Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 286 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1236 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.31 № 1236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму стратегияларын әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесі;
      2) Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесі бекітілсін.
      1-1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Даму жоспары бекітілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесінде белгіленген тәртіппен Мемлекеттік кәсіпорындардың және мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар тізілімінің құрылымына қосу үшін даму жоспарларын ұсынуды қамтамасыз етсін.
      Ескерту. Қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2010 жылғы 7 сәуірдегі
№ 286 қаулысымен     
бекітілген   

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің
және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын
ұлттық компаниялардың даму стратегияларын әзірлеу,
бекіту және олардың іске асырылуын бағалау
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму стратегияларын (бұдан әрі - Даму стратегиясы) әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес әзірленген және ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - Компания) даму стратегияларын әзірлеудің, бекітудің және олардың іске асырылуын бағалаудың тәртібін айқындайды.
      2. Компанияның Даму стратегиясы Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негізінде он жылға арналып әзірленеді.
      3. Компанияның Даму стратегиясы оның бес жылға арналған Даму жоспарын әзірлеуге негіз болады.
      4. Компанияның Даму стратегиясы оның стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын және қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды әрі акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалар қызметінің стратегиялық бағыттарын ескере отырып әзірленеді.
      5. Компанияның Даму стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында жазылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігіне келісіледі.
      Компанияның Даму стратегиясы бюджеттік жоспарлау және бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органмен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген бюджеттік параметрлерге сәйкестігіне келісіледі.
      Компанияның Даму стратегиясын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      6. Компанияның Даму стратегиясының іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      7. Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына Жолдауы, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізілетін өзгерістер және Компания қызметіне маңызды әсері бар ішкі және сыртқы орталардың өзгерістері Компанияның Директорлар кеңесінің Компанияның Даму стратегиясын түзету қажеттілігі туралы шешімі үшін негіз болып табылуы мүмкін.

2. Даму стратегиясының құрылымы

      8. Даму стратегиясы мынадай бөлімдерден тұратын құжатты білдіреді:
      1) ағымдағы жағдайды талдау;
      2) миссиясы мен пайымдауы;
      3) қызметтің стратегиялық бағыттары, мақсаттары, қызметінің түйінді көрсеткіштері мен олар бойынша межелі нәтижелер.
      Компанияның Даму стратегиясы оған қажетті негіздемелерді және Компания қызметінің түйінді көрсеткіштеріне мақсатты мәндері бойынша есептеулерді қосатын қосымшаларды қамтуы тиіс.

3. Даму стратегиясының бөлімдерін қалыптастыру

      9. «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімі мынадай кіші бөлімдерден тұруы тиіс:
      Сыртқы ортаны талдау.
      Бұл кіші бөлім ағымдағы ахуалды және компания қызмет ететін, компанияның мақсаттарына қол жеткізуге әсер ететін құқықтық, саяси, шаруашылық, демографиялық, технологиялық және басқа да жиынтықтағы сыртқы ортаның жаһандық факторларының әсерін талдауды қамтуы тиіс.
      Ішкі ортаны талдау.
      Бұл кіші бөлім компания қызметіндегі қуатты және әлсіз жақтарды талдауды қамтиды. Сондай-ақ кіші бөлім қазіргі және әлеуетті қатерлер мен тәуекелдерді талдауды және Компанияның мақсатына жету үшін мүмкіндіктерді айқындауды қамтиды.
      10. Миссия мемлекет Компания алдына қойған міндеттерге сәйкес болуы және мемлекет қойған міндеттердің, ол орындайтын функциялардың, қызмет, бағыттарының және саланы (экономиканың секторын), өңірді дамыту тұрғысынан Компанияның негізгі мақсатын қамтуы тиіс.
      11. Пайымдау болжамды кезеңнің соңында Компания орындайтын функциялар тұрғысынан оның ұстанымдарын айқындайды.
      12. Даму стратегиялары шеңберінде Компания қызметінің стратегиялық бағыттары, мақсаттары, міндеттері, қызметінің түйінді көрсеткіштері көрсетілуі тиіс.
      Қызметтің стратегиялық бағыттары миссияға сүйене отырып айқындалады және Компания тиісті әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге барынша әсер ететін қызмет салаларын білдіреді.
      Әрбір стратегиялық бағыт үшін мақсаттар - жиынтығында Компанияның жалпы мақсаттарына қол жеткізуге алып келетін қызметтің нақты, өлшенетін бағдарлары әзірленуі тиіс.
      Әрбір мақсатты іске асыру шеңберінде шешілуі тиіс мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті әрі жеткілікті жағдай болуы тиіс міндеттерді айқындау, сондай-ақ олар бойынша қол жеткізу бағаланатын Компания қызметінің түйінді көрсеткіштерінің тізбесін әзірлеу қажет. Бұл ретте аталған көрсеткіштердің саны әрбір мақсат бойынша 3-тен аспауы тиіс.
      Әрбір стратегиялық бағыт үшін Даму стратегиясының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жөніндегі межелі нәтижелерге сипаттама берілуі тиіс.
      Компанияның даму стратегиясы Компанияның қаржылық тұрақтылығының, соның ішінде жиынтық борышының деңгейін және валюта позицияларын сипаттайтын көрсеткіштерін қамтуға тиіс
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      13. Даму стратегиясына қосымшалар негізгі құжатқа қажетті негіздемелерді және түсіндірмелерді, схемаларды (стратегиялық карталарды), кестелерді, осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген Компания түйінді қызмет көрсеткіштеріне мақсатты мәндер бойынша есептеулерді қамтуы тиіс.

4. Даму стратегиясын әзірлеу және бекіту тәртібі

      14. Компанияның Даму стратегиясын әзірлеу және бекіту мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) Компания осы Ережеге сәйкес Даму стратегиясының жобасын дербес әзірлеуді және оны жоспарланып отырған он жылдық кезеңнің алдындағы жылдың бірінші маусымынан кешіктірмей «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қарауына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) жоспарланып отырған он жылдық кезеңнің алдындағы жылдың бірінші шілдесінен кешіктірмей Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы осы Ережеге сәйкес Компанияның Даму стратегиясының жобасын белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келісуге енгізуді қамтамасыз етеді;
      3) жоспарланып отырған он жылдық кезеңнің алдындағы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына қатысты Компанияның Директорлар кеңесі мақұлдаған, ал Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына қатысты - Директорлар кеңесі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған Компанияның Даму стратегиясын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.03.02 № 209 Қаулысымен.
      15. Осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген жағдайларда Компанияның Даму стратегиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) Компанияның Директорлар кеңесінің Даму стратегиясына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы шешімінен кейін бір айдан кешіктірмей, Компания түзетілген Даму стратегиясының жобасын әзірлеуді және оны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қарауына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) Компанияның Директорлар кеңесінің Даму стратегиясына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы шешімінен кейін екі айдан кешіктірмей, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы түзетілген Даму стратегиясының жобасын белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келісуге енгізуді қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Компанияның түзетілген Даму стратегиясының жобасын алған сәттен бастап, бір ай ішінде Даму стратегиясының жобасын қарастырады;
      4) Даму стратегиясының жобасы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісілгеннен кейін бір айдан кешіктірмей, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына қатысты Компанияның Даму стратегиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді қамтамасыз етеді.

5. Даму стратегиясының іске асырылуын бағалау

      16. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мен бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін мониторингілеу және бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Компанияның Даму стратегиясында көрсетілген түйінді қызмет көрсеткіштерінің мақсатты мәндеріне қол жеткізу тұрғысынан Компанияның Даму стратегиясын іске асыру нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады.
      17. Компания өз акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға аудиттелген жеке қаржылық есептілікті және шоғырландырылған қаржылық есептілікті ескере отырып, жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі жылдың бірінші шілдесінен кешіктірмей, Даму стратегиясының іске асырылуы туралы есепті Даму стратегиясын іске асыруды бағалауды жүргізу үшін есептік ақпаратты беру нысанын қамтитын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мен бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін мониторингілеу және бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес табыс етеді.
      Алдыңғы есепті кезеңдегі аудиттелген жеке қаржылық есептілік пен шоғырландырылған қаржылық есептілік болмаған жағдайда, есепті жылдың бірінші шілдесіне аудиттелген жеке қаржылық есептілікті және шоғырландырылған қаржылық есептілікті Компания өз акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы есептілікті Компанияның жоғары басқару органы бекіткеннен кейін бір айдан кешіктірмей ұсынады.
      18. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі бірінші қыркүйектен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметін Компанияның Даму стратегиясының іске асырылуы туралы хабардар етеді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 7 сәуірдегі
№ 286 қаулысымен     
бекітілген     

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің
және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын
ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу,
бекіту және олардың іске асырылуын бағалау
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын (бұдан әрі - Даму жоспары) әзірлеу, бекіту және олардың іске асырылуын бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес әзірленген және ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі - Компания) даму жоспарларын әзірлеудің, бекітудің және олардың іске асырылуын бағалаудың тәртібін айқындайды.
      2. Компанияның Даму жоспары оның Даму стратегиясын іске асыру мақсатында бес жыл мерзімге әзірленеді.
      3. Компанияның Даму жоспары акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму жоспарларын ескере отырып әзірленеді және мақсаттарын, міндеттерін, нәтижелер көрсеткіштерін және инвестицияларды, кірістерді, шығыстарды, қарыздарды, дивидендтерді, қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері мен басқа да мәліметтерді қоса алғанда, қаржы-шаруашылық қызметінің негізгі шоғырландырылған және шоғырландырылмаған көрсеткіштерін қамтиды.
      Компанияның даму жоспарында қолданылатын қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерінің толық тізбесі мен нысаналы мәндерін, соның ішінде акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалар борышының деңгейін Компания айқындайды.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      4. Компанияның Даму жоспары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында жазылған мақсаттар мен міндеттерге, Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген бюджет параметрлеріне сәйкестігі бойынша келісіледі және оны директорлар кеңесі бекітеді.
      5. Компанияның Даму жоспарының іске асырылуын бағалауды оның
директорлар кеңесі жүзеге асырады.
      6. Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына Жолдауы, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізілетін өзгерістер және Компания қызметіне маңызды әсері бар ішкі және сыртқы орталардың өзгерістері Компанияның Даму жоспарын түзетуге негіз болып табылуы мүмкін.

2. Даму жоспары бөлімдерінің құрылымы

      7. Бес жылға арналған Даму жоспары мынадай бөлімдерді қамтитын құжатты білдіреді:
      7.1 Компания туралы жалпы мәліметтер:
      1) Компанияның құрылуы туралы ақпарат;
      2) Компанияны корпоративтік басқару құрылымы (акциялар пакетінің (қатысу үлесінің) мөлшерін көрсете отырып, Компанияның акциялары (қатысу үлестері) өзіне тиесілі заңды тұлғаларға қатысуы;
      3) Компанияның ұйымдастырушылық құрылымы (қызметкерлердің санын көрсете отырып) схемасы және сипаттамасы;
      4) қызмет салаларын, аясын және тиісті нарықтардағы Компанияның бәсекелестік жағдайын талдау.
      7.2 Өткен екі жылдағы және ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығына қаржы-шаруашылық қызметтің негізгі көрсеткіштері, өсу немесе төмендеу себептері негіздемесімен бірге мыналарды:
      1) Компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштерін;
      2) Компанияның және акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың негізгі шоғырландырылған көрсеткіштерін (кірістерді, шығыстарды, инвестицияларды және басқа да мәліметтерді);
      3) акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер түрінде бюджетке түсетін түсімдерді (Компанияның таза кірісіне ақшалай және пайыздық мәнде);
      4) осы Ереженің 8-тармағына сәйкес айқындалатын Компанияның Даму жоспары көрсеткіштерінің тізбесінде көрсетілген негізгі салықтар мен төлемдер бөлінісінде салықтар мен бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерін (жанама салықтарды қоспағанда);
      5) мыналар:
      негізгі борыш сомалары бойынша;
      борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар сомалары бойынша;
      қарыз алу үлгілері бойынша бөліп көрсетілген ішкі және сыртқы қарыз алу бөлінісінде тиісті есепті күнге қарызға алынған қаражаттың жалпы теңгерімі;
      5-1) борыш деңгейін сипаттайтын мынадай көрсеткіштерді:
      қаржылық левередж коэффициентін;
      ағымдағы өтімділік коэффициентін;
      пайыздардың өтелу коэффициентін;
      қарыз/EBITDA коэффициентін (экономиканың нақты секторының компаниялары үшін) міндетті түрде көрсете отырып, Компанияның және акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың негізгі қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері;
      6) кадр саясатының көрсеткіштерін талдау (орташа жылдық қызметкерлер саны, орташа айлық жалақы, еңбекақы төлеу қоры, кадрлардың тұрақсыздық деңгейі).
      Ескерту. 7-2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      7.3 Жылдар бойынша бөліп көрсетілген бес жылдық кезеңге арналған мақсаттар мен міндеттер, оның ішінде Компанияның және акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың, қызметі тиімділігінің түйінді көрсеткіштері.
      7.4 Даму жоспарын іске асыру бойынша Компания жоспарлайтын, оның ішінде:
      өндірістік нәтижелерге қол жеткізу;
      борыштың орнықты жай-күйінің қамтамасыз етілуін есепке ала отырып, қарыздарды тарту және олардың негіздемесі;
      дивидендтік саясат және олардың негіздемесі;
      активтерді қайта құрылымдау және олардың негіздемесі;
      қазақстандық қамтуды ұлғайту жөніндегі іс-шаралар.
      Ескерту. 7-4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      7.5 Компания мен акциялары (қатысу үлестері) Компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалар қызметінің негізгі бағыттары бойынша баға (тариф) саясаты.
      7.6 Әкімшілік шығыстар, өсу немесе төмендеу негіздемесімен бірге болжам.
      7.7 Бюджетпен қарым-қатынас:
      Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттерден жоспарланып отырған түсімдер;
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жоспарланып отырған, осы Ереженің 8-тармағына сәйкес айқындалатын Компанияның Даму жоспарының көрсеткіштер тізбесінде көрсетілген салықтарды және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлеу;
      жоспарланып отырған акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтерді төлеу.
      7.8 Компания мен акциялары (қатысу үлестері) Компанияға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың инвестициялары мен капитал салымдарының қызмет бағыттары бойынша және мынадай түрлер:
      жаңа жобаларға, оның ішінде жеке инновациялық жобаларға капитал салымдары;
      қолданыстағы жобаларға, оның ішінде жеке инновациялық жобаларға капитал салымдары;
      қаржы инвестициялары бойынша бөлінген жалпы көлемі.
      7.9 Уақытша бос ақша қаражатын басқару, оларды орналастыру саясаты.
      7.10 Компанияның кадр саясаты (қызметкерлердің жоспарланған орташа жылдық саны, орташа айлық еңбекақы, еңбекақы төлеу қоры, кадрлардың тұрақсыздық деңгейі).
      7.11 Қоршаған ортаны қорғау, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы.
      7.12 Компанияның жекелеген түйінді көрсеткіштерінің, сондай-ақ Компанияның негізгі шоғырландырылған және шоғырландырылмаған көрсеткіштерінің және акциялары (қатысу үлестері) Компанияға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді тікелей айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың шоғырландырылған көрсеткіштерінің болжамы (кірістер, шығыстар, инвестициялар, дивидендтер, қаржылық нәтиже, қарыздар мен басқа мәліметтер).
      7.13 Компанияда және акциялары (қатысу үлестері) Компанияға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардағы корпоративтік басқару.

3. Даму жоспары көрсеткіштерінің нысандары мен тізбесі

      8. Компанияның Даму жоспарының нысандары мен көрсеткіштер тізбесін олардың құрамын қоса алғанда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындайды.
      Әдіснамалық, оның ішінде Даму жоспарының тиісті бөлімдерін қалыптастыру жөніндегі басшылықты және Даму жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмысты үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      9. Даму жоспары мынадай тәртіппен:
      1) бірінші жылы: қаржы-шаруашылық қызметтің негізгі көрсеткіштерінің мәнін аша отырып (өрістетілген түрде), кейінгі жылдары біріктірілген (жиынтық) түрде жылдар бойынша бөле отырып;
      2) екінші жылы: бірінші жылды бағалау, екінші жыл өрістетілген түрде, кейінгі жылдары біріктірілген (жиынтық) түрде жылдар бойынша бөле отырып;
      3) үшінші жылы: бірінші - екінші жылдарды бағалау, үшінші жыл өрістетілген түрде, кейінгі жылдары біріктірілген (жиынтық) түрде жылдар бойынша бөле отырып;
      4) төртінші жылы: бірінші - үшінші жылдарды бағалау, төртінші жылы өрістетілген түрде, кейінгі жылдары біріктірілген (жиынтық) түрде жылдар бойынша бөле отырып;
      5) бесінші жылы: бірінші - төртінші жылдарды бағалау, бесінші жылы өрістетілген түрде әзірленеді және күнтізбелік жыл қорытындылары бойынша түзетіледі.
      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге мемлекеттік органдардан Даму жоспарын келісу үшін қажетті ақпараттық-статистикалық материалдарды сұратады.
      Егер сұратылатын ақпарат коммерциялық құпия болып табылатын және жариялауға жатпайтын жағдайда уәкілетті органға бұл туралы хабарланады.
      Коммерциялық құпияның бар екендігі туралы мәліметтер расталғаннан кейін ақпаратты пайдалану және беру «қызмет бабында пайдалану үшін» белгісімен жүзеге асырылады, бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны пайдаланудың белгіленген режимін сақтау үшін уәкілетті орган жауапты болады.

4. Даму жоспарын әзірлеу және бекіту тәртібі

      11. Компанияның Даму жоспарын әзірлеу және бекіту мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) Компания осы Ережеге сәйкес Даму жоспарының жобасын дербес әзірлеуді және оны жоспарланып отырған бес жылдық кезеңнің алдындағы жылдың бірінші қыркүйегінен кешіктірмей, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қарауына енгізуді қамтамасыз етеді;
      2) жоспарланып отырған бес жылдық кезеңнің алдындағы жылдың он бесінші қарашасынан кешіктірмей, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттык әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Компанияның Даму жоспарының жобасын белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға келісуге енгізуді қамтамасыз етеді;
      3) жоспарланып отырған бес жылдық кезеңнің алдындағы жылдың жиырмасыншы желтоқсанына дейін Компания Даму жоспарының жобасын Директорлары кеңесінің бекітуін қамтамасыз етеді.
      11-1. Компаниялардың бекітілген даму жоспарларын Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар тізілімінің (бұдан әрі - Тізілім) құрылымына косу үшін ұсыну мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) Компания «Ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және мемлекеттік меншік жөніндегі деректердің ақпараттық базасын жүргізу жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 21 наурыздағы № 246 қаулысына сәйкес анықталған Тізілімді ұстаушы (бұдан әрі - тізілім ұстаушы) әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, Даму жоспарларын дайындайды. Бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеу нәтижесінде Компанияның даму жоспары бар электронды есеп (бұдан әрі - электронды есеп) қалыптастырылады, оған ұлттық куәландырушы орталық берген Компанияның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылуы кажет;
      2) Даму жоспары бекітілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Компания Директорлар кеңесінің оны бекіту туралы сканерленген шешімін электронды есепке тіркеп, электронды есепті тізілім ұстаушыға жібереді;
      3) тізілім ұстаушы Компанияның электронды есебі түскен күннен бастап бес жұмыс күн ішінде оның электронды мекенжайына электронды есептің Тізілімге қосылғаны немесе оны қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарландыру жібереді. Осы Ережеде көрсетілген талаптарды Компанияның орындамауы тізілім ұстаушының электронды есепті қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылады;
      4) қарыз алу туралы келісім жасасу барысында Компаниялар 5 жұмыс күні ішінде Тізілім жүйесінде осы Ереженің 7.2-тармағының 5-1) тармақшасында көрсетілген көрсеткіштер бойынша ақпаратты көрсетеді.
      Ескерту. 4-бөлім 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.
      12. Осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайларда Компанияның Даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) осы Ереженің 6-тармағында көзделеген жағдайлар туындағаннан кейін екі аптадан кешіктірмей, Компания Даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етеді және оны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қарауына ұсынады;
      2) осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайлар туындағаннан кейін бір айдан кешіктірмей, Компания акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Компанияның түзетілген Даму жоспарының жобасын белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келісуге енгізуді қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган түзетілген Компанияның Даму жоспарының жобасын бір ай ішінде қарайды;
      4) түзетілген Даму жоспарының жобасы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісілгеннен кейін бір айдан кешіктірмей, Компания Даму жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды Директорлар кеңесінің бекітуін қамтамасыз етеді.
      12-1. Компания түзетілген Даму жоспарын Тізілім құрылымына қосу үшін осы Ереженің 11-1-тармағында белгіленген тәртіппен ұсынады.
      Ескерту. 4-бөлім 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.30 № 1482 Қаулысымен.

5. Даму жоспарының іске асырылуын бағалау

      13. Компанияның Даму жоспарының іске асырылуын бағалау көрсеткіштерінің тізбесі мыналарды қамтиды:
      1) Компанияның Даму жоспарының орындалуын Компанияның Даму стратегиясына сәйкестігін бағалау;
      2) Компания қызметінің өндірістік көрсеткіштерінің орындалуын бағалау;
      3) Компания қызметінің қаржылық көрсеткіштерінің орындалуын бағалау;
      4) инвестициялық (инновациялық) жобалардың іске асырылуын бағалау;
      5) корпоративтік басқаруды бағалау
      6) Компанияның бекітілген Даму жоспарында көрсетілген өзге мақсаттардың, міндеттердің орындалуын бағалау және болжанатын түйінді қызмет көрсеткіштеріне қол жеткізуді бағалау.
      14. Компанияның Даму жоспарының іске асырылуын бағалау осы Ереженің 13-тармағында айқындалған Компанияның Даму жоспарының іске асырылуын бағалау көрсеткіштерінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады