Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының арасындағы экономикалық ынтымақтастық Бағдарламасы

Жаңа

Бағдарлама 1999 жылғы 22 қазан Алматы қаласы

      Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының арасындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (одан әрі - "Бағдарлама") екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі келісілген шаралар кешенін қосады.
      Бағдарлама 1998 жылғы 24 қазанда P990613_ Баку қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы Келісімнің 6-бабын іске асыру мақсатында әзірленген және интеграциялық және кооперациялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

I. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері

      Осы Бағдарлама сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды дәйекті түрде кеңейтуді, экономиканық жетекші салаларына ғылыми-техникалық прогресті енгізуді, Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы халықтарының рухани-мәдени мұқтаждарын қанағаттандыруды мақсат тұтады.
      Бағдарламаны іске асыру мына мәселелерді шешуге бағытталған:
      сауда-экономикалық қатынастарды тең құқылы және өзара пайдалы шарттарда одан әрі дамыту;
      банк аясындағы ынтымақтастықты кеңейту және несие-қаржы қатынастарын жетілдіру;
      қор рыноктарын дамыту жөнінде өзара іс-қимыл жасау;
      жекелеген үкіметаралық жобалар мен бағдарламаларды қалыптастыру, меншіктің әр түрлі түрлері мен нысандарында бірлескен кәсіпорындар, қаржы-өнеркәсіптік топтар, халықаралық консорциумдар құру;
      сыртқы экономикалық қызмет саласындағы ынтымақтастық;
      Каспий теңізінің биологиялық жүйесін сақтау және суды қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту және табиғи зілзалалар мен апаттардың зардаптарын жою жөніндегі келісілген шараларды жүзеге асыру;
      Ақтау-Баку қалаларының порттары арқылы паром өткелдерін қалпына келтіру;
      көмірсутегі шикізатының жекелеген кен орындарын болжау-іздеу үлгілерін және геологиялық-экономикалық үлгілерін бірлесіп қалыптастыру, сондай-ақ оларды әзірлеу және игеру;
      екі мемлекеттің шаруашылық етуші субъектілеріне адал бәсеке үшін жағдайлар жасау;
      ауылшаруашылық кешенінде, соның ішінде ауылшаруашылық тауарларын өзара жеткізіп отыру саласында ұзақ мерзімдік ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу;
      гуманитарлық, мәдени және әлеуметтік салалардағы, сондай-ақ санаткерлік аялардағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
      ұйымдасқан қылмыспен, терроризммен, есірткі құралдарын, ақыл-естен айыратын заттарды заңсыз таратумен және сатумен және олардың айналымымен күресті күшейту жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру.

II. Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың
негізгі бағыттары

      Бағдарлама Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының мына бағыттарда екі жақты қатынастарын одан әрі нығайтуды және экономикалардың интеграция процестерін күшейтуді көздейді:
      ұлттық-шаруашылық құрылымдарды дүниежүзілік өлшемдерге бағдарлау жөніндегі тұжырымдамалық көзқарастарды жақындастыру;
      қолайлы әлеуметтік-экономикалық, қаржы-несие, құқықтық және инвестициялық ахуал құру;
      экспорттық-импорттық операциялар кезіндегі келісілген тариф саясаты мен кедендік бақылауды әзірлеу;
      екі мемлекеттің аумақтары арқылы транзит үшін қолайлы жағдайлар жасау.
      Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін іс жүзінде жүзеге асыру үшін:
      отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешендері, машина жасау, химия, мұнай-химия және металлургия өнеркәсібі, көлік және т.б. салалардағы мемлекетаралық және салааралық (бірлескен) жобалар мен бағдарламалар әзірлеу және іске асыру;
      Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында ғылыми, жобалық және конструкторлық-технологиялық ұйымдардың қызметін үйлестіру;
      геология, геологиялық барлау өндірісі және жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастық;
      мұнай-газ кешені және мұнай-газ өндіру саласына сервистік қызмет көрсету үшін жабдықтар өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындар құру;
      денсаулық сақтау, дәрі-дәрмек препараттары мен медициналық техника өндіру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту саласында ынтымақтастықты дамыту;
      қажетті статистикалық ақпараттармен, ғылыми басылымдармен және жарияланымдармен, әдістемелік материалдармен алмасу;
      әлеуметтік қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және еңбек жағдайларын жақсарту саласындағы ынтымақтастықты тереңдету;
      әр түрлі салалар үшін жоғары білікті кадрлар даярлау, мамандармен, ғалымдармен, аспиранттармен, стажерлермен және студенттермен алмасу, сондай-ақ мәдениет, спорт, туризм аясындағы және санаторийлық-курорттық істе өзара іс-қимыл жасау;
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтстық.

III. Бағдарламаны іске асыру тетігі

      Бағдарламаны іске асыру Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік органдары мен шаруашылық жүргізуші субъектілерінің осы Бағдарлама мен шараларда оны іске асыру жөнінде белгіленген нақты іс-қимылдарды орындау арқылы жүзеге асырылатын болады.
      Осы Бағдарламаға сәйкес Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен Үкіметаралық комиссиясы оны жүзеге асыру жөніндегі келісілген жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын бекітетін болады.
      Бағдарлама мен шаралар жоспарының іске асырылу барысын үйлестіру мен бақылауды сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен Үкіметаралық комиссия жүзеге асыратын болады.
      1999 жылғы 22 қазанда Астана қаласында екі данамен әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде жасалды және де барлық мәтіннің күші бірдей.

      (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады