Қазақстан Республикасында шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру тәртiбi туралы НҰСҚАУЛЫҚ

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер минитрi 1997 жылғы 3 сәуiрдегi N 278 Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 1997 жылғы 8 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 278. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнің 2012 жылғы 4 шілдедегі № 08-1-1-1/296 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Сыртқы iстер министрiнің 2012.07.04 № 08-1-1-1/296 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Президентiнiң 15.07.1996ж. N 3057 Жарлығымен бекiтiлген "Шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана берудiң тәртiбi туралы" Ережесiнiң негiзiнде жасалған және Қазақстан Республикасының шетелдердегi дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелерiнiң iс жүзiнде пайдалануына арналған. Қараныз U060000198

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ адамдарға (бұдан әрi - тұлғалар) саяси баспана халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларының негiзiнде, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және "Шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана берудiң тәртiбi туралы" Ережесiне сәйкес берiледi.
      2. Азаматтық алған және/немесе тұрып жатқан елде қоғамдық-саяси қызметi, нәсiлi немесе ұлты, дiни нанымдары үшiн қудалаудан немесе қудалаудың құрбаны болудың шын қаупiнен баспана iздеушi немесе қорғауды қажет ететiн, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормаларында көзделген адам құқықтары бұзылған жағдайда тұлғаларға және олардың отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасы саяси баспана бередi.
      3. Қазақстан Республикасында саяси баспана беру туралы немесе саяси баспана беруден бас тарту туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.
      4. Қазақстан Республикасында саяси баспана мына жағдайларда берiлмейдi, егер бұл адам:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарымен қылмыс деп танылатын iс-әрекеттерi үшiн (немесе әрекетсiздiк) қудалауға түссе немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптерiне қайшы келетiн iс-қимылдарды жасағанына айыпты болса;
      2) қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде сотқа тартылған немесе оған қатысты Қазақстан Республикасының аумағында соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi болса;
      3) қудалау қаупi болмаған үшiншi елде тұрып жатса;
      4) күнiлгерi жалған мәлiметтер берген болса;
      5) қудалауға жатпаған үшiншi елдiң азаматтығын алған болса;
      6) егер бұл шын мәнiсiнде Қазақстан Республикасының сол немесе өзге мемлекетпен екi жақты қарым-қатынастарының дамуына ықпалын тигiзетiн болса.

II. Қазақстан Республикасында шетелдiк азаматтарға
және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру
туралы өтiнiштердi тапсыру және қарау тәртiбi

     5. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген және саяси баспана алғысы келетiн тұлға Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына жазылған жазбаша өтiнiшiн ҚР-дiң дипломатиялық өкiлдiгiне немесе консулдық мекемесiне өзi барып тапсыруға тиiс.
      6. Егер тұлға саяси баспананы балаларымен бiрге беру туралы өтiнiш етсе, онда жасы 14-ке жеткен балаларының жазбаша келiсiмi талап етiледi.
      7. Өтiнiш берушi саяси баспана беру туралы мәселе шешiлгенге дейiн айына сирек дегенде екi рет өзi тұрып жатқан жерде Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiгiне немесе консулдық мекемесiне барып көрiнiп тұрады. Осы тәртiптi сақтамаған жағдайда Көшi-қон департаментi немесе дипломатиялық өкiлдiк, не консулдық мекеме жағдай анықталғанша материалдарды ресiмдеудi тоқтата тұрады.
      8. Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына Қазақстан Республикасына саяси баспана беру туралы өтiнiште осы Нұсқаулықтың 2-тармағына сәйкес келетiн негiздер мәлiмделуге тиiс.
      9. Өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      а) екi данада өмiрбаян;
      б) иммунотапшылық вирусына тексерiлгенiн көрсете отырып, денсаулығының жай-күйi туралы анықтама;
      в) көлемi 4см х 5см болатын төрт фотосурет.
      10. Саяси баспана беру мәселесi жөнiндегi өтiнiштердi ресiмдеудi жүзеге асыратын консулдық мекемелер осы нұсқаулықта аталған құжаттар мен материалдарға қоса өтiнiш иесiне осы iске қатысы бар басқа да құжаттарды талап етуге құқылы. Өтiнiш иесiнен құжаттарды қабылдау кезеңiнде, мүмкiндiгiнше, оның материалдық-қаржы жағдайы (жылжымалы және жылжымайтын мүлiк, банк реквизиттерi) туралы нотариалды куәландырылған құжаттардың да маңызы аз болмайды. Тапсырылған құжаттарда толық емес немесе дұрыс берiлмеген мәлiметтер табылған жағдайда құжаттар өтiнiш иесiне толықтыруларды немесе түсiндiрулердi енгiзу үшiн қайтарылды.
      11. Барлық құжаттар қазақ немесе орыс тiлiне жазылуға тиiс немесе қазақ және орыс тiлiне тиiсiнше куәландырылған аудармамен жабдықталуға тиiс.
      12. Өтiнiштiң материалдары бойынша дипломатиялық өкiлдiктер немесе консулдық мекемелер қорытынды жазбалар жасайды және материалдарды екi дана етiп Сыртқы iстер министрлiгiне жiбередi.
      Сыртқы iстер министрлiгi өз қорытынды жазбасын жасайды және материалдарды Көшi-қон департаментiне жолдайды.
      13. Саяси баспана беру туралы материалдар туралы жазылған қортындыларда, өтiнiштi қанағаттандыру немесе оны қайтарып тастаудың мақсатқа лайықтылығының себептерi егжей-тегжейлi баяндалады.
      Дипломатиялық өкiлдiктердiң немесе консулдық мекемелердiң қорытынды жазбаларын елшi немесе консулдық мекеменiң басшысы бекiтедi.
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң қорытынды жазбасын сыртқы iстер министрiнiң орынбасары бекiтедi.
      14. Саяси баспана беру туралы өтiнiш бойынша материалдарды ресiмдеудiң мерзiмi өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдан аспауға тиiс.

III. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан
Республикасында саяси баспана беру
туралы Жарлықтарын атқарудың тәртiбi

      15. Саяси баспана беру Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен жүргiзiледi.
      16. Қазақстан Республикасы Президентiнiң саяси баспана беру туралы немесе саяси баспана беру туралы өтiнiштi қайырып тастау туралы Жарлығы атқарылуы үшiн Сыртқы iстер министрлiгiне жолданады.
      17. Дипломатиялық өкiлдiк немесе консулдық мекеме қабылданған шешiм туралы Қазақстан Республикасында саяси баспананың берiлуi туралы өтiнiш берген тұлғаға хабарлайды.
      18. Қазақстан Республикасында саяси баспана берiлген тұлғаға және оның 16-жасқа толған отбасы мүшелерiне белгiленген үлгiде куәлiк берiледi.
      Саяси баспаның берiлгендiгi туралы куәлiктi Көшi-қон департаментi бередi.
      19. Қазақстан Республикасында саяси баспана берiлген тұлға мына жағдайда саяси баспанаға құқығын жояды:
      1) Қазақстан Республикасында саяси баспанадан ерiктi түрде бас тартқан;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын немесе басқа елдiң азаматтығын алған;
      3) өз азаматтығының елiне ерiктi түрде қайтуы немесе үшiншi бiр елге тұрақты тұруға кеткен;
      4) осы нұсқаулықтың 2-тармағында белгiленген негiздердi жоғалтып алған жағдайларда.
      Саяси баспанаға деген құқықтың жоғалғаны туралы Көшi-қон департаментi iзiнше Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Азаматтық бөлiмiне және Iшкi iстер органдарына хабарлаумен тiркейдi.
      20. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптерiне қайшы келетiн iс-әрекетпен айналысқан немесе, егер тұлға қасақана қылмыс жасаған болса және оған қатысты заңды күшiне енген айыптау үкiмi болғанда Қазақстан Республикасының Президентi оны саяси баспана алу мүмкiндiгiнен айырады.

IV. Қазақстан Республикасында саяси баспана
алған тұлғалардың және олардың отбасы
мүшелерiнiң құқықтық жағдайы

      21. Саяси баспана берiлген тұлға және оның отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасындағы шетелдiк азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық жағдайы және болуы ережелерi туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құқықтарды және еркiндiктердi пайдаланады, сондай-ақ өздерiне мiндеттер алады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады