Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 20-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 16 қарашадағы № 35-НҚ нормативтік қаулысы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектілері Ә.Б. Болатханның және С.Т. Батырхановтың, сондай-ақ олардың өкілдері – адвокаттар Д.К. Канафиннің және Н.К. Жолболовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – төрағаның орынбасары И.О. Вранчевтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Ә.Б. Болатханның және С.Т. Батырхановтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 20-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 20-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін қарау туралы өтініштер келіп түсті.

      Өтініштер бір нысанаға қатысты болғандықтан "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 49-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктірді.

      ЖС НҚ-ның қаралып отырған ережесінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 81-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беріп отырады.

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабының 1-тармағына сәйкес Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасында қолданылатын құқыққа жататын нормативтік қаулылар (Конституцияның 4-бабының 1-тармағы) қабылдау арқылы сот практикасы мәселелері бойынша түсiндірулер беріп отырады.

      Сот практикасы мәселелерін түсіндіру кезінде нормашығармашылықты жүзеге асыра отырып, Жоғарғы Сот Конституцияның 77-бабы 1 және 2-тармақтарының судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, нақты істер бойынша судья есеп бермейді деген ережелерін де басшылыққа алуға міндетті.

      Бұған дейін Конституциялық Сот атап өткендей, соттардың заңнаманы қолдану практикасы мәселелері бойынша заңнаманы түсіндіру процесінде Жоғарғы Сот әртүрлі санаттағы істерді қарау жөнінде қорыту жасайды, нормативтік құқықтық актілердің жалпы және абстрактылы ережелерінің мәнін, ұғымның біріздендірілуі сот практикасы үшін маңызды болатын, заңнамада жеткілікті түрде айқындалмаған кейбір баға беру ұғымдарын нақтылайды, тәптіштейді, соттар қолданатын құқықтық нормалардың ықтимал коллизияларын шешеді, типтік жағдайларға қатысты нормаларға түсіндірме беру үлгісін жасайды. Алайда, сот практикасы үшін қажетті, мазмұнын, арақатынасы мен қолданылуын фрагментті және үлгілік нақтылау мүмкіндігін қамтитын құқық нормаларын түсіндірудің барлығы Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына қайшы келмеуге және мемлекеттің басқа да жоғары органдары құзыретінің шекарасына өтпеуге, атап айтқанда, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын шектемеуге тиіс. Мұндай шектеулер Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана белгіленуі мүмкін (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулы).

      Осылайша, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларды қабылдау жөніндегі құзыреті конституциялық ережелерге негізделген және мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне қайшы келмейді (Негізгі Заңның 3-бабының 4-тармағы).

      2. Өтініш берушілер дау айтып отырған ЖС НҚ-ның 20-тармағында: "Егер адам пара берушіден ақша немесе басқа құнды заттарды адамға пара ретінде беру үшін алып, бірақ апарып беру оның ойында болмай өзі пайдаланса, оның жасаған әрекеті алаяқтық ретінде саралануға тиіс. Егер бұл адам құндылықтарды иемдену мақсатында пара берушіні пара беруге итермелесе, онда оның әрекеті алаяқтықпен бірге пара беруге айдап салушылық болып, ал мұндай жағдайларда пара берушінің әрекеті пара беруге оқталғандық болып қосымша саралануға тиіс. Осы ретте пара берілетін нақты адамның көрсетілген-көрсетілмегені маңызды емес." деп белгіленеді.

      Жоғарғы Сот белгілеген бір іс-әрекетті 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) екі бабы бойынша саралауға жол беру қылмыстық заңда бекітілген қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы туралы ережелерге негізделеді. ҚК-нің 13-бабының екінші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп ҚК-нің екі немесе одан да көп бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілерін қамтитын және, егер бір іс-әрекеттің белгілері ҚК бабының басқа іс-әрекет үшін неғұрлым қатаң жазаны көздейтін нормасында қамтылмаған болса, ҚК-нің тиісті баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын бір әрекет (әрекетсіздік) те танылады.

      Жоғарғы Сот "Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығының көрсетілген түрін "анық жиынтық" деп атайды.

      Жоғарыда көрсетілгенді ескере отырып, Конституциялық Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың анық жиынтығы кезінде бір іс-әрекеттің ҚК-нің екі бабы бойынша саралануы бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды деген конституциялық ережеге (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы) сәйкес келмейді деп ойламайды.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жасалған іс-әрекетті саралау және жаза тағайындау арқылы әртүрлі объектілерге зиян келтірілген кезде кінәліге қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды қолданудың мөлшерлестігі мен әділдігі қамтамасыз етіледі. Жасалған іс-әрекетте кінәлі адамға тағылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысының барлық белгілерінің болуы мұндай саралаудың міндетті шарты болып табылады.

      3. Конституцияның 76-бабының 1-тармағына сәйкес сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ (Негізгі Заңның 78-бабы).

      Жоғарғы Соттың ұқсас істер бойынша бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға бағытталған нормативтік қаулылары сот практикасында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болуын қамтамасыз ету құралдарының бірі болып табылады. Сонымен бірге, судья сот талқылауында анықталған және дәлелденген барлық нақты мән-жайларды ескере отырып, Конституция мен заңдар негізінде жасалған іс-әрекеттің жеке көрінісіндегі саралануын дербес айқындауға міндетті.

      Конституциялық Сот Жоғарғы Соттың ЖС НҚ-ның 20-тармағында көзделген бірыңғай сот практикасын қалыптастыру тәсілдері осы ЖС НҚ-ның басқа ережелерімен және қылмыстық заңның талаптарымен тығыз байланыста қарастырған жөн деп атап өтеді.

      Мәселен, конституциялық іс жүргізу материалдарынан азаматтардың ақшасын ойдан шығарылған сылтаумен (олардың жақындарын қылмыс жасады деп жауаптылықтан босату үшін лауазымды адамдарға пара беру қажеттігі) иеленіп алу жағдайлары бойынша бірқатар кінәлі адамдардың тек алаяқтық жасағаны үшін сотталғанын түсінуге болады. Жалған пара берген адамдар жәбірленуші деп танылған және пара беруге оқталғаны үшін олардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе қаралмаған. Осы көрсетілгендер ЖС НҚ-ның қаралып отырған ережесі тұтастай алғанда судьяны нақты қылмыстық істі қарау кезінде іс-әрекетті жасау мән-жайларын ескеру мүмкіндігін шектемейтінін растайды.

      ҚК-нің 4-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады. Соттардың жалған делдал болу туралы қылмыстық істерді қарауы кезінде басқа белгілермен қатар, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатын, қол сұғудың нақты объектісін және пиғылдың бағытын дұрыс айқындау маңызды мәнге ие.

      2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында да (2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған) сыбайлас жемқорлық қылмыс құрамының ұғыну, ниет немесе пиғыл сияқты элементтерін белгілеу қажеттігі атап өтіледі.

      Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына жетудегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпалы ескерiледi (ҚК 57-бабының бірінші бөлігі).

      Конституциялық Сот бұдан бұрын "қоғамға қауіпті қол сұғушылық объектісін дұрыс айқындаудың маңызды практикалық мәні бар, өйткені бұл қылмыстық жауаптылық көзделетін құқыққа қарсы әрекетті құқыққа сыйымды әрекеттен ажыратуға, сондай-ақ іс-әрекеттерді дұрыс саралауға септігін тигізеді" деп атап өтті (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулы).

      Жаза тағайындау үшін, оның ішінде ҚК-нің 55 және 56-баптарында (белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау және аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау) көзделген қағидаларды қолдану үшін соттың жасалған қылмыстық құқық бұзушылық сатысын дұрыс белгілеуі маңызды болады.

      Жоғарғы Сот қаралып отырған нормативтік қаулының 16-тармағында тиісті адамның пара нысанасын қабылдаған сәттен бастап пара алу аяқталған деп есептелетінін түсіндірді. Егер пара нысанасын беру әрекеттері оны беруге бағытталған адамдардың еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша орындалмаса, онда жасалған іс-әрекетті пара беруге оқталу ретінде саралаған жөн. Пара берудің объективті жағының тікелей басталуын құрамайтын әрекеттер ҚК-нің 24-бабының бірінші бөлігіне сәйкес пара берушіге байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмыс ақырына дейін жеткізілмеген жағдайда пара беруге дайындалу деп саралануға тиіс.

      Жоғарғы Соттың аяқталмаған сыбайлас жемқорлық қылмыстың саралануы туралы түсіндірмесі ҚК-нің 29-бабының төртінші бөлігімен (өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады) үйлеседі.

      Жоғарғы Соттың жалған делдалдыққа қатысушылардың әрекеттерін саралау туралы түсіндірмесі Конституцияның ережелеріне қайшы келмейді. Ортақ қоғамға қауіпті нәтижеге қол жеткізуге мүдделі адамдардың мұндай бірлескен әрекеті мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы бағытталуы тиіс.

      Осылайша, Конституциялық заңның 1-бабын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот соттардың құзыретіне кіретін мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады. Сонымен бірге, парақорлықта жалған делдал болу нысандарының алуан түрлілігін ескере отырып, Конституциялық Сот ықтимал сот қателіктерін және құқықтық белгісіздікті болғызбау мақсатында Жоғарғы Сотқа осындай қылмыстарды қарау кезінде сот практикасына қосымша түсіндірме беруді ұсыну орынды деп есептейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 20-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысына түзетулер енгізу ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады