Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуелсіз салалық реттеуіштер қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы 116-IV Заңы

       1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж.,  N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 7-8, 19-құжат; N 9, 26-құжат; N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; N 17-18, 72-құжат; N 21-22, 86, 87-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 2, 19, 20-құжаттар; N 3, 22-құжат; N 5-6, 31-құжат; N 8, 45-құжат; N 10, 52-құжат; N 11, 55-құжат; N 12, 72, 77-құжаттар; N 13, 85, 86-құжаттар; N 15, 92, 95-құжаттар; N 16, 98, 102-құжаттар; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 16, 18-құжаттар; N 3, 20, 23-құжаттар; N 4, 28, 33-құжаттар; N 5-6, 40-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 12, 88-құжат; N 13, 99-құжат; N 15, 106-құжат; N 16, 131-құжат; N 17, 136, 139, 140-құжаттар; N 18, 143, 144-құжаттар; N 19, 146, 147-құжаттар; N 20, 152-құжат; N 24, 180-құжат; 2008 ж., N 6-7, 27-құжат; N 12, 48, 51-құжаттар; N 13-14, 54, 57, 58-құжаттар; N 15-16, 62-құжат; 2008 жылғы 25 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұжымдық инвестициялау және жинақтаушы зейнетақы қорлары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 20 қарашадағы Заңы ; 2008 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджеттік процесті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңы ):

      1) 48-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацы "монополистік қызметті жүзеге асыру" деген сөздерден кейін "немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзу" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 147-5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "147-5-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және
                  реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзу

      1. Табиғи монополия субъектісінің табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға белгіленген нысандардағы ақпаратты, есепті, хабарламаны табыс етпеуі, сол сияқты белгіленген нысандардағы ақпаратты, есепті, хабарламаны белгіленген мерзімдерін бұза отырып табыс етуі -
      дара кәсіпкерлерге - екі жүз, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол іс-әрекеттер (әрекетсіздік) -
      дара кәсіпкерлерге - екі жүз елу, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - үш жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға ақпаратты, есепті, хабарламаны табыс ету міндетін қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің шектеулерді сақтамауы, сол сияқты табиғи монополия субъектісінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы -
      дара кәсіпкерлерге - үш жүз, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, табыс (түсім) алуға әкеп соққан іс-әрекеттер (әрекетсіздік) -
      дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) он проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      Ескерту. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыс (түсім) деп табиғи монополия субъектісі алған табыс (түсім) пен табиғи монополия субъектісі Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаған кезде алуға тиіс табыс (түсім) арасындағы айырма түсініледі.";

      3) мынадай мазмұндағы 147-6, 147-7, 147-8, 147-9-баптармен толықтырылсын:

      "147-6-бап. Электр энергиясын өткізу (сату) тәртібін бұзу

      1. Спот-сауда-саттықта (өздері өндіретін электр энергиясы көлемінің он процентінен аспайтын), теңгерімдеуші нарықта және экспортқа өткізу (сату) жағдайларын қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның электр энергиясының тиісінше шекті, жеке, есептік тарифінен асатын тариф бойынша электр энергиясын өткізуі (сатуы) -
      заңды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) он проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Электр энергиясын экспорттаған жағдайды қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның көтерме және (немесе) бөлшек сауда нарығының субъектілері болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға электр энергиясын өткізуі (сатуы) -
      әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) жүз проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Теңгерімдеуші нарықтағы сатып алу-сату жағдайын қоспағанда, энергиямен жабдықтаушы ұйымның энергиямен жабдықтаушы басқа ұйымға электр энергиясын өткізуі (сатуы) -
      әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) жүз проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      Ескерту. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыс (түсім) деп мыналар түсініледі:
      осы баптың бірінші бөлігі бойынша: осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның алған табысы (түсімі) мен электр энергиясының тиісінше шекті, есептік, жеке тарифі бойынша есептелген табыс (түсім) арасындағы айырма;
      осы баптың екінші және үшінші бөліктері бойынша: Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасында белгіленген электр энергиясын өткізуге (сатуға) тыйым салуды бұзу нәтижесінде алынған барлық табыс (түсім).
      Табыс (түсім) құрамына өткізілген (сатылған), бірақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған күнге ақысы төленбеген электр энергиясының құнын да енгізу керек.

      147-7-бап. Реттелетін нарық субъектілерінің міндеттерді бұзуы

      1. Реттелетін нарық субъектісінің баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып босату бағалары туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қаржылық есептілікті, сондай-ақ монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өндіру (өткізу) көлемдері, табыстылық деңгейі мен босату бағалары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген мерзімде табыс етпеуі, сол сияқты табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға дұрыс емес және (немесе) толық емес ақпаратты табыс етуі -
      дара кәсіпкерлерге - үш жүз, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Реттелетін нарық субъектісінің бағалардың алдағы көтерілетіні туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға ұсынбай тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасын көтеруі және оларды өткізуі, сол сияқты табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындаған баға деңгейіне дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қолданыстағы немесе жобаланған бағаны түсірмеуі -
      дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) он проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      Ескерту. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыс (түсім) деп реттелетін нарық субъектісінің алған табысы (түсімі) мен бағаны көтергенге дейін қолданыста болған баға бойынша не деңгейін табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындаған баға бойынша есептелген табыс (түсім) арасындағы айырма түсініледі.
      Табыс (түсім) құрамына сатылған, бірақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған күнге дейін ақысы төленбеген тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) құнын да енгізу керек.

      147-8-бап. Реттелетін нарық субъектісінің баға белгілеу
                 тәртібін сақтамауы

      Реттелетін нарық субъектісінің Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген баға белгілеу тәртібін сақтамауы -
      дара кәсіпкерлерге - үш жүз, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      147-9-бап. Энергия өндіруші ұйымның инвестициялық бағдарламаны
                 орындамауы

      Энергия өндіруші ұйымның табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган енгізген инвестициялық бағдарламаны орындау туралы нұсқаманы орындамауы -
      тұтынушылардан алынған және инвестициялық бағдарламаны іске асыру мақсатында пайдаланылмаған сомалардың он проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      4) 356-баптың үшінші бөлігінің бірінші абзацы "130," деген цифрлардан кейін "147-9," деген цифрлармен толықтырылсын;

      5) 565-1-бапта :
      тақырып пен мәтіндегі "саласындағы қызметті бақылауды және реттеуді" деген сөздер "салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын;
      бірінші бөліктегі "147-5-бабында" деген сөздер "147-5, 147-6, 147-7, 147-8, 147-9, 186, 357-2 (бірінші бөлігінде)-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 636-баптың бірінші бөлігі 1) тармақшасының отыз бесінші абзацындағы "саласындағы қызметті бақылауды және реттеуді" деген сөздер "салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 17, 141-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 18-құжат; N 19, 147-құжат; N 24, 180-құжат; 2008 ж., N 6-7, 27-құжат):
       134-баптың 2-тармағындағы "табиғи монополиялар" деген сөздерден кейін "және реттелетін нарықтар" деген сөздермен толықтырылсын.

      3. "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 35-құжат; N 15-16, 109-құжат; N 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 1, 180-құжат; N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 12, 183-құжат; 1998 ж., N 5-6, 50-құжат; N 17-18, 224-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 3-4, 63, 64-құжаттар; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 1-құжат; N 8, 52-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 18, 157-құжат; 2003 ж., N 4, 25-құжат; N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 5, 30-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 14, 55, 58-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 10, 52-құжат; N 15, 95-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; 2008 ж., N 12, 52-құжат):
       6-баптың алтыншы бөлігіндегі, 14-баптың бесінші бөлігіндегі, 16-баптың төртінші бөлігіндегі "саласындағы қызметті бақылауды және реттеуді" деген сөздер "салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. "Мұнай туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 11, 76-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 11, 150-құжат; 1999 ж., N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 6, 34-құжат; N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 16, 99-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 22-құжат; N 8, 52-құжат; N 9, 67-құжат; N 19, 148-құжат):
       8-2-баптың 4-тармағындағы, 36-3-баптың 2-тармағындағы "қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. "Банкроттық туралы" 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 1-2, 7-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 14, 198-құжат; N 17-18, 225-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат; N 11, 67-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 14, 57-құжат; 2006 ж., N 1, 4-құжат; N 3, 22-құжат; N 4, 24-құжат; N 13, 86-құжат; N 15, 95-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 14, 18-құжаттар; N 9, 67-құжат; 2008 ж., N 13-14, 58-құжат):
       19-баптың 2-тармағының 5) тармақшасындағы "саласындағы қызметті бақылауды және реттеуді" деген сөздер "салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 16, 214-құжат; 1999 ж., N 19, 646-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; 2002 ж., N 23-24, 193-құжат; 2004 ж., N 14, 82-құжат; N 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., N 2, 17-құжат; N 3, 22-құжат; N 4, 24-құжат; N 8, 45-құжат; N 13, 87-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; N 19, 148-құжат; 2008 ж., N 15-16, 64-құжат):

      1) тақырыбы "Табиғи монополиялар" деген сөздерден кейін "және реттелетін нарықтар" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
      "Осы Заң табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы қызметті реттейді, сондай-ақ тұтынушылардың, табиғи монополиялар субъектілерінің және реттелетін нарықтар субъектілерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.";

      3) 1-бапта :
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылаудың, сондай-ақ реттелетін нарықтардағы баға белгілеуді мемлекеттік реттеу мен бақылаудың құқықтық негіздерін айқындау;";
      2) тармақша "табиғи монополия" деген сөздерден кейін ", реттелетін нарық" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:

      "1-1-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және
                реттелетін нарықтар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.";

      5) 2-бапта :
      1-тармақтағы "монополия" деген сөз "монополиялар, реттелетін нарықтар" деген сөздермен ауыстырылсын, 2-тармақта "монополиялар", "монополиялардың" деген сөздерден кейін тиісінше ", реттелетін нарықтар", "реттелетін нарықтардың" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
      "3-2. Реттелетін нарық субъектілері үшін осы Заңда көзделген мемлекеттік реттеу мен бақылау реттелетін нарық шегінде тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеуге қатысты ғана қолданылады.";

      6) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) амортизациялық аударымдардың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау - бекітілген тарифтерде (бағаларда, алымдар ставкаларында) және (немесе) тарифтік сметаларда амортизациялық аударымдардың есебінен көзделген қаражатты реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) пайдаланылатын тіркелген активтердегі күрделі қаржы салымдарына және тартылған кредиттік ресурстар бойынша негізгі борышты қайтаруға байланысы жоқ мақсаттарға жұмсау;
      2) жалпыға бірдей қызмет көрсету - табиғи монополиялар субъектілері қызметін жүзеге асыратын және көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсына алатын Қазақстан Республикасының белгілі бір аумағында табиғи монополиялар субъектілерінің барлық тұтынушыларға көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынуы;
      3) жария тыңдау - табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтің (бағаның, алым ставкасының) немесе оның шекті деңгейінің жобасын мемлекеттік органдардың, тұтынушылар мен олардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін, тәуелсіз сарапшыларды, бұқаралық ақпарат құралдарын және табиғи монополиялар субъектілерін шақыра отырып талқылау рәсімі;
      4) инвестициялық бағдарлама - бір немесе бірнеше инвестициялық жобаларды қамтитын, техникалық-экономикалық тиімділік алу мақсатында қысқа мерзімді, орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңге арналған табиғи монополия субъектісінің жаңа активтерді жасауға, қолда бар активтерді кеңейтуге, қалпына келтіруге, жаңартуға, қолдауға, негізгі құралдарын реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға жұмсалған қаражатты салу және қайтару бағдарламасы;
      5) инвестициялық жоба - жаңа өндірістерді салуға, қолданыстағыларын кеңейтуге және жаңартуға инвестицияларды көздейтін іс-шаралар кешені;
      6) инвестициялық тариф (баға, алым ставкасы) - жаңадан құрылған объектілерде көрсетілетін табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) уәкілетті орган бір инвестициялық жобаның шеңберінде бекіткен, салынған инвестициялар толық өтелгенге дейін қолданылатын тариф (баға, алым ставкасы) немесе оның шекті деңгейі;
      7) қаржылық сараптама - табиғи монополия субъектісінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын және уәкілетті органның шешімдерін орындауын бағалау мақсатында оның қаржы-шаруашылық қызметін, реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес өзге қызмет бойынша кірістердің, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлінуін, сондай-ақ табиғи монополия субъектісі қызметінің қаржылық көрсеткіштеріне қолданылатын тарифтердің (бағалардың, алымдар ставкаларының) әсерін талдау, тарифтік сметаның орындалуын және есепке алу саясатының сақталуын, инвестициялық бағдарламалардың және (немесе) инвестициялық жобалардың орындалуын тексеру (бағалау);
      8) қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісі - мынадай:
      жалпы белгіленген қуаты, қоса алғанда жиырма Гкал/сағатқа дейінгі жылыту қазандықтарынан жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі қызметтерді;
      көлемі жылына 150 мың текше метрге дейін су шаруашылығы және (немесе) кәріз жүйелерінің қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі;
      9) қысқа мерзімді кезең - бір жылға дейінгі уақытты қоса алғанда уақыт аралығы;
      10) орташа мерзімді кезең - бес жылға дейінгі уақытты қоса алғанда бір жылдан асатын уақыт аралығы;
      11) реттелетін нарықтар - реттелетін нарық субъектілері үшін осы Заңға сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары;
      12) реттелетін нарық субъектісі - мыналар:
      реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тізіліміне енгізілген;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген өнімді, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізетін (табиғи, мемлекеттік монополия субъектілерін және энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда) дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      13) стратегиялық тауарлар - табиғи монополиялар субъектілері жылу энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланатын көмір, газ, мазут, дизель отыны, электр энергиясын, су шаруашылығы және кәріз жүйелерін беру және тарату салаларындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін - электр энергиясы, газды немесе газ конденсатын магистральдық және (немесе) тарату құбыр жолдары арқылы тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін өз мұқтаждары мен ысыраптары үшін - газ;
      14) стратегиялық тауарларды өндірушілер:
      стратегиялық тауарларды өндіретін;
      стратегиялық тауарларды өндіруге (өңдеуге) арналған шикізаттың меншік иесі болып табылатын;
      Қазақстан Республикасының аумағында стратегиялық тауарларды тікелей шетелдік өндірушінің атынан өткізетін жеке және заңды тұлғалар;
      15) табиғи монополия - көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдай жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) нарығының жай-күйі;
      16) табиғи монополия саласы - дара кәсіпкер немесе заңды тұлға табиғи монополия субъектісі болып танылуы мүмкін көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) нарығында туындайтын қоғамдық қатынастар саласы;
      17) табиғи монополия субъектісі - табиғи монополия жағдайында тауарлар өндірумен, жұмыстарды орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      18) табиғи монополия субъектісінің аффилиирленген тұлғасы - шешімді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) табиғи монополия субъектісі қабылдаған шешімге, оның ішінде шарттың, ауызша шартты немесе өзге мәмілені қоса алғанда, күшіне орай әсер ету мүмкіндігі бар (берілген өкілеттіктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) тұлға, сондай-ақ оған қатысты табиғи монополия субъектісінің осындай құқығы бар кез келген тұлға;
      19) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтері (тауарлары, жұмыстары) - табиғи монополия саласындағы табиғи монополия субъектісі ұсынатын және көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыға белгілі бір тауар беру түрінде ұсыну жағдайларын қоса алғанда, уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар);
      20) тариф (баға, алым ставкасы) - табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтері (тауарлары, жұмыстары) құнының уәкілетті орган бекіткен ақшалай көрінісі;
      21) тарифтік смета - уәкілетті орган реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) бойынша бекітетін кірістер мен шығыстар баптары, реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) көлемдері туралы көрсеткіштер және уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша табиғи монополия субъектісі қызметінің басқа да экономикалық көрсеткіштері;
      22) тарифтің (бағаның, алым ставкасының) шекті деңгейі - орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңге бекітілетін, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне (тауарына, жұмысына) арналған тарифтің (бағаның, алым ставкасының) ең жоғары шамасы;
      23) техникалық сараптама - қолданысқа енгізілген активтердің техникалық жай-күйін (техникалық сипаттамаларын) және активтерді жұмыс істеуі қалпында ұстауды қамтамасыз ететін жұмыстарды жүргізу қажеттігін, материалдық, еңбек шығындарының, өндіріс технологиясының белгіленген нормаларға сәйкестігін қоса алғанда, технологиялық процестің тиімділігін, инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) түрлері бойынша негізгі құралдарды іске қосудың деңгейін және олардың дұрыс бөлінуін талдау;
      24) төтенше реттеуші шаралар - азаматтардың өмірін, денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мақсатында уәкілетті орган қолданатын шаралар;
      25) тұлғалар тобы - табиғи монополия субъектісінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) он және одан да көп процентін иеленуші, келісім нәтижесінде бірлесіп тікелей немесе жанама шешім белгілеуге және (немесе) табиғи монополия субъектісінің қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге құқығы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығы;
      26) тұтынушы - табиғи монополия және реттелетін нарық субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші жеке немесе заңды тұлға;
      27) уақытша өтемдік тариф - табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға келтірген залалдарына өтем жасау мақсатында уәкілетті орган белгілеген тариф (баға, алым ставкасы);
      28) уақытша төмендету коэффициенті - тұтынушылар мен табиғи монополия субъектісінің мүдделерін қорғау мақсатында уәкілетті орган белгілеген және тарифке (бағаға, алым ставкасына) қолданылатын шама;
      29) уәкілетті орган - табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      30) ұзақ мерзімді кезең - бес жылдан астам уақыт аралығы.";

      7) 4-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру жөніндегі;";

      8) 5-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2) және 8-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-1) осы Заңда көзделмеген қосымша ақы алуға немесе өзінің мазмұны бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің мәніне қатысы жоқ (қаржылық қаражаттарды және өзге де мүлікті, мүліктік құқықтарды және басқаны беру) қосымша міндеттемелерді өзге түрде тануға;
      4-2) пайдаланылатын стратегиялық тауарларға арналған шығыстар ұлғайтылатын, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды қоспағанда, уәкілетті орган бекіткен тарифтік сметаның баптарында көзделген қаражатты бес проценттен астам көтеруге жол беруге;";
      "8-1) белгіленген тәртіппен бекітілген инвестициялық бағдарламаларда (жобаларда) көзделген қаражатты мақсатсыз пайдалануға жол беруге;";

      9) 7-баптың бірінші бөлігі 18) тармақшадағы "орындауға міндетті." деген сөздер "орындауға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 19), 20), 21) және 22) тармақшалармен толықтырылсын:
      "19) көрсетілетін қызметтердің көлемі ұлғайған кезде және еңсерілмейтін күштің, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға немесе мемлекеттік органдардың нұсқамаларын орындауға бағытталған жұмыстардың салдарынан шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының техникалық және технологиялық нормалары ұлғайтылатын жағдайларды қоспағанда, уәкілетті орган бекіткен, реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшін тікелей пайдаланатын шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының техникалық және технологиялық нормаларын бес проценттен астам көтеруге жол бермеуге;
      20) нормативтен тыс ысыраптар болған жағдайда оларды жою жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және іске асыруға міндетті, бұл ретте іс-шаралар жоспарын іске асыру нәтижесіндегі нормативтен тыс ысыраптарды жою мерзімі бес жылдан аспауға тиіс;
      21) нормативтік техникалық ысыраптардың деңгейін уәкілетті орган белгілеген шамаға және мерзімге төмендетуге;
      22) нормативтен тыс ысырап болған кезде оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы есепті жыл сайын 1 желтоқсанға қарай уәкілетті органға табыс етуге міндетті.";

      10) мынадай мазмұндағы 7-1, 7-2 және 7-3-баптармен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Реттелетін нарықтардағы бағаларды мемлекеттік реттеу

      1. Бағаларды мемлекеттік реттеу теміржол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай өнімдері және газ, мұнайды тасымалдау, азаматтық авиация, порттық қызмет, телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы реттелетін нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) қолданылады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі монополияға қарсы және уәкілетті органдардың ұсынысы бойынша осы баптың 1-тармағында көзделмеген тауар нарықтарында мемлекет реттейтін бағалар қолданылатын өнімдердің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің номенклатурасын белгілейді.

      7-2-бап. Баға белгілеу тәртібі

      1. Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      2. Уәкілетті орган осы Заңның 7-3-бабының 1) тармақшасының бірінші абзацында және 2) тармақшасында көзделген жағдайларда баға белгілеу тәртібіне сәйкес бағаға сараптама жүргізеді.
      Уәкілетті орган бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы, оны реттелетін нарық субъектісі тиісті сұратуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде табыс етуге тиіс.
      3. Сараптама нәтижелері бойынша уәкілетті орган босатылатын бағалар туралы хабарламаны немесе ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, реттелетін нарық субъектісіне:
      1) бағаны көтеруге тыйым салу;
      2) қолданыстағы немесе жобаланған бағаны баға белгілеу тәртібіне сәйкес негізделген баға деңгейіне дейін төмендету туралы дәлелді қорытынды жібереді.
      Уәкілетті орган дәлелді қорытынды шығару үшін негіздер болмаған жағдайда бұл туралы реттелетін нарық субъектісін осы тармақта белгіленген мерзімде хабардар етеді.
      Дәлелді қорытынды реттелетін нарық субъектісіне почта арқылы хабарламамен жіберіледі немесе оның өкіліне апарып беріп, қолын қойғызып табыс етіледі.
      Реттелетін нарық субъектісі алған дәлелді қорытындының негізінде уәкілетті органға жіберілген хабарламада көрсетілген күннен не реттелетін нарық субъектісі осы Заңның 7-3-бабы 1-тармағының бірінші абзацына сәйкес ақпарат табыс еткен жағдайда, уәкілетті орган белгілеген күннен бастап тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тиісті бағаны белгілейді.

      7-3-бап. Реттелетін нарық субъектілерінің міндеттері

      1. Реттелетін нарық субъектілері:
      1) уәкілетті органға:
      бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген немесе өнімдердің, тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатураға енгізілген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы ақпаратты;
      Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті;
      өндіру (өткізу) көлемдері, табыстылық деңгейі және өндірілетін (өткізілетін) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) босату бағалары туралы өнімнің монополиялық түрлері бойынша ай сайынғы ақпаратты табыс етуге;
      2) алдағы уақытта тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың өсетіні және өсу себебін растайтын (реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялы жағдайға ие емес бөлшек сауда нарығы субъектілерін қоспағанда) негіздемелік материалдарды табыс ете отырып, өсу себептері туралы кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша түрде уәкілетті органға хабарлауға;
      3) баға белгілеу тәртібін сақтауға;
      4) осы Заңда көзделген талаптарды бұза отырып, белгіленген бағаны негізсіз көтеру нәтижесінде алған табысты тұтынушыларға қайтаруға міндетті.";

      11) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін
               қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушының
               міндеттері

      Табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
      1) табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге;
      2) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) есепке алу аспаптарын сатып алу мен орнатуға уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар субъектілері белгілейтін техникалық талаптарды орындауға;
      4) реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) есепке алу аспаптарының болуы міндетті.";

      12) 13-баптың 1-тармағы:
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) реттелетін нарық субъектілерінің баға белгілеуіне мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асырады;";
      5-2) және 5-3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "5-2) өздері белгілеген тәртіппен:
      жарғылық капиталға мемлекеттің қатысуымен;
      жарғылық капиталға мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалармен аффилиирленген табиғи монополия субъектілерінің штаттық кестелерін келіседі;
      5-3) өздері белгілеген тәртіппен:
      жарғылық капиталға мемлекеттің қатысуымен;
      жарғылық капиталға мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалармен аффилиирленген табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік персоналының басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің шекті деңгейін келіседі;";
      5-5) тармақша алып тасталсын;

      13) 14-баптың 1-тармағы:
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "6-1) реттелетін нарық субъектілеріне осы Заңның 7-3-бабында көзделген міндеттемелерді олардың орындауы туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізуге;";
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "10) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және қарауға, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдануға;";
      12) тармақша алып тасталсын;
      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "13) табиғи монополиялар субъектілеріне нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету мерзімін және шамасын белгілеуге;";
      мынадай мазмұндағы 13-1), 13-2), 13-3), 17-2) және 18-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      "13-1) реттелетін нарықтар субъектілерінің баға белгілеу мониторингін жүзеге асыруға;
      13-2) реттелетін нарық субъектілері өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды реттеуге;
      13-3) реттелетін нарықтар субъектілерінің баға белгілеу тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асыруға;";
      "17-2) реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптары жоқ тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтер үшін ақы мөлшерін бекітуге;";
      "18-1) қалалардағы, аудандар мен облыстардағы жылу, электр, газ тарату желілерін, сондай-ақ сумен жабдықтау және кәріз желілерін дамыту жоспарларын келісуге;";

      14) 14-1-баптың 1-тармағында:
      1) тармақшадағы "олардың шекті деңгейлеріне енгізу," деген сөздерден кейін "уәкілетті орган бекіткен нормативтік техникалық ысыраптардың, шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының техникалық және технологиялық нормаларының шектерінен асатын шығыстар баптарын бес проценттен астамға арттыру," деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) мыналарға:
      табиғи монополия субъектісінің тарифтік сметаны орындауын;
      шығындары табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін және тарифтік сметаларды бекіту кезінде ескерілетін сатып алуға бақылауды жүзеге асыруға;";

      15) 16-баптың 2-тармағындағы "субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне" деген сөздер "субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерге" деген сөздермен ауыстырылып, "жобаларын" деген сөзден кейін ", сондай-ақ белгіленген тәртіппен бекітілген (аз қуатты табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда) инвестициялық бағдарламаны (жобаны) және нормативтен тыс ысырап болған кезде, оларды жою жөнінде іс-шаралар жоспарын" деген сөздермен толықтырылсын;

      16) 18-баптың 3-тармағы:
      "тарифтік сметаларын бекіту," деген сөздерден кейін "төтенше реттелетін шаралар ретінде тарифтер (бағалар, алымдар ставкалары) мен тарифтік сметаларды бекітуді және" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Төтенше реттелетін шаралар ретінде бекітілген тарифтер (бағалар, алымдар ставкалары) мен тарифтік сметаларды қолданысқа енгізу уәкілетті орган айқындаған күннен бастап жүзеге асырылады.";

      17) 18-4-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Сатып алуды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      Бұл талап сатып алуды:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес;
      акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп проценті ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі табиғи монополия субъектілері жүргізген жағдайларға қолданылмайды.
      Жанама тиесілілік табиғи монополия субъектілері акцияларының (қатысу үлестерінің) үшінші тұлғалар арқылы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі екенін білдіреді.";

      18) 19-1-бапта :
      1-тармақ "монополиялар" деген сөзден кейін ", реттелетін нарықтар" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақ "монополия" деген сөзден кейін ", реттелетін нарық" деген сөздермен толықтырылсын;

      19) 21 , 22-баптардың тақырыбы және мәтіні "монополия" деген сөзден кейін ", реттелетін нарық" деген сөздермен толықтырылсын;

      20) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "23-бап. Өтпелі ережелер

      Реттелетін коммуналдық қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілері есепке алу аспаптары жоқ тұтынушыларды жасалған шарттарға сәйкес реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарымен (суды есепке алатын жеке аспаптармен) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етуге міндетті.
      Табиғи монополия субъектілері нормативтен тыс ысырап болған кезде оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын 2009 жылғы 1 наурызға дейін әзірлеуге міндетті.
      Реттелетін коммуналдық қызметтер көрсететін табиғи монополиялар субъектілері және реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді тұтынушылар 2009 жылғы 1 тамызға дейін үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын орнатуға міндетті.".

      7. "Шаруа (фермер) қожалығы туралы" 1998 жылғы 31 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 2-3, 26-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 1-2, 6-құжат; N 4, 26-құжат; N 24, 178-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 15, 95-құжат; 2007 ж., N 9, 67-құжат; N 15, 106-құжат; N 18, 143-құжат):
       18-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы "табиғи монополиялар" деген сөздерден кейін "және реттелетін нарықтар" деген сөздермен толықтырылсын.

      8. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 17-18, 243-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 6, 10-құжат; N 7-8, 19-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат; N 23, 144-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 18-құжат; N 16, 129-құжат; 2008 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджеттік процесті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңы ):
       68-баптың 6-тармағының екінші бөлігі "табиғи монополиялар" деген сөздерден кейін "және реттелетін нарықтар" деген сөздермен толықтырылсын.

      9. "Темір жол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 23, 315-құжат; 2003 ж., N 10, 54-құжат; 2004 ж., N 18, 110-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 13, 87-құжат; N 14, 89-құжат; N 16, 99-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 9, 67-құжат; N 19, 148-құжат; 2008 ж., N 15-16, 64-құжат):
      1) 14-баптың 2-тармағының 3), 20) және 21) тармақшаларындағы "саласындағы қызметті бақылауды және реттеуді" деген сөздер
"салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген
сөздермен ауыстырылсын;

      2) 57-баптың 1-тармағындағы "қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      10. "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., N 15, 148-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 20, 152-құжат):
       35-баптың 2-тармағындағы "Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылау және реттеуді" деген сөздер "Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын.

      11. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 14, 81-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат, N 19, 148-құжат; 2008 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" және 2008 жылғы 27 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 21 қарашадағы Заңы ):
       8-баптың 1-тармағының 19-2) тармақшасы "монополиялар аясында" деген сөздерден кейін "және реттелетін нарықтарда" деген сөздермен толықтырылсын.

      12. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 17, 102-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 7, 38-құжат; N 13, 87-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 19, 148-құжат; 2008 ж., N 15-16, 64-құжат):

      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) авариялық бронь - электрмен үздіксіз жабдықтау объектісіне берілуі ол үшін маңызды құрылғылардың жұмыс істеуін сақтайтын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтік немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлімін болғызбайтын ең төменгі қажетті электр қуаты;
      2) авариялық бұзылыс - электр қондырғысы немесе оның элементтері жұмысының технологиялық параметрлерінің олардың істен шығуын немесе пайдалану кезінде зақымдануын туындатқан, жол беруге болмайтын ауытқулары;
      3) есептік тариф - инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған және тиісті топ үшін бекітілген шекті тарифтен асатын энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына арналған босату тарифінің (бағасының) ең жоғары шамасы;
      4) жеке тариф - инвестициялық бағдарламаны іске асыруды жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйым үшін бекітілген, тиісті топ үшін бекітілген шекті тарифтен асатын, электр энергиясына арналған босату тарифінің (бағасының) ең жоғары шамасы;
      5) жүйелік авария - Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөліктерге бөлуге әкеп соққан электр энергетикасы объектілері жұмысы режимдерінің авариялық бұзылысы;
      6) жүйелік қызметтер көрсету - жүйелік оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілеріне электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендіру, қуатты реттеу және резервтеу, электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерілімін ұйымдастыру жөнінде көрсететін қызметтері;
      7) жүйелік оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
      8) жылу желілерінің күзет аймағы - жылу желілерін сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желілердің күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлінген жер учаскелері;
      9) жылу энергиясын беру - жасалған шарттарға сәйкес энергия беруші ұйымдардың жылу желілері бойынша жылу энергиясын тасымалдау жөнінде көрсететін қызметі;
      10) жылу энергиясының бөлшек сауда нарығы - жылу энергиясын өндіруге, беруге және тұтынуға қатысушылардың шарттар негізінде жұмыс істейтін қатынастар жүйесі;
      11) инвестициялық бағдарлама - жаңа активтерді құруға, қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңартуға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған бағдарлама;
      12) инвестициялық міндеттеме - жаңа активтерді құруды, қолда бар активтерді кеңейтуді, жаңартуды, қолдауды, реконструкциялауды және техникалық қайта жарақтандыруды көздейтін міндеттеме;
      13) инвестициялық шарт - энергия өндіруші ұйым, уәкілетті орган және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган арасындағы инвестициялық бағдарламаны орындау туралы шарт;
      14) келісім - уәкілетті орган мен электр энергиясын шекті тарифтен аспайтын бағалар бойынша өткізуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйым арасындағы инвестициялық міндеттемелерді орындау туралы шарт;
      15) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
      16) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенімді және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін электр станцияларының, электр беру желілері мен шағын станциялардың жиынтығы;
      17) Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі электр қуатының резерві - шартта көзделген талаптарға сәйкес қажет етілетін құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендіруге әзірлік дәрежесі бар энергия өндіруші ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;
      18) қосалқы көрсетілетін қызметтер - жүйелік оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен электр қуатының қажетті мөлшерлері мен оралымды резервтері құрылымының дайындығын қамтамасыз ету, активті және реактивті қуатты реттеу үшін, энергия жүйесін тогы жоқ жағдайдан шығару бойынша сатып алатын қызметтер көрсету;
      19) операциялық тәуліктер - жүйелік оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының орындалуын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын ағымдағы тәуліктер;
      20) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқару - жүйелік оператор жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі сенімділігінің нормативтік деңгейін және электр энергиясының нормативтік сапасының сақталуын қамтамасыз ететін энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық жағынан келісілген жұмысын үздіксіз басқару процесі;
      21) өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері - өңірлер және (немесе) мемлекеттер арасында электр энергиясын беруді қамтамасыз ететін, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары электр беру желілері;
      22) өңірлік электр желілік компания - өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйым;
      23) теңгерімдеуші электр энергиясы - электр энергиясын өндірудің-тұтынудың жүйелік оператор бекіткен сағат сайынғы тәуліктік кестесін іске асыру кезінде туындайтын теңгерімсіздіктерді жою үшін пайдаланылатын электр энергиясы;
      24) техникалық диспетчерлендіру - Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясын өндіру мен тұтыну режимдерін орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру жөнінде жүйелік оператор көрсететін қызмет;
      25) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негізінде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
      26) уәкілетті орган - электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      27) ұлттық электр желісі - жекешелендіруге және оның алдындағы сатыларға жатпайтын шағын станциялардың, тарату құрылғыларының, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерінің және электр станцияларының электр энергиясын беруді жүзеге асыратын электр беру желілерінің жиынтығы;
      28) шекті тариф - энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясына арналған босату тарифінің (бағасының) бекітілген ең жоғары шамасы;
      29) электр және жылу энергиясын коммерциялық есепке алу - электр және жылу энергиясын сатып алу-сату және беру шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшін қажетті электр және жылу энергиясын есепке алу;
      30) электр желілерінің күзет аймағы - электр желілерін сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желілердің күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлінген жер учаскелері, су және әуе кеңістігі;
      31) электр қуатын реттеу - электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектісінің нақты электр жүктемесінің тәуліктік кестеде жоспарланып немесе жоспарланбай айырбас электр энергиясының нөлдік сальдосы сақталған жағдайда мәлімделген электр жүктемесінен ауытқуларының орнын толтыру жөнінде көрсетілетін қызмет;
      32) электр энергетикасы - электр және жылу энергиясын өндіру, беру, жабдықтау және тұтыну саласы;
      33) электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілері - энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелік оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда операторы;
      34) электр энергиясына кепілдік беріп жеткізуші - тұтынушыларды энергиямен жабдықтаушы басқа да барлық ұйымдар энергиямен жабдықтауды тұтынушының кінәсінен емес тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;
      35) электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері - энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар;
      36) электр энергиясын беру - энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес көрсететін қызметі;
      37) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру - электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуін ұйымдастыру жөніндегі жүйелік оператор көрсететін қызмет;
      38) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік кестесі - электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес күнтізбелік әрбір тәулікте электр энергиясын өндіру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтін жүйелік оператор бекіткен құжат;
      39) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы - электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектілері арасындағы (электр энергиясын сатып алу-сату, беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетілетін қызметтер ұсыну) шарттарының негізінде көтерме сауда нарығынан тыс жұмыс істейтін қатынастар жүйесі;
      40) электр энергиясының көтерме сауда нарығы - электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы шарттар негізінде жұмыс істейтін, электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қатынастар жүйесі;
      41) электр энергиясының орталықтандырылған саудасы - осы Заңмен белгіленген жағдайларды қоспағанда, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері электрондық сауда жүйесінде ерікті негізде жүзеге асыратын электр энергиясын сатып алу-сату мәмілелері;
      42) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы - электр энергиясының спот-сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
      43) электр энергиясының спот-сауда-саттығы (бұдан әрі - спот-сауда-саттық) - бір күн бұрын және операциялық тәуліктер ішінде режимдерінде қысқа мерзімдік негізде электр энергиясының сағат сайынғы көлемінде ұйымдастырылған сауда;
      44) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы - ағымдағы операциялық тәуліктерде Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясын өндірудің және (немесе) тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасында нақты уақыт режимінде туындайтын теңгерімсіздіктерді жүйелік оператордың табиғи және бұдан кейінгі қаржылық реттеуі нәтижесінде жүйелік оператор мен энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметті жүзеге асыратын көтерме тұтынушылар арасында қалыптасатын өзара қатынастар жүйесі;
      45) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының имитациялық режимі (бұдан әрі - имитациялық режим) - электр энергиясы теңгерімсіздіктерін қаржылық реттеуді жүзеге асырмастан электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі;
      46) электр энергиясының теңгерімсіздігі - электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты шамасының электр энергиясын өндіру-тұтынудың сағаттық тәуліктік кестесіндегі жүйелік оператор бекіткен шамадан ауытқуы;
      47) энергетикалық сараптама - жұмыс істеп тұрған объектілер, реконструкцияланатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынып жатқан объектілердің жобалары бойынша, электр және жылу желілеріндегі энергетикалық жабдықтардағы технологиялық бұзылулар мен аварияларды тексеру кезінде, сондай-ақ олардағы өндірістік жарақат алу жағдайларында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестілігіне жүргізілетін электр энергетикасы саласындағы сараптама;
      48) энергия беруші ұйым - электр немесе жылу энергиясын беруді шарттар негізінде жүзеге асыратын ұйым;
      49) энергиямен жабдықтаушы ұйым - сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
      50) энергия өндіруші ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді, сондай-ақ импортталатын электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыратын ұйым;
      51) энергия өндіруші ұйымдардың тобы - мынадай өлшемдер: энергия өндіруші ұйымдардың типтері, белгіленген қуат, пайдаланылатын отын түрі, отынның тұрған жерінен қашықтығы бойынша қалыптасқан энергия өндіруші ұйымдар.";

      2) 4-бап мынадай мазмұндағы 3-1), 3-2) және 3-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "3-1) есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту тәртібін белгілейді;
      3-2) үлгілік инвестициялық шартты, үлгілік келісімді бекітеді;
      3-3) шекті тарифтерді бекітеді;";

      3) 5-бап мынадай мазмұндағы 7-1), 7-2), 7-3) және 7-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7-1) инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуге арналған техникалық тапсырмаларды бекітеді;
      7-2) энергия өндіруші ұйымдармен келісімдер және инвестициялық шарттар жасасады;
      7-3) келісімдерде көзделген инвестициялық міндеттемелерді және инвестициялық шарттарда көзделген инвестициялық бағдарламаларды энергия өндіруші ұйымдардың орындауына мониторинг жүргізеді;
      7-4) энергия өндіруші ұйымдар тобын қалыптастырады;";

      4) 6-баптың 11-тармағының 3) тармақшасында "қайта сату" деген сөздер "электрмен жабдықтау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін
              нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік
              органның құзыреті

      Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
      1) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясына арналған тарифтерді тәулік зоналары бойынша және (немесе) оны жеке тұлғалардың тұтынатын көлеміне қарай саралау тәртібін бекітеді;
      2) энергия өндіруші ұйымдармен инвестициялық шарттар жасасады;
      3) жеке тарифті бекітеді;
      4) электрмен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімін ресми веб-сайтта жүргізеді, орналастырады және он күн сайын жаңартып отырады;
      5) осы Заңның 12-бабының 3, 4-тармақтарында, 12-1-бабының 4, 5-тармақтарында көзделген талаптарды энергия өндіруші ұйымдардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады және анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқамалар енгізеді;
      6) осы Заңның 13-бабының 3-3-тармағында, 18-бабының 1-тармағында көзделген талаптарды энергия өндіруші ұйымдардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады және анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқамалар енгізеді;
      7) осы Заңның 12-бабының 3, 4-тармақтарында, 12-1-бабының 4, 5-тармақтарында көзделген талаптарды энергия өндіруші ұйымдар бұзған жағдайда сотқа жүгінеді;
      8) осы Заңда айқындалған нормативтік құқықтық актілерді өз құзыретінің шегінде әзірлейді, бекітеді.";

      6) 9-бапта :
      1-тармақтағы "табиғи монополиялар салаларындағы қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3 және 4-тармақтардағы "кВ" деген сөз "киловольт" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) 10-бапта :
      1-тармақта:
      5) тармақшадағы "теңгерімсіздіктерін табиғи реттеу" деген сөздер "өндіру-тұтыну теңгерілімін ұйымдастыру" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) тармақшадағы "бұдан кейін" деген сөздер алып тасталсын;
      2-тармақтың 2) тармақшасындағы "ету үшін электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар." деген сөздер "етуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      "3) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.";

      8) 12-бап мынадай мазмұндағы 3, 4-тармақтармен толықтырылсын:
      "3. Энергия өндіруші ұйымдар:
      1) электр энергиясын, спот-сауда-саттықта (олар өндіретін электр энергиясының көлемінің он процентінен аспайтын), теңгерімдеуші нарықты және экспортқа өткізілетін жағдайларды қоспағанда, тиісінше шекті, есептік немесе жеке тарифтен аспайтын тарифтер бойынша өткізуді жүзеге асыруға;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісім жасасуға, онда көзделген инвестициялық міндеттемелерді орындауға және олардың орындалуы туралы есепті жыл сайын уәкілетті органға табыс етуге;
      3) инвестициялық шарт жасасқан жағдайда инвестициялық бағдарламаны орындауға және оның орындалуы туралы есепті уәкілетті органға және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға жыл сайын табыс етуге міндетті.
      4. Электр энергиясын тиісінше шекті, есептік немесе жеке тарифтен асырып өткізген жағдайда, энергия өндіруші ұйым, электр энергиясын спот-сауда-саттықта (олар өндіретін электр энергиясы көлемінің он процентінен аспайтын), теңгерімдеуші нарықта және экспортқа өткізу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, көтерме және (немесе) бөлшек сауда субъектілеріне асып кеткен соманы қайтаруға міндетті.
      Энергия өндіруші ұйым табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган енгізген инвестициялық бағдарламаны орындау туралы нұсқаманы белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, энергия өндіруші ұйым көтерме және (немесе) бөлшек сауда нарығының субъектілеріне инвестициялық бағдарламаны орындау үшін көзделген және оны іске асыру мақсатында пайдаланылмаған алынған қаражатты қайтаруға міндетті.
      Инвестициялық бағдарламаны орындау үшін көзделген қаражат деп энергия өндіруші ұйымның тиісінше есептік немесе жеке тарифтен аспайтын тарифтерді қолдану кезінде алған нақты табысы (түсімі) мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептік тарифті анықтау немесе жеке тарифті бекіту кезінде көзделген нақты шығындар арасындағы айырма түсініледі.";

      9) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:

      "12-1-бап. Шекті, есептік және жеке тарифтерді айқындау тәртібі

      1. Шекті, есептік және жеке тарифтер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалады.
      2. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясына босатылатын бағаны дербес, бірақ энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының шекті тарифінен аспайтындай етіп белгілейді.
      Шекті тариф энергия өндіруші ұйымдардың тобы бойынша жылдарға бөліне отырып, кем дегенде жеті жыл мерзімге бекітіледі және саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етудің қажеттігі есепке алынып жыл сайын түзетіліп отырады.
      Шекті тарифтерді енгізу жылы алдындағы бір жыл ішінде энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан іс жүзіндегі ең жоғары баға қолданыстағы бірінші жылына шекті тарифті айқындау үшін база болып табылады.
      3. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясын шекті тарифтен аспайтын бағалар бойынша өткізу үшін белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісім жасасады.
      Келісімде энергия өндіруші ұйымдардың жаңа активтерді құруға, қолдағы бар активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қолдауға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру жөніндегі инвестициялық міндеттемелері көзделеді.
      Уәкілетті орган энергия өндіруші ұйымдардың келісімдерді орындауына мониторинг жүргізеді.
      Энергия өндіруші ұйым өзінің инвестициялық міндеттемелерін дербес айқындайды.
      4. Егер энергия өндіруші ұйымның инвестициялық міндеттемелерін шекті тарифтер шегінде электр энергиясын өткізуден алынатын қаражат есебінен жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін, техникалық тапсырманы уәкілетті орган бекіткен және инвестициялық шарт жасасқан жағдайда есептік немесе жеке тарифті қолдануға құқылы.
      Инвестициялық бағдарлама оны іске асыру басталғанға дейін уәкілетті органға және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға табыс етіледі.
      Энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарлама негізінде белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен инвестициялық шарт жасасады.
      5. Есептік тариф Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және бекітілген инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған электр энергиясының бағасынан аспауға тиіс.
      Энергия өндіруші ұйым есептік тарифті инвестициялық шартты жасасқан кезден бастап қолданады және есептік тариф инвестициялық шартта көзделген инвестициялық міндеттемелерді орындау кезеңінің ішінде қолданыла алады.
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау-сметалық құжаттардағы өзгерістерді келіскен жағдайда, есептік тариф инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған электр энергиясының бағасынан асуы мүмкін.
      6. Энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны іске асырудың кез келген сатысында жеке тарифті қолдануға құқылы.
      Энергия өндіруші ұйымның жеке тарифті қолдануы табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның инвестициялық бағдарлама параметрлерін және жобалау-сметалық құжаттаманы есепке ала отырып қабылдаған шешімінің негізінде жүргізіледі.
      Жеке тариф энергия өндіруші ұйымның инвестициялық шартта көзделген қуаттылықты енгізу жөніндегі міндеттемелерін орындау кезінде есептік тарифтен төмен болмауға тиіс.
      Жеке тариф инвестициялық бағдарламаның құны артқан жағдайда есептік тарифтен жоғары болып бекітіледі. Бұл ретте инвестициялық бағдарламаның құнын арттыру уәкілетті органмен және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісілуге тиіс.";

      10) 13-бап :
      мынадай мазмұндағы 3-2, 3-3-тармақтармен толықтырылсын:
      "3-2. Энергия өндіруші ұйымға, электр энергиясын экспорттауды қоспағанда, көтерме және (немесе) бөлшек сауда нарығының субъектісі болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлғаларға электр энергиясын өткізуге (сатуға) тыйым салынады.
      3-3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға, теңгерімдеуші нарықтағы сатып алу-сату жағдайларын қоспағанда, электр энергиясын басқа энергиямен жабдықтаушы ұйымға өткізуге (сатуға) тыйым салынады.
      Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімін табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган ресми веб-сайтта қалыптастырады, жүргізеді және жариялайды.";
      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Энергия өндіруші ұйым қуаты авариялық істен шыққан жағдайда ғана электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша жасалған өз міндеттемелерін орындау мақсатында басқа бір энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыруға құқылы.";
      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      "6-1. Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жүйелік операторымен жасасқан электр энергиясын өндірудің-тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру жөніндегі жүйелі қызметтер көрсетуге арналған шарттар негізінде имитациялық режимде жұмыс істейтін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына қатысуға міндетті.";

      11) 14-бапта :
      4-тармақта:
      "және электр энергиясын кейін сату мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар" деген сөздер алып тасталсын;
      "қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5-тармақтағы "қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын";

      12) 15-бап :
      2-тармақ мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) спот-сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша қаржылық өзара есеп айырысуды ұйымдастырады және жүргізеді.";
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Имитациялық режимдегі электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.";

      13) 16-баптың 1-тармағындағы "қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14) 18-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушыларға электр энергиясын тәулік зоналары бойынша және (немесе) тұтынатын энергияның көлеміне (жеке тұлғалар үшін) қарай сараланған тарифтер бойынша өткізуден (сатудан) бас тартуға құқығы жоқ.";

      15) 19-бапта :
      2-тармақтың 5) тармақшасындағы "жіберуге;" деген сөз "жіберуге міндетті." деген сөздермен ауыстырылып, 6) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын сатып алатын заңды тұлғалар болып табылатын электр энергиясын тұтынушылар тұтынған электр энергиясы үшін төлемақыны тәулік зоналары бойынша сараланған тарифтермен төлеуге міндетті.";

      16) 22-баптың 4-тармағындағы "саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді" деген сөздер "салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 25-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
      "3. Энергия өндіруші ұйымдар 2009 жылғы 1 мамырдан бастап осы Заңда белгіленген тәртіппен келісімдер жасассын.
      4. Осы Заңның 13-бабының 3-3-тармағында көзделген тыйым салу электр энергиясын оны орташа тәуліктік (базалық) қуаты 1 мегаваттан аспайтын көлемде беретін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға сатқан жағдайларға 2009 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылмайды.".

      13. "Жеке кәсіпкерлік туралы" 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., N 3, 21-құжат; N 16, 99-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат, N 17, 136-құжат; 2008 ж., N 13-14, 57, 58-құжаттар; N 15-16, 60-құжат):
      көрсетілген Заңға қосымшаның 25-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "25. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
      1) табиғи монополиялар салаларындағы бақылау;
      2) энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасын сақтауын өз құзыреті шегінде бақылау;
      3) реттелетін нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, мемлекет реттеп отыратын бағалар енгізілетін өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша белгіленген бағаларды сақтауын бақылау.".

      14. "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 2, 10-құжат; N 20, 152-құжат; 2008 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" және 2008 жылғы 27 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 21 қарашадағы Заңы ):
       12-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) электр энергиясын энергиямен жабдықтау мақсатында сатып алу;".

       2-бап. Осы Заң, 2009 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 14-тармағын қоспағанда, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                    Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады