Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртiбi туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 5 шілдедегі № 26-V Заңы.

      2012 жылғы 11 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртiбi туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ (2012 жылғы 5 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2012 ж., N 4, 66-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,

      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту, өз азаматтарының сапарларын құқықтық реттеу мақсатында,

      1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы мәңгілік достық туралы шарттың ережелері мен қағидаттарын назарға ала отырып,

      бір Тарап мемлекеті азаматтарының басқа Тарап мемлекетінің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Басқа Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары болатын Тараптың құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелу (болатын жері бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі көші-қон картасымен және (немесе) болатын Тарап мемлекетінің аумағына кіру кезінде қойылған шекаралық бақылау органдарының белгісімен расталған бір Тарап мемлекеті азаматының басқа Тарап мемлекетінің аумағына кірген күнінен бастап есептеледі.

      3. Бір Тарап мемлекетінің азаматы басқа Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 30 күннен артық болған жағдайда, көрсетілген азамат болатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын жері бойынша есепке тұруға) міндетті.

      4. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары кірген Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 90 күннен аспайтын мерзімге тіркеледі және тіркеу осындай мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 23.06.2017 № 79-VІ Заңымен.

2-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі,

      Қырғыз Республикасының Үкіметінен - Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіркеу қызметі.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары Тараптар мемлекеттерінің шекараларындағы халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы екінші Тараптың аумағына келеді, кетеді және транзитпен жүреді.

4-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары мынадай жарамды құжаттар бойынша басқа Тарап мемлекетінің аумағына кіре алады (шыға алады):

      Қазақстан Республикасы үшін:

      1. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі.

      2. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.

      3. Дипломаттық паспорт.

      4. Қызметтік паспорт.

      5. Теңізшінің жеке куәлігі.

      6. Қазақстан Республикасына оралуға арналған куәлік (тек Қазақстан Республикасына оралу үшін).

      7. Алып тасталды - ҚР 17.04.2020 № 315-VI Заңымен.

      Қырғыз Республикасы үшін:

      1. Дипломаттық паспорт.

      2. Қызметтік паспорт.

      3. Қырғыз Республикасы азаматының паспорты (ID-карта).

      4. Қырғыз Республикасы азаматының жалпы азаматтық паспорты.

      5. Теңізшінің паспорты (кеме рөлі бар болса - одан үзінді).

      6. Қырғыз Республикасына оралуға арналған куәлік (тек Қырғыз Республикасына оралу үшін).

      7. Алып тасталды - ҚР 17.04.2020 № 315-VI Заңымен.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 315-VI Заңымен.

5-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары басқа Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта келген жерінде оның ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

6-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері әрқайсысының басқа Тарап мемлекетінің өз аумағында болуы қолайсыз деп саналатын азаматтарының келуінен бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту құқықтарын шектемейді.

7-бап

      1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Бір Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа қолданысын тоқтата тұру күніне дейін 72 сағаттан кешіктірмей жібереді.

      2. Осы Келісімнің қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдаған Тарап, осы Келісімнің қолданысын қайта бастау күніне дейін 72 сағаттан кешіктірмей қолданысын қайта бастау күні туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлама жібереді.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және орындауға қатысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен реттеледі.

10-бап

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа бұл туралы жазбаша нысанда хабарлай отырып, осы Келісімнің қолданысын біржақты тәртіппен тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім мұндай хабарлама алынған күнінен бастап алты (6) ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

      2012 жылғы 11 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының      Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады