға көрсеткен қызметінің құны төменде келтірілген формулаға сәйкес анықталады:

      Қб = ЖҚб × ЕН,

      мұнда:

      Қб – Оператордың 1 жобаға көрсететін қызметінің бағасы, мың теңге;

      ЖҚб – бір адам-сағаттың жоспарлы құны, адам-сағатқа мың теңге;

      ЕН – көрсетілетін қызмет бірлігінің еңбек нормасы, адам-сағат.

      Оператордың көрсеткен қызметтеріне арналған бюджет қаражатын жоспарлау мақсаттары үшін мынадай формула қолданылады:

      Ққ = Қб × Саны,

      мұнда:

      Ққ – көрсетілетін қызметтердің құны, мың теңге;

      Қб – 1 жобаға көрсетілетін қызмет бағасы, мың теңге;

      Саны – инвестициялық жобалардың саны.

  Жылумен жабдықтау жүйелерін
салуды, реконструкциялау мен
жаңғыртуды субсидиялау
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

      Ұсынылады: Республикалық бюжеттік бағдарламаның әкімшіге

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысан интернет – ресурста орналастырылған: www.gov.kz

      Әкімшілік нысанның атауы: Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы ақпарат

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанның индексі: 1-ИЖІ

      Кезеңділік: ай сайын

      Есептік кезең 20___ жыл ____________

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсынатын тұлғалар тобы: субсидия алушы, оператор

      Субсидия алушының атауы:___________________________________

      Әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанды ұсыну мерзімі: есепті айдан кейінгі айдың 20-шы (жиырмасыншы) күнінен кешіктірмей

      Субсидия алушының ЖСН/БСН: __________________

      Жинау әдісі: қағаз жеткізгіште, электронды түрде

      Субсидия алушының Әкімшілік-аумақтық объектілері сыныптаушының коды: _____________

Жобаның атауы

Жобалау-сметалық құжаттамабойынша жобаның жалпы құны, мың теңге

Жобаны іске асыру кезеңі

Техникалық-экономикалық негіздемеге немесе жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес нақты алғанда жұмыстың көлемі (іс-шаралар, құрауыштар)

жұмысты бастау мерзімі

жұмысты аяқтау мерзімі

Орындалған жұмыстардың қысқаша сипаттамасы, жұмыстарды орындалмау себептері

іс-шараның атауы

Жобалау-сметалық құжаттама бойынша құрауыштың атауы

Өсу қорытын дысымен нақты орындау

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының графигіне сәйкес жоспар

факт

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының графигіне сәйкес жоспар

факт

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

      Атауы: ______________________

      Мекенжайы: __________________

      Телефоны: ____________________

      Электрондық пошта мекенжайы: ___________________________________

      Орындаушы: ____________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) байланыс телефоны

      Басшы: _________________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) байланыс телефоны

      Ескертпе: Нысанды толтыру бойынша түсіндірме осы нысанға қосымшада көрсетілген. 

  "Инвестициялық жобаларды
іске асыру барысы
туралы ақпарат"
әкімшілік деректерді жинауға
арналған нысанға
қосымша

"Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы ақпарат" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды толтыру бойынша түсіндірме

      1. "Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы ақпарат" нысаны (бұдан әрі – Нысан) жылумен жабдықтау жүйелерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі аясында әкімшілік деректерді жинауға арналған.

      2. Нысан мынадай үлгіде толтырылады:

      "№" 1-бағанында нөмір ретпен көрсетіледі. Келесі ақпарат ретімен нөмірленуі керек;

      "Жобаның атауы" 2-бағанында жобалау-сметалық құжаттамаға кешенді ведомствадан тыс сараптамаға сәйкес жобаның атауы көрсетіледі;

      "Жобалау-сметалық құжаттама бойынша жобаның жалпы құны, мың теңге" 3-бағанында жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік және (немесе) кешенді ведомстводан тыс сараптамаға сәйкес жобаның жалпы құны (жобалық-іздестіру жұмыстарын ескере отырып) көрсетіледі;

      "Жобаны іске асыру кезеңі" 4-бағанында жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік және (немесе) кешенді ведомстводан тыс сараптамаға сәйкес құрылыс басталғаннан бастап аяқталғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңі жылдар бойынша көрсетіледі;

      "Іс-шараның атауы" 5-бағанында жобалау-сметалық құжаттамаға және (немесе) кешенді ведомстводан тыс сараптамаға сәйкес жоба бойынша жұмыстардың атауы (реконструкция және (немесе) салу) көрсетіледі;

      "Жобалау-сметалық құжаттама бойынша құрауыштың атауы" 6-бағанында инвестициялық жоба бойынша жоспарланған реконструкция және (немесе) салу жұмыстары.

      "Өсу қорытындысымен нақты орындау" 7-бағанында 6-бағанда көрсетілген іс жүзінде орындалған жұмыстар көрсетіледі;

      "Жұмысты бастау мерзімі", "Құрылыс-монтаждау жұмыстарының графигіне сәйкес жоспар", "факт" 8-бағанында жұмысты бастаудың жоспарланған мерзімі көрсетіледі;

      "Жұмысты аяқтау мерзімі", "Құрылыс-монтаждау жұмыстарының графигіне сәйкес жоспар", "факт" 9-бағанында жұмыстың іс жүзінде аяқтаудың мерзімі көрсетіледі;

      "Орындалған жұмыстардың қысқаша сипаттамасы, жұмыстарды орындамау себептері" 10-бағанында есепті айда орындалған жұмыстың көлемі, сондай-ақ сот талқылауы, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты қайтадан жариялау, құрылыс-монтаждау жұмыстарының графигінен артта қалу сияқты проблемалық мәселелер (орын алған кезде) көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады