Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 шілдедегі № 926 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 ақпандағы 186 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.02.2013 N 186 қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2012 жылғы 7 мамырдағы № 321 Жарлығын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Функциялары, өкiлеттiктерi мен мүлкi Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттiгiне (бұдан әрi – Агенттiк) беріліп, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнің Атом энергиясы комитетi таратылсын.
      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Агенттiк туралы ереже;
      2) Агенттіктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар бекiтiлсiн.
      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта аталсын.
      4. «Қазақстан Республикасының Атом қуаты жөнiндегi агенттiгi туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 22 қыркүйектегі № 786 қаулысының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 ж., № 36, 553-құжат).
      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2012 жылғы 9 шілдедегі   
№ 926 қаулысымен     
бекiтiлген          

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі (бұдан әрi – Агенттiк) Қазақстан Республикасы Үкiметінің құрамына кiрмейтiн, атом энергиясын пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық қаруды таратпау режимін сақтау саласындағы басшылық етуді және мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде өзiнiң құзыретiне жатқызылған қызмет саласындағы салааралық үйлестiруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
      2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының КонституциясынаҚазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Агенттiк мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық комитетi органдарында шоттары болады.
      4. Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      5. Егер Агенттiкке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттiк берiлсе, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      6. Агенттiк өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Агенттiк төрағасының немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      7. Агенттiктiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      8. Агенттiктiң заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8, 13-кіреберіс.
      9. Агенттiктiң толық атауы – «Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі» мемлекеттiк мекемесi.
      10. Осы Ереже Агенттiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Агенттiктiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      12. Агенттiкке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Агенттiктiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      13. Егер Агенттiкке заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары мен құқықтары

      14. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi:
      1) атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға қатысу және оның негiзгi бағыттарын iске асыруды қамтамасыз ету;
      2) өз құзыретi шегiнде атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтi мемлекеттiк реттеу мен үйлестiрудi жүзеге асыру;
      3) ядролық, радиациялық және физикалық ядролық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында және/немесе оның заңды құзырындағы аумақта ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;
      5) атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      6) өз құзыреті шегінде атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Агенттiкке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру болып табылады.
      15. Агенттiк қолданыстағы заңнамаға және өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды және іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) атом энергиясын пайдалану саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлейді және келіседі;
      3) атом энергиясын пайдалану саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      4) атом энергиясын пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен, басқа да халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастырады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде халықаралық шарттарды әзірлейді және жасасады;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық шарттарды орындау жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша заңнамалық актілерін әзірлеу және өзгерту жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
      8) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті регламенттейтін нормалар мен қағидаларды әзірлейді, белгілейді және қабылдайды;
      9) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, атом энергиясын пайдалану саласындағы сертификаттауға және стандарттауға қатысады;
      10) атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды әзірлейді, келіседі және бекітеді.
      11) өз құзыреті шегінде техникалық регламенттердің жобаларын әзірлеу үшін сараптама кеңесін құрады;
      12) атом энергиясын пайдалану объектілерін салуға жобалық құжаттаманы келіседі;
      13) атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызмет түрлерін лицензиялауды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияның қолданылу шарттарын тексеруді жүзеге асырады;
      14) атом энергиясы саласындағы өз өкілеттіктерін пайдалануға байланысты инспекциялар өткізеді;
      15) атом энергиясын пайдалану саласындағы нормалар мен қағидалардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      16) ядролық қондырғылар, ядролық материалдар және иондаушы сәулелену көздерінің физикалық қорғалуын қамтамасыз ету үшін қадағалауды жүзеге асырады;
      17) радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы нормалар мен қағидалардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      18) Қазақстан Республикасының аумағында радиациялық жағдайға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      19) радиациялық қауіпсіздікті бағалау нәтижесін бекітеді;
      20) ядролық материалдар және иондаушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесін құрады;
      21) ядролық материалдар және иондаушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу мен бақылауды жүзеге асырады;
      22) иондаушы сәулелену көздерінің тізілімін жүргізуді жүзеге асырады;
      23) ядролық материалдарды, технологияларды, жабдықтарды, арнайы ядролық емес материалдарды, иондаушы сәулелену көздерiн, ұлттық қауіпсіздік мақсатында бақыланатын тауарларды қоса алғанда, өз құзыреті шеңберінде экспорттық бақылауға жататын өнімдердің экпортын, импортын, өткізілуін, транзитін және орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      24) коммерциялық мақсатта беруді, сатуды немесе сатып алуды немесе коммерциялық емес сипатта беруді қамтитын, атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтердің экпорты мен импортын бақылауды жүзеге асырады;
      25) өз құзыреті шеңберінде иондаушы сәулелену көздерiнің, экспорттық бақылауға жататын өнімдердің және ұлттық қауіпсіздік мақсатында бақыланатын тауарлардың импортын, экспортын, импортын және транзитін келісуді жүзеге асырады;
      26) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға, келісімдер мен уағдаластықтарға сәйкес экспорттаушы елдің құзыретті мемлекеттік органының сұрау салуы болған кезде, ядролық импорт өнімдерін бейбіт мақсатта пайдалану туралы растау береді;
      27) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға, келісімдер мен уағдаластықтарға сәйкес ядролық қаруы жоқ елдердің құзыретті мемлекеттік органдарынан ядролық экспорт өнімдерін бейбіт мақсатта пайдалану туралы растауды сұратады;
      28) ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың қауіпсіздігі үшін сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларының үлгі мазмұнын және оны бекіту тәртібін анықтайды;
      29) атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс атқаратын персоналға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді;
      30) өз құзыреті шегінде радиоактивті қалдықтар айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
      31) ведомстволық статистикалық есептілік, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жыл сайынғы тексеру жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      32) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден аумағына/аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжат береді;
      33) уран бөлігінде Жер қойнауын пайдалану саласында мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ұсыныстар енгізеді;
      34) уран кендерін барлауға, өндіруге, бірлесіп барлауға және өндіруге арналған келісімшарттық құжаттардың жобасын қарауға қатысады;
      35) мемлекеттік құпияларды қорғау, азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласында өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарының және басқа да нормативті құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      36) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етуді жүзеге асырады;
      37) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      38) ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      39) іс-әрекетi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауапкершілікке тартады;
      40) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      16. Агенттік өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдар сұратуға және алуға;
      3) атом энергиясын қауіпсіз пайдалану және ядролық қаруды таратпау режимінің шарттарын орындау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      4) атом энергиясын пайдалану және ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарын Қазақстан Республикасының аумағында және/немесе оның заңды құзырындағы аумақта сақтау саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нормативтік техникалық құжаттар қабылдауға және бекітуге;
      5) атом энергиясын пайдалану объектілеріне және оның қызметін сипаттайтын құжаттарға кедергісіз қол жеткізуге;
      6) халықтың немесе қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төнген кезде атом энергиясын пайдаланумен байланысты заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұруға немесе тоқтату туралы мәселе қоюға;
      7) атом энергиясын пайдалану, ядролық, радиациялық және физикалық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әкімшілік  құқықтық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауға және істерді қарауға және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықтық бұзушылықтар туралы  заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануды жүзеге асырады;
      8) атом саласындағы заңнаманы бұзу анықталған жағдайда атом энергиясын пайдалану объектілерінің басшыларына белгіленген үлгідегі нұсқама беруге;
      9) атом энергиясын пайдалану объектілерін тексеру кезінде сарапшыларды тартуға;
      10) атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметке және осындай қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негіздейтін құжаттарға сараптама жүргізуге ғылыми және өзге де сараптамалық ұйымдарды (шетелдіктерді қоса алғанда) және мамандар тартуға;
      11) өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктеме беруге;
      12) атом саласының қызметкерлерін мақтау қағазымен және «Атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен марапаттауға;
      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға кандидатуралар ұсынуға;
      14) Агенттіктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар мен халықаралық симпозиумдар өткізуге;
      15) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Агенттiктiң қызметiн ұйымдастыру

      17. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және босататын төраға басқарады.
      Төрағаның орынбасарлары болады, оларды төрағаның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Төраға Агенттiкке басшылықты жүзеге асырады және Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      18. Агенттiк төрағасы:
      1) Қазақстан Республикасының Парламентiнде, өзге де мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда Агенттiктi бiлдiредi;
      2) нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын келiседi және қол қояды;
      3) Агенттiкте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы iс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшiн дербес жауапты болады;
      4) өзiнiң құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
      19. Агенттiктiң аппаратын Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiмен келiсiм бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.
      20. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Агенттiк төрағасының орнынан түсуi жауапты хатшының өкiлеттiгiнiң тоқтауына әкелмейдi.
      21. Жауапты хатшы:
      1) Агенттiк төрағасы қалыптастыратын саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi және оның актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      2) Агенттiктiң аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады, үйлестiредi және бақылайды;
      3) Агенттiктiң қызметiн ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
      4) Агенттiк төрағасымен келiскеннен кейiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен штат санының лимитi шегiнде Агенттiктiң құрылымы мен штат санын бекiтедi;
      5) Агенттiк төрағасымен келiскеннен кейiн Агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      6) Агенттiктiң тәртiптiк, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртiбiнiң сақталуын, кадр қызметiнiң жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
      7) Агенттiктiң қызметiн қамтамасыз ету және оған жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында мемлекеттiк сатып алуды жүргiзудi ұйымдастырады;
      8) Агенттiктiң төрағасымен келiскеннен кейiн Агенттiк департаменттерiнiң және басқармаларының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      9) еңбек қатынастарының мәселелерi жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, Агенттiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      10) Агенттiк төрағасымен келiсiм бойынша Агенттiктiң қызметкерлерiн iссапарға жiберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), бiлiктiлiгiн арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерiн шешедi;
      11) Агенттiк төрағасымен келiсiм бойынша еңбек қатынастарының мәселелерi жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған қызметкерлердi қоспағанда, Агенттiк қызметкерлерiнiң тәртiптiк жауапкершiлiгi мәселелерiн шешедi;
      12) Агенттiктiң Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi және Агенттiк төрағасы бекiтетiн стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзiрлеудi қамтамасыз етедi;
      13) Агенттiктiң жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметiнiң нәтижелерi туралы жыл сайынғы есептi әзiрлеудi қамтамасыз етедi және Төрағаға бекiтуге ұсынады;
      14) Агенттiктiң бюджеттiк өтiнiмiн дайындауды, бюджеттiк өтiнiмдi Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзетiн Агенттiк төрағасына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесiнiң өзге де рәсiмдерiн орындауды қамтамасыз етедi;
      15) Агенттiк төрағасымен келiсiлгеннен кейiн Агенттiктi қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептiлiгiн әзiрлеудi қамтамасыз етедi және бекiтедi;
      16) мемлекеттiк қызмет көрсету регламенттерi мен стандарттарын әзiрлеудi қамтамасыз етедi;
      17) Агенттiктiң құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      18) Агенттiкке келiсуге келiп түскен нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
      19) өз өкiлеттiктерi шегiнде мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Агенттiктi бiлдiредi;
      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық шарттар мәтiндерiн дәйектейдi, қол қояды және қабылдайды;
      21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      22. Жауапты хатшы:
      1) Агенттiк аппаратының қызметкерлерiне орындауға мiндеттi тапсырмалар беруге;
      2) өзге де мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан жауапты хатшының құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешу үшiн қажеттi ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
      3) жеке қолданылатын құқықтық актiлер қабылдауға құқылы.
      23. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiне жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауапты болады.
      24. Агенттiктiң төрағасы жанынан консультативтiк-кеңесшi орган болып табылатын алқа құрылады. Алқаның сандық және дербес құрамын Агенттiк төрағасы бекiтедi.
      26. Агенттiк қызметiн ұйымдастырудың өзге де мәселелерi, лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi, оның қызметiн қамтамасыз ететiн құрылымдық бөлiмшелердiң құзыреттерi мен өкiлеттiктерi Агенттiк жұмысының регламентiмен және Агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелерiмен белгiленедi.

4. Агенттiктiң мүлкi

      27. Агенттiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады. Агенттiктiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiк, сондай-ақ құны Агенттiктiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге мүлiк есебiнен қалыптасады.
      28. Агенттiкке бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      29. Егер заңда өзгеше белгiленбесе, Агенттiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi және өзiне қаржыландыру жоспары бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату

      30. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2012 жылғы 9 шілдедегі
№ 926 қаулысымен 
бекiтiлген    

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

      Ескерту. Тізім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.12 N 1433 Қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
      2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Ядролық физика институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
      3. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Геофизикалық зерттеулер институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2012 жылғы 9 шілдедегі
№ 926 қаулысымен 
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі» деген бөлiмде реттiк нөмiрi 105-6-жол алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы бөлiммен және реттiк нөмiрi 538-жолмен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі
      538. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Курчатов қаласы».
      2. «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 47, 586-құжат):
      1) көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi туралы ережеде:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi (бұдан әрi – Министрлiк) – индустрия және елдi индустриялық-инновациялық, ғылыми-техникалық дамыту, тау-кен металлургиялық кешен, машина жасау, химия, фармацевтика және медицина өнеркәсібі, жеңiл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсiбi, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдары өндiрiсi; инвестицияларды мемлекеттiк қолдау, салалық бағытталуына сәйкес машиналар мен жабдықтардың қауiпсiздiгi және химия өнiмiнiң қауiпсiздiгi; арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс iстеуi және оларды тарату, экспорттық бақылау; техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету; электр энергетикасы; көмiрсутегi шикiзатын қоспағанда, минералдық ресурстар; мемлекеттiк геологиялық зерделеу, минералдық-шикiзат базасын ұдайы өндiру, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану, жер қойнауын пайдалануды қатты пайдалы қазбалар, жер асты сулары мен емдiк балшық бөлiгiнде мемлекеттiк басқару; көмiр өнеркәсiбi; жаңартылған энергия көздерiн пайдалануды қолдау, энергия үнемдеу, туристiк қызмет саласында басшылық етудi, сондай-ақ оның құзыретiне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестiрудi (бұдан әрi – реттелетiн салалар) жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
      Министрлiктiң мынадай ведомстволары бар: Инвестиция комитетi, Туризм индустриясы комитетi, Өнеркәсiп комитетi, Техникалық реттеу және метрология комитетi, Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау және бақылау комитетi, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетi.»;
      12-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) индустрия және елдi индустриялық-инновациялық, ғылыми-техникалық дамыту, тау-кен металлургиялық кешен, машина жасау, химия, фармацевтика және медицина, жеңiл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсiбi, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдары өндiрiсi, инвестицияларды мемлекеттiк қолдау, салалық бағыттылығына сәйкес машиналар мен жабдықтардың қауiпсiздiгi және химия өнiмiнiң қауiпсiздiгi, арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс iстеуi, экспорттық бақылау, техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету, электр энергетикасы, қатты пайдалы қазбалар, жер асты сулары және емдiк балшық бөлiгiнде жер қойнауын пайдалану, көмiр өнеркәсiбi, мемлекеттiк геологиялық зерделеу, минералдық-шикiзат базасын ұдайы өндiру, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану, жер қойнауын пайдалануды қатты пайдалы қазбалар, жер асты сулары мен емдiк балшық бөлiгiнде мемлекеттiк басқару, жаңартылған энергия көздерiн пайдалануды қолдау, энергия үнемдеу, туристiк қызмет саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және iске асыруға қатысу;»;
      13-тармақта:
      193), 194), 195), 196), 197), 198), 199), 200), 201), 202), 203), 204), 205), 206), 207), 208), 209), 210), 211) тармақшалар алынып тасталсын;
      2) көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
      «Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар» деген бөлімде:
      реттiк нөмiрi 1-жол алынып тасталсын.
      3. «Республикалық мемлекеттiк меншiктiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген жалпымемлекеттiк мiндеттердi орындау үшiн қажеттi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi» деген бөлімде:
      реттiк нөмiрi 47-3-жол алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы бөлiммен және реттiк нөмiрi 303-жолмен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі
      303. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны».
      4. «Министрлiктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердегi адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 15 сәуiрдегi № 339 қаулысында:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген министрлiктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелерiндегi адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерiнде:
      реттiк нөмiрi 15-жолда:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi, оның аумақтық органдарын және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердi ескере отырып, оның iшiнде»:
      «1171» деген сандар «1136» деген сандармен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 25-жолмен толықтырылсын:

«

25.

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі

73

                                                            ».

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады