Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті туралы ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 43 бұйрығы.

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысына және "Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті осы бұйрықтан туындайтын қажетті (өзге) шараларды белгіленген мерзімде қабылдасын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр С. Нұрбек

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары
білім министрінің
2022 жылғы "13" қыркүйектегі
№43 бұйрығымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құзыреті шегінде ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады, сондай-ақ ведомствоның құзыреті шегінде Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, "Есіл" ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер Үйі" әкімшілік ғимараты, 11-кіреберіс.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.06.2023 № 261 бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) ведомство құзыреті шегінде ғылым, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға қатысу;

      2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) ұсынатын білім беру қызметтерінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында білім беру жүйесін сырттай бағалау жолымен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми кадрларды даярлау сапасын бақылау;

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан олардың лауазымды тұлғаларынан мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қажетті ақпарат пен материалдарды, сұрау және алу;

      Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану бойынша түсіндірмелер мен түсініктемелер беру;

      Комитет қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру;

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің және мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында қарастырылған тәртіппен қызметкерлерді көтермелеу, тәртіптік жазаларды қолдану және алып тастау, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс жолдау;

      құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған баптар бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау, олар бойынша әкімшілік жазалар қолдану, әкімшілік істерді қозғау және қарау, сондай-ақ әкімшілік істің материалдарын сот органдарына беру, сот процестеріне қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап-арыз беру, бітімгершілік (медиативтік) келісімге қол қою, сот органдарының шешімдеріне апелляциялық шағым беру;

      тексерілетін субъектілерге қатысты бақылау және тексеру іс-шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тарту;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексінде белгіленген тәртіпте Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау;

      әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіру; Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдау орны, күні мен уақыты туралы алдын ала хабардар ету және оны тыңдау;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік актіні әкімшілік рәсімге қатысушының не олардың өкілдерінің назарына жеткізу;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тарту;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен актілері негізінде олармен келісім бойынша өзара іс-қимыл жасау;

      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      Комитеттің құзыреті шегінде мәселелерді пысықтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үкіметтік емес ұйымдарды, ғылыми және өзге де ұйымдарды, ғалымдар мен мамандарды, оның ішінде шетелдік ғалымдар мен мамандарды тарту;

      Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де іс-шаралар өткізу;

      Комитеттің құзыреті шегінде консультативтік-кеңесші және сараптама органдарын (кеңестер, комиссиялар, топтар, алқалар) құру;

      мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету;

      мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы тұтынушыларды ақпараттандыруды қамтамасыз ету;

      мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органдарға тиісті ақпаратты ұсыну;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде:

      кадрларды даярлау бағыттары және оқыту формалары бойынша жоғары білім;

      кадрларды даярлау бағыттары және оқыту формалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үшін бiлiм беру қызметiмен айналысуға лицензиялауды жүзеге асыру;

      2) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру, ЖЖОКБҰ қайта ұйымдастырылуына байланысты білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды жүзеге асыру;

      4) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамасының және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында нормативтік құқықтық актілердің, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      5) біліктілік талаптарының сәйкестігіне тексеру жүргізу;

      6) әскери, арнаулы оқу орындарының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына мемлекеттік аттестаттауды жүргізу;

      7) Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын белгіленген мерзімдерде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар беру;

      8) бақылау және тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында уәкілетті органның құзыретіне кіретін баптар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолдану, әкімшілік істерді қозғау және қарау, сондай-ақ әкімшілік іс материалдарын сот органдарына беру, сот процестеріне қатысу;

      9) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен бақылау және тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша ЖЖОКБҰ-ның қызметін тоқтата тұру немесе лицензиядан және (немесе) оған қосымшалардан айыру;

      10) білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін әзірлеу;

      11) ЖЖОКБҰ-ды бағалау өлшемшарттарын әзірлеу;

      12) ЖЖОКБҰ-да білім алушылардың білімдерінін бағалау өлшемшарттарын әзірлеу;

      12-1) білім алушылардың білімін тексеруді жүргізу үшін қағидалар мен талаптарды әзірлеу

      13) білім алушылардың оқу жетістіктерін анықтау үшін бақылаудың тиімді және ашық рәсімдері негізінде білім кесіндісін жүргізу;

      14) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары негізінде бақылау субъектілеріне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімін қалыптастыру;

      15) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары негізінде біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізудің жылдық тізімін (кестесін) қалыптастыру;

      16) бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттауға жататын әскери, арнаулы оқу орындарының тізімін бекіту;

      17) аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану рәсімін жүзеге асыру;

      18) танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген ЖЖОКБҰ-ның және білім беру бағдарламаларының тізілімдерін қалыптастыру;

      19) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін беру;

      20) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын беру;

      21) мемлекет атынан доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), профессор аттестаттарын беру;

      22) диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлеу;

      23) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін және қауымдастырылған профессор, профессор ғылыми атақтарын беру тәртібін әзірлеу;

      24) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін және қауымдастырылған профессор (доцент) атағын беру бойынша аттестаттау істерін қарау жөніндегі сарапшылық кеңестерін құру және олардың қызметін ұйымдастыру;

      25) ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды әзірлеу;

      26) ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесін қалыптастыру;

      27) білім туралы құжаттарды тану қағидаларын, сондай-ақ білім туралы құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында танылатын шетелдік ЖЖОКБҰ-ның тізбесін әзірлеу;

      28) ЖЖОКБҰ-нан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою рәсімін жүзеге асыру;

      29) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процесін автоматтандыруды және оңтайландыруды қамтамасыз ету;

      30) стратегиялық құжаттарды әзірлеу барысында ұсыныстар енгізу;

      31) ЖЖОКБҰ-на әдіснамалық көмек көрсету;

      32) ғылым, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      33) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және келісу, сондай-ақ Комитет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қызметін ұйымдастыру;

      34) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген, сыбайлас жемқорлықты тудыратын және тиімсіз іске асырылатын құқық нормаларын анықтау, оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау үшін Комитет әзірлеген және (немесе) іске асыратын заңға тәуелді актілерге қатысты тұрақты негізде мониторинг жүргізу;

      34-1) әкімшілік рәсімдер шеңберінде арыз иелері жолданымдарда көтеретін жүйелі проблемаларға талдау жүргізу және оларды анықтау;

      35) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.06.2023 № 261; 17.10.2023 № 530 бұйрықтарымен.

3-тарау. Комитет басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Комитетке басқаруды Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты Төраға жүзеге асырады.

      17. Комитеттің Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Комитет Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет Төрағасының өкілеттігі:

      1) Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді;

      2) Министрлікке Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) Министрліктің Аппарат басшысына Комитет қызметкерлерін көтермелеу, іссапарға жіберу, біліктілігін арттыру, оларға тәртіптік жазалар қолдану және мерзімінен бұрын алу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      4) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша құқықтық актілер шығарады, Комитеттің барлық қызметкерлері үшін міндетті болып табылатын мәселелер бойынша нұсқау береді;

      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жұмысына және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуына басшылық жасайды, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;

      7) қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін, орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауын бақылайды;

      8) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында уәкілетті органның құзыретіне кіретін баптар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес қарайды және әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолданады, оларды қозғайды және сот органдарына береді, сот процестеріне қатысады;

      9) Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының Президентінің және Қазақстан Республикасының Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.

      Комитет Төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      _____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады