"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитетінің құрамы мен ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 33-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 23 шілдедегі № 103-ө Өкімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің 23.07.2024 № 103-ө Өкімімен.

      "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 1-тармағына сәйкес қоса беріліп отырған:

      1. "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитетінің құрамы;

      2. "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитеті туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2015 жылғы 23 сәуірдегі
№ 33-ө өкімімен
бекітілген

"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қордың Басқарушы комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитеті туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитеті (бұдан әрі – Басқарушы комитет) дербес кластерлік қордың (бұдан әрі - Қор) жоғары басқару органы болып табылады.

      3. Басқарушы комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Заңына, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2. Басқарушы комитеттің құзыреті

      4. Басқарушы комитеттің айрықша құзыретіне:

      1) Қор жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      2) Қордың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін бекіту;

      3) Қордың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;

      4) Қордың сыртқы аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;

      5) осы Заңға және Қор жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 23.06.2022 № 105-ө өкімімен.

3. Басқарушы комитеттің басшылығы және құрамы

      5. Басқарушы комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып табылады.

      6. Басқарушы комитеттің төрағасы:

      1) Басқарушы комитеттің қызметін және Басқарушы комитетке жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      2) Басқарушы комитет отырысының күн тәртібін бекітеді және күнін, уақытын және өткізілетін орнын анықтайды;

      3) Басқарушы комитеттің отырысын өткізеді;

      4) Басқарушы комитет отырысының хаттамасына қол қояды.

      7. Басқарушы комитетің хатшысы Басқарушы комитеттің жұмысын ұйымдастыру және ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.

      8. Басқарушы комитеттің хатшысы:

      1) Басқарушы комитет отырыстарын дайындауды және өткізуді, отырыстарға материалдарды жинақтауды және жүйелеуді;

      2) Басқарушы комитеттің төрағасына Басқарушы комитет отырысының өткізілетіні туралы хабарламаны, отырыстардың күн тәртібін, күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдарды отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде он жұмыс күні қалғанда жіберуді қамтамасыз етеді, бұл ретте отырыс өткізілетін нақты күнді Басқарушы комитеттің төрағасы айқындайды;

      3) Басқарушы комитеттің мүшелеріне және шақырылған адамдарға Басқарушы комитет отырысының өткізілетіні туралы хабарламаны, отырыстардың күн тәртібін, күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдарды отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде бес жұмыс күні қалғанда жіберуді;

      4) отырыстың хаттамасын жүргізуді;

      5) Басқарушы комитет шешімдерінің жобаларын дайындауды қамтамасыз етеді.

      9. Басқарушы комитеттің құрамына құрылтайшының өкілдері, педагогтер және ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар кіреді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 23.06.2022 № 105-ө өкімімен.

4. Басқарушы комитеттің қызметін ұйымдастыру

      10. Басқарушы комитеттің жұмысы отырыстар нысанында жүзеге асырылады. Басқарушы комитеттің отырысы қажеттілігіне қарай және төрағаның немесе Басқарушы комитет төрағасының келісімі бойынша төраға орынбасарының ұсынысымен өткізіледі.

      11. Отырыстың өткізілуіне кемінде бір күн қалғанда Басқарушы комитеттің мүшелері өздерінің қатысуы туралы хабарлайды.

      12. Басқарушы комитеттің отырысын өткізу үшін кворум Басқарушы комитет мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысын құрайды.

      13. Басқарушы комитеттің төрағасы Басқарушы комитеттің отырыстарында төрағалық етеді, сондай-ақ Қор жарғымен және осы Ережемен көзделген өзге функцияларды жүзеге асырады.

      Басқарушы комитеттің төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Басқарушы комитет төрағасының орынбасары атқарады.

      14. Қордың жарғысында және осы Ережеде өзгеше көзделмесе, Басқарушы комитеттің шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелер санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, Басқарушы комитет төрағасының даусы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 25.11.2020 № 147-ө өкімімен.

      15. Басқарушы комитеттің әрбір мүшесі бір дауысқа ие.

      16. Басқарушы комитеттің жұмыс органы Қор болып табылады.

      17. Басқарушы комитеттің жұмыс органы:

      1) Басқарушы комитеттің отырыстарының өткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      2) Басқарушы комитеттің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      3) күн тәртібі мәселелері бойынша дауыс беру парағын Басқарушы комитеттің мүшелеріне уақтылы ұсынуды қамтамасыз етеді;

      4) кейіннен барлық тиісті материалдарды сақтайды.

      18) Басқарушы комитет отырысының өткізілу нәтижесі бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде бес күн ішінде Басқарушы комитеттің төрағасы мен хатшысы қол қойған Басқарушы комитет отырысының хаттамасы ресімделеді.

      Басқарушы комитет мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және дауыс беру парағына қоса берілуі тиiс.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Басқарушы комитеттің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Кеңес мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Басқарушы комитеттің мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      19. Басқарушы комитет төрағасының және мүшелерінің бастамасы бойынша сырттай дауыс беру жүргізіледі. Сырттай дауыс беруді жүргізу туралы ұсыныс Басқарушы комитеттің төрағасына жазбаша нысанда енгізіледі және дауыс беруге қойылған нақты және біржақты тұжырымдалған мәселелер болуы тиіс.

      20. Сырттай дауыс беру кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдер және дауыс беруге енгізілген мәселелер бойынша материалдар Басқарушы комитеттің барлық мүшелеріне сырттай дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      21. Бірыңғай нысандағы бюллетеньде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді ұсынудың соңғы күнін, дауыс беруге қойылған нақты және біржақты тұжырымдаған мәселелерді, "қолдайды", "қарсы" "қалыс қалды" деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқаларын, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес өзге ақпаратты қамтуға тиіс.

      22. Сырттай дауыс беру арқылы шешім белгіленген мерзімде алынған бюллетеньдерде кворум болған жағдайда қабылданды деп танылады. Бюллетеньді түпнұсқамен, электронды және/немесе факс түрінде беруге және қабылдауға болады.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2015 жылғы 23 сәуірдегі
№ 33-ө өкімімен
бекітілген

"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының Басқарушы комитетінің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің 21.08.2019 № 152-ө өкімімен; өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 25.11.2020 № 147-ө; 26.07.2021 № 132-ө; 21.09.2022 № 152-ө өкімдерімен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі

      Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісу бойынша)

      "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының бас директоры (келісу бойынша)

      "Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының ректоры (келісу бойынша)

      "Өнеркәсіптік автоматтандыру ұлттық платформасы" қауымдастығының директоры (келісу бойынша)

      "Қазтелепорт" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады