Көші-қон проблемаларын шешу, шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі 2014 - 2016 жылдарға арналған кешенді жоспар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1593 қаулысы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Көші-қон проблемаларын шешу, шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі 2014 – 2016 жылдарға арналған кешенді жоспар (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітілсін.
      2. Орталық, жергілікті және өзге мемлекеттік органдар, ұйымдар (келісім бойынша) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күніне дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 208 қаулысымен.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күніне дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 208 қаулысымен.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаевқа жүктелсін.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 208 қаулысымен.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1593 қаулысымен     
бекітілген        

Көші-қон проблемаларын шешу, шектес мемлекеттерден көші-қон
ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың
шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін
оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі
2014 – 2016 жылдарға арналған
кешенді жоспар

      Кіріспе
      Көші-қон проблемаларын шешу, шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі 2014 – 2016 жылдарға арналған кешенді жоспарда (бұдан әрі – Кешенді жоспар) елдің әлеуметтік-экономикалық даму контекстінде ішкі және сыртқы көші-қонның себеп-салдарлық байланыстарының және ағымдағы проблемаларына жүйелі тәсіл негізінде талдау жүргізілді.
      Кешенді жоспарда Қазақстан Республикасының көші-қон саясатын жетілдіру: көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын есепке алу мен болжауды жетілдіру бойынша шараларды іске асыру; білікті жұмыс күшінің кетуіне қарсы іс-қимыл және біліктілігі жоғары шетелдік мамандар үшін қазақстандық еңбек нарығының тартымдылығын арттыру жөніндегі бағыттарды кеңінен қамту көзделеді. Заңсыз көші-қонның жолын кесу және заңды еңбек қызметін кеңейтуге жағдай жасау, заңнама жүйесін жетілдіру және оны көшіп-қонушы еңбекшілердің құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталған іс-шаралар ұсынылған.

1. Ағымдағы көші-қон процестерін елдің әлеуметтік-экономикалық
дамуымен өзара байланыста талдау

      Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 208 қаулысымен.

      Демографиялық даму
      Демографиялық процестердің өзгеруі елдегі көші-қон саясатын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Қазақстан өңірлеріндегі демографиялық жағдай біртекті емес және одан әрі халықтың табиғи ұдайы өсіп-өнуі және көші-қонының қалыптасқан үрдістерінің ықпалымен дамитын болады.
      Соңғы 10 жылда халықтың табиғи өсімінің шамасы 2,1 есе өсті, бала туу деңгейі 1999 жылғы 14,6 %-дан 2010 жылы 22,5 %-ға дейін өсті.
      Дегенмен, БҰҰ-ның демографиялық қартаю шәкілі бойынша Қазақстандағы халық қартаю қарсаңында. Аталған процесс, әсіресе, республиканың солтүстік, шығыс және орталық облыстарына тән.
      2020 жылға қарай репродуктивті стереотиптердің және жас ұрпақ ұстанымдарының өзгерістеріне негізделген бала туу деңгейінің төмендеуі күтіледі.
      Халықтың келешек ұрпақтармен орын алмасу көрсеткіші (туудың жиынтық көрсеткіші) жалпы алғанда ел бойынша репродуктивті жастағы 1 әйелге 2011 жылы 2,59 туудан 2020 жылы 2,45 тууға дейін төмендейді.
      Болжанатын кезеңде қала халқының саны 27,4 %-ға дейін ұлғайып, 2020 жылы елдің барлық халқының 60 % құрайтын болады.
      Өлім-жітім деңгейінің біртіндеп қысқаруы күтілетін өмір сүру ұзақтығының артуына жәрдемдесетін болады: 2015 жылға қарай – 70,3 жас, 2020 жылға қарай – 72,4 жас.
      Алдын ала бағалаулар бойынша еңбекке жарамды жастан шығатын халықтың оған келетін халыққа арақатынасы 2017 жылы 70,3 %-ды құрайды, ал 2030 жылға қарай 49,6 %-ға дейін бірқалыпты төмендейді. Бұл 2030 жылы еңбекке жарамды 1000 адамға еңбекке қабілетті жастан шығатын 496 адамнан келетінін білдіреді. Демографиялық жүктеме коэффициенті 2013 жылғы 59,5 %-дан 2030 жылы 72,7 %-ға дейін өседі.
      Репродуктивті стереотиптердің өзгеруі, өлім-жітім деңгейінің қысқаруы, халықтың демографиялық жүктемесінің артуы нәтижесінде 2030 жылға қарай Қазақстан Республикасында экономикалық белсенді халықтың біртекті емес шығуы және толығуы өзекті проблема болады. Бұл күтілетін экономикалық өсу қарқындарының аясында болашақта Қазақстан Республикасының кейбір өңірлерінде жұмыс күшінің ұсынысы мен еңбекке сұраныстың өсуінің теңгерімсіздігіне алып келуі мүмкін.
      Қалыптасқан демографиялық трендтер ішкі көші-қон процестерінің ағындары мен бағыттарына айтарлықтай ықпал ететін болады және оларды жоспарланған дамуға сәйкес басқарылатын түзетулерді қажет ететін болады.

      Қазақстан экономикасының құрылымдық және өңірлік дамуы
      Өңірлер дамуының деңгейі мен табыстылығы ЖӨӨ және еңбек төлемінің деңгейіне; өсу қарқындары мен жұмыспен қамтудың құрылымына; жұмыссыздық көлеміне; өзін-өзі жұмыспен қамтитын халық санына әсер ететін экономикалық мамандандыруға тәуелді болады.
      Өңірлік және салалық дамудағы сәйкессіздіктер сыртқы және ең алдымен елдің неғұрлым дамыған өңірлеріне бағытталған ішкі көші-қон бағытына шешуші ықпал етеді.
      Негізгі капиталға барлық инвестициялардың 60 %-ға жуығы батыс облыстарға, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Осы облыстарда барлық жалпы өнімнің жартысынан көбі өндіріледі және ең жоғары жалақы төленеді.
      Дәл осы өңірлерде 2012 жылы оң көші-қон сальдосы қалыптасты (Астана қ. – 19 607 адам, Алматы қ. – 10 002 адам, Маңғыстау облысы – 2 299 адам, Атырау облысы – 118 адам).
      Халықтың ең көп кетуі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалады.
      Өңіраралық көші-қонның шешуші факторы табыстың саралануы болып табылады. Батыс облыстардың, Астана, Алматы қалаларының қызметкерлері мен Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстары қызметкерлерінің орташа жалақысының айырмашылығы 2,6 есені құрайды.
      Әлеуметтік теңсіздік және табыс деңгейін арттыру көздерін іздестіру жұмыспен қамтудың және қосымша ақша табудың (қайталама жұмыспен қамту) формалды емес нысандарының дамуына ықпал етеді. Формалды емес жұмыспен қамтудың неғұрлым үлкен үлесі тиесілі облыстар қатарына: Оңтүстік Қазақстан (жалпы формалды емес жұмыспен қамтудың 16,3 %), Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары (сәйкесінше 16,7 % және 9,3 %), Жамбыл облысы (9,8 %) кіреді. Жалпы, бұл 4 облыс жалпы формалды емес жұмыспен қамтудың 50 %-нан астамын қамтиды.
      Ішкі көшіп-қонушылар ағынының бірқалыпты болмауы, формалды емес жұмыспен қамту еңбек нарығындағы теңгерімсіздікке алып келеді.
      «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның есептеулері бойынша 2020 жылға қарай 16 %-ға өсетін еңбекке сұраныстың оң тренді болжанады.
      Оң серпін іс жүзінде барлық салалар бойынша байқалатын болады. Еңбекке сұраныстың тұрақты көзі ірі қалалар болып қала береді.
      Сонымен қатар, еңбекке қабілетті жастағы халық ол жастан шығатын халықтан асатын өңірлерде еңбекке сұраныстан ұсыныстың артық болу тәуекелі мен жұмыссыздықтың өсуі пайда болады. Көші-қонның сыртқа кету ағынының өсуі заңды болады.
      Өңірлік дамудың сәйкессіздіктері, табыстың теңсіздігі және еңбек нарығының теңгерімсіздігі экономикадағы және жұмыспен қамтудағы құрылымдық ілгерілеулерді, жаңа өндірістерді еңбек ресурстарымен уақтылы қамтамасыз етуді тежейді, шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр етеді, жұмыссыздықтың тоқырауына, депрессивті өңірлердегі әлеуметтік шиеленісушілікке алып келеді. Бұл еңбек өнімділігінің өсуіне кедергі жасай отырып, экономиканың дамуына теріс әсер етеді.

      Ішкі көші-қон
      2000 жылдан бастап Қазақстанда елдегі халықтың көші-қон қозғалысы айтарлықтай ұлғаюда, халықтың өңіраралық және өңірлік көші-қонының көлемі өсуде.
      Қазақстан Республикасында 2000 – 2010 жылдары өңіраралық көшіп-қонушыларының саны орта есеппен 138 747 адамды құрады. 2010 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі аралықта осы көрсеткіштің мәні 18,8 %-ға өсті. Өңірлік көші-қонның жыл сайынғы өсуі 3,2 % құрайды.
      Қазіргі уақыттағы Қазақстандағы ішкі көші-қонның мынадай сипаттағы ерекшеліктері бар:
      1) көші-қонның негізгі ағыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына және батыс өңірге бағытталған;
      2) көшіп-қонушылардың қолайлы өңірлерге тұрақты ағыны байқалады;
      3) көші-қон ағынындағы негізгі үлес жастарға келеді;
      4) көші-қон ағындарының түйінді факторы білім алу және жоғары табыс табу болып табылады.
      Қазақстандағы ішкі көші-қон экономикалық белсенді халықтың ауылдардан және экологиялық қолайсыз өңірлерден экономикалық жағдайы анағұрлым қолайлы өңірлерге қарқынды қоныс аударуымен сипатталады, осылайша қабылдайтын өңірлердегі әлеуметтік шиеленісушілікке жәрдемдесе отырып, инфрақұрылымға жүктемені ұлғайтады.
      Қазақстан Республикасы үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы стихиялық қалыптасқан орталықтары бар агломерациялардың дамуы тән.
      Адамдардың ауылдық жерден қалаға қоныс аударуы елдің урбанизациялау процесіне ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, орта есеппен елдің қалалық тұрғындары санының 10 %-ға ұлғаюы экономиканың 6,4 %-ға қосымша өсімін береді.
      Урбанизациялаудың объективтілігіне қарамастан, оның стихиялылығы қалалардың инфрақұрылымына жүктеменің күшеюімен, адам құқықтарын бұзу жағдайларымен, әлеуметтік шиеленісушіліктің өсуімен байланысты.
      Осы тұрғыда өңіраралық және өңірлік көші-қонды есепке алу мен болжау проблемасы өте өзекті болып табылады.
      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ішкі көші-қон ағындарын реттеуді күшейту бойынша шаралар шеңберінде алғаш рет халықтың ішкі орын ауыстыру мәселелері ескерілген.
      2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ішкі көші-қон процестерін реттеу мақсатында, ішкі көшіп-қонушылардың жаңа тұрғылықты жерде тіркелуі бойынша міндеттемелерді орындауын бақылау күшейтілетін болады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі көшіп-қонушылардың орын ауыстыруына және қоныс аударғандар мәртебесін алуға квоталар белгілеуді жоспарлауда. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тұрақты тұрғылықты жеріне баруға жолақы және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төленетін болады және тұрғын үй құрылысына, қайта қалпына келтіру немесе сатып алу үшін жеңілдікті кредиттік қарыздар берілетін болады.

      Урбанизациялау процесі
      Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік өңірлік саясаты перспективті аудандар мен басым өсу нүктелерінде экономикалық және еңбек ресурстарын аумақтық шоғырландыруға, жоғары урбанизацияланған аймақтарды, кәсіпкерлік белсенділікті қарқынды дамытуға, халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
      Өсу орталықтарына («нүктелеріне») ресурстарды шоғырландыру жалпы әлемдік үрдіс болып табылады және дамыған және табысты дамушы елдерде айқын көрінеді, себебі осы орталықтар елдің барлық аумағы үшін дамудың «қозғаушы күші» болып табылады.
      Әлемнің дамыған елдерінде қала тұрғындарының үлесі: Канадада – 76 %, Бразилияда – 86 %, Австралияда – 89 % құрайды. Қазақстанда қала тұрғындарының үлесі – 54,9 % құрайды.
      Қазақстанда урбанизациялаудың өсу үрдісінің болмауы – дамушы елдер үшін сирек құбылыс. Жылдам өсуші елдерде (Қытай, Индонезия) өткен он жылдың ішінде урбанизациялау деңгейі 10-15 % өсті. Ал Қазақстанда 2003 жылдан бастап урбанизациялау деңгейі шамамен 53-55 % құрады.
      Қазақстан қалаларының дамуына тән сипат – монобейінді қалалардың (27 моноқала) және шағын қалалардың (қала мәртебесіне ие елдімекендердің жалпы санынан 69 %) басым болуы.
      Моноқалалар мен шағын қалалардың дамуы оларда орналасқан өндірістің өмірлік циклінің кезеңіне, өнімге қажеттілік пен сұраныс деңгейіне байланысты.
      Моноқалалар мен шағын қалаларда ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының тоқтауы мен тұрып қалуының нәтижесінде әлеуметтік салада, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, инженерлік инфрақұрылымда күрделі жағдай қалыптасты, жұмыссыздық деңгейі өсті, өзін-өзі жұмыспен қамтитын халық саны өсті. Бұл еңбекке қабілетті халықтың анағұрлым қолайлы өңірлерге жаппай кетуіне алып келді.
      Моноқалалар мен шағын қалалардағы көшіп-қонушы халықтың үлкен бөлігін еңбекке қабілетті жастағы жастар құрайды. Осыған байланысты осы елді мекендерде халықтың қартаюы және экономикалық белсенді халық үлесінің төмендеуі байқалады.
      Моноқалалардан, шағын қалалардан, ауылдық елді мекендерден көшіп-қонушыларды тартатын қолайлы өңірлер ірі қалалық агломерациялар болып табылады. Тек 2003 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі аралықта Қазақстан астанасындағы халықтың саны 55 %-ға өсті.
      Агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлік және салалық бағдарламаларды үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 маусымдағы № 581 және 2013 жылғы 18 маусымдағы № 611 қаулыларымен Ірі агломерацияларды дамыту жөніндегі өңіраралық іс-шаралар жоспарлары бекітілді.
      Агломерацияларды дамытудың негізгі стратегиялық міндеті – оларды әлемдік және өңірлік нарықтармен интеграцияланған ұзақ мерзімді өсу орталықтары ретінде қалыптастыру болып табылады.
      Бұл ретте, моноқалалар және шағын қалалар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы арасындағы алмасудың аралық буынына, ауылдағы қалалық мәдениеттің қайнар көздеріне, ірі агломерацияларға ауыл халқының шамадан тыс келуіне кедергі болатын көші-қон ағындарын реттеуге арналған «шлюздарына» айналуы тиіс.
      Ірі қалалардың инфрақұрылымына жүктеменің өсуіне байланысты урбанизациялау процестерін басқаруды арттыру талап етіледі.
      Ауылдық жерлердің, моноқалалардың, шағын қалалар мен ірі агломерациялардың өзара іс-қимылына қатысты көші-қон саясатының айқын пайымы мен идеологиясын әзірлеу қажеттігі туындады; еңбек нарығындағы ақпараттық асимметрияны еңсеру мақсатында ішкі көші-қон ағындарын елдің даму стратегиясы және кадрлық саясатымен келісу.
      Ішкі көшіп-қонушылардың қалаларға бейімделуі, қолжетімді (жалға беру) тұрғын үйді ұсыну, бос орындар туралы өңірлік деректер базасын, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерін құру, өңіраралық және өңірлік көшіп-қонушылармен еңбек шарттарын жасаспай еңбек қызметін ұйымдастыруы үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыру бойынша іс-шаралар кешені қажет.

      Ішкі көші-қонды тіркеу және статистикалық есепке алу
      Көші-қон ағындарын есепке алу міндеттері белгілі бір уақытқа сол немесе өзге аумақтық бірліктегі халық саны туралы дұрыс мәліметтер алуды қамтамасыз ету болып табылады.
      Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен, оны ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырумен, көші-қон процестерін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеумен, сондай-ақ көші-қонды реттеумен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі айналысады.
      Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі - ҰЭМ) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және тіркеу, олардың тұрақты және уақытша тұруына, елден тұрақты тұруға кетуіне құжаттар әзірлеу, азаматтарды құжаттандыру, есепке алу және тіркеу, сондай-ақ босқындар мәселелері бойынша функциялар мен өкілдіктер бекітілген.
      Ішкі істер органдары шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады, заңсыз көшіп келуге жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдайды.
      Жергілікті атқарушы органдар да өз құзыреті шеңберінде көші-қон саясатын іске асыру функцияларын жүзеге асырады.
      Азаматтардың ішкі көші-қонын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ бір тұрғын үй алаңына азаматтардың шектеусіз санын тіркеу кезінде теріс пайдалануларды болдырмау мақсатында бір тұрушыға тұрғын алаңының кемінде 15 шаршы метрі келетін жағдайларда азаматтарды тіркеуді шектеуді көздейтін Алматы қаласының оң тәжірибесін тарату қажет.
      Өңірлерде аталған норманы енгізу тұрушыларды тұрғын үйлерге сыйғызудың нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, азаматтарды тіркеу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

      Сыртқы көші-қон
      1990 жылдан 1999 жылға дейінгі трансформациялық нарықтық реформалар кезеңінде елімізден халықтың 11 % кетті. Сыртқы көші-қонның теріс теңгерімі Қазақстанда 2003 жылға дейін сақталды. 2004 жылдан бастап жағдай өзгерді және сыртқы көші-қон сальдосы оң жағына ауысты.
      Соңғы жылдары сыртқы көші-қон ағындарының қарқындылығы айтарлықтай төмендеді. Халықтың көшіп келуі мен көшіп кету процестерінің бәсеңдеуі орын алуда.
      Көшіп кету коэффициентінің орташа мәні 2007 жылдан 2011 жылға дейін 1000 адамға 2,29 құрады, көшіп келу коэффициентінің көрсеткіші 1000 адамға 2,79-ға тең болды, нәтижесінде таза көші-қон коэффициенті 1000 адамға 0,5 құрады.
      Халықтың таза көші-қон коэффициентінің өсуі Қазақстан Республикасындағы жалпы экономикалық оң үрдістермен сипатталады.
      Көшіп келушілердің басым бөлігі – Қазақстан Республикасының аумағына Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан, Түрікменстаннан келген этникалық қазақтар.
      Сонымен қатар, Қазақстаннан тұрақты тұруға кететіндердің 43,8 % 15 пен 34 жас аралығындағы жастар екені назар аудартады.

      Репатриациялық саясат, оралмандардың елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне бейімделуі
      Этникалық көші-қон мемлекеттің бет-бейнесіне айтарлықтай әсер етеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, мемлекет этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу саясатын жариялағаннан кейін халықтың этникалық құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды.
      1997 жылдың желтоқсан айында «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдау нәтижесінде көшіп келу саясаты, ең алдымен, қазақ этносының мүдделерін қозғады.
      1991 жылдан бастап 2013 жылғы 1 маусымға дейін 246 603 отбасы немесе 924 363 этникалық қазақ тарихи отанына қайтып оралды және оралман мәртебесін алды.
      Оралмандардың жалпы санының көпшілігі – 61,0 % Өзбекстаннан, 14,0 % – Қытайдан, 9,5 % – Монғолиядан, 7,0 % – Түрікменстаннан, 4,8 % – Ресейден және 3,7 % басқа елдерден келген.
      Қазіргі уақытта қазақ этносы көшіп келуінің қарқындылығы төмендеп келеді.
      1991 жылдан бастап 2013 жылдың 1 маусымына дейін Қазақстан аумағына келген еңбекке жарамды жастағы оралмандардың ішінен, білім деңгейі бойынша 8,6 % - жоғары білімі, 20,6 % - орта арнаулы білімі бар, 70,8 % - жалпы орта білімі немесе мүлдем білімі жоқ.
      Бұл ретте, келген этникалық қазақтардың ішінде еңбекке жарамды жастағы адамдар 55,2 %, еңбекке жарамсыз жастағы адамдар 44,8 % құрады.
      Нәтижесінде Қазақстан Республикасы еңбек ресурстарының өсуі және толығуы біліктілік деңгейі одан да төмен не мүлдем жоқ халықтың келуі есебінен қамтамасыз етіледі.
      Репатриациялық саясат іске асырылған барлық жылдар ішінде әкімшілік-аумақтық бөлу бойынша орналастыру үшін келетін оралмандарды қатаң бекіту талаптары заңнамалық тұрғыдан көзделген жоқ. Нәтижесінде, оралмандарды орналастыру бірқалыпты емес, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктері есепке алынбай жүзеге асырылды.
      Оралмандардың ең көп бөлігі Алматы облысында – 16,1 % (148 980 адам), Оңтүстік Қазақстан – 21,3 % (197 168 адам), Маңғыстау – 12,6 % (116 437 адам) және Жамбыл – 9,4 % (87 302 адам) облыстарында орналастырылды.
      Қазақстан азаматтығын 1991 жылдан бастап келген оралмандардың 88,1 % қабылдағанын ескерсек, қазіргі уақытта олардың қай жерде тұрып жатқаны туралы, олардың қандай кәсіппен айналысатыны туралы ақпарат жоқ. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін оралмандардың кейінгі тағдыры көші-қон бақылауынан тыс қалады.
      Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған оралмандардың жұмыспен қамтылуының, әлеуметтік жағдайының мониторингі жоқ.
      2013 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбекке жарамды жастағы 9 122 оралманның ішінен оралман мәртебесін алған 803 көшіп-қонушы ғана еңбек делдалдығы үшін уәкілетті органдарға жүгінген. Нәтижесінде оралмандарды жұмыспен қамту, интеграцияны насихаттау бойынша жұмыс тиімді жүргізілмейді, өйткені оралмандарды еңбек делдалдығы қызметімен қамту болмашы ғана.
      2013 жылы мемлекеттік көші-қон саясатының негізгі параметрлері, оның ішінде оралмандарға қатысты түзету жүзеге асырылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданды. Бұл ретте негізгі назар шет елдегі қазақ диаспорасымен белсенді жұмысқа, онымен мәдени-білім және экономикалық байланыстарды тереңдетуге ауысады.
      Заңда елге келген отандастарымыздың қазақстандық қоғамға бейімделуі мен ықпалдасуына бағытталған шаралар жүйесі жетілдірілген.
      Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған этникалық қазақтарға оралман мәртебесі берілетін болады.
      Оралмандарға берілетін ақшалай емес жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлері сақталған: оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында (бұдан әрі – ОБЫО) бейімделу мен ықпалдасудың тегін көрсетілетін қызметтері; қарапайым азаматтармен қатар мектептерден және мектепке дейінгі ұйымдардан орындар ұсыну; оқу орындарына түсу квоталары; медициналық көмек алу, заңнамаға сәйкес жер учаскелерін ұсыну.
      Бұдан басқа, оралмандарға тұрғын үй салуға, қалпына келтіруге және сатып алуға жеңілдетілген кредиттер берілетін болады.
      Оралмандарды қоныстандыруға арналған алып тасталуымен байланысты квоталар, ақша төлемдері мен өтемақылар жойылады.
      Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бір жолғы жәрдемақылар белгілеу құқығы сақталған.
      Сондай-ақ оралмандардың қазақстандық азаматтықты алу шарттары Заңмен өзгертілген. Енді азаматтық алу құқығы Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде тұрақты төрт жыл тұрғаннан кейін ғана беріледі.

      Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру процесі
      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі № 859 қаулысымен Ақтау, Қарағанды және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында ОБЫО құрылды. ОБЫО уақытша тұруға және оралмандарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге арналған.
      Этникалық көшіп келушілер оралман мәртебесін алғанға дейін тұру үшін уақытша орналастыру орталықтарының (ОУОО) қызметтерін пайдалана алады.
      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ОУОО – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай. Орталыққа этникалық қазақтардан және олардың отбасы мүшелерінен басқа тұлғаларды орналастыруға тыйым салынады.
      ОБЫО мен ОУОО жұмыстары тиімділігінің төмендігі байқалды, өйткені 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында ОУОО-ға 28 отбасы немесе 87 адам барған, ал ОБЫО-ға 157 отбасы немесе 594 адам болған. 74 адам құқықтық консультация алған, 20 адам кәсіптік даярлаудан өткен.
      ОБЫО штаттық бірлігінің орташа жалақысы орташа республикалық жалақыдан 2,4 есе төмен.
      Негізінен ОБЫО бейімделген үй жайларда, ескі құрылыстарда орналастырылған. ОБЫО күрделі жөндеу жүргізу мен жаңғырту жұмыстары бюджеттік қаржыландырудың көлеміне байланысты болады, ол әрдайым жете бермейді.
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 466 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 231 қаулысына сәйкес ОБЫО ІІМ-нен Еңбекминінің Көші-қон комитетіне берілді.
      Одан әрі мемлекеттік басқару органдарының арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату шеңберінде ОБШО жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді.
      Оралмандардың бейімделуі мен ықпалдасуын арттыру шеңберінде ОБЫО мен ОУОО қызметтерінің тиімділігін арттыру, жұмыспен қамту және бейімдеуге жәрдемдесу жөніндегі шаралармен оралмандардың қамтылуын ұлғайту қажет. ОБЫО мен ОУОО жұмысын құқықтық консультациялар беру, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын түсіндіру, көрсетілетін қызметтердің толық спектрін, оның ішінде тіл курстарын ұсыну бағыттары бойынша күшейту керек. Оралмандарды басым өңірлерге орналастырудың тиімді тетігін әзірлеу қажет; ОБЫО мен ОУОО жұмысының сапасын арттыру бойынша шаралар кешенін айқындау керек.
      ҮЕҰ, құқық қорғау ұйымдарын тарту, Қазақстан Республикасының аумағына келген репатрианттар мен көшіп келушілер үшін тиімді ақпараттық алаң енгізу қажет.

      Халықтың, оның ішінде білікті мамандардың көшіп кету процесі
      1990 жылдардағы қарқынды көшіп кету адам ресурстарының айтарлықтай жоғалуына алып келді: 1992 – 2011 жж. республикадан 3,3 млн. адам кетті, 2,0 млн. жуық адам – кері қайтқан жоқ. 2009 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі аралықта кеткен халықтың 70,9 % 16-62 (57) жастағы еңбекке жарамды топтар құрады.
      Соңғы кезде сыртқы көші-қон қарқындылығының жалпы бәсеңдеуіне қарамастан, 2009 жылы жоғары және орта арнаулы білімі бар көшіп кетушілер саны жоғары және орта арнаулы білімі бар көшіп келушілер санынан 58 % артты, 2010 жылы – 20 %, 2011 жылы – 68 % артты.
      Көші-қон процестерінің нәтижесінде Қазақстан үшін «білімдарлардың елден кетуі» мен жоғары білікті еңбек ресурстарының төмен біліктілермен алмасу проблемасы өзектілене түсті.
      Бір жағынан бұған қызметкерлердің – Бірыңғай экономикалық кеңістікке (бұдан әрі – БЭК) қатысушы елдер (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы) азаматтарының үш мемлекет аумағында еркін қозғалуы үшін жағдай туғызылуы ықпал етеді.
      БЭК аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы еңбек көші-қоны мәселелері 2010 жылғы 19 қарашадағы еңбекші көшіп-қонушылар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген келісіммен (бұдан әрі – Келісім) реттеледі.
      Келісімді қабылдағаннан кейін, еңбектің ішкі нарығын қорғау мақсатында елдер белгілеген жұмысқа орналасуға рұқсат алу рәсімдері алынып тасталды.
      Келісім күшіне енген кезден бастап БЭК қатысушылары мемлекеттер арасындағы еңбек көші-қоны ағынының ұлғайғаны байқалады.
      Осылайша, Қазақстанның аумағына БЭК елдерінен еңбек қызметін жүзеге асыру үшін 2012 жылы 7 249 адам келді, 2012 жылы Қазақстаннан БЭК елдеріне еңбек қызметін жүзеге асыру үшін 52 438 адам кетті, бұл БЭК елдерінен келген еңбекші көшіп-қонушылардың көрсеткішінен 7,2 есе артық.
      Негізінен Қазақстан Республикасының азаматтары Ресей Федерациясына, әсіресе шекара маңындағы өңірлерден кетеді (2011 жылы – 10430 адам, 2012 жылы – 52319 адам).
      Жоғары білікті мамандардың көшіп кетуінің нәтижесінде Қазақстан еңбек ресурстарының тапшылығын сезіне бастады. 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша білікті жұмысшылар өнеркәсіп (4,3 мың адам) және құрылыс кәсіпорындары мен ұйымдарында (2,7 мың адам) көптеп жетіспеді. Біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандар денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (1,6 мың адам), өнеркәсіп (0,9 мың адам) және білім беру (0,9 мың адам) салаларында көп талап етіледі.
      Қазақстандағы адами капиталдың сапасын арттыру мақсатында, сондай-ақ кадрлық қажеттіліктің болжанатын өсуінің шеңберінде 2050 жылға дейін елдің экономикалық өсуін жеделдету бойынша қойылған міндеттерге сәйкес болашақ көші-қон ағындарын және олардың сапалы құрылымын реттеу бойынша іс-шаралардың барабар кешенін әзірлеу қажет болады.

      Шетелдік жұмыс күшін (оның ішінде үздік жоғары білікті мамандарды) тарту
      2012 жылы 793 574 шетелдік азамат, оның ішінде 688 905 ТМД азаматтары (немесе 86,8 %) елге келді және Қазақстан Республикасының көші-қон полициясында тіркелді.
      «Бүркіт» БАЖ статистикалық порталының деректері бойынша 2013 жылдың 8 айында елімізге 4 201 396 шетелдік кірді, олардың ішінде 636 605 азамат, оның ішінде 527 350 ТМД азаматтары (немесе 82,8 %) ішкі істер органдарында тіркелді.
      Соңғы үш жылда шетелден тартылатын шетелдік жұмыс күші санының азаю үрдісі байқалуда. Мәселен, 2009 жылы – 30,9 мың адам, 2010 жылы – 29,2 мың адам, 2011 жылы – 27,1 мың адам және 2012 жылы – 21,7 мың адам тартылды.
      2013 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттары бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 25,6 мың шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырды, бұл елдің экономикалық белсенді халқының 0,28 %-ын құрайды.
      Еңбекші көшіп-қонушылар шығатын негізгі елдер ретінде Қытай – 6 215 адам (ШЖК жалпы санының 24 %), Түркия - 3753 адам (15 %), Үндістан – 1869 адам (7 %) қалып отыр.
      Ұлыбританиядан, Италиядан, Корея Республикасынан, АҚШ-тан, Германиядан, Нидерландыдан, Канададан, Франция мен Жапониядан жиынтығында барлығы 4 347 адам тартылған (ШЖК жалпы санының 17 %).
      Шетелдік жұмыс күшінің негізгі үлесі құрылыс саласына – 12,2 мың адам (47 %), тау-кен өндіру саласына – 3,9 мың адам (16 %) және өңдеу өнеркәсібі саласына 1,6 мың адам (6,4 %) тартылды.
      Жұмысқа тартылатын шетелдік жұмыскерлердің негізгі бөлігі (ШЖК жалпы санынан 70 %) басшылар мен мамандар болып табылады.
      Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаны белгілейді.
      2013 жылға арналған квота республиканың экономикалық белсенді халқының 1,2 пайызы мөлшерінде белгіленген, бұл 108,1 мың бірлікті (2012 жылы 1,0 % немесе 90,0 мың) құрайды.
      Квоталаудан басқа, шетелдік жұмыс күшінің құрамын шектейтін және реттейтін қосымша тетіктер кадрларды жергілікті қамтуға қойылатын талаптар болып табылады.
      Бизнесті жүргізу үшін жағдайлар жасау, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында заңнамада кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі шарттарды орындаудан:
      1) шағын кәсіпкерлік субъектілері;
      2) мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар;
      3) арнайы экономикалық аймақ аумағында басым жобалар мен шығу елдері бойынша квоталар шеңберінде берілетін рұқсаттар;
      4) шетелдік заңды тұлғалардың өкілеттіктері босатылды.
      Сонымен бірге, шетелдік мамандардың басым бөлігі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қатысты қолданыстағы ескертпелерге жатпайтын салаларға тартылады.
      Қолданыстағы құқықтық тетіктің күрделілігі мен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттарды ресімдеу рәсімдерінің ұзақтығы бөлінетін квотаның толық көлемде пайдаланылмайтынына әкеліп соғады. Қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, көшіп-қонушылардың заңсыз еңбек қызметі дамиды.
      2011 – 2012 жылдары 2,3 мың шетелдік қана Қазақстанға келу мақсаты ретінде еңбек қызметін жүзеге асыру екенін көрсетсе, ал 808,0 мың адам – жеке сапар ретінде көрсеткен.
      Жоғары білікті мамандарды тарту үшін қазақстандық еңбек нарығының тартымдылығын арттыру; жоғары білікті мамандарды Қазақстан Республикасының аумағында еңбек ету ынталандыратын батыс елдері мысалындағы тетіктерді әзірлеу; жұмысқа орналасу және шекараны кесіп өту кезінде құжаттарды ресімдеуге байланысты транзакциялық шығасыларды төмендету қажет.

      Қазақстан Республикасындағы еңбек көші-қонының экономикалық әсері (көшіп-қонушылардың табыстары, ақша аударымдарының статистикасы)
      БҰҰ ЭСКАТО деректеріне сәйкес, еңбекші көшіп-қонушылардың есебінен қазақстандық экономика ең аз дегенде 0,57 % ЖІӨ немесе жылына $1,1 млрд. алады.
      Бұл ретте, еңбекші көшіп-қонушылар өз табыстарының бір бөлігін азық-түлікке, тұрғын үйге, денсаулық сақтау саласының қызметтеріне, ойын-сауықтар мен коммерциялық қызметтердің кең ауқымына сұраныс туындата отырып, қабылдайтын елде жұмсайды.
      Жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту шеңберінде шетелдік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жергілікті мамандардың еңбекақысы төлеміне қатысты 3 және одан да көп есеге асып кететін еңбекақы төлеу сәйкессіздіктерінің проблемасы орын алуда. Ірі компанияларды тексеру нәтижелері бойынша 2013 жылдың басында 51 компанияда 108 сәйкессіздік фактісі анықталды. Олардың ішінде 6-уы қазақстандық және 45-і шетелдіктер қатысатын компания болып табылады.
      Қабылдайтын ел үшін еңбекші көшіп-қонушылардың еңбекпен тапқан ақша қаражатының елден тыс жерлерге шығарылуы көшіп келушілер ағынының теріс салдары болып табылады. «Еңбекақы төлеу» мен «Жеке трансферттер» (үй шаруашылығы – резиденттер және үй шаруашылығы – бейрезиденттер арасындағы ағымдағы трансферттер) бабы бойынша ағымдағы операциялар есебіне талдау жасау арқылы осы процесс қарқындылығының күшеюін байқауға болады.
      Қазақстан Республикасында 2005 жылдан бастап 2012 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде еңбекақы төлеу теңгерімі бойынша теріс нетто 2,6 есе өсті және ең көп дегенде 1 млрд. 928 млн. АҚШ долларын, ал 2013 жылдың 1-жартыжылдығында 856 млн. АҚШ долларын құрады.
      Халықаралық аударымдар жүйесі арқылы шет елдерге ақша қаражаттарын аударудың жалпы көлемі 204,1 млрд. теңгені (ЖІӨ 0,7 %) құрады. Жеке тұлғалар 185,9 млрд. теңге сомасына 1 461,9 мың транзакция жүргізген. Халықаралық ақша аударымдарының жүйесі арқылы жеке тұлғаның бір аударымының орташа сомасы 109 мың теңгені құрайды.
      Төлемдер мен ақша аударымдарының негізгі көлемі Ресей Федерациясы резиденттерінің пайдасына – аударымдардың жалпы көлемінің 47,4 %, Өзбекстан – 16,3 %, Қытай – 9,2 %, Қырғызстан – 6,2 %, Әзербайжан – 3,0 %, Украина – 2,8 % және тиісінше Түркия – 2,2 % бағытталған.
      Нәтижесінде ақша аударымдары, олардың тұтыну мен инвестицияларға тікелей ықпалы арқылы донор-елдердің экономикалық өсуінде маңызды рөл атқарады және реципиент-елдің – Қазақстан Республикасының төлемдік теңгеріміне қысым көрсетеді.

      Заңсыз еңбек көші-қоны (көлеңкелі экономиканың өсуі, заңды және заңсыз еңбекші көшіп-қонушылардың әлеуметтік қорғалу проблемалары)
      Әлемдік практикада заңсыз еңбек көші-қоны термині тіркелмеген еңбек көші-қонымен теңестіріледі, өйткені көп жағдайда еңбекші көшіп-қонушылар ел аумағына заңды түрде кіреді, бірақ кейіннен өз еңбек қызметтерін тіркемейді және ресімдемейді.
      Заңсыз еңбек көші-қоны, жұмыс күшінің көші-қон ағындарымен байланысты бейресми жұмыспен қамтылу көлеңкелі (бақыланбайтын) экономиканың өсуіне белгілі бір үлес қосады.
      Қазақстан Республикасының ЖІӨ көлемінде бақыланбайтын экономиканың үлесі, 2005 жылғы 20,1 %-дан 2011 жылы 19,5 %-ға дейін төмендеу үрдісіне қарамастан, соңғы жылдары әлі де болса жоғары деңгейде тұр.
      Бақыланбайтын экономиканың едәуір көлемі құрылыс саласында, тамақ өнімдері өндірісінде, көлікте, көшедегі тамақ өнімдері және киім-кешек базарларында, ауыл шаруашылығында байқалған.
      Бақыланбайтын экономиканы қалыптастыру шеңберінде бейресми жұмыспен қамтылудың, мәлімделмеген жұмыспен қамтылудың өсуі салықтардан жалтарумен; еңбек заңнамасының, еңбекті ұйымдастыру және қорғау қағидаларының сақталмауына байланысты мемлекеттік бюджеттің шығындарына әкеп соқтырады.
      Мәлімделмеген (жасырын) жұмыспен қамту осы онжылдықтың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 20-30 %-ды құрады. Заңсыз еңбекші көшіп-қонушылар бұл арада ерекше топ болып табылады.
      Қазақстанда, жетекші талдамалық топтар сарапшыларының бағалауы бойынша, заңсыз еңбек көші-қоны 100 мыңнан 300 мың адамға дейінгі шекте деп бағаланады.
      Заңсыз еңбек көші-қонының өсу үрдісі, бірінші кезекте Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан келетін, «маусымдық көшіп-қонушылар» деп аталатындар есебінен байқалады.
      Жоғары білікті еңбек ресурстарын тарту саясатына қарамастан, Қазақстан негізінен біліктілігі төмен жұмыс күшін қабылдайды.
      Заңсыз еңбек көші-қоны біліктілігі төмен жұмыс күшін қажет ететін секторларда – құрылыста, қосалқы жұмысшылар ретінде базарларда, еңбекақы деңгейі жоғары емес ауыл шаруашылығы жұмыстарының жекелеген түрлерінде қазақстандықтарды алмастыруда. Көшіп-қонушы еңбекшілердің келуіне тыйым салу еңбек нарығының бұл тауашаларын автоматты түрде қазақстандықтармен толықтыруға алып келмейді.
      Дегенмен, қандай да бір салаға жұмыс күшінің бақылаусыз ағылып келуі, әдетте, экономикалық және әлеуметтік проблемалар тудырады.
      Заңсыз еңбекші көшіп-қонушылар, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұза отырып, жұмыс берушілердің өзіне қатысты еңбек заңнамасының нормаларын сақтамауына мүмкіндік береді. Төмен жалақы ала отырып, көшіп-қонушылар Қазақстанның еңбек нарығында жайсыз бәсекелестікті тудырады. Заңсыз еңбекші көшіп-қонушылар көп жағдайда жеке еңбек шартын жасаспай жұмыс істейді.
      Соңғы уақытта жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін тартуының өсуі байқалады. Шетелдік жұмысшы күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 9,2 мың заңсыз еңбекші көшіп-қонушы жұмыс істеген 3,3 мың жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде, тіркелмеген еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жасау үшін біліктілігі төмен көшіп-қонушылардың елге кіруіне арналған бағдарламалар жасау өзекті болып табылады.
      Еңбекші көшіп-қонушыларды заңдастыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қонының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
      Бұдан басқа, Заңда елге визасыз кіру және болу туралы Қазақстан Республикасымен келісімдер жасалған елдердің азаматтары болып табылатын және жұмыс берушілерде – жеке тұлғаларда үй шаруасындағы қызметші ретінде жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) мақсатымен Қазақстанға келген еңбекші көшіп-қонушылардың елде болу және еңбек қызметін жүзеге асыру мәселелері реттелген.
      Еңбекші көшіп-қонушыға көшіп келушінің өтінішінде көрсетілген мерзімге еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсатты ішкі істер органдары береді және бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін. Көшіп келушінің өтініші бойынша рұқсат өтініште көрсетілген мерзімге бірнеше рет ұзартылуы мүмкін.
      Еңбекші көшіп-қонушының Қазақстан Республикасында үздіксіз уақытша тұруының ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспайды.
      Еңбекші көшіп-қонушының жұмыс беруші-жеке тұлғамен еңбек шартын жасасуына рұқсат негіз болып табылады.
      Рұқсат ресімделетін әрбір айға 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем рұқсатты алу үшін міндетті шарт болып табылады.
      Сондай-ақ еңбекші көшіп-қонушыларға қатысты алғаш рет дакто-, фотоесепке алу жүргізіледі, оның тәртібін ІІМ айқындайды.
      Бір жұмыс берушінің – жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстарды орындауға (қызметтер көрсетуге) бір мезгілде бестен артық еңбекші көшіп-қонушымен еңбек шартын жасасуына тыйым салу, сондай-ақ жұмыс беруші- жеке тұлғаны осы норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
      Заңсыз еңбек көші-қонының өсуі және оны реттеудің тиімді жолдарын іздестіру Қазақстанның көші-қон саясатының неғұрлым маңызды проблемаларының бірі болып табылады. Оның шеңберінде заңды еңбек қызметіне ынталандыруларды арттыру, ұлттық заңнаманы заңсыз еңбек көші-қонын реттеу және оған қарсы іс-қимыл бөлігінде жетілдіру, заңсыз еңбек қызметін ұйымдастырғаны және көшіп-қонушыларға қатысты еңбек заңнамасының нормаларын сақтамағаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселесі өзекті болып табылады.

      2. Әлемдік көші-қон процестерін реттеу тәжірибесін талдау

      Әлемдік практикада көші-қон саясатын әзірлеуде және іске асыруда ырықтандырылған және консервативті тәсілдер бөліп көрсетіледі. БҰҰ деректеріне сәйкес әлем елдерінің 80 %-ның көшіп кету саясаты ырықтандырылған тәсілмен сипатталады. Көшіп-қонушылардан ірі ақша аударымдарын алушылар (Қытай, Үндістан, Филиппин) көшіп кетуге аса бейтарап болып табылады. Мексикада көшіп кетуге қатысты қатаң реттеу саясаты жарияланған.
      Көшіп келу саясатын қалыптастыруда мынадай тәсілдерді бөліп көрсетеді:

Ұлғайту жағына қарай мемлекеттік саясат жүргізетін – көшіп келуі төмен елдер

Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Сингапур

Бұл процеске мемлекет араласпайтын - көшіп келуі қалыпты елдер

Молдова, Украина, Хорватия

Ұлғайту жағына қарай мемлекеттік саясат жүргізетін - көшіп келуі қалыпты елдер

Андорра

Сақтау жағына қарай мемлекеттік саясат жүргізетін - көшіп келуі қалыпты елдер

Коста-Рика, Бруней, Германия, Ирландия, Монако, Норвегия, Испания, Швеция, Швейцария, АҚШ

Азайту жағына қарай мемлекеттік саясат жүргізетін - көшіп келуі жоғары елдер

БАӘ, Эстония, Франция, Кувейт, Ливия, Нидерланды, Оман, Катар, Сауд Арабиясы

      Халықаралық көші-қон саясатында мынадай трендтер қалыптасты:
      1) жұмыс күшін экспорттаушы-елдердің көші-қон саясаты алуан түрлілігімен ғана емес, сонымен бірге түрлі өрісті тәсілмен сипатталады, бұл ретте көшіп кету объективті процесс ретінде қаралады;
      2) көшіп кету саласындағы ырықтандырылған көтермелеу саясатын көшіп-қонушылардың ақша аударымдарына экономикалық тәуелді елдер жүргізеді;
      3) жұмыс күшін ірі импорттаушы елдердегі көшіп келуге қатысты консервативті тәсілдер мен тыйым салу саясатын күшейту.
      Халықтың ішкі көші-қонын реттеу шеңберінде Қытайдың тәжірибесі қызығушылық тудырады. Қытайдың экономикалық табысын ішкі көші-қонның жеңілдеуімен байланыстыруға болады. Үй шаруашылықтарын тіркеу жүйесіндегі жақын арада өткен реформа (Hukou - хуку) неғұрлым икемді еңбек нарығын дамытуға ықпал етті.
      «Hukou» – үй шаруашылығын тіркеу жүйесі немесе Қытай елінің заңы бойынша талап етілетін тіркелу. Тіркелу отбасына беріледі және әдетте, тууды, өлімді, неке қиюды, ажырасуларды және отбасының барлық мүшелерінің қозғалыстарын қамтиды.
      «Хуку» жүйесі урбанизациялау процесін басқаруда маңызды рөл атқарады. Қытай қалаларында 2008 жылы урбанизация деңгейі – 45,7 %, 2011 жылы – 51,3 %, 2012 жылы – 52,6 % құрады.
      Орташа қалаларға көшу үшін жаңа жергілікті «хукуға» қойылатын ең төменгі талаптар тұрақты табыс көзінің болуын және осы аумақта болуын тіркеуді қамтыды.
      Көшіп-қонушыларды ірі қалаларға тарту үшін бакалавр дәрежесінің болуы және кемінде 100 м2 тұрғын алаңының болуы сияқты қатаң іріктеу критерийлері енгізілді.
      Урбанизацияның күшеюі шеңберінде миллиондаған жаңа азаматтарды денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру қызметтерімен қамтамасыз ету шығыстарын ескере отырып, тиісті инфрақұрылым құру проблемасы шешіледі. 260 миллион адамның көші-қонына жалпы шығындар 2012 жылдың салық түсімдерінен 53 %-бен бағаланады.
      Бұл ретте, көшіп-қонған ауыл халқының үдемелі интеграциясы мен оларды бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
      Алайда, қала инфрақұрылымы мен ресурстары дамуының ауылдық елді мекеннен қалаға көшіп-қонудың өсу қарқынынан артта қалу проблемасы әлеуметтік шиеленісті туғызады. Сондықтан, Қытай үкіметі тіркеу жүйесін жоюға ниетті емес, себебі онсыз ел халқының қозғалысын бақылай алмайды.
      Үндістанда «Үндістанның барлық аумағында еркін жүріп-тұру; Үндістанның кез келген аумағында тұруға және қоныстану» құқығы бар. Бұл ретте, бейресми жұмыспен қамтылуы, ретсіз урбанизация, ішкі көшіп-қонушылардың тыныс-тіршілігі мен еңбек жағдайының проблемасы өткір болып отыр. Көшіп-қонушылардың басым бөлігі – бұл әдетте бейресми секторда жұмыс істейтін, біліктілігі аз жұмысшылар.
      Қазіргі проблемаларды шешу шеңберінде ауылдық еңбек ресурстары жөніндегі ұлттық комиссия (NCRL) еңбектің ең төмен стандарттарын, бейресми жұмысшыларға қолдау көрсету бағдарламасын қамтитын заңнаманы әзірледі.
      Үндістан Үкіметі көшіп-қонушылар санының өсу мәселесіне қатысты екі жақты тәсілді – қазіргі қалаларда инфрақұрылымды жаңғыртуды және адамдардың қалаға ағымын шоғырландыру үшін қала маңындағы жаңа кенттерді дамытуды болжап отыр. Оның үстіне, жоспарда ауылдық елді мекенде белгілі жұмыс орындарын құру стратегиясын қамтылған, мысалы, тағам өңдеу және ауыл шаруашылығы сияқты шағын және орта салаларды дамыту.
      Кореяда ұзақ уақыт бойы ішкі көші-қонның белсенді процесі байқалған болатын. Өңірлер инфрақұрылымының жақсаруына, әлеуметтік қамсыздандырудың артуына және жалақыдағы айырмашылықтың азаюына байланысты, бұл процесс баяулады. 2011 жылы кері көші-қоны пайда болды: астаналық өңірлерден басқа провинцияларға көшіп-қонушылар көп болды.
      Кореяның ішкі көші-қонын реттеу тәжірибесі шеңберінде мынадай заңдылық белгіленді: «әлеуметтік қамсыздандыруға арналған мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы және провинциялардың инфрақұрылымының жақсаруы ішкі көші-қон ағынын баяулатуға оң ықпал етеді».
      Латын Америкасы мен Кариб бассейндері елдерінде урбанизациялау нәтижесінде тұрғындардың өздері тұрғын үйлерді жөндеген және аудандарды абаттандырған кезде қала инфрақұрылымына жүктемені төмендету үшін микробригадаларды пайдалану ауқымы өсе түсті.
      Көшіп-қонушылардың ішкі және сыртқы ағындарын есепке алу мақсатында шетелдерде түрлі тәсілдер қолданылады.
      Ұлыбританияда азаматтарды тұрғылықты жерлері бойынша тіркеу институты жоқ, бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың тарихи тұрғыдан жоғары рөліне негізделген; азаматтардың жеке басын растайтын бірыңғай құжат жоқ. Сонымен қатар, барлық британдықтардың Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасында жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар. Денсаулық сақтау мекемелеріне жүгінулерге сәйкес ішкі көші-қон бойынша ақпарат жинау жүзеге асырылады.
      Норвегия халықтың орталықтандырылған тіркемесі қолданылатын ел болып табылады және ол көші-қонды есепке алуды ұйымдастырудың мінсіз моделін білдіреді. Халықтың орталықтандырылған тіркемесі (CPR) ел резидентінің 6 айдан артық мерзімде, оның ішінде көшіп кету мен муниципалитет ішінде бір муниципалитеттен екіншісіне көшуді қоса алғанда, кез келген тұрғылықты жерін ауыстыруын тіркеуге мүмкіндік береді. Тіркелім Салық пен алымдар жөніндегі директораттың қарамағында. Дербес деректер (тіркелімнің көшірмесі) Орталық статистикалық басқармаға беріледі.
      Бұдан басқа, Норвегияда Шетелдіктердің деректер базасы жұмыс істейді. Бұл ретте, Норвегияның барлық аудандарында 3200 жуық пайдаланушының осы Шетелдіктердің деректер базасындағы ақпаратты қарауға рұқсаты бар және орталық және жергілікті полиция басқармаларының қызметкерлері ғана Деректерді өңдеу жүйесін қолдана отырып (DUF), өзгерістер енгізе алады. Норвегияның консульдықтарда виза алу үшін өтініштерді өңдеуге арналған NORVIS жүйесі пайдаланылады; SESAM жүйесінің пайдаланушылары баспана беру туралы өтінішхат ұсынатын жүзге жуық тұлғаларды қабылдау орталықтары болып табылады.
      ЕО елдері үшін сыртқы көші-қон процестері туралы негізгі ақпарат көздері Орталық тіркелімдер болып табылады. Шетелдік жұмыс күші туралы ақпарат «Жұмыс жасауға рұқсаттан немесе тұруға ықтиярхаттан» келіп түседі. Швейцария мен Германияда ең көп ақпарат «Шетелдіктер тіркелімінен» келіп түседі.
      АҚШ, Канада, Австралия және Жаңа Зеландия сияқты елдерде ақпарат жинау жүйесі ұқсас деуге болады. Оның себебі есепке алудағы бірдей тәсілдер және көші-қон ағындары сипатының ұқсастығы болып табылады. Әдетте, бұл жерде кейін көрсетілген елдерден азаматтық алуға ниетті еңбекші көшіп-қонушылары туралы сөз болып отыр.
      АҚШ-та көші-қон процестері туралы деректерді жинауды халық санақтары және алуан түрлі әлеуметтік-демографиялық зерттеулердің негізінде Сауда министрлігінің Ценз бюросы жүзеге асырады. Бұл әдістің екеуі де көші-қон ағындарының көлемін бағалауға қана емес, сондай-ақ көшіп-қонушылардың түрлі сипаттамаларының кеңейтілген спектрін алуға мүмкіндік береді.
      Әлемдік практикада көшіп-қонушыларды бейімдеу мен интеграциялау тетіктері әзірленеді және қолданылады.
      ЕО дамуының объективті демографиялық, экономикалық және әлеуметтік үрдістері нәтижесінде көшіп келушілерді интеграциялау бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет болды, ол бірнеше кезеңді қамтиды:
      1) кемсітушілікке қарсы практика мен заңнаманы дамыту;
      2) қоғам өміріне қатысудың негізі ретінде жұмысқа орналастыру;
      3) үшінші елде туылғандардың кәсіби білімі туралы дипломы мен біліктілігін, жұмыс тәжірибесін мойындау рәсімін оңайлатуға арналған шаралар;
      4) кәсіби қайта оқыту және біліктілікті арттыру;
      5) білім беру жүйесі арқылы интеграциялау мүмкіндіктерін арттыру;
      6) тұрғын үй саясаты;
      7) әлеуметтік қамсыздандыру.
      ЕО елдерінде көшіп-қонушыларға қызмет көрсетуді ұсынуды жұмысқа орналастыруға, білім мен қайта мамандануға, тілдік курстардан өтуге, әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесетін мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар жүзеге асырады.
      Көшіп-қонушылардың бейімделуі мен интеграциялануын арттыру шеңберінде ЕО-да заңсыз көші-қонның алдын алу (деректер базасымен, ақша аударымдары статистикасымен жұмыс, зерттеулер); консультация беру мен тренингтер өткізу; заңды көші-қонға жәрдемдесу; көшіп-қонушыларды қорғау, қаржылық көмек ұсыну бойынша жұмысты жүзеге асыратын ақпараттық орталықтарға ерекше рөл бөлінеді.
      ЕО-да көшіп-қонушыларды интеграциялау мен бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруды әлеуметтік қорлар жүзеге асырады.
      Бұдан басқа, ЕО елдерінде көшіп-қонушыларды бейімдеудің мынадай қолданыстағы тетіктері бар:
      1) шағын бизнесті қолдау орталықтары: оқыту, шағын кредит беру, заңдық қолдау көрсету;
      2) көшіп келу обсерваториясы: көші-қон ахуалын зерттеумен, бағалаумен және дамытумен айналысатын ғылыми-зерттеу және оқу орындарының зерттеу желілері;
      3) көшіп келушілердің ұйымдарымен және бірлестіктерімен жұмыс: техникалық қолдау көрсету, жобалау қызметін қолдау, жобалардың нысаналы және желілік бағдарламалары, белсенді коммуникация.
      «Білімдарлардың елден кетуі» феномені, сондай-ақ түрлі салалардан білікті жұмыс кадрларының көшіп кетуі күрделі әрі қиын шешілетін проблема болып отыр.
      Көптеген елдерде білікті кадрлардың көшіп кетуінің алдын алу және мемлекет ішіндегі ахуалды тұрақтандыру үшін экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсарту жөніндегі стратегиялар қарастырылады.
      Білікті кадрлардың кету индексінің нәтижелері бойынша (Foreign Policy), рейтингте: Қырғызстан (36-орын, индексі 7,4); Украина (40-орын, көрсеткіші 7,3 балл); Өзбекстан (45-орын); Ресей (72-орын); Қазақстан (138-орын). Адамдар көбіне АҚШ-тан, Норвегиядан, Австралиядан, Австриядан, Бельгиядан, Оман және Люксембургтен кеткілері келмейді.
      «Білімдарлардың елден кетуі» процесіне қарсы іс-қимыл шеңберінде Корея мен Тайваньнің тәжірибесі қызықты.
      Бұл елдер ғалымдар мен зерттеушілерді тарту үшін барлық мүмкіншіліктерді жасайды. Олар өз диаспораларының қайта оралуын көтермелеу жолын таңдады. Тайваньда қайта оралуды ынталандыру бойынша күштерді үйлестіретін арнайы мемлекеттік Агенттік – Жастар істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылған. Комиссия жұмысқа орналасқысы келетін қайтып оралған ғалымдар мен әлеуетті жалға алушыларға қызмет көрсететін ақпараттық-үйлестіру орталығы ретінде әрекет етеді.
      Корея қайта оралғандарға жақсартылған жағдай жасау үшін өзінің ғылыми-зерттеу институттарын жаңғыртуға көп көңіл бөледі. Кореяның ғылым және техника институтына (КҒТИ) жұмысқа тұрған зерттеушілер ғылыми-зерттеу және әкімшілік салада көп дербестік алады.
      Тайваньда және Кореяда оларға шетелдегі табыспен салыстыруға келетін жоғары еңбекақы, үздік жұмыс жағдайын, тұрғын үй мен балаларын оқытуда көмек көрсетуді ұсына отырып, тәжірибелі мамандар мен ғалымдарды іздеп табатын қызметке тарту құрылымдары белсенді жұмыс істейді. Отанына оралғысы келмейтін мамандар мен оқытушылар үшін дәрістер курсын оқу үшін арнайы шақыру-бағдарламалары жасалған. Қазіргі уақытта екі ел де өздерінің жетекші мамандарының іс жүзінде оралуына қол жеткізу міндетімен шектеліп қана қоймай, өз диаспораларын трансұлттық желілерге жұмылдыруға тырысады. Бұл үшін олар шетелде тұратын мамандардың желісін ұйымдастырады және оларды отандағы мамандармен байланыстырады.
      Білікті қызметкерлердің көші-қонының өз іріктеу критерийлері бар. Мәселен, Австрияда жоғары білікті мамандар үшін – «негізгі басқарушылар үшін тұруға рұқсат» арнайы рұқсаты көзделген. Бұл санат үшін негізгі критерий – австриялық компанияға басқарушы лауазымына тағайындалу болып табылады.
      АҚШ заңнамасында көрнекті жетістіктері, ғылыми дәрежелері және т.б. бар жоғары білікті шетелдік мамандар үшін квоталар белгіленеді, бірақ көрсетілген санаттар үшін грин-карталарды күту кезеңдері айтарлықтай аз (үміткерлердің аз болуы есебінен).
      Еуропалық көгілдір картаның мақсаты үшінші елдерден ЕО мүше-елдердің еңбек нарығына білікті кадрларды тарту болып табылады. Көгілдір карта келісімшартқа байланысты бір жылдан бастап төрт жылға дейін әрекет етеді. Карта оның иелеріне өз отбасы мүшелерін әкелуге де мүмкіндік береді.
      Кейбір мамандықтардың тапшылығына байланысты дамыған елдер қандай да бір қызмет саласында мамандығы мен еңбек тәжірибесі бар шетел азаматтарын тартудың кадрлық саясатын жүргізеді.
      Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандардың тапшылығына байланысты Канадада тиісті біліктілігі бар қызметкерлердің келуін жеңілдететін және жұмыс берушілерге рұқсат алуды талап етпейтін арнайы бағдарлама енгізілген болатын.
      Дәрігерлер мен медбикелерді тартудың арнайы бағдарламасы Ирландияда қолданылады. Лицензиясы бар медициналық персоналдың жұмыс істеуіне рұқсат беру еңбек нарығына тексеру өткізбестен беріледі. Берілетін рұқсат түрі жұмыс келісімшартында тіркелген еңбекақы деңгейіне байланысты болады.
      Осылайша, әртүрлі елдерде жоғары білікті жұмыс күшін тарту мен еңбек нарығының тартымдылығын арттырудың өз тәсілдері бар.
      Еңбек нарығында біліктілігі төмен шетелдік жұмыс күші дамыған елдерде де жоғары білікті жұмыс күші сияқты аса қажет. Әдетте, біліктілігі төмен көшіп-қонушылар заңсыз еңбек көші-қонының негізі болып табылады.
      Біліктілігі төмен жұмыс күшіне деген сұраныс Германияның бірқатар салаларында маусымдық көші-қон, келісімшарт бойынша уақытша жұмысты және ЕО-ға кірмейтін елдерден тағылымдамадан өтушілерді тарту бағдарламаларын кеңейту қажеттігін айқындады.
      Германияға біліктілігі төмен жұмыс күші ағынының қосымша арнасы «au pair» бағдарламасы болды, оның шарттарына сәйкес 25 жасқа дейінгі жастар балаларға күтім жасау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша қызмет көрсете алады. Олардың елде тұру мен жұмыс мерзімі – 1 жылға дейін.
      АҚШ-та біліктілігі төмен жұмыскерлер үшін ауыл шаруашылығы (H2-A) және ауыл шаруашылығы емес (H2-B) визалар бар. H2-A визасы үшін ең жоғарғы шек жоқ, бірақ жұмыс берушілер жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз етуге, олардың ұшаққа билеттерінің ақысын төлеуге және жұмысқа дейінгі жол ақысын төлеуге міндетті. H2-A визасының ең жоғары ұзақтығы – ұзарту мүмкіндігі бар бір жыл немесе жалпы 3 жыл.
      Біліктілігі төмен жұмыс күшін тұрғын үймен жайластыру шеңберінде дамыған елдерде тұрғын үйдің ақысын төлеу бойынша жеңілдік түрінде не жалға алу шығыстарына өтемақы түрінде қаржылай қолдау көрсетуді көздейтін бағдарламалар бар.
      Италияда жұмыс берушілерден олар тартатын біліктілігі төмен мамандарға тұрғын үй беру, тиісті еңбек жағдайына кепілдік беру талап етіледі. Егер өңір шетелдік қызметкерлердің елеулі санына мұқтаж болса, бірақ оларға жеткілікті тұрғын үйі болмаса, мұндай өңірге аз квота беріледі.
      Халықтың заңсыз көші-қонына қарсы іс-қимыл шеңберінде, дамыған елдерде көшіп келу заңнамасын қатайту тәжірибесі қолданылады.
      Біріншіден, сапалы және сандық шектеулер негізінде шетел азаматтарының жекелеген санаттарына келуге шектеу салынған, екіншіден, жұмыс берушілердің заңсыз жұмыс күшін жалға алғандығы үшін жауапкершілігі күшейтілді, үшіншіден, көшіп келу істері жөніндегі арнайы қызметтердің өкілеттіктері кеңейтілді.
      Еңбекші көшіп-қонушыларға аса қатыгездікпен қарау жағдайларында АҚШ заңнамасында заңсыз көшіп келушілердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерге және заңсыз көшіп келуін ұйымдастырушыларға қарсы айыппұл салу және бостандықтарынан айыру сияқты жазалау шаралары қолданылады.
      Көші-қон процестерін реттеудің әлемдік тәжірибесін жалпылау Қазақстан Республикасында қолданылатын мынадай тетіктерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:
      1) урбанизациялаудың икемді саясатын әзірлеу мен жұмыс күшін мынадай бағытта: ауыл – шағын, орташа қала – ірі қала және агломерация етіп бөлуге;
      2) сыртқы және ішкі көшіп-қонушыларды есепке алудың электронды жүйесін енгізу және дамыту;
      3) еңбек нарығы, оның ішінде, төмен – және жоғары білікті кадрларға қажеттілікті мониторингілеу мен бағалаудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесін құру, сондай-ақ елге қажетті мамандықтардың тізбесін жасау;
      4) демографиялық жағдай мен еңбек нарығындағы сұранысқа, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес көші-қон саясатын жетілдіру;
      5) квота берудің шектеулі тетіктері мен жоғары білікті жұмыс күшін тартудың селективті әдістерін үйлестіруде теңгерімделген көші-қон саясатын әзірлеу;
      6) персоналды жалға алу бойынша процесті қадағалауды жүзеге асыру;
      7) шет елдерден жоғары білікті жұмыс күшін белсенді түрде тарту үшін преференциялар тізбесін қалыптастыру;
      8) жоғары білікті кадрларды ұстап қалу үшін азаматтық алуға мүмкіндік беретін арналарды кеңейту;
      9) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын көшіп-қонушыларды бейімдеу мен интеграциялау бойынша әлемдік оң тәжірибені пайдалану;
      10) білікті кадрлардың шамадан тыс кетуіне жол бермеу бойынша ұсынымдар мен тәсілдер әзірлеу.

      3. Қазақстан Республикасы үшін көші-қон саясатының моделін таңдау және қазіргі кездегі проблемаларды шешудің ұсынылатын жолдары

      Қазақстан Республикасында халықтың көшіп кетуі мен көшіп келуіне қатысты ырықтандырылған көші-қон саясаты қалыптасты. Бұл ретте көптеген жылдар бойы мемлекеттік көші-қон саясаты көшіп келу процестерін сақтауға бағытталған болатын.
      Экономикалық серпіліс жасаған әлем елдерінде (Сингапур, Канада, Австралия, БАӘ және тағы басқа елдер) көшіп келу саясаты өз уақытында күшейтілген болатын. Нәтижесінде, бұл экономиканың дамуын қосымша ынталандырды.
      Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты экономикалық саясаттың, оның ішінде құрылымдық және өңірлік саясаттың стратегиялық бағыттарының үйлесімді контексінде жүргізіледі.
      Шетелдік жоғары білікті жұмыс күштерін тарту мақсатында Қазақстан Республикасының еңбек нарығында аса талап етілетін мамандықтарды, жұмыстардың түрлерін анықтау үшін ұлттық еңбек нарығындағы өзгерістер, кадрларға деген қажеттіліктің мониторингі мен болжамының нәтижелері ескерілетін болады.

      Мақсаты: Сапалы және білікті жұмыс күші қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының тиімді көші-қон саясатын жүргізу, көшіп-қонушылардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттемелерін кедергісіз іске асыруға жағдайлар жасау.

      Міндеттер:
      Ішкі көші-қон
      Ішкі көші-қон ағындарын есепке алу мен болжауды жетілдіру;
      урбанизация процестерінің контексінде ішкі көші-қонды басқару тиімділігін арттыру, өңірлік және көші-қон саясатының өзара іс-қимылы;
      ішкі көшіп-қонушылардың қалаларда бейімделу саясатын қалыптастыру.

      Сыртқы көші-қон
      Халықтың сыртқы көші-қон ағындарын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен өзара байланыста есепке алу мен реттеуді жетілдіру;
      елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне репатрианттар мен көшіп келушілердің белсенді түрде интеграциялануы үшін жағдайлар жасау;
      шетелдік жоғары білікті жұмыс күшін тарту тетігін жетілдіру;
      білікті жұмыс күшінің кетуіне қарсы іс-қимыл және жоғары білікті мамандардың Қазақстан Республикасына қоныс аударуын ынталандыру мен оған жағдайлар жасау;
      заңсыз көші-қонға жол бермеу және заңды еңбек көші-қонды кеңейту бойынша шараларды күшейту;
      көші-қон саясатының құқықтық базасын жетілдіру.

      Мемлекеттік көші-қон саясатының негізгі бағыттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.02.2015 № 42 қаулысымен.

      1. Ішкі көші-қон ағындарын есепке алу және болжауды жетілдіру.
      Ішкі көшіп-қонушыларды есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында олардың ағындары зерделенетін болады.
      Ішкі көші-қон процестерін реттеу мақсатында көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді оңайлату жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады; Астана қаласында Алматы қаласының азаматтарын тіркеу тәжірибесін қолдану орындылығына талдау жүргізілді.
      Демографиялық факторды, елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттері мен өңірлердің еңбек ресурстарына қажеттілігін ескере отырып, көші-қон ағындарының болжамды бағалаулары тұрақты әзірленетін болады.
      2. Урбанизация процестерінің контексінде ішкі көші-қонды басқару тиімділігін арттыру және өңірлік және көші-қон саясатының өзара іс-қимылы.
      Ірі қалалардың инфрақұрылымына жүктеменің өсуіне байланысты урбанизация процестерін басқаруды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
      Өңірлік және көші-қон саясатының өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында ауылдық өңірлердің моноқалалармен, шағын қалалармен және ірі агломерациялармен олардың кешенді даму жоспарлары шеңберінде ішкі көші-қонның өзара экономикалық іс-қимылын қалыптастыру мен реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады.
      Экологиялық жағдайлары тұруға аса қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесін; әсіресе халық көші-қонының азаюы болжанатын жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру жолымен еңбек ресурстарын бекіту тетіктерін қалыптастыруға қатысты шаралар әзірлеу қажет.
      3. Қалаларда ішкі көшіп-қонушылардың бейімделу саясатын қалыптастыру.
      Ішкі көшіп-қонушыларды бейімдеу саясатын қалыптастыру шеңберінде халықты қалаларға көшу кезінде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы хабардар етуді арттыруға бағытталған қосымша шаралар қабылдау; тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым құру; мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының жеке агенттіктермен өзара іс-қимылы бойынша шаралар әзірленетін болады.
      Жеке жұмыспен қамту агенттіктері ауылдық аудандардан қоныс аударушыларды дайындау бағдарламаларын қолдау, олардың құқықтық консультация алуы мен әлеуметтік қорғалуы үшін жеке сектордың жұмыс берушілерімен әріптестіктер құру бойынша жұмысқа шоғырланатын болады.
      4. Халықтың сыртқы көші-қон ағындарын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен өзара байланыста есепке алу мен реттеуді жетілдіру.
      Сыртқы көші-қон ағындарын реттеуді жетілдіру мақсатында ІІМ көші-қон полициясының ақпараттық жүйесін құру; көшіп келуші еңбекшіге рұқсат беру, оны ұзарту және қайтарып алу тәртібін, сондай-ақ көшіп келуші еңбекшілерге дакто-, фотоесептер жүргізу тәртібін бекіту болжанады.
      Көші-қон ахуалын талдау және болжау, әртүрлі көші-қон бағдарламаларының тиімділігін мониторингілеу және бағалау үшін ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізуде үкіметтік емес ұйымдарды тарту (ХҚҰ, ХЕҰ және т.б.); Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыратын көшіп-қонушы еңбекшілерге жыл сайынғы мониторинг жүргізу қажет.
      5. Елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне репатрианттар мен көшіп келушілердің белсенді интеграциясы үшін жағдайлар жасау.
      Тиімді көші-қон саясатын құру шеңберінде оралмандарды орналастыру, оларға тұрғын үй проблемаларын шешуге жеңілдетілген кредиттік қарыз беру үшін өңірлердің критерийлері мен тізбесін айқындау; оралмандардың бейімделуі мен интеграциясына жәрдемдесуді қамтамасыз ететін орталықтар жұмысының тиімділігін арттыру; оралман мәртебесін беру қағидасын жетілдіру, оралмандар және олардың отбасы мүшелерінің ОБИО және ОУОО тұру тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру арқылы репатрианттар және көшіп келушілердің белсенді интеграциясы бойынша жұмыс жүргізу қажет.
      Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін орналастыру тәртібін жақсарту; бейімделу мен интеграция тетігін жетілдіру үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру; оралмандардың жұмыспен қамтылу және әлеуметтік жағдайын мониторингілеу бойынша жұмыс жүргізу қажет.
      Көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасының ұлттық құқық қорғау ұйымдарының жұмысын үйлестіру үшін қоғамдық институт ұйымдастыру қажет; Қазақстан Республикасының аумағына кіру және болу ережелері, көші-қон заңнамасы, жұмысқа орналастыру еліндегі еңбек және әлеуметтік құқықтар туралы репатрианттар мен көшіп келушілерді тиімді хабардар ету үшін мемлекеттік органдардың Интернет-ресурстарын өзектендіру.
      6. Шетелдік жоғары білікті жұмыс күшін тарту тетігін жетілдіру.
      Халықаралық еңбекті бөлуден болатын ықтимал пайдалар мен артықшылықтарды алу үшін Қазақстан жоғары білікті жұмыс күші үшін бәсекелестік күреске белсене қатысатын болады.
      Осыған байланысты, экономика мен ұлттық еңбек нарығының даму перспективаларын ескере отырып, шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті бағалаудың тиімді тетіктерін құру қажет. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді еңбек көші-қонын реттеу бойынша іріктеу, кіру, келу шарттарының және еңбек қызметін жүзеге асырудың әртүрлі тетіктерін пайдалануды көздейтін сараланған тәсілдерді енгізу қажет.
      Еңбекші көшіп-қонушылардың санын бағалау үшін жыл сайын Қазақстан Республикасынан ақша аударымдары көлемдерінің серпініне талдау жүргізілетін болады. Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы еңбекақы төлеу мәселелерін жүйелі бақылау жүзеге асырылады.
      7. Білікті жұмыс күшінің кетуіне қарсы іс-қимыл және Қазақстан Республикасына жоғары білікті мамандарды қоныстандыру үшін жағдайлар жасау және ынталандыру.
      Жоғары білікті жұмыс күшінің кетуіне қарсы іс-қимыл шеңберінде білікті кадрлардың көшіп келу және көшіп кету факторларына зерттеу жүргізілетін болады.
      Шетелдік кәсіпкерлер, инвесторлар, білікті мамандар мен олардың отбасы мүшелерінің, оның ішінде еңбек нарығында талап етілетін бұрынғы отандастарымыздың тұрақты тұрғылықты жерге қоныстануын ынталандыру бойынша жұмыс жүргізу қажет.
      ЭЫДҰ елдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.
      8. Заңсыз көші-қонның жолын кесу және заңды еңбек көші-қонын кеңейту бойынша шараларды күшейту.
      Заңсыз көші-қонға жол бермеу бойынша шараларды күшейту және заңды еңбек көші-қонын кеңейту үшін жағдайлар жасау мақсатында көші-қон заңнамасының бұзушылықтарын анықтау және жолын кесуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін болады.
      Бұдан басқа, заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлесіп іске асыру, шет елдердің заңсыз көші-қон фактілерін болғызбау, сондай-ақ еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі тәжірибесін зерделеу мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілетін болады.
      9. Көші-қон саясатының құқықтық базасын жетілдіру.
      Құқықтық базаны жетілдіру шеңберінде Қазақстан Республикасының мүдделерін ескере отырып ұлттық заңнама Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімдерінің нормалары мен талаптарына сәйкестендірілетін болады. Жұмыс берушінің еңбекші көшіп-қонушылардың (ішкі және сыртқы) құқықтарын сақтамағаны үшін жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгеруін ескере отырып, еңбек көші-қоны саласында құқық қолдану практикасын талдау негізінде көші-қон заңнамасын одан әрі жетілдіру болжанады.

4. Кешенді жоспарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

      Ескерту. 4-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 208 қаулысымен.

Р/с

Іс-шаралар

Аяқтау нысаны

Орындау үшін жауаптылар

Орындау мерзімі

Болжамды шығыстар
(мың теңге)

Қаржыландыру көзі

1

2

3

4

5

6

7

1. Ішкі көші-қон ағындарын есепке алу мен болжауды жетілдіру

1.

Ішкі көшіп-қонушыларды есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында олардың ағындарын зерделеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ (жинақтау), ДСӘДМ, ҰЭМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

5 шілде жыл сайын

Талап етілмейді


2.

Астана қаласында Алматы қаласының азаматтарын тіркеу тәжірибесін қолдану қажеттігін қарастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ, ӨДМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы мамыр

Талап етілмейді


3.

Азаматтарды экологиялық жағдайы өмір сүруге аса қолайсыз елді мекендерден көшіру және оларға Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 шеңберінде әлеуметтік қолдау көрсету бойынша ұсынымдар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині (жинақтау), ӨДМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


4.

Ішкі көшіп-қонушылардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуді оңайлату жөнінде ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ

2014 жылғы шілде

Талап етілмейді


5.

Демографиялық факторды, елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін, өңірлердің еңбек ресурстарына қажеттіліктерін ескере отырып көші-қон ағындарының болжамын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ЭБЖМ (жинақтау), Еңбекмині, ИЖТМ, ІІМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы қараша

Талап етілмейді


2. Урбанизациялау процестері контексінде ішкі көші-қонды басқарудың тиімділігін арттыру және өңірлік және көші-қон саясатының өзара іс-қимылы

6.

Қалалардың түріне байланысты урбанизациялау процесін басқарудың сараланған тәсілінің ұсыныстарын әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ (жинақтау), ЭБЖМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы желтоқсан

Талап етілмейді


7.

Халық саны 200 000 адамнан жоғары қалалар аумағының бақылаусыз кеңеюіне кедергі жасау үшін құрылыс салу тығыздығының нысаналы мәндерінің критерийлерін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ (жинақтау), облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы қазан

Талап етілмейді


8.

Моноқалаларды, шағын қалаларды және ірі агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарлары шеңберінде, олармен экономикалық өзара іс-қимыл және ауылдық өңірлердің ішкі көші-қонын реттеу бойынша шаралар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ (жинақтау) АШМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері)

2014 жылғы 5 шілде

Талап етілмейді


9.

Ішкі көшіп-қонушылардың ағындарын реттеу және олардың бейімделу бөлігінде «Ірі агломерацияларды дамыту жөніндегі іс-шаралардың өңіраралық жоспарларына» өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ (жинақтау), Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы шілде

Талап етілмейді


10.

Өмір сүруге экологиялық жағдайы аса қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесін қалыптастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ, ЭБЖМ, ҚОСРМ, Еңбекмині

2014 жылғы 5 сәуір

Талап етілмейді


11.

Әсіресе халықтың көші-қонының азаюы болжанған өңірлерде жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру жолымен еңбек ресурстарын бекіту тетіктері бойынша ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині (жинақтау), ӨДМ, ЭБЖМ, облыс әкімдіктері

2014 жылғы желтоқсан

Талап етілмейді


3. Қалаларда ішкі көшіп-қонушылардың бейімделу саясатын қалыптастыру

12.

Халықты қалаларға көшу кезінде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы хабардар етуді арттыруға бағытталған қосымша шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині, МАМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы шілде

Талап етілмейді


13.

Ішкі еңбекші көшіп-қонушылар және сырттан келген ЖОО студенттері және ТжКБ ұйымдарының оқушылары тұру үшін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым құру мәселесін пысықтау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес

ӨДМ, Еңбекмині, БҒМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы қараша

Талап етілмейді


14.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қорғау бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету, өңіраралық еңбекші көшіп-қонушыларға құқықтық консультация беру мәселелері бойынша жеке агенттіктермен мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ДСӘДМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014, 2015 жылғы 5 шілде

Талап етілмейді


4. Халықтың сыртқы көші-қон ағындарын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен өзара байланыста есепке алу мен реттеуді жетілдіру

15.

ІІМ көші-қон полициясының ақпараттық жүйесін құру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ (жинақтау), ҰҚК (келісім бойынша), ДСӘДМ

2016 жылғы 5 қаңтар

2014 жыл - 549 642 мың теңге,
2015 жыл – 80 612 мың теңге,
2016 жыл – 18 324 мың теңге

Республикалық бюджет -

16.

Еңбекші көшіп-келушіге рұқсат берудің, оны ұзартудың және қайтарып алу тәртібін, сондай-ақ еңбек ететін көшіп келушілерді тіркеудің, дакто-, фотоесепке алуды жүргізу тәртібін бекіту

ІІМ бұйрығы

ІІМ

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


17.

Көші-қон ахуалын талдау және болжау, әртүрлі көші-қон саясатының тиімділігін мониторингілеу және бағалау үшін ғылыми-зерттеу әзірлемелер жүргізу кезінде үкіметтік емес ұйымдарды (КХҰ, ХЕҰ және басқаларды) тарту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ, СІМ, ДСӘДМ

5 қаңтар жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Талап етілмейді




18.

Еңбек қызметін жүзеге асыратын көшіп-қонушылар мониторингін жүргізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ДСӘДМ, ІІМ

Қаңтар
жыл сайын

Талап етілмейді


5. Елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне оралмандар мен көшіп келушілердің белсенді интеграциясы үшін жағдайлар жасау

19.

«Оралман мәртебесін беру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-Ө-М бұйрығына өзгерістер енгізу

Еңбекмині бұйрығы

Еңбекмині

2014 жылғы наурыз

Талап етілмейді


20.

Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлердің критерийлерін айқындау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ӨДМ, АШМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


21.

Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлердің тізбесін бекіту

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

Еңбекмині (жинақтау), ЭБЖМ, ӨДМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы сәуір

Талап етілмейді


22.

Оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үйді салуға, қалпына келтіруге немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредиттік қарыз беру қағидаларын бекіту

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

Еңбекмині (жинақтау), ӨДМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері, «ҚРТҚЖБ» АҚ (келісім бойынша)

2014 жылғы ақпан

Тиісті жылдарға республикалық бюджетте жыл сайын көзделетін қаражат шегінде

Республикалық бюджет

23.

«Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында тұру мерзімдері мен қағидаларын, сондай-ақ оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 331-ө-м бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

Еңбекмині бұйрығы

Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


24.

Оралмандардың бейімделуі мен интеграциясына жәрдемдесуді қамтамасыз ететін орталықтар жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині (жинақтау), ЭБЖМ, облыстардың әкімдіктері

2014 жылғы қыркүйек

Талап етілмейді


25.

«Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидаларын және Уақытша орналастыру орталықтарының қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 330-Ө-М бұйрығына өзгерістер енгізу

Еңбекмині бұйрығы

Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


26.

«Этникалық қазақтарды және олардың отбасы мүшелерін оралман мәртебесін алғанға дейін олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарына алғашқы қоныстандыру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 328-Ө-М бұйрығына өзгерістер енгізу

Еңбекминінің бұйрығы

Еңбекмині, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы ақпан

Талап етілмейді


27.

Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары мен бизнес құрылымдардың қатысуымен, оралмандардың және олардың отбасы мүшелерінің бейімделуі мен интеграциялануы тетігін жетілдіруге арналған тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық жұмыс тобын құру

Еңбекмині бұйрығы

Еңбекмині, ЭБЖМ, ІІМ, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы наурыз

Талап етілмейді


28.

Оралмандардың жұмыспен қамтылуының, әлеуметтік жағдайының мониторингін жүргізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ДСӘДМ (жинақтау), облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері

5 сәуір жыл сайын

Талап етілмейді


29.

Көшіп-қонушылардың құқығын қорғау саласында Қазақстан Республикасының ұлттық құқық қорғау ұйымдарының жұмысын үйлестіру үшін қоғамдық институт құру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині, ІІМ, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, АҚУ

2014 жылғы қазан

Талап етілмейді


30.

Көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының аумағына келу және онда болу қағидалары туралы, көші-қон заңнамасы, Қазақстан Республикасындағы еңбек және әлеуметтік құқықтар туралы хабардар ету үшін мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын өзектілендіру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

СІМ, ҰЭМ, ДСӘДМ, ІІМ, ИДМ

5 қаңтар, жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Талап етілмейді


6. Жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту тетігін жетілдіру

31.

Квота беру тетігін және шетелдік жұмыс күшін тартуды реттеудің өзге де құралдарын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині, ЭБЖМ, ӨДМ, ИЖТМ, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы шілде

Талап етілмейді


32.

Қазақстан Республикасы азаматтарында сұранысқа ие емес мамандықтар, жұмыс түрлерін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу және олар бойынша жеңілдетілген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігін қарастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині (жинақтау), ӨДМ, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері

2014 жылғы қазан

Талап етілмейді


33.

Қазақстан Республикасынан ақшалай аударымдар көлемдерін ескере отырып, еңбекші көшіп-қонушылар санын бағалау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ҰЭМ (жинақтау), ҰБ (келісім бойынша), ІІМ, ДСӘДМ

5 сәуір жыл сайын

Талап етілмейді


34.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы еңбекақы төлеу мәселелерін жүйелі бақылауды ұйымдастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ДСӘДМ

5 қазан жыл сайын

Талап етілмейді


35.

құпия

36.

құпия

7. Білікті жұмыс күшінің кетуіне қарсы іс-қимыл және жоғары білікті мамандардың Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жағдайлар жасау және ынталандыру

37.

Білікті кадрлардың кету және келу себептеріне зерттеу жүргізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ҰЭМ, ДСӘДМ, БҒМ, ИДМ, ЭМ

5 қаңтар жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Республикалық бюджетте тиісті жылдарға жыл сайын көзделетін қаражат шегінде

Республикалық бюджет

38.

Еңбек нарығында сұранысқа ие шетелдік кәсіпкерлерді, инвесторларды, білікті мамандарды және олардың отбасы мүшелерін, оның ішінде бұрынғы отандастар қатарынан, шақырту мақсатында Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпаратты шетелге таратуға жәрдемдесу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

СІМ (жинақтау), ДСӘДМ, ІІМ, ИДМ

5 қаңтар жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Республикалық бюджетте тиісті жылдарға жыл сайын көзделетін қаражат шегінде

Республикалық бюджет

39.

ЭЫДҰ елдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

СІМ (жинақтау), ІІМ

2014 жылғы маусым

Талап етілмейді


40.

құпия

8. Заңсыз көші-қонға жол бермеу бойынша және заңды еңбек көші-қонын кеңейту шараларын күшейту

41.

Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және жол бермеуге бағытталған, бірлескен мемлекетаралық жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ (жинақтау), ҰҚК (келісім бойынша)

5 қаңтар жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Талап етілмейді


42.

Заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлесіп іске асыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ

5 қаңтар жыл сайын (2015 жылдан бастап)

Талап етілмейді


43.

Шет елдердің заңсыз көші-қоны фактілерін болғызбау, сондай-ақ еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі тәжірибесін зерделеу мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ҰЭМ, СІМ, ІІМ, ДСӘДМ

Шілде
жыл сайын

Республикалық бюджетте тиісті жылдарға жыл сайын көзделетін қаражат шегінде

Республикалық бюджет

44.

құпия

45.

құпия

9. Көші-қон саясатының құқықтық базасын жетілдіру

46.

Ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімдерінің талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині, ІІМ, ЭБЖМ

2014 жылғы маусым

Талап етілмейді


47.

Еңбекші көшіп-қонушылардың (ішкі және сыртқы) құқықтарын сақтамағаны үшін жұмыс беруші жауапкершілігін арттыру бөлігінде Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат (қаулының 2-тармағына сәйкес)

Еңбекмині (жинақтау), ЭБЖМ, ІІМ

2015 жылғы 5 қаңтар

Талап етілмейді


48.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгеруін ескере отырып, көші-қон заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ЭБЖМ, ІІМ, Еңбекмині

2014 жылғы қараша

Талап етілмейді


49.

Еңбек көші қоны саласындағы құқық қолдану практикасын талдау негізінде заңнамаға мыналарды:
- еңбекші көшіп келушілерге еңбекақыны Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттерге аударуды;
- еңбекші көшіп келушілермен міндетті медициналық сақтандыру шартын жасасуды көздейтін нормаларды енгізу мәселесін пысықтау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар (қаулының 2-тармағына сәйкес)

ІІМ (жинақтау), Еңбекмині. ӨДМ, Қаржымині, ҰБ (келісім бойынша), ДСМ

2015 жылғы маусым

Талап етілмейді


      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

«ҚРТҚЖБ» АҚ

-

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ

БП

-

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

ҰҚК

-

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті

ІІМ

-

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

ДСМ

-

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

СІМ

-

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

ИЖТМ

-

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі

МАМ

-

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі

БҒМ

-

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

ҚОСРМ

-

Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі

ӨДМ

-

Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі

АШМ

-

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

Еңбекмині

-

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қаржымині

-

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі

ЭБЖМ

-

Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі

ҰБ

-

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

СБҚ «Сырбар»

-

Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі

АҚУ

-

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл

ДСӘДМ

-

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі

ИДМ

-

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі

ЭМ

-

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі

ҰЭМ

-

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады