Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 23 қазандағы № 9-нқ бұйрығы.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 1-тармағы 6) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы№ 427 Жарлығына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы ереже (бұдан әрі – Ұлттық статистика бюросы) бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 22 бұйрығының күші жойылсын.

      3. Ұлттық статистика бюросы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ұлттық статистика бюросының басшысына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Қ. Келімбетов

  Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігі
төрағасының
2020 жылғы 23 қазандағы
№ 9-нқ бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 07.04.2022 № 14 бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (бұдан әрі – Ұлттық статистика бюросы) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында үйлестіруді, басшылықты және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 12.08.2024 № 68 бұйрығымен.

      2. Ұлттық статистика бюросы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы қазақ тілінде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Ұлттық статистика бюросы азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Ұлттық статистика бюросы заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Ұлттық статистика бюросы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Ұлттық статистика бюросы басшысының бұйрықтарымен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Ұлттық статистика бюросының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Ұлттық статистика бюросының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, "Есіл" ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 4-кіреберіс.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 02.03.2023 № 19 бұйрығымен.

      9. Ұлттық статистика бюросының толық атауы – "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Ұлттық статистика бюросының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Ұлттық статистика бюросының қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Ұлттық статистика бюросына кәсіпкерлік субъектілерімен Ұлттық статистика бюросының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Ұлттық статистика бюросына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Ұлттық статистика бюросының мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;

      2) мемлекеттік статистика принциптерін сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      3) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру;

      4) Ұлттық статистика бюросына жүктелген өзге де мақсаттарды өз құзыреті шегінде жүзеге асыру.

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      1) мемлекеттік статистика саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жетілдіру мәселелері бойынша Агенттікке ұсыныстар енгізу;

      1-1) өз құзыреті шегінде консультативтік-кеңесші органдарды, оның ішінде кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестерді, сондай-ақ ведомствоаралық жұмыс топтарын, сараптама комиссияларын құру;

      2) респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, алғашқы, әкімшілік және дербес деректерді қоса алғанда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дерекқорларына қолжетімділік алу;

      4) құзыреті шегінде Ұлттық статистика бюросының, оның аумақтық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымының қызметіне қатысты мәселелер бойынша құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;

      5) Ұлттық статистика бюросына және оның аумақтық бөлімшелеріне жүктелген міндеттердің шешілуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану;

      6) Ұлттық статистика бюросы қызметінің негізгі бағыттары бойынша басқа мемлекеттік органдармен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      7) Агенттікпен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұлттық санақтарды өткізу қажеттілігі туралы ұсыныс енгізу;

      8) сотқа жүгіну;

      9) байланыс операторларынан респонденттер жөнінде байланыс деректерін алу;

      10) мемлекеттік статистика саласындағы өзінің өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін аумақтық статистика бөлімшелеріне беру;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      12) құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылдау және қарау;

      13) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қамтамасыз ету;

      14) респонденттерді алғашқы статистикалық деректерді электрондық түрде ұсынуға қажетті статистикалық нысандармен және (немесе) бағдарламалық қамтылыммен өтеусіз негізде қамтамасыз ету;

      15) әкімшілік деректерді статистикалық ақпаратты түзу және статистикалық тіркелімдерді жаңарту үшін пайдалану;

      16) Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында Ұлттық статистика бюросы қызметінің бағыттары бойынша ақпаратты жариялауды және уақтылы жаңартуды қамтамасыз ету;

      17) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оларға жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін ұйымдастыру;

      18) қағаз жеткізгіштердегі және электрондық түрдегі алғашқы статистикалық деректердің, әкімшілік деректердің белгіленген мерзімдерде сақталуын қамтамасыз ету;

      19) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін бекіту;

      20) статистикалық жұмыстар жоспарында көзделген көлемде ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес статистикалық жарияланымдарды қалыптастыруды және ресми статистикалық ақпаратты таратуды қамтамасыз ету;

      21) үй шаруашылықтарынан өтеулі және өтеусіз негізде олардың кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді алу;

      22) статистикалық ақпаратты түзу кезінде алғашқы статистикалық деректердің анықтығын растау үшін респонденттерден қосымша ақпаратты талап ету;

      23) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді бұрмалауы анықталған кезде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді қамтитын статистикалық нысандарға түзетулер енгізуді талап ету;

      24) Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсында орналастыру арқылы пайдаланушыларға ресми статистикалық ақпарат пен статистикалық әдіснамаға бір мезгілде қол жеткізудің тең құқықтарын қамтамасыз ету;

      25) дербес деректерді қамтитын базаға иелік ету, пайдалану және билік ету;

      26) статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарауды жүзеге асыру;

      27) Ұлттық статистика бюросының қызметіне қанағаттанушылық деңгейін мониторингтеу мақсатында респонденттер мен пайдаланушыларға сауал салу жүргізу;

      28) ерікті негізде респонденттердің қатысуымен жалпымемлекеттік және (немесе) ведомстволық статистикалық байқаулар бойынша статистикалық нысандар мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтардың жобаларына тестілеу жүргізу және талқылау;

      29) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтар өткізу кезінде адамдарды интервьюерлер ретінде тарту;

      30) тиісті мемлекеттік органдармен, комиссиялармен, санақ персоналымен бірлесіп тұрғындар арасында ұлттық санақтар өткізудің мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      31) аумақтық статистика бөлімшелерінің санақ персоналын іріктеуі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олармен ұлттық санақтарға қатысуға шарттар жасасуы;

      32) уәкілетті органның шешімі бойынша пилоттық санақ жүргізу арқылы санақ парақтарын сынау, жүргізілуін ұйымдастыруды және алынған деректерді өңдеуді сынақтан өткізу, сондай-ақ облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің тізімдерін қалыптастыруы, нақтылауы, Ұлттық статистика бюросына ұсынуы;

      33) өз құзыретінің шегінде мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын, мемлекеттік статистика мәселелері бойынша олар қабылдаған актілердің күшін жою немесе өзгерту туралы ұсыныстар енгізу;

      34) мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік статистика мәселелері бойынша ақпаратты сұрату және алу;

      35) Ұлттық статистика бюросының құзыретіне кіретін мемлекеттік статистика мәселелері бойынша аумақтық бөлімшелер мен ұйымдарға, заңды және жеке тұлғаларға әдіснамалық және консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастыру;

      36) мемлекеттік статистика мәселелері бойынша білімді насихаттау;

      37) бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті қалыптастыру;

      38) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасының қолданылуына талдау жүргізу;

      39) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту, ұлттық санақтарды жүргізуге арналған оқыту бағдарламаларын дайындау, сондай-ақ санақ персоналына арналған оқыту семинарларын өткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      40) реттейтін салада жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру;

      41) негізгі қызмет, республикалық бюджетті жоспарлау мен орындау мәселелері бойынша аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымының жұмысын үйлестіру;

      42) әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізуге деректерді бақылаушыларды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының өзге де мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тарту;

      42-2) рұқсаттамалық және объектішілік режимнің белгіленген талаптарын сақтай отырып, әкімшілік дереккөздің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіру;

      42-3) тексеру нәтижелеріне қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға және қажет болған кезде оларды қашықтан бақылау жүргізуде пайдалану;

      42-4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып, тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті алу;

      42-5) аудио-, фото- және бейнетүсiрiлiмді жүзеге асыру;

      42-6) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-1-бабында көзделген әкімшілік дереккөздің міндеттемелерін орындаудан бас тарту фактілерін бейнетүсірілімге тіркеп-белгілеу;

      42-7) Қазақстан Республикасының заңнамасын, әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;

      42-8) Заңның 12-1-бабымен белгіленген тәртіп негізінде және оған қатаң сәйкестікте қашықтан бақылау және тексерулер жүргізу;

      42-9) тексерулер жүргізу кезеңінде әкімшілік дереккөздің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамау;

      42-10) тексерулер жүргізу кезінде әкімшілік дереккөз басшысының немесе басшысы міндетін атқарушы адамның қатысуына кедергі жасамауға, тексерулер нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірмелер беру;

      42-11) әкімшілік дереккөзге тексерудің нысанасына жататын қажетті ақпаратты беру;

      42-12) әкімшілік дереккөзге тексеру нәтижелері туралы қорытындыны немесе қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны табыс ету;

      42-13) қашықтан бақылау және тексеру жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз ету;

      42-14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындау;

      43) бекітілген графикке сәйкес нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу;

      44) Агенттікпен келісу бойынша халықаралық шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу және өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет елдердің тиісті ведомстволарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен келісімдерге қол қою;

      45) Агенттікпен келісу бойынша шетелдік сарапшылар мен консультанттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмысқа тарту;

      46) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті құжаттарды (ақпаратты) және материалдарды сұрату және алу;

      46-1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдардан уәкілетті орган қалыптастыратын ресми статистикалық ақпаратты жасауға қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алу;

      46-2) сұрау салу негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен сыртқы сектор статистикасын қалыптастыру мақсатында жиналатын алғашқы статистикалық деректерді иесіздендірілген түрде өтеусіз негізде алу;

      46-3) статистикалық қызметті жүзеге асыру кезінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардан, ұйымдардан мемлекеттік тапсырыстарды және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру кезінде қалыптастырылған деректерді, оның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өтеусіз негізде алу және пайдалану;

      46-4) мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сұрау салуы негізінде иесіздендірілген алғашқы статистикалық деректерді үшінші тұлғаларға берусіз тек статистикалық мақсаттарда пайдалану үшін ұсыну;

      46-5) ақпараттық жүйеде техникалық ақаулардың пайда болғаны, сондай-ақ респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну мерзімін ұзарту және оны техникалық ақаулар жойылғаннан кейін келесі жұмыс күніне ауыстыру туралы хабарламаны ресми интернет-ресурста орналастыру;

      46-6) интернет-ресурста және "электрондық үкімет" веб-порталының ашық деректер интернет-порталында орналастыру арқылы пайдаланушылардың сапалы ресми статистикалық ақпаратқа, оның ішінде машинамен оқылатын деректер форматында және статистикалық әдіснамаға бір мезгілде қол жеткізуге тең құқықтарын қамтамасыз ету;

      47) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 16.08.2022 № 53; 02.03.2023 № 19; 05.07.2023 № 42; 12.08.2024 № 68 бұйрықтарымен.

      15. Функциялары:

      1) Ұлттық статистика бюросының құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;

      2) ведомстволық статистикалық байқаулар саласындағы жұмыстарды әдіснамалық сүйемелдеу;

      3) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;

      4) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;

      5) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіру;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру және ынтымақтастық аясында шарттар жасасу;

      7) жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсыныстарын ескере отырып, сондай-ақ статистикалық қызметті талдау қорытындылары негізінде алдағы күнтізбелік жылға арналған статистикалық жұмыстар жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      8) жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қарашасына дейін статистикалық жұмыстар жоспарын бекіту;

      9) статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды ұйымдастыру және жүргізу, соның ішінде бағаларды тіркеу;

      10) алғашқы статистикалық деректерді және (немесе) алынған әкімшілік деректерді қорыту және талдау, техникалық тапсырмаларды әзірлеу және белгіленген тәртіппен талдамалық шешімдер қабылдау, сондай-ақ ресми статистикалық ақпаратты және (немесе) статистикалық ақпаратты тарату;

      11) статистикалық сыныптауыштарды әзірлеу және бекіту;

      12) мемлекеттік статистика органдарын уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы статистикалық сыныптауыштармен қамтамасыз ету;

      13) мынадай статистикалық тіркелімдерді жүргізу:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы ақпаратты қамтитын статистикалық бизнес-тіркелімді;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын жеке тұлғалар туралы, сондай-ақ одан тыс жерлерде уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары туралы ақпаратты қамтитын халықтың статистикалық тіркелімін;

      3) Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін субъектілер жөнінде ақпаратты қамтитын ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімін;

      4) Қазақстан Республикасының барлық меншік нысанындағы тұрғын үйлері туралы ақпаратты қамтитын тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады;

      14) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттық статистикалық дерекқорлардың жинақталуын, жүргізілуін және жаңартылуын қамтамасыз ету;

      15) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды респонденттерге қатысты респонденттерге бармай, әкімшілік дереккөздерге қатысты қашықтан бақылау, мерзімдік және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асыру;

      15-1) әкімшілік дереккөздерге қатысты мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлеу және бекіту;

      15-2) мемлекеттік бақылау нәтижелері туралы қорытындылардың нысандарын, тексерулерді тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату, ұзарту туралы актілердің нысандарын, тексеру парағын, әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы қорытындылар мен тексерулердің нәтижелерін тіркеу журналдарын әзірлеу және бекіту;

      16) мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің статистикалық қызметінің мемлекеттік органдардың статистикалық ақпаратты түзу процесін сипаттаудың үлгілік әдістемесінде бекітілген талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізу, сондай-ақ талдау жүргізуге қажетті құжаттарды (ақпаратты) сұрату;

      17) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастыру;

      18) мемлекеттік органдарда қалыптастырылатын есептіліктің бірыңғай тізілімін әзірлеу;

      18-1) әкімшілік деректер негізінде қалыптастырылатын әкімшілік көрсеткіштердің бірыңғай анықтамалығын әзірлеу;

      19) мемлекеттік органдардың статистикалық ақпарат жасау процесін сипаттаудың үлгілік әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      20) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар бойынша әдістемені әзірлеу және бекіту;

      21) ведомстволық сыныптамаларды жүргізудің үлгілік әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      22) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізу үшін статистикалық нысандарды, оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды, сондай-ақ оларды бекіту тәртібін бекіту;

      23) статистикалық байқаулар жүргізу кезінде бекітілген статистикалық нысандар бойынша анық алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін әзірлеу және бекіту;

      24) ғылыми әдістер мен тәсілдер, оның ішінде әдістемелер негізінде жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар бойынша статистикалық әдіснаманы әзірлеу және бекіту;

      25) бағаларды тіркеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      26) әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды, сондай-ақ көрсеткіштерді есептеу әдістемесін келісу;

      27) шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығын қамтамасыз ету;

      28) шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығына нақтылау жүргізу қағидаларын бекіту;

      29) уәкілетті орган ресми дереккөздерден алған деректерді мониторингтеу, талдау және салыстыру;

      30) салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қолжетімділігі бар лауазымды адамдардың тізбесін бекіту;

      31) Қазақстан Республикасының заңнамасында салықтық құпия ретінде айқындалған, ұсынылатын мәліметтер тізбесін және оларды ұсыну тәртібін бекіту;

      32) өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзатын, мемлекеттік органдар қабылдаған актілерді жою, өзгерту, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізу;

      33) сәйкестендірілмеген түрдегі дерекқорларды ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте пайдалану үшін ұсыну тәртібін әзірлеу және бекіту;

      34) шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу жөніндегі статистикалық әдіснаманы және тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандарын бекіту;

      35) әкімшілік деректерді өтеусіз негізде ұсыну тәртібін бекіту;

      36) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік статистика саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру;

      37) өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша ұсыну енгізу және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат беру;

      38) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне шағымды өз құзыреті шеңберінде қарау;

      39) Қазақстан Республикасы Парламенті комитеттерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бөлімдерінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратының және өзге де мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген статистикалық ақпаратты ұсыну;

      40) монополияға қарсы органмен келісу бойынша мемлекеттік монополия субъектісі, ведомстволық бағынысты ұйым өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсететін қызметтердің) бағаларын белгілеу;

      40-1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) көлемдері шеңберінде өндiрілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ведомстволық бағынысты ұйыммен орнатылатын бағаларын келісу;

      41) ұлттық санақтар жүргізу тәртібі мен мерзімдерін әзірлеу және бекіту;

      42) ұлттық санақ жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту;

      43) пилоттық санақ жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;

      44) санақ парақтарын әзірлеу және бекіту;

      45) ұлттық санақтарды жүргізу;

      46) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық санақтарды жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру;

      47) мемлекеттік органдармен ақпараттық жүйелерді интеграцияламай өзара іс-қимыл жасау туралы бірлескен актілерді әзірлеу және бекіту;

      48) ұлттық санақ қорытындыларын қалыптастыру мен жариялауды қамтамасыз ету;

      49) мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен қалыптастыруға қатысу қағидаларын бекіту;

      50) мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген ведомстволық статистикалық байқаулар бойынша статистикалық нысандар мен статистикалық әдіснаманы келісу;

      51) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне сәйкес респонденттер ұсынатын алғашқы статистикалық деректер негізінде әзірленген статистикалық ақпаратты өтеусіз негізде ұсыну қағидаларын бекіту;

      52) үй шаруашылықтарынан олардың кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алу қағидаларын бекіту;

      53) алып тасталды – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 05.07.2023 № 42 бұйрығымен;
      54) алып тасталды – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 05.07.2023 № 42 бұйрығымен;

      55) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес өтеулі қызметтер көрсету шарты бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтарды жүргізу кезінде интервьюерлердің саны мен олардың көрсетілетін қызметтерінің құнын есептеуді бекіту;

      56) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтарды жүргізу кезінде адамдарды интервьюер ретінде тарту қағидаларын әзірлеу және бекіту және олардың жұмысын ұйымдастыру;

      56-1) кәсіптік біліктілікті тану саласында уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту;

      56-2) кәсіптік біліктілікті тану саласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының қорытындысын ескере отырып, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекіту;

      56-3) кәсіптік біліктілікті тану саласында уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеу және (немесе) жаңарту;

      56-4) кәсіптік біліктілікті тану саласында кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде уәкілетті органға Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қарау және кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      56-5) кәсіптік біліктілікті тану саласында кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды уәкілетті органға жіберу;

      56-6) кәсіптік біліктілікті тану саласында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастыру;

      56-7) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган бекіткен кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы Үлгілік ереженің негізінде кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы ережелерді әзірлеу және бекіту;

      57) байланыс операторларынан респонденттер бойынша байланыс деректерін алу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      58) статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      59) Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру жүргізу мақсатында сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша, сондай-ақ тергеп-тексеруді жүргізетін органның сұрау салуы бойынша сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті орган арқылы мәліметтер ұсыну;

      60) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мәліметтерді Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеуді қолдану мақсатында ұсыну;

      61) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-статистикалық жүйелерін, дерекқорлары мен олардың платформаларын, статистика тіркелімдерін, интернет-ресурсын қалыптастыруды, сүйемелдеу мен жаңартуды қамтамасыз ету;

      62) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген статистикалық ақпаратты қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      63) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ведомстволық бағынысты ұйымның даму жоспарын және оны орындау жөніндегі есепті қарау, келісу және бекіту;

      64) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық әкімшілендіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына шаруашылық бойынша есепке алу кітабында ескерілген әкімшілік деректерді ұсыну;

      65) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына ішкі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      66) нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу;

      67) санақтың штаттан тыс бөлімінің штат кестесін, құрылымы мен ережесін әзірлеу және бекіту;

      68) ұлттық санақтарды жүргізу жөніндегі әдіснамалық құралды әзірлеу және бекіту;

      69) статистикалық жарияланымдарды қалыптастыруды және статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес уәкілетті органның ведомствосының таратуына жататын ресми статистикалық ақпараттың таратуды қамтамасыз ету;

      70) Агенттікпен келісу бойынша Ұлттық статистика бюросының және оның аумақтық бөлімшелерінің мүлкін есептен шығару;

      71) жетекшілік ететін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша нысаналы бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын объектілердің (ғимарат пен имараттар, олардың кешендері, инженерлік және көлік коммуникациялары) құрылысына техникалық-экономикалық негіздемені немесе жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту;

      72) тиісті қаржы жылына ведомствоға қарасты ұйымның жылдық қаржылық есебін бекіту;

      73) бөлінген қаражат шегінде аумақтық бөлімшелердің санақ бөлімдерінің санақ персоналы санының нормативтерін бекіту;

      74) ұлттық санақтарды жүргізу кезінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл туралы бірлескен актілерді әзірлеу және бекіту;

      75) қағаз жеткізгіштердегі және электрондық түрдегі алғашқы статистикалық деректердің, әкімшілік деректердің белгіленген мерзімдерде сақталуын қамтамасыз ету;

      75-1) арыз иелері көтеретін жүйелі проблемаларға талдау жүргізу және оларды анықтау;

      75-2) статистикалық қызметте пайдалану үшін оңтайлы дереккөзді таңдау мақсатында статистикалық байқаулар деректерін басқа деректермен салыстыру;

      75-3) әкімшілік деректердің сапасын бағалау тәртібін бекіту;

      75-4) Бюроға цифрлық трансформациялауды жүргізу;

      75-5) мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес Бюроның қызметіне функционалдық талдау жүргізу;

      76) алып тасталды – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 16.08.2022 № 53 бұйрығымен;

      77) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 16.08.2022 № 53; 02.03.2023 № 19; 05.07.2023 № 42; 28.03.2023 № 34; 12.08.2024 № 68 бұйрықтарымен.

3-тарау. Ұлттық статистика бюросы басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Ұлттық статистика бюросын басқаруды Ұлттық статистика бюросына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты басшы жүзеге асырады.

      17. Ұлттық статистика бюросының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Ұлттық статистика бюросы басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын үш орынбасары болады.

      19. Ұлттық статистика бюросы басшысының өкілеттіктері:

      1) Ұлттық статистика бюросына жүктелген міндеттерге сәйкес оның қызметін ұйымдастырады және жалпы басшылық етуді жүзеге асырады;

      2) штат санының лимиті шегінде Ұлттық статистика бюросы және оның аумақтық бөлімшелерінің құрылымы бойынша ұсыныстарды Агенттіктің қарауына енгізеді;

      3) өз орынбасарларының және Ұлттық статистика бюросы құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;

      4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жатқызылған жұмыскерлерді (қызметкерлерді) қоспағанда, Ұлттық статистика бюросының жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      5) Агенттікпен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Ұлттық статистика бюросы аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      6) Ұлттық статистика бюросының еңбек қатынастары мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерін (қызметкерлерін) іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, үстемеақы төлеу мәселелерін шешеді;

      7) Ұлттық статистика бюросы аумақтық бөлімшелерінің басшыларын өңірдің шегінен тыс жерге іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру және материалдық көмек көрсету, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің басшылары мен олардың орынбасарларын даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, үстемеақы төлеу мәселелерін шешеді;

      8) аумақтық бөлімшелердің басшыларына өңір шегінде оларды іссапарға жіберу, ал олардың орынбасарларын өңір шегінде және одан тыс жерлерге іссапарға жіберу, сондай-ақ басшының орынбасарларына демалыстар беру және оларға материалдық көмек көрсету мәселелерін шешуді береді;

      9) ведомстволық бағынысты ұйымның директорына үстемеақылар төлеуді белгілеуді келіседі;

      10) Ұлттық статистика бюросының еңбек қатынастары мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған жұмыскерлеріне (қызметкерлеріне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      11) Ұлттық статистика бюросы аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен олардың орынбасарларына, сонымен қатар ведомстволық бағынысты ұйымның директорына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      12) өз құзыретінің шегінде Ұлттық статистика бюросы мен оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері жұмыскерлерінің (қызметкерлерінің) орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      13) Агенттікке Ұлттық статистика бюросының және оның аумақтық бөлімшелерінің жұмыскерлерін (қызметкерлерін) мемлекеттік наградалармен наградтау туралы ұсынулар енгізеді;

      14) Ұлттық статистика бюросының жұмыскерлерін (қызметкерлерін) және оның аумақтық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымның басшылығы мен жұмыскерлерін (қызметкерлерін) ведомстволық наградамен наградтау мәселелерін шешеді;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынаста Ұлттық статистика бюросының атынан өкілдік етеді;

      16) Ұлттық статистика бюросында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар қабылдайды;

      17) Ұлттық статистика бюросы құрылымдық бөлімшелерінің және аумақтық бөлімшелерінің ережелерін бекітеді;

      18) Ұлттық статистика бюросы аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен олардың орынбасарларының және ведомстволық бағынысты ұйым директорының міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;

      19) Агенттікпен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты ұйымның директорын және оның орынбасарларын тағайындайды;

      20) аумақтық бөлімшелер басшылығының лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      21) алдағы жылға нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингін жүргізу графигін бекітеді.

      22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ұлттық статистика бюросының басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

4-тарау. Ұлттық статистика бюросының мүлкі

      21. Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығымен оқшауланған мүлікке ие бола алады.

      Ұлттық статистика бюросының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Ұлттық статистика бюросына бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Ұлттық статистика бюросы, өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Ұлттық статистика бюросын қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Ұлттық статистика бюросын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ұлттық статистика бюросының қарамағындағы ұйымдарының тізбесі

      "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-есептеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Ұлттық статистика бюросының қарамағындағы мемлекеттік мекемелер - аумақтық бөлімшелерінің тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 16.08.2022 № 53; өзгеріс енгізілді – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 02.03.2023 № 19 бұйрықтарымен.

      1. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      2. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      3. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      4. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      5. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      6. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      7. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      8. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жетісу облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      9. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      11. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      12. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      13. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      14. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      15. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      16. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ұлытау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      17. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      18. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Астана қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      19. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      20. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады