Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы

Жаңартылған

2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап (2008 жылғы 4 мамырдағы № 31-IV Қазақстан Республикасының Заңы), халықаралық құқық нормаларын негізге алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күреске бағытталған тиімді құқықтық шараларды әзірлеу және қолдану ниетін білдірген.

      Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылғы 31 қазанда қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (Нью-Иорк) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы қызметті сипаттайтын халықаралық тәсілдер (стандарттар) көрсетілген. Онда қамтылған нормалардың қабылдауына сыбайлас жемқорлық тудыратын проблемалар мен қауіптер, сыбайлас жемқорлықтың барлық қоғамдық және құқықтық институттар мен қатынастардың жұмыс істеуіне теріс ықпалы себеп болды. Олар мемлекеттің, оның саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерінің тұрақты дамуын, ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.

      Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (бұдан әрі — ҚК), "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі — ҚПК)", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң), "Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы" 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың және оған қарсы күрестің негізгі бағыттары мен нақты шараларды көздейтін басқа да нормативтік құқықтық актілер құрайды.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының кейбір нормаларын сот практикасында біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қандай қылмыстардың жататынын анықтаған кезде соттар ҚК-нің 3-бабының 29) тармағын басшылыққа алулары қажет.

      2. ҚК-нің 3-бабының 16), 19), 26), 27) және 28) тармақтарында көрсетілген адамдар және шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдары сыбайлас жемқорлық қылмыстар субъектілері болып табылады.

      Пара берушінің мүддесі үшін тиісті әрекеттерді орындауға өкілеттіктері болмаса да, бірақ өзінің лауазымдық жағдайына байланысты осы әрекеттерді басқа адамдардың жасауы үшін шара қолдана алатын адамдарды да осы қылмыстардың субъектілері деп таныған жөн.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауда сыбайлас қатысушы болған не жоғарыда көрсетілген адамдарды параға сатып алу мақсатында оларға мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы ұсынған не осыған ықпал еткен өзге де жеке тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жауаптылыққа тартылады.

      3. ҚК-нің 366, 367-баптарында көрсетілген шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттарымен осындай адамдар деп танылған адамдар жатады.

      Шет мемлекеттің заң шығару, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында қандай да бір лауазымды атқаратын, тағайындалатын немесе сайланатын кез келген адам және шет мемлекеті үшін, соның ішінде жария ведомство немесе кәсіпорын үшін қандай да бір жария функцияны орындайтын кез келген адам шет мемлекеттің лауазымды адамы деп танылады.

      Халықаралық азаматтық қызметші не осындай ұйым өзінің атынан әрекет жасауға уәкілеттік берген кез келген адам халықаралық ұйымның лауазымды адамы деп танылады.

      4. Әрекеттің сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, ал оны жасаған адамдардың осы қылмыстар субъектілеріне жату-жатпау мәселесін дұрыс шешу үшін, қылмыстық процесті жүргізетін органдар заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, соның ішінде қызметтік өкілеттіктердің шеңбері мен мазмұнын айқындайтын лауазымдық ережелер мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамның лауазымдық мәртебесін басшылыққа алу қажет.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектісінің мәртебесін, атап айтқанда: оның мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам не оған теңестірілген адам, лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылатын-табылмайтынын анықтаған кезде осы нормативтік қаулының 2-тармағында көрсетілген ҚК-нің нормаларын негізге алу қажет.

      Адамда басқарушылық, ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларының не билік өкілі мәртебесінің болуын анықтау үшін ҚК-нің 3-бабының 5), 9), 37) тармақтарының мазмұндарын негізге алу қажет.

      Қылмыстық жауаптылыққа тартылып отырған адамның қылмыс жасаған кезде өзінің мәртебесін, қызметтік өкілеттіктерін және осыларға байланысты мүмкіндіктерді пайдалануына қатысты мәселелерді де анықтаған жөн. Лауазымды адамның оның қызметтік құзыреті шегінде жасауға құқығы бар және (немесе) жасауға міндетті әрекеттерді оның қызметтік өкілеттіктеріне кіретін әрекеттер деп түсінген жөн.

      Қылмыс жасаған адам туралы жоғарыда аталған деректерді оның әрекеттерін саралауды анықтаған кезде сотқа дейінгі іс жүргізу процестік құжаттарында және сот актілерінде көрсету қажет.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Қылмыс субъектісіне жататын адамның өзі үшін ғана емес, сонымен бірге басқа да адамдар мен ұйымдар үшін ақысы төленуге тиіс әртүрлі: құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру, санаторлық немесе туристік жолдамаларды, жол жүру билеттерін пайдалану сияқты көрсетілетін қызметтерді ақысыз қабылдауын не жеңілдіктерді заңсыз пайдалануын, жеңілдетілген шартпен қарыздардың немесе кредиттердің берілуін және т.б. мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды алу деп түсіну қажет.

      6. Парақорлық туралы істерді қараған кезде, адамның параны алып сол үшін пара берушінің мүддесіне орындауға немесе орындамауға жататын әрекеттердің шеңберін анықтау қажет. Осы ретте парақорлық үшін жауаптылық адамның параны әрекеттер немесе әрекетсіздік жасалғанға дейін немесе жасалғаннан кейін алған уақытына қарамастан, сондай-ақ параның алдын ала белгіленген-белгіленбегеніне, пара берушінің мүддесі үшін қандай да бір әрекеттердің орындалған-орындалмағанына қарамастан туындайтынын назарда ұстаған дұрыс.

      Құндылықтарды, көрсетілетін қызметтерді, мүлікке құқықтарды немесе жеңілдіктерді алу шарты арнайы келісілмеген, сонымен қатар қылмысқа қатысушылар пара берушінің мүддесін қанағаттандыру үшін пара беріліп отырғанын түсінген жағдайларда кінәлі адамдардың әрекеттері параны беру немесе алу деп танылуға тиіс.

      7. Адамның оған бағынысты немесе оның қызметтік өкілеттігі жүретін өзге де адамдардан қамқоршылығы немесе қызметінде бетімен жібергені, оның құзыретіне кіретін мәселелерді оңынан шешкені, сондай-ақ алдағы уақытта шешілуі мүмкін мәселелер үшін ақшалай қаражатты немесе өзге де құндылықтарды алуы пара алу деп бағалануға тиіс.

      Қызметі бойынша жалпы қамқоршылық, атап айтқанда, бағынышты адамды белгіленген тәртіпті бұзып неғұрлым жоғары лауазымға тағайындаудан, оны көтермелеу төлемдерін төлеуге не марапаттауға және т.б. ұсынылатын адамдардың тізіміне енгізуден байқалуы мүмкін.

      Пара беруші жасаған бұзушылықтар және т.б. анықталған жағдайда бақылаушы органның лауазымды адамының өзінің құзыретіне кіретін жауаптылық шараларын қолданбауға келісуі қызметінде бетімен жіберуге жатады.

      8. Ақша, бағалы қағаздар, материалдық құндылықтар, мүлікке құқық, сондай-ақ мүліктік сипаттағы қызметтерді заңсыз көрсету, соның ішінде мүліктік міндеттемелерден босату пара нысанасы болуы мүмкін.

      9. Адамның сол үшін пара алып жасаған заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) (ҚК-нің 366-бабының екінші бөлігі) деп қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, алайда оларды орындау үшін заңмен көзделген негіздер мен жағдайлар болмаған жағдайда (қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау, құжаттарға шындыққа сай келмейтін мәліметтер енгізу және т.б.) жасаған әрекеттерін (әрекетсіздігін) түсінген жөн.

      10. Қылмыстық жауаптылыққа тартылып отырған адамның әрекетін ҚК-нің 366-бабының үшінші бөлігі, 367-бабының үшінші бөлігі және 368-бабының екінші бөлігі бойынша пара алған, берген, парақорлыққа делдал болған деп саралау үшін осы баптардың тармақтарында көзделген қылмысты саралаушы бір немесе бірнеше белгілерді анықтап, егер осы мән-жайлар олардың ниетімен қамтылса, оларды қылмыстың барлық сыбайлас қатысушыларына айып ретінде тағу қажет.

      Сонымен қатар, қылмысқа сыбайлас қатысушылардың әрекеттерін саралаған кезде қылмысқа сыбайлас қатысушылардың біреуіне ғана қатысты және басқа сыбайлас қатысушылардың жеке басын сипаттамайтын мән-жайлар ескерілмеуге тиіс.

      11. Қорқытып алу адамның пара берушінің немесе олардың атынан ол өкілдік етіп отырған тұлғалардың заңды мүдделеріне залал келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп қорқытып пара талап етуін не құқықпен қорғалатын мүдделер үшін зиянды салдарын болдырмау мақсатында оны пара беруге мәжбүр болатындай жағдайға қасақана қоюды білдіреді.

      Егер параны берген адамда осы қатердің төнуінен іс жүзінде сақтануға негіз болса, параны алған адамның аталған қатерді жүзеге асыру мүмкіндігінің болған-болмағанына қарамастан, кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 366-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағы бойынша (қорқытып алу жолымен пара алу) саралануға тиіс. Қылмыс субъектісінің келісімімен немесе нұсқауы бойынша қорқытып алуды пара алушы болып табылмайтын басқа адам жүзеге асырған жағдайда да пара алуды осы жолмен саралаған жөн.

      12. Егер параны алуға осы қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала сөз байласқан екі немесе одан да көп адам қатысса, пара адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алынған деп есептеген жөн. Осы ретте, пара алушылардың ең болмағанда біреуі параны немесе оның бір бөлігін алған сәттен бастап және пара беруші параны алуға бірнеше адамның қатысып отырғанын білген-білмегеніне, сондай-ақ пара алушыда (пара алушыларда) берілген пара нысанасын пайдаланудың немесе оған иелік етудің шынайы мүмкіндігі болған-болмағанына қарамастан қылмыс аяқталды деп есептеледі.

      Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алған кезде параның көлемі барлық сыбайлас қатысушылар алған құндылықтар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы құнымен айқындалады, ал заңсыз сатып алынған затты мемлекеттің кірісіне өндірген кезде әрбір пара алушы алған ақшалай соманы немесе мүліктік пайданың мөлшерін негізге алған жөн.

      Егер айдап салушылар екі және одан да көп адамды пара алуға не беруге айдап салса, олардың әрекеттерін ҚК-нің 366-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағы және 367-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағы бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қылмыс жасауға айдап салу деп саралау қажет, өйткені осы қылмыстардың объективтік жағы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара беруі не алуы үшін жауаптылықты көздейді.

      13. Басқа адаммен алдын ала уағдаласпай пара алған, содан кейін пара берушінің мүддесі үшін соңғыға алған параның бір бөлігін берген адам пара алғаны және бергені үшін қылмыстар жиынтығы бойынша жауаптылыққа тартылады.

      Пара алу субъектісі болып табылмайтын адаммен сөз байласып адамның пара алуға байланысты жасаған әрекеттері адамдар тобымен алдын ала сөз байласуымен пара алуы ретінде бағаланбайды.

      14. Параны бірнеше рет алу, беру немесе парақорлыққа делдал болу, егер осы ретте қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімі өтпесе, сол бір қылмыстың кемінде екі рет және одан да көп жасалғанын білдіреді.

      Бірнеше адамнан пара алуды, егер әр пара берушінің мүддесі үшін жеке әрекет жасалса, бірнеше рет пара алу деп саралаған жөн.

      Пара беруші үшін қалаған нәтиженің туындауын қамтамасыз ететін әрекеттер (әрекетсіздік) үшін пара бірнеше рет бөліп беру не алу, тап солай өзара алдын ала сөз байласу бойынша қылмыс жасаған пара алу субъектілерінің бір тобына пара беру не аталған мән-жайларда делдалдық ету бірнеше рет жасалған қылмыс ретінде қарастырылмайды. Мұндай әрекеттерді жалғаспалы қылмыс деп есептеген жөн.

      Пара алу субъектісіне бірнеше пара берушіден пара беруге делдал болу немесе бірнеше пара алу субъектілерінің бір пара берушіден пара алуына делдал болуды, егер пара алушы пара берушілердің әрқайсысының мүддесі үшін жекелеген әрекетті орындаса (орындамаса) немесе пара алу субъектілерінің әрқайсысы пара берушінің мүддесі үшін белгілі бір әрекетті жасаса және делдал аталған мән-жайларды ұғынса, бірнеше рет парақорлыққа жасалған делдал ретінде қарастырылады.

      15. Параның мөлшерін анықтаған кезде пара нысанасы қолданыстағы бағалар немесе тарифтер ескеріле отырып, қажет болған жағдайларда — сарапшының қорытындысының негізінде ақшалай тұрғыда бағалануға тиіс. Айтарлықтай, ірі және аса ірі мөлшердегі параны анықтаған кезде ҚК-нің 3-бабының 2), 3) және 38) тармақтарында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алған жөн. Егер айтарлықтай, ірі немесе аса ірі мөлшердегі пара бөлек-бөлек алынған болса, бірақ осы әрекеттер бір жалғасқан қылмыстың көріністерін білдірсе, жасалған әрекет айтарлықтай, ірі және аса ірі мөлшерде пара алу ретінде саралануға тиіс.

      16. Адамның орындалуы үшін пара берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған-жасамағанына қарамастан, пара нысанасын толықтай немесе бөлігін қабылдаған сәтінен бастап, пара алу аяқталған деп есептеледі. Параны қабылдау деп оны өзі физикалық иелік етуі, сондай-ақ оның басқалай, бірақ келісілген шарттарда берілуі (шотқа аудару, туысына беру, оны белгілі бір жерге салып қою арқылы және т.б.) түсініледі. Бұл ретте пара алушының өзіне берілген құндылықтарды өз қалауы бойынша пайдалануға немесе оларға билік етуге нақты мүмкіндік алған-алмағанының маңызы жоқ.

      Жедел-іздестіру іс-шарасының не жасырын тергеу әрекеті шеңберінде қылмыстық қудалау органдарының бақылауымен пара алу да аяқталған қылмыс ретінде сараланады.

      Адам пара түрінде алған ақша жалған не түгел немесе ішінара ұқсастырылған ақша белгілері болып шыққан жағдайларда, оның әрекеттерін бүкіл келісілген пара сомасын алуға оқталу деп саралаған жөн.

      Адам ұсынылған параны алудан өз еркімен бас тартқан жағдайда, ол ҚК-нің 26-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды, ал пара берушінің әрекетін пара беруге оқталу деп саралаған жөн.

      Егер пара нысанасын беруге немесе алуға тікелей бағытталған адамдардың әрекеттері олардың еркінен тыс мән-жайларға байланысты орындалмаса, яғни пара берудің немесе алудың объективті жағы басталған болса, онда жасалған іс-әрекетті пара беруге немесе алуға оқталу ретінде саралаған жөн. Пара берушінің не пара алушының пара берудің немесе пара алудың объективті жағының тікелей басталуын құрамайтын өзге де дайындық әрекеттері пара беруге немесе алуға оқталу деп танылмауға тиіс. Мұндай әрекеттер ҚК-нің 24-бабының бірінші бөлігіне сәйкес пара берушіге не пара алушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша осы әрекеттердің жолы кесілген және қылмыс (ауыр немесе аса ауыр) соңына дейін жеткізілмеген жағдайларда пара беруге не алуға дайындалу деп саралануы мүмкін.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. Өздеріне лауазымы бойынша бағынысты адамдарға ҚК-нің 3-бабының 16), 19), 26), 27) және 28) тармақтарында көрсетілген адамға, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамына пара беру жолымен қалаған әрекетке немесе әрекетсіздікке қол жеткізуді ұсынған мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары пара беруге айдап салушылар ретінде, ал егер пара беруді ұсынудың мақсаты тап өздері үшін артықшылық пен пайда алуды көздесе, онда олар пара берушілер ретінде жауаптылыққа тартылады.

      Басқа адамның мүддесіне әрекетті пара үшін орындауға пара алушымен келіскен және пара алушыға параны берген қызметкер пара беруге сыбайлас қатысушы ретінде жауаптылыққа тартылуға тиіс. Егер аталған адам тапсырманың сипатын біле тұрып параны тек апарып берсе, оның әрекеттері пара беруге делдал болу ретінде саралануға жатады.

      18. Парақорлықтағы делдалдықты көмектесу нысанында пара беруге немесе алуға бірге қатысудан ажырату қажет.

      ҚК-нің 368-бабының бірінші бөлігіне сәйкес пара алушыға және пара берушіге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткізуге немесе осы келісімді іске асыруға ықпал еткен адам делдал деп танылуы керек. Делдал, әдетте, осы мақсатта пара берушімен де, пара алушымен де байланыс орнатады, оларды әрқайсысының қылмыс жасауға ниеті мен дайындығы және оны жасау шарттары туралы хабардар етеді.

      Бұл ретте пара туралы келісімге қол жеткізуге ықпал ету пара алушы мен пара беруші арасында тиісті келіссөздер жүргізуде, олардың арасында кездесулер ұйымдастыруда, пара беру-алу туралы келісімнің шарттарын талқылауға қатысу түрінде көрсетілуі мүмкін. Пара туралы келісімді іске асыруға ықпал ету пара беруші мен пара алушының пара нысанасын мақсатына тікелей беру туралы келісімді орындауына бағытталған іс-әрекеттер жасауымен сипатталады.

      Көмекші, басқа сыбайлас қатысушы сияқты, парақорлық субъектілерінің бірінің жағында болады. ҚК-нің 28-бабының бесінші бөлігіне сәйкес өзінің кеңестері, нұсқаулары, ақпарат беруі, пара беру-алу шарттарын жасауы не оған кедергілерді жою арқылы қылмыс жасауды жеңілдеткен адам, сол сияқты орындаушыларды, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің іздерін жасыруға алдын ала уәде берген, сол арқылы пара беруші немесе пара алушы көздеген мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін адам көмектесуші деп танылады.

      ҚК-нің 28-бабының тиісінше үшінші, төртінші немесе бесінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді орындаған және бір мезгілде делдалдық функцияларды орындаған ұйымдастырушы, айдап салушы не көмектесуші пара беруге немесе алуға сыбайласып қатысқаны үшін жауапты болады. Сыбайлас қатысушының әрекетін саралау кезінде оның пиғылының бағытын ескеру, пара берушінің немесе пара алушының – кімнің мүддесі үшін, кімнің жағында және кімнің бастамасы бойынша әрекет еткенін анықтау қажет. Ұйымдастырушының, айдап салушының не көмектесушінің белгіленген әрекетіне байланысты ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасала отырып, ҚК-нің 366 не 367-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралануға жатады. Бұл жағдайда парақорлыққа делдал болғаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің 368-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Адамның, оның ішінде парақорлық субъектісінің де, өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған парақорлыққа делдал болуы осы адамдарға қызметі бойынша берілген құқықтар мен өкілеттіктердің пайдаланылуын білдіреді.

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Сотының 16.11.2023 № 35-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз.

      20. Егер адам пара берушіден ақша немесе басқа құнды заттарды адамға пара ретінде беру үшін алып, бірақ апарып беру оның ойында болмай өзі пайдаланса, оның жасаған әрекеті алаяқтық ретінде саралануға тиіс. Егер бұл адам құндылықтарды иемдену мақсатында пара беруден бас тартқан жағдайда ықтимал қолайсыз салдарлармен азғыру, бопсалау немесе қорқыту арқылы пара берушіні пара беруге итермелесе, онда оның әрекеті алаяқтықпен бірге пара беруге айдап салушылық болып, ал мұндай жағдайларда пара берушінің әрекеті пара беруге оқталғандық болып қосымша саралануға тиіс. Осы ретте пара берілетін нақты адамның көрсетілген- көрсетілмегені маңызды емес.

      Алаяқтық жолымен құндылықтарды иемдену адамның өзіне берілген құндылықтарды өз қалауы бойынша пайдалануға немесе оларға билік етуге нақты мүмкіндігі болған сәттен бастап аяқталған болып саналады.

      Адамның ақшалай қаражатты немесе өзге де құндылықтарды осы мақсаттар үшін мемлекеттік бюджет бөлген ақшалай қаражатты немесе жәбірленушіге тиесілі емес өзге де қаражатты пайдалана отырып, жедел-іздестіру іс-шарасының не жасырын тергеу әрекетінің шеңберінде қылмыстық қудалау органдарының бақылауымен алаяқтық жолымен алуын алаяқтық жасауға оқталу ретінде бағалаған жөн.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      21. Егер ҚК-нің 361-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адам өзінің қызметтiк өкiлеттiктерiн қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланып өзі, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында, өзінің әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) кім де кімге зиян келтiрген болса және бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, онда жасалған әрекетті (тұрғын үйді кезектен тыс алу, жеңілдігі бар кредит алу және т.б.) пара алу ретінде саралауға болмайды. Мұндай әрекеттер лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану деп саралануға тиіс.

      Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың пайдакүнемдік ниеті материалдық, мүліктік сипаттағы пайда мен артықшылықтарды алудан ғана емес, сонымен қатар қызметі бойынша жоғарылау, бастыққа жағыну және т.б. түріндегі өзге де жеке мүдделіліктен байқалады.

      22. Парақорлық параға коммерциялық сатып алудан қылмыс субъектісі бойынша ерекшеленеді, сондықтан коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның ақшаны немесе өзге де құндылықтарды заңсыз алуы парақорлық үшін жауаптылыққа әкеп соқтырмайды. Мұндай әрекеттер ҚК-нің 253-бабы бойынша саралануға тиіс.

      23. Параны бергені және алғаны үшін жауаптылық парақорлыққа байланысты болғанымен, алайда өз алдына жеке қылмыстарды құрайтын әрекеттер үшін (қызмет бабын теріс пайдалану, бөтеннің мүлкін жымқыруға сыбайлас қатысу және т.б.) бір мезгілде қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығармайды. Мұндай жағдайларда жасалған әрекеттерді қылмыс жиынтығы бойынша саралау қажет.

      Егер делдал адам пара берушінің пара нысанасын жымқырып алатынын алдын ала білсе, делдалдың көрінеу жымқырылған бөтен мүлікті беруін қылмыстар жиынтығы бойынша саралаған жөн – парақорлыққа делдал болу және жымқыруға сыбайлас қатысу ретінде.

      24. Дәлелдемелерді бағалаған кезде қылмыстық қудалау органдары параны беруге, алуға не парақорлыққа делдал болуға қатысты басқа адамдарды анықтау мақсатында қайтадан жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу қажет еткен кезде осы нақты шараларды көрсетіп уәжді қаулы шығаруға міндетті екенін соттар назарда ұстағандары жөн.

      Осындай қаулы болмаған кезде қылмыстық қудалау органдарының бірнеше рет қайталанған жедел-іздестіру іс-шараларын Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының негізінде заңсыз деп есептеген жөн.

      Қылмыстық қудалау органдарының ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамды қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз пара алу ниеті туындамайтынын және қылмыстың жасалмағанын айғақтайтын мән-жайлар болған кезде пара нысанасын алуға көндірудің нәтижесінде келісім алынған кезде оған пара беруден тұратын арандатушылық-айдап салушылық әрекеттері өзіне қатысты осы әрекет жүзеге асырылған адам жасаған әрекеттің қылмыстылығын жояды.

      25. ҚК-нің 417-бабының екінші бөлігі бойынша парақорлыққа арандату үшін жауаптылық ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамға пара нысанасын беруге әрекеттенген адамның ол адамның параны алуға келісімінің жоқ екенін көрінеу біле тұра өзінің әрекетінің қылмыс жасаудың немесе бопсалаудың дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жүзеге асырған жағдайда ғана туындайды.

      Парақорлыққа арандату ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамның білмегеніне не оның пара нысанасын қабылдаудан бас тартқанына қарамастан, мүлік беру әрекетінен не мүліктік сипаттағы қызметтер көрсетілген сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеледі.

      26. Парақорлық туралы істер бойынша техникалық құралдардың (дыбыс-, бейнежазба, пара нысаналарын арнайы бояғыштармен өңдеу және т.б.) пайдаланылуы мүмкін екенін назарға ала отырып, соттар сотқа дейінгі тергеу органдарының дәлелдемелерді анықтаған, бекіткен және алған кезде ҚПК-нің нормаларын сақтауын мұқият тексерулері әрі олардың жарамдылығы туралы мәселені шешулері қажет.

      27. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ҚК-нің 366, 367-баптарының ескертпелеріне сәйкес:

      егер сыйлықтың құны екi айлық есептiк көрсеткiштен аспаса, ҚК-нің 366, 367-баптарының бірінші бөліктерінде көрсетілген адамның мүлiкті, мүлiкке құқықты немесе өзге де мүлiктiк пайданы сыйлық түрiнде бiрiншi рет алуы, бұрын жасалған заңды әрекеттерi (әрекетсiздігі) үшiн алдын ала уағдаластық болмаған кезде маңызды болмауына байланысты қылмыс болып табылмайтынын және тәртiптiк немесе әкімшілік тәртіппен қудаланатынын;

      егер ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамның тарапынан параны қорқытып алу оған қатысты орын алса не осы адам пара беру туралы құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, пара берген адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын ескергені дұрыс.

      Қылмыс туралы хабарлама (жазбаша немесе ауызша) арызданушы басшылыққа алған уәждерге қарамастан өз еркімен берілген хабарлама деп танылуға тиіс. Осы ретте пара беру туралы құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға белгілі болғанына байланысты жасалған хабарлама өз еркімен жасалған хабарлама деп танылмауға тиіс.

      27-1. Егер адам ақша алушының айдап салуымен, өз еркімен, оның ішінде алдана отырып, ақшаны немесе өзге де құндылықтарды пара ретінде берсе, онда ол пара беруші болып танылады және қылмыстық жауаптылықта болады. Мұндай адам, егер ол пара беру туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, ҚК-нің 367-бабына ескертпенің 2-тармағы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл жағдайда іс ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағына сәйкес тоқтатылады. Қылмыстық процесте мұндай адам куәгер ретінде әрекет етеді.

      Егер адам пара бергенге дейін параны қорқытып алу немесе пара беруге итермелеу фактісі туралы өз еркімен мәлімдеген жағдайда, онда параны құқық қорғау органының бақылауымен берген мұндай адамға қатысты қылмыстық қудалау оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тоқтатылады. Қылмыстық процесте бұл адам жәбірленуші ретінде әрекет етеді.

      Қылмыстық қудалау органының іс бойынша қабылданған барлық шешімі қаулымен ресімделуге және іс материалдарына қоса тігілуге тиіс.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 27-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      27-2. Алғаш рет сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам қылмыстық топтың құрамында болмай, өзінің кінәсін мойындап келгенін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткенін, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның орнын толтырғанын, сондай-ақ оның жеке басы туралы деректерді ескере отырып, ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігі негізінде шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Бұл туралы шешімді тек сот қабылдай алады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 27-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      28. Соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар үшін кінәлі деп танылған адамдарға жаза тағайындауға саралап қарау туралы заңның ережесін қатаң орындаулары қажет. Осы ретте соттар "Қылмыстық жазаны тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының түсіндірмелерін ескере отырып, қылмыстық жазаның тым жұмсақ немесе тым қатаң түрінің тағайындалуына жол бермей, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін негізге алуға тиіс.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза адамның қылмыс жасаған кезде ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігінің тізбесінде көрсетілген ұйымдарда белгілі бір қызметпен айналысқан-айналыспағанына немесе белгілі бір лауазымды атқарған-атқармағанына қарамастан, міндетті түрде тағайындалады.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      29. Пара нысанасы болып табылатын және заттай дәлелдемелер болып танылған алынған ақша мен басқа да құндылықтар мемлекет кірісіне аударылуға жатады.

      Қылмыстық процесті жүргізуші органның өтінішхаты бойынша басқа адам берген пара нысанасы тиесілігі бойынша қайтарылуға жатады.

      Егер пара нысанасы табылмаса, онда сот оның құнын негізсіз сатылып алынған мүлік ретінде мемлекет кірісіне өндіреді не тиесілігіне қарай басқа адамға береді.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаудың нәтижесінде алынған мүлік және (немесе) заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құны мемлекет кірісіне алынуға жатады. Тиісті шешімді қылмыстық істі қараған сот қабылдайды және оны үкімнің қарар бөлігінде көрсетеді.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаудың нәтижесінде заңсыз алынған мүлікті және (немесе) заңсыз көрсетілген қызметтердің құның мемлекеттің пайдасына өндіру туралы өзге де талаптар, олар бойынша шешім үкімде қабылданбағанда, прокурордың, мемлекеттік кіріс органдарының не басқа да мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының заңдарымен осыған уәкілетті лауазымды адамдардың талап қоюлары бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      30. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында мәлімделген азаматтық талап қоюлар ҚПК-нің 20-тарауына сәйкес шешілуге жатады. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыспен келтірілген зиянның мүліктік қана емес, сонымен бірге моральдық зиян да болатынын да ескерген жөн.

      31. Соттардың назары сыбайлас жемқорлық фактілерін жою жөніндегі профилактикалық жұмыстың маңыздылығына аударылсын. Осыған байланысты істі қараған кезде анықталған, Қазақстан Республикасындағы заңдылық жағдайына теріс әсер еткен сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар назардан тыс қалмауға тиіс.

      Осындай негіздер анықталған кезде соттар ҚПК-нің 405-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына ықпал еткен жағдайларды жоюға бағытталған жеке қаулылар шығарулары тиіс.

      32. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысы;

      2) ""Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы 20 желтоқсандағы № 20 қаулысы;

      3) "Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 18 нормативтік қаулысы;

      4) "Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысы;

      5) "Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 18 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысы.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ.Мәми

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Қ.Шаухаров


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады