Оқыту бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын және осындай оқытудан өткені туралы сертификат нысанын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 90 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 сәуірде № 36042 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 28-2-бабы 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптар;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру қағидалары;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытудан өткені туралы сертификаттың нысаны бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 29 сәуірдегі
№ 90 Бұйрығына
1-қосымша

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптар

      1. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту бағдарламасы сегіз модульден және бір тренингтен тұрады:

      1) "Тәлімгерлік және оның түрлері туралы жалпы ақпарат" модулі;

      2) "Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің ерекшеліктері" модулі;

      3) "Тәлімгер деген кім?" модулі;

      4) "Жасөспірімдік жастың ерекшеліктері" модулі;

      5) "Тәлімгерлік процесіндегі өзара әрекеттесу" модулі;

      6) "Қақтығыстар және оларды шешу" модулі;

      7) "Тәлімгерлік процесінде эмоционалды қажу және оның алдын алу" модулі;

      8) "Тәлімгердің баламен қарым-қатынасындағы маңызды тақырыптар" модулі;

      9) "Тәлімгерлер мектебі" тренингі.

      2. Әр модульде бейне дәріс және электронды оқу құралы бар.

      Бір модульді зерттеуге күніне кемінде бір академиялық сағат бөлінеді, бір академиялық сағат 60 минутты құрайды.

      3. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту ұзақтығы екі аптадан аспайды.

      4. "Тәлімгерлік және оның түрлері туралы жалпы ақпарат" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту бағдарламасының мазмұны, мақсаттары мен міндеттері;

      тәлімгерліктің қысқа және ұзақ мерзімді мақсаттары;

      тәлімгерге қойылатын талаптар;

      тәлімгерліктің формалары мен түрлері;

      тәлімгерліктің балаға әсері (эмоционалды жағдай, қарым-қатынас, сенімділік, тәуелсіздік);

      тәлімгерлерді сүйемелдеу.

      5. "Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің ерекшеліктері" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің ерекшеліктері;

      қарым-қатынас дағдыларының болмауы;

      тіркеменің бұзылуы;

      психологиялық жарақаттардың салдары;

      "тәлімгер-бала" жұбындағы шиеленіс көздері;

      бейімделу процесі.

      6. "Тәлімгер деген кім?" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      тәлімгер кім және қалай тәлімгер болуға болады?;

      кім тәлімгер бола алады?;

      тәлімгердің міндетті жеке қасиеттері;

      тәлімгердің мақсаттары;

      тәлімгердің міндеттері.

      7. "Жасөспірімдік жастың ерекшеліктері" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      жасөспірім деген кім?;

      жасөспірімдік жастың ерекшеліктері;

      жеке тұлғаны қалыптастыру;

      өзін-өзі растау және жеке шекараларды қорғау;

      басқалармен өзара әрекеттесу тәсілдері;

      қақтығысты мінез-құлық;

      мағыналық кедергі феномені;

      жасөспірімнің клиптік ойлауы;

      жасөспірімнің өміріндегі гаджеттер.

      8. "Тәлімгерлік процесіндегі өзара әрекеттесу" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      тәлімгерлік процесіндегі өзара әрекеттесу кезеңдері;

      тәлімгерді баламен таныстыру;

      кездесулер арасында тәлімгердің баламен қашықтан байланысы;

      тәлімгердің баламен қарым-қатынасының терең процесі: қарым-қатынас дағдыларын үйрету, өзін-өзі бағалауды арттыру, өзін-өзі бағалауды тану, бейімделу деңгейін арттыратын дағдыларды игеруге көмектесу, оқытуға көмектесу, кәсіби бағдар;

      балаға тәлімгерлік процесін аяқтау;

      баланың өміріндегі тәлімгердің рөлі.

      9. "Қақтығыстар және оларды шешу" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      "эмоционалды интеллект" ұғымының анықтамасы;

      эмоционалды интеллекттің адам өміріне әсері;

      эмоционалды және әлеуметтік интеллекттің байланысы;

      сана арқылы эмоционалды интеллектті дамыту;

      эмоционалды зейінді дамыту;

      әлеуметтік зейін арқылы эмоционалды интеллектті дамыту;

      қарым-қатынасты басқару арқылы эмоционалды интеллектті дамыту;

      шиеленіс пен күйзелісті басу үшін әзіл мен ойындарды қолдану;

      тәлімгердің өзін-өзі бақылау сынағы;

      эмоциялық шиеленісті төмендету және арттыру әдістерімен танысу;

      қақтығыстар жағдайынан шығу.

      10. "Тәлімгерлік процесінде эмоционалды қажу және оның алдын алу" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      тәлімгердің жеке тарихы;

      қажу кезеңдері мен белгілері;

      қажу синдромының дамуына әсер ететін себептер мен факторлар;

      қажудың алдын алу.

      11. "Тәлімгердің баламен қарым-қатынасындағы маңызды тақырыптар" модулі келесі тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      "маңызды тақырыптар" ұғымының анықтамасы;

      психологиялық жарақат дегеніміз не?;

      тәлімгер баланың басынан өткен психологиялық жарақат, зорлық-зомбылық, қатыгездік туралы әңгімесіне қалай жауап беру керек?;

      психологиялық жарақат, зорлық-зомбылық, қатыгездік болған жағдайда баланы қалай қолдау керек?

      12. "Тәлімгерлер мектебі" тренингі (бұдан әрі – тренинг) тәлімгер болуға ниет білдірген адамдар оқу бағдарламасын өз бетінше зерделеуді аяқтағаннан кейін өткізіледі және мынадай тақырыптарды зерделеуді қамтиды:

      тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды тәлімгерлік жөніндегі ұйымдардың мамандарымен таныстыру, арт-жаттығуларды орындау;

      тәлімгер болу мотивациясын анықтауға арналған сауалнама;

      жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу ерекшеліктерін зерделеу, сауалнамалар толтыру;

      тәлімгерлік процесінде мүмкін болатын қиындықтар, кейстерді талдау;

      баламен қарым-қатынас, арт-жаттығулар арқылы баламен кездесулерді модельдеу;

      тәлімгерлердің тәжірибесі, қазіргі тәлімгерлер әңгімелерінің презентациясы;

      аяқтау, кері байланыс.

      Тренингтің жалпы ұзақтығы 8 академиялық сағатты құрайды.

  Бұйрығына 2-қосымша

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 28-2-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымы – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұру орнын бере отырып, тәрбиелеу, білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасалатын білім беру ұйымы;

      2) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгер (бұдан әрі – тәлімгер) – тәлімгерлік туралы үлгілік шарт негізінде тәлімгерлікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы;

      3) тәлімгерлік жөніндегі ұйым – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы, он жасқа толған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының аумағында өтеусіз негізде жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым.

2-тарау. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру тәртібі

      3. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды тәлімгерлік жөніндегі ұйымдар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары аталған ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      4. Тәлімгерлік жөніндегі ұйымдар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары (бұдан әрі – Ұйымдар) осы бұйрықта белгіленген талаптарға сәйкес тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқыту бағдарламасын әзірлейді және бекітеді.

      5. Тәлімгер болуға ниет білдірген адам Ұйымға оқудан өткені туралы еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның оқытудан өту қажеттілігі туралы жазбаша хабарламасы;

      2) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      3) дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру туралы өтініш;

      4) тәлімгерлікті жүзеге асыруға психологиялық дайындықты бағалау үшін диагностика мен психологиялық тестілеуге жазбаша келісім (еркін түрде).

      6. Құжаттардың толық тізбесін ұсынған кезде Ұйым тәлімгер болуға ниет білдірген адаммен әңгімелесу жүргізеді және оған Ұйым әзірлеген және бекіткен сауалнаманы толтырады.

      7. Ұйым әңгімелесу өткізілгеннен кейін тәлімгерлікті жүзеге асыруға психологиялық дайындығын бағалау үшін тәлімгер болуға ниет білдірген адамға жазбаша келісіммен диагностика және психологиялық тестілеу жүргізеді.

      8. Ұйым тәлімгер болуға ниет білдірген адаммен:

      1) бағдарламаның мазмұны, оқу процесі мен мерзімі;

      2) Ұйымның және тәлімгер болуға ниет білдірген адамның құқықтары мен міндеттері;

      3) шартты тоқтату негіздері шарттарын қамтитын оқыту туралы шарт жасасады.

      9. Тәлімгер болуға ниет білдірген адам толық көлемде оқудан өткеннен кейін Ұйымның интернет-ресурсында тестілеуден өтеді, оның өту баллы тест тапсырмаларының жалпы санының кемінде 70 % құрайды.

      10. Балл саны жеткілікті болған жағдайда Ұйым тәлімгер болуға ниет білдірген адамға осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша 3 (үш) жұмыс күні ішінде тәлімгер болуға ниет білдірген адамдардың оқытудан өткені туралы сертификатты (бұдан әрі – сертификат) береді не сертификаттың электрондық нұсқасын тәлімгер болуға ниет білдірген адамның электрондық поштасына жолдайды.

      11. Балл саны жеткіліксіз болған жағдайда Ұйым тестілеуді тапсырған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде тәлімгер болуға ниет білдірген адамға сертификат беруден дәлелді бас тартады (еркін нысанда).

      12. Ұйым тәлімгер болуға ниет білдірген адамға бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ тәлімгер болуға ниет білдірген адамға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігін беру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Ұйым тәлімгер болуға ниет білдірген адамды өтінішті қарау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын тыңдау туралы хабардар етеді.

      Тәлімгер болуға ниет білдірген адам бас тарту туралы алдын ала дәлелді шешімге қарсылықты шешімді алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады немесе білдіреді.

      Шешімге шағымдану тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен реттеледі.

      13. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамға қайта оқуға және оқуды толық көлемде аяқтағаннан кейін тестілеуден өтуге мүмкіндік беріледі.

      14. Ұйым сертификаттарды беруді есепке алуды осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тәлімгер болуға ниет білдірген адамдардың оқытудан өткені туралы сертификаттарды беруді есепке алу журналына тіркеу арқылы жүзеге асырады.

      15. Ұйым тәлімгерге оқудан өткенін куәландыратын құжаттар мен материалдарды, диагностика және психологиялық тестілеу нәтижелерін қамтитын жеке іс қалыптастырады.

  Тәлімгер болуға ниет білдірген
адамдарды оқытуды
  ұйымдастыру қағидаларына
қосымша
  нысан

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдардың оқытудан өткені туралы сертификаттарды беруді есепке алу журналы

п/п

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамның тұрғылықты жері

Оқу туралы өтініш берілген күні

Оқудың басталу күні

Оқудың аяқталу күні

Тіркеу нөмері

Сертификат берілген күні

Бланк сериясы және нөмері

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамның қолы, сертификатты алған күні

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

  Бұйрығына 3-қосымша
  нысан

Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдардың оқытудан өткені туралы сертификат

№ _______

20 ___ жылғы "___" _________

қала (ауыл) ____________

      Осы сертификат _______________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      _________ жыл мен __________ жыл аралығында ___________________

      ______________________________________________________________

      (ұйымның толық атауы)

      тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытудан өткені үшін берілді.

      Тәлімгерлік жөніндегі ұйымның басшысы __________________________

      (қолы) (аты-жөні (болған жағдайда)

      Мөр орны (бар болса)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады